КIМ НЕ ДЕЙДI?
КIМ НЕ ДЕЙДI?
Бiздi таң қалдырған шенеунiктер
Дағдарыс басталғалы лауазым иелерi журналистер қауымын түрлi мазмұндағы, кейде тiптi бiр-бiрiне қарама-қайшы мәлiмдемелер жасаумен таң қалдырып келедi. Бiрi: “Биыл девальвация болмайды” деп, екiншiсi: “Девальвация бiртiндеп жүзеге асады” деп жарыса мәлiмдеме жасап, ақыры екеуi де ұятқа қалған Сәйденов пен Оспанов мырзалардың мәлiмдемелерiн әлi ұмыта қойған жоқпыз. Шындыққа жанаспайтын мәлiмдемелерi үшiн халықтан кешiрiм сұрау олардың ойына да кiрiп шықпады.
Ал басқа шенеунiк мырзалар бұл оқиғадан сабақ алмаған сияқты.
МИНИСТРЛЕР ЖАЛАҚЫНЫ УАҚЫТЫЛЫ АЛАДЫ
Өткен аптада қаржы министрi Болат Жәмiшев 2009 жылдың бiрiншi ширегiнде республикалық бюджет жоспарының орындалуы бойынша Үкiмет отырысында есеп бердi. Баяндамада айтылғандай, жоспардағы бюджет қаржысынан қазiрдiң өзiнде 58,1 млрд. теңге игерiлмей қалған. Аймақтық бюджеттер бойынша 47,5 млрд. теңге көзделген мақсатта жұмсалмаған.
Республиканың тоғыз аймағы бойынша жалақы уақытында төленбей келедi. Бұл мәселе өткен жылдың бюджетiн қорытындыланғанда анықталған болатын. Бiрақ одан берi де жергiлiктi әкiмдердiң тиiстi сабақ алғаны байқалмайды: қазiргi таңда елiмiз бойынша жалақы қарызы түрлi мекемелерде жалпы шамасы 6 млрд. теңгеге жетiптi.
Қаржы министрi Болат ЖӘМIШЕВ:
— Өкiнiшке қарай, қалыптасқан қарыз бойынша жасалған сараптама әлеуметтiк саланың қызметкерлерi, яғни мұғалiмдер, дәрiгерлер, мәдениет пен әлеуметтiк қамсыздандыру сала қызметкерлерiнiң уақытында жалақыларын ала алмай отырғанын көрсеттi. Ал шенеунiктердiң өздерi жалақыны уақытылы алып отырған, атқарушы органдарда жалақы қарызы атымен жоқ.
(21 сәуiр, 2009 жыл).Жалақы бойынша қарызы ең көп аймақ – Алматы облысы, оның қарызы 2,4 млрд. теңгеге жеткен. Одан кейiн Алматы қаласы (1,2 млрд. теңге) мен Солтүстiк Қазақстан (1 млрд. теңге) облысы.
Жәмiшев бұдан былай Қаржы министрлiгi бюджет қаржысын игеруге байланысты ай сайын мониторинг жүргiзiп тұратындығын мәлiмдедi. Бiрақ әзiрше министрлiктiң мониторингтарынан да, ескертулерiнен да шығарылған нәтиже шамалы болып тұр-ау.
Әлеуметтiк қызметкерлердiң айлықтары бойынша қордаланған қарызды таратып бергенiнше, жергiлiктi әкiмдер мен министрлерге жалақы берудi осы айда кешеуiлдетсе ғой, iс тезiрек оңға басар едi…
ӘБДIКӘРIМОВ “АЙДЫ АСПАНҒА БIР-АҚ ШЫҒАРДЫ”
Дағдарыс басталғалы сыбайлас жемқорлықпен күрес лауазым иелерiнiң “сүйiктi” тақырыбына айналды. Астанада өткен “Жемқорлықпен күрес старатегиясы: түйткiлдi мәселелер мен бағдарлар” атты халықаралық конференцияда сенатор Оралбай Әбдiкәрiмов арнайы баяндама жасады. Әбдiкәрiмов жемқорлықтың шығу себептерiн анықтаған екен, оның айтуынша, Қазақстанда жемқорлықтың тамыр жаюының үш себебi бар: заңдардың шалалығы, билiк құрылымдарының тиiмсiздiгi, азаматтық қоғам мен демократиялық дәстүрдiң әлсiздiгi. Сенатор азаматтық қоғамды дамытуды жемқорлықты жеңудiң бiрден-бiр жолы деп қарастырады.
Сенатор Оралбай Әбдiкәрiмов:
— Бiзде субъективтi және объективтi себептер бойынша мемлекеттiк органдар мен мемлекеттiк шенеунiктер өз құзыретiндегi билiктi асыра пайдалануы мен азаматтардың мүддесiнен жеке басының мүддесiн жоғары қоюы жиi кездеседi. Билiктi шектеу керек, яғни оған қадағалау қажет. Iшкi бақылау болса, өзiн-өзi бақылау болар едi. Бiрақ сауалнама көрсеткендей, бұл әдiс тиiмсiз. Ендеше, сыртқы қадағалау керек. Азаматтар мемлекет үстiнен қадағалау орнатуы қажет.
(28 сәуiр, 2009 жыл.).Оралбай Әбдiкәрiмов “Нұр-Отан” партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөнiндегi республикалық қоғамдық кеңесiнiң төрағасы. Ал бұл партия жемқорлықпен күрестiң тиiмдiлiгiн арттыруды өз жауапкершiлiгiне алғаны белгiлi. Соңғы кезде Қаржы полициясы мен ҰҚК органдары, жергiлiктi прокуратуралар заң бұзғандарды топ-тобымен ұстап, кiсендеп жатыр. Десе де, одан елдегi жемқорлық түп-тамырымен жойылады деп ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Бұл шаралардың сипаты, неге екенi, бiр сәттiк қана, ал мақсаты – дағдарыс тақырыбынан халық көңiлiн басқа арнаға бұру сияқты сезiледi. Ендеше, Әбдiкәрiмов мырзаның “Азаматтар мемлекет үстiнен қадағалау орнатуы керек” дегенi, “бәрiне өздерiң жауап бересiңдер” деп жауапкершiлiктi халықтың мойнына итере салуы ма екен? Сонда үш тармақты Билiк не iстеп, қайда қарап отыр?
Депутат баяндамасын барлық деңгейдегi әкiм-қараларды ашық жұмыс iстеп, ҮЕҰ-мен және БАҚ-тармен қоян-қолтық жұмыс iстеуге шақырды.
Бұл шақыртуға үн қосатын әкiм-қара қайда бар екен?
ДАҒДАРЫС – … ЖАҚСЫ!
Лауазым иелерi Елбасы айтқан “шығындарды қысқарту” тақырыбында да бiрiнен-бiрi асырып, түрлi мәлiмдемелер жасауда жарысқа түстi ме дерсiң. Тiптi, “тауып айттым ба” дегендей, адамның ойына келмес сөздердi айта салып, қарап отырғаны.
Осыдан кейiн нан-сүтiне ақша таппай қиналған қара халықты “Билiк шенеунiктерi сендердiң жағдайларыңды ойлайды” деп сендiрiп көрiңiз…
Гүлбиғаш Омарова