Жаңалықтар

ҚҰМАРХАНАЛАР ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТКЕ КӨШТI

ашық дереккөзі

ҚҰМАРХАНАЛАР ЗАҢСЫЗ ӘРЕКЕТКЕ КӨШТI

Екi жыл бұрын Шортанды мен Қапшағайға “түре қуылған” құмархана, ойынханалардың көпшiлiгi бүгiнде заңсыз әрекет етуге көшкен. Оларды тұсаулауға құқық қорғау органдарының қызметкерлерi дәрменсiз. Өйткенi, бiр бабына бiр бабы қайшы келетiн бiздiң солқылдақ заң “…қонышынан басатындарға” жағдай жасап отыр.

2007 жылдың 1 сәуiрiнде елiмiздегi барлық ойынханаларды Шортанды мен Қапшағай маңайына көшiру туралы Үкiметтiң қаулысы күшiне енген. Сол жылдың басында қабылданған арнайы құжат айналдырған үш айдың iшiнде ойын бизнесiне қатысты нысандардың барлығын аталған екi аймаққа шоғырландыруды көздедi. Шортанды мен Қапшағайдағы жаңа ойын алаңдарының құрылысы шамамен, 23,6 млрд. долларға бағаланған. Тығырыққа тiрелген ойын бизнесiнiң өкiлдерi сазға отырып қалмаудың сан амалын қарастырды: бiрi ойынханасын алыс шет мемлекеттер мен көршiлес елдерге көшiрсе, ендi бiрi ғимаратын мейрамханалар мен қонақүйлерге айналдырды. Сарапшылар қауымы ойынханалардан түскен кiрiстiң басым бөлiгi көлеңкелi экономиканың еншiсiне тигенiн айтады. Жуырда Алматы қаласының прокуратурасы қаладағы 214 құмархана клубтарының көпшiлiгi заңсыз пайда тауып жатқандығын мәлiмдедi. Прокуратура қызметкерлерiнiң айтуынша, екi жыл бұрын тыйым салынған осы ойын бизнесiнен 153 кәсiпкер өз еркiмен бас тартқан көрiнедi. Ал заңға мойынсұнбағандар заңсыз кәсiпкерлiкпен айналысқандарды жазалайтын ең қатаң бап – 190-баппен жауапқа тартылады, яғни, 5 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Казинолар мен ақшалай ұтысқа негiзделген ойын автоматтарының қызметiне тыйым салатын ҚР “Ойын бизнесi туралы” заңы 2007 жылдың 1 сәуiрiнде қабылданған. Соған қарамастан, ресми деректер 2007 ж. наурыз бен 2008 қараша аралығында Алматыдағы ойын автоматтарының 10 есеге көбейгенiн айтады. Тағы бiр кереғарлық: 2007ж. 1 сәуiрiнен бастап 47 заңды және жеке тұлғаның ойын автоматтарын ашуға қатысты бiлдiрген өтiнiштерi қанағаттандырылған. Басқаша айтқанда, “Ойын бизнесi туралы заңды” Салық комитетiндегiлер терiске шығарып отыр. Ойын автоматтарының қызметiн қадағалайтын да – салық органдары мен ҚР туризм және спорт комитетi.

Елiмiздегi ойын бизнесiнiң нысандары 4-ке бөлiнедi: ойын залдары, яғни, құмарханалар, ойын автоматтарына арналған орындар, тотализаторлар мен букмекерлiк мекемелер. Қазiргi кезде ойын автоматтарының ойын бизнесiндегi салмақ үлесi 80-85 пайызға жуық. Былтыр жыл соңына дейiн үздiксiз өсу үстiнде болған ойын автоматтарының саны күрт азая бастаған.

ҚР Қаржы министрлiгiндегiлердiң деректерiне сүйенсек, 2007 жылы елiмiзде 132 құмархана 2000 ойын залы, 53 букмекерлiк мекеме мен 1 тотализатор жұмыс iстеген. Есесiне, қазiр олардың нақты санын тап басып айту мүмкiн емес. Ал азарттық ойындар саласында нәпақасын тапқандар саны – 10 мың 400-ге жуық. Алайда, министрлiк таратқан сандық көрсеткiштердi Қазақстанның ойын бизнесi ассоциациясының өкiлдерi терiске шығарады: “Шын мәнiсiнде, 10 400-ден бес есеге көп”. Бiр-бiрiне қайшы екi пiкiрдiң аражiгiн ажыратып айтар ешкiм жоқ. Сондықтан ойын бизнесiнде тер төккендердiң нақты саны да белгiсiз.

Ескеретiн жайт, ойын бизнесi дамыған Құрама Штаттарда құмарханаларға тепсе, темiр үзетiндер емес, жастары егде тартқандар үйiр келедi екен. Оның үстiне, Америкада 21-ге толмағандарды құмарханалардың есiгiнен де сығалатпайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бiздiң елде заңның жиi бұзылатынын, яғни, 21 жасқа толмаған жастардың казинода жиi көңiл көтеретiнiн айтып, дабыл қаққан едi. Бүгiнде заңсыз әрекетке көшкендердiң бала тағдыры мен жастардың өмiрiне жауапкершiлiкпен қарай қоюы неғайбыл. Оның үстiне, құмархана бiткеннiң есiгiн тарс бекiтуге тырысқан мемлекеттер көп қазiр. Себептерi әртүрлi, әрине. Мысалы, Венесуэла билiгi колумбиялық наробарондар құмарханалардың көмегiмен заңсыз ақшасын заңдастырып алуға ұмтылғандарға заң жүзiнде қатаң тыйым салды. Бiрақ бұл заңның Маргарита аралына қатысы жоқ. Дәстүрлi ислам үстемдiк еткен елдерде құмарханалар мен ойын бизнесi атымен жоқ екендiгi айтпаса да, түсiнiктi. Өйткенi, шариғатқа қайшы келетiн “шайтанның iсiнен” иманға ұйыған ислам елдерi түгел iргелерiн аулақ салған. Ойын автоматтары туралы әңгiме қозғаудың өзi артық. Өз елдерiнде құмархана нысандары жоқ израильдiктер құмарларын Палестинадағы арнаулы орындарға барып басады екен. Өйткенi, Палестинада құмарпаздардың құмарын қандыратын ойынханалар көп. Ондаған жылдар бойы казинолардың құрылысына қатаң тыйым салып келген Тайвань жыл басында әрбiр аралынан 2 құмарханадан ашуға рұхсат беретiн жаңа заң қабылдады. Құжат қабылдана салысымен, құмарханалардың ашылуы елдегi қылмыстық әрекеттердiң жиiлеуiне және қоғамдық адамгершiлiк қағидалардың тапталуына жол бередi деп дабыл қаққан тайваньдық қоршаған ортаны қорғау мекемелерi мен дiни ұйымдардың өкiлдерi наразылық шерулерiн өткiздi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ