БАУЫРЖАННЫҢ АМАНАТЫ
БАУЫРЖАННЫҢ АМАНАТЫ
Бала кезден әдебиетке әуес болғандықтан, даңқты жерлес ағамыз Бауыржан Момышұлының есiмiне қанық болып өстiк. Шыққан кiтаптарын, газет-журналдарда басылған шығармаларын қадағалап, жiбермей оқитын баланың бiрi мен едiм. Көзi тiрiсiнде аты аңызға айналған Баукең туралы мақтаныш сезiмiне толы әңгiмелердi сүйсiне тыңдаудан бiр жалықпайтынбыз. Есiмiн ел ардақтаған батырмен кездесiп, қолын алып, амандасу бiздiң ауылдың үлкенi мен кiшiсi үшiн үлкен мәртебе болатын.
1960 жылдардың ортасында бiз тұратын Карл Маркс атындағы совхозға Бауыржан Момышұлының немере iнiсi Әбiлда Момынқұлов партком хатшысы болып қызметке келiп, Баукең бiздiң ауылға сирек болса да ат тiзгiнiн бұрып тұратын болды. Әбiлда көкем жұмысына әбден берiлген, бiреудiң ала жiбiн аттамайтын адал адам болатын. Бұл кiсi де Бауыржан ағасы сияқты Ұлы Отан соғысына қатысқан, өмiрдiң небiр соқпағынан өткен парасатты жан. Әбiлда ағаның Берiк, Бекет атты ұлдарымен араласып, достасып кеттiк. Бес-алты ұл мен қыздың арасында әсiресе Бекет ерекшеленiп тұратын. Шашы қып-қызыл сүйкiмдi, өжет бала, үлкен-кiшiмен тез тiл табысып кетедi. Бауыржанның тiзесiне отырып, еркелеп өскен Бекет батыр атасына тартып, кейiн қаламгер болды. КазГУ-дiң журналистика факультетiн бiтiрiп, аудандық, облыстық газеттерде абыройлы қызет атқарды. Жамбыл облыстық “Знамя труда” газетiнiң бас редакторы болды, облыстық теле-радио компаниясын басқарды. Жаздың бiр күнi Алматыдан Бауыржан Момышұлының келгенiн естiп, ауылдың қариялары сәлем бермек болып, Әбiлда көкемнiң үйiне қарай ағыла бастады. Үй тар болғандықтан, ауланың iшiне үлкен нар орнатылып, оның үстiне кiлем, құрақты көрпелер жайылыпты. Ауылдың қариялары төрде отырған Баукеңдi ортаға алып, әңгiме-дүкен құруда. Бекеттi алға салып, батыр ағамызға бiз де сәлем бердiк. Газет-журналдардан талай көрiп жүрсек те аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлымен бiрiншi рет кездесiп тұрмыз. Ұзын бойлы, сымбатты, қыран көз жан екен. Ағарған сақал-мұрты да өзiне жарасып тұр. Менiң бiр аңғарғаным: Баукең жанында отырған, менiң кiшкентайдан бiрге өскен досым Тiлеуқабылдың әжесi Ұлтуға “Әпке, әпке” деп ерекше iлтипат танытып отыр. – Басқалардан қорықпасам да, Ұлту әпкемнен қаймығамын. Бұл шүйкедей кемпiр жас кезiнде болыстың хатшысы болып, кейбiр босбелбеулердi бiр шыбықпен айдайтын. Керемет өжет едi, менiң қайран әпкем! – дегенде, отырғандардың бәрi жасы 80-нен асып қалған кейуанаға таң қала қарап қалыпты. “Көрдiңдер ме, менiң әжем қандай мықты” дегендей, бiздiң жанымызда тұрған Тiлеуқабыл айналасына мақтана қарап қояды. Менiң анам Құлхан қалың Дулаттың iшiндегi Шымырдың қызы, Баукеңдермен қыз алыспайтын жақын туыстығы бар. Менен екi жас үлкен ағам Бектұрсын екеумiзге үнемi Бауыржан туралы “Елдiң атын ер шығарады” деп айтып отыратын. Әкем Тұрлыбек те Бауыржанды жас кезiнде талай рет көрiптi. – Ертеректе Бауыржанның Жуалы аудандық милиция бастығы болып, бiраз қызмет атқарғаны бар – дедi әкем бiр қызық әңгiме бастап. – Бiр туысыма жазықсыз жала жабылып, Бауыржанға бардым. Жиырмаға жаңадан толған от көздi, қалың қара шашты жiгiт екен. Сөзiмдi мұқият тыңдады да, бiр сөзге келместен туысымды босатып жiбердi. Қайран, Бауыржан сияқты әдiл де өткiр, адал жандар аз ғой. Қазақ қырылып қалған ашаршылық жылдары 4 қадақ масақ жинаймын деп 12 жылға сотталып кете бардым. Сонда ел басында Бауыржандай азаматтар көп болса, мұндай бейбастыққа жол бермейтiн едi ғой. Әкем сол бiр ауыр күндердi есiне алып күрсiндi. Содан соң жан қалтасынан бiр елi тастамайтын бәкiсiн алып, анама бұрылды: – Құлхан, естуiмше Бауыржан әлi бiр аптадай болатын ұқсайды. Бүгiнде Әбiлданың үйiне келiп-кетiп жатқан қонақ көп. Бiр қой сойып, бiр мес қымыз дайындап, Бауыржанға сәлем берiп қайтайық. Оның үстiне мына Доқтырхан жазушы боламын деп шытып-пытып бiрдеңелер жазып жүр ғой, ағасына амандассын, – деп маңызды шаруа айтты. – Айтқаның дұрыс. Мен де соны ойлап отыр едiм деп, – апам әкемдi қоштай кеттi. Менiң анам қымыз дайындаудың нағыз шеберi едi. Үйде алма ағашынан жасалған екi үлкен күбi болатын. Осы екi күбiнi кезек-кезек жуып, Алатаудың бөктерiнде сирек кездесетiн емдiк қасиетi бар Киiк отымен ыдыстарды ыстап, жиi сауылатын биенiң сүтiн үлбiрек мата арқылы сүзiп құйып, бiздерге ұзақ пiстiретiн. Әбден бабына жетiп, иiсi аңқыған қымызды сиырдың терiсiнен жасалған меске құйып, дәл үйдiң жанындағы бұлақтың көзiне салып қоятын. Мен өмiрiмде талай жерден қымыз iштiм. Бiрақ апамның дайындаған қымызындай дәмдi қымыз iшiп көрмеппiн. Апамның технологиясы бойынша бiр мес қымыз дайындалып, үйiтiлiп сойылған үлкен қойдың етiн арбаға салып, әкем, апам, үшеумiз орталық көшедегi Әбiлда көкемнiң үйiне тартып кеттiк. Баукең бес-алты қонақпен бiрге үйдiң алдындағы нар үстiнде шәй iшiп отыр екен. Берген сәлемiмiздi жылы қабылдаған батыр әкемдi төрге шақырды. Бiз әкелген сәлемдемелер арбадан түсiрiлiп жатқанда сары местегi сары қымыздың иiсi бұрқырап қоя бердi. – Пай-пай, мына қымыздың иiсi танауымды жарып барады. Мынау нағыз Жуалының, бiздiң ауылдың қымызы ғой! – дедi Баукең сүйсiнiп. – Келiн, құйшы анау местегi қымыздан. Әбiлда ағаның жұбайы үлкен ағаш шараға қымыз құйып, қонақтар тамсана дәм татысты. – Мiне, қымыз деп осыны айт! – дедi бiр тостақан қымызды төңкерiп тастаған Баукең. Сол-ақ екен, дастарқан үстiнде жарасымды әңгiме өрбiп жүре бердi. Мен ол кезде 6-сыныпта оқитын бала болсам да, Бауыржан ағамның аузынан шыққан әрбiр сөзiн қалт жiбермей тыңдап отырмын. Талай елдi шарлаған тұлғалы батырдың, атағынан ат үркетiн жазушының кәдiмгi қымыз туралы айтқан сөздерi есiмде сайрап қалыпты. – Нағыз қымыз көңiлдi тербейдi, содан соң ойды тербейдi, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қымыз жарықтықты әр жерде әртүрлi дәрежеде дайындайтын өзiндiк дәстүрi бар. Арқада күбiнi тобылғымен ыстайды, Сыр өңiрiнде сабанмен ыстайды екен деп естимiн, ал бiздiң Жуалыда отымен ысталады. Бiр ғажабы – бұл қасиеттi шөп кез келген жерде өсе бермейдi, ол Меркiнiң, Түлкiбастың және бiздiң Жуалының тауларында ғана өседi. Содан соң Бауыржан Момышұлы кәнiгi қымыз дайындаушы сияқты қымыз дайындаудың технологиясын жан-жақты шешiле әңгiмелеп кеттi. Үлкен мен кiшiнiң осы бiр жарасымды әңгiмесiн бiреу қуғандай болып, жүгiре кiрген отыздардағы жiгiт бұзып, үлкендердi аттап өтiп: “Бауке, ассалаумағалейкүм!” деп қолын соза бердi. Оған жақтырмай қараған Бауыржан қолын бермедi. – Ортамызда менен де үлкен кiсiлер отыр емес пе, неге соларға бiрiншi сәлем бермейсiң, көргенсiз?! – дедi ол мұрты тiкiрейiп. – Бауке, Бауке… – сасқалақтаған әлгi жiгiт дастарқанның бiр шетiне сылқ етiп отыра кеттi. – Встат! – батырың дауысы қаһарлы шықты. Ауылдық Кеңесте хатшы болып iстейтiн, жасына жетпей тым семiрiп кеткен жiгiт жалма-жан орнынан ұшып тұрды. – Шагом марш! – дедi Баукең қолын сiлтеп. Ұяттан өрттей қызарған хатшы домаланған күйi жылыстай бердi. Сәл орнай қалған үнсiздiктi төрде отырған қария бұзды. – Бауыржан шырағым, мына баланы танушы ма едiң? – деп Баукеңе қарады. – Жоқ, ақсақал, – дедi Бауыржан. – Бiрақ сұйықтау жiгiт екенi айтпаса да көрiнiп тұр емес пе? – “Малдың аласы сыртында, адамның аласы iшiнде” деп халық бекер айтпаған ғой, – дедi қария ақ сақалын сипап қойып. – Бұл бала бiздiң ауылдағы ауылдық Кеңесте хатшы болып қызмет атқарады. Өзi жұмыртқадан жүн қырқатын сүйкiмсiз жiгiт. Мал базарына бару үшiн ауылдық Кеңестен жекеменшiк малдың иесi деген бiр жапырақ анықтама алуың керек, онсыз сенi базарға аяқ бастырмайды. Жаңа ғана өзiң “шагом марш!” деп қуып шыққан жiгiт анау-мынау деп алдап-сулап, бiздiң 4-5 сомымызды қағып алушы едi. Өшiмiздi сен алып бердiң, Бауыржан. Рахмет саған, адам таниды екенсiң. Отырғандар ақсақалдың сөзiне ду күлiстi. Арада он жыл өте шықты. Ұмытпасам, 1974 жылдың жазы болатын. Ол кезде мен Жамбыл облысына қарасты Свердлов ауданындағы “Село жаңалығы” газетiнде әдеби қызметкер болып қызмет атқарып жүргенмiн. Бiр демалыс күнi ауылға келсем, Әбiлда көкемнiң үлкен ұлы Берiк үйленiп, кешке тойы болайын деп жатыр екен. Тойға Алматыдан Бауыржан Момышұлы ағамыз арнайы келiптi. Бiр шетi Алматыдан, ендi бiр шетi Шымкенттен келген құда-жекжат, туыс-туған, дос-жаран қатысқан Берiктiң үйлену тойы дүркiреп өттi. Сол тойда Баукең: “Айқабақ, алтын кiрпiк, қызыл ерiн, Кел десе, неге аяйын аттың терiн. Сары ағаш сазға бiткен секiлденiп, Қай жерде отыр екен бұраң белiм,” – деп әндеттi. Даусы сан құбылып, әдемi әндi жүрегiмен айтты. Ән аяқталғанда көпшiлiк ду қол соқты. – Ойпырмай, батырдың әншiлiк дарыны анау-мынау әншiнi жолға тастап кетедi екен! – дедi жанымда тұрған егде кiсi сүйсiнiп. Үзiлiс кезiнде темекiсiн құшырлана тартып тұрған Баукеңе сәлем бердiк. Менiң досым Тiлеуқабыл Бауыржанға жиен болып келедi. Жиендiгiне салып, нағашы атасымен еркiн сөйлестi: – Ата, менiң жанымдағы жiгiттiң аты Доқтырхан, менiң досым. Бұл да сiз сияқты жазушы боламын деп жүр, – деп менi Баукеңмен таныстырды. Маған сынай көз тастаған Бауыржан жөнiмдi сұрады. Мен қайда жұмыс iстейтiнiмдi айттым. – Солай, журналистпiн де. Кiм болсаң да халтурщик болма, айналайын, – дедi Баукең темекiсiн қайта тұтатып. …Содан берi арада 35 жыл өтiптi. Ол кезде жалындаған, 25 жастағы тепсе темiр үзетiн жас жiгiт едiм, бүгiнде мен де 60-тың асқарына шығыппын. Бұл жылдар босқа өткен жоқ. Талай биiктерден, белестерден астым. Журналист-жазушы ретiнде қаламымды тастаған жоқпын, нанымды адал жеп жүрмiн. Ең бастысы, Бауыржан Момышұлының Берiктiң тойындағы айтқан сөзiн өмiр бойы есiмнен шығарған жоқпын. Оны Баукеңнiң аманатындай бойтұмар етiп сақтап келемiн. БАТЫР ЖӘНЕ АҚЫН“Бар мақсатты жақсылыққа арна ғып,
Армандаудан жалықпадық, талмадық. Көрген жоқпыз арамдықпен жан бағып, Екеумiз де сөз өнерiн таңдадық,” – деп маған жыр жолдарын арнаған ақын Бектұрсын Тұрлыбеков менiң тете өскен туған ағам едi. Мықты ақын болатын, маңдайымызға сыймай кеттi. Әдебиетте, поэзияда кiршiксiз адал ақын “Абайдан соң, Мұқағалидан соң өлең жазып әуре болудың керегi жоқ!” – деп, бiр жарым мың жолдан астам өлеңдерiн өртеп жiбергенiн жақын досы, ақын Болат Үсенбаев айтып бергенде қайран қалдым. Аузын ашса, көмекейi көрiнетiн Бектұрсын адам бiткеннiң бәрiн дәл өзiндей пәк, таза, адал көретiн. Өкiнiшке орай, қулық пен сұмдықты бiлмей өткен кiршiксiз жанды, ақ жүректi ақынды өмiр де, адамдар да көп алдады. Дарын емес, қарын билеген мынау жалған өмiрдегi екiжүздiлiкке, аярлыққа, сатқындыққа, қатыгездiк пен дүниеқоңыздыққа көне алмай, нәзiк жаны шыдай алмай өмiрден әбден түңiлiп, үзiлiп кеттi. Бектұрсын iзгiлiк пен жақсылықты бағалай бiлетiн, әдiлдiк пен шындыққа бас иетiн, “малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы” дейтiн мыңдаған қазақ ағайындар сияқты ақиқат пен шындықтың алмас қылышы Бауыржан Момышұлын өмiр бойы пiр тұтып өттi. Кезiнде ағынан жарылып, Баукең туралы өлеңдер жазды. Мына жалған фәниден өткенiне жетi жыл өткен Бектұрсын ағамның артында қалған қағаздарды қарастырып отырып, “Бауыржан туралы баллада” атты өлеңiнiң түп нұсқасын тауып алдым. Осы туындыны сол қалпында берудi қаламгерлiк, бауырлық парызым деп санадым. БАУЫРЖАН ТУРАЛЫ БАЛЛАДАБатыр Баукең – елiн сүйген ержүрек,
Туған ауылы күттi оны елжiреп. Ерлiгiмен елеңдеткен елдi көп, Естiдiк бiз Әбiлдаға келдi деп. Бар әлемге әдiлдiкпен даңқы аңыз, Батырменен шалқып толды ортамыз. Мақтансақ та жерлеспiз деп талайға, Бетпе-бет кеп кездесуге қорқамыз. Аңыздарын айтып жатыр ел жайлап,Әр қайсысы өздерiнше той тойлап. Екi бiрдей жолдасымды көндiрдiм, Кездеспекке тәуекелге бел байлап. Нар үстiнде жатыр екен көлденең, Өңi сұсты, от шашады көз деген. Сәлем бердiк дауысымыз дiрiлдеп, Дұшпандары бекер одан безбеген. “Отырыңдар!” – деп орын ол нұсқады, Қабақ қату, тұр әлпетi сұсты әлi. Қыбыр етпей, сыбыр етпей отырмыз, “Тәйт” деп қалса қаңбақ болып ұшқалы. Жан-жағында қағаздары шашылған, Шарап та тұр, тығындары ашылған. “Құйыңдар!” деп бұйрық бердi, сасқаннан, Қағып салдық… сәл-пәл үрей басылған. Үнсiз-түнсiз отыр едiк тұнжырап, Сәлден кейiн сөз бастады жөн сұрап. Асықпастан темекiсiн тұтатып: – Ал, сөйлеңдер – дедi – қояр кiм сұрақ. Өзiмiзше шешен, дiлмар, дүр едiк, Беретiнбiз той-думанда тiлге ерiк. Сұрақ қойдым “Абай жолы” туралы,Сасқанымнан қызыл тiлiм күрмелiп. Мен отырмын бүлдiрiп ап дiрiлдеп, Ашуланып сөз айтты ол гүрiлдеп. “Мұхтар тiрi жүргенде сен қайда едiң? Сұрағыңнан кiм екенiң бiлiнбек. Ойлануға берiлген ғой бас саған, Дұрыс сұрақ қою керек әсте адам. Ұлыларды, шығармасын ұлының, Сұрамаңдар ешқашан да басқадан”. Баукең қайта темекiге қол созды, Ұнатпайтын тұщымы жоқ жел сөздi. Кiрiп келдi сол арада бiр басшы, Абайламай жөн-жосықсыз сөз бөлдi. Қытығына тидi де бұл батырдың, Сес көрсеттi қылығына әкiмнiң. Әп-әдемi әңгiменiң шырқын кеп, Аяқ асты бұзғанына қапылдым. Амандасып созған қолын алмады, Мысын басты әдiлдiктiң салмағы. Тұрып қалған басшыға ол сiлейiп, Қатуланып қатал үкiм арнады: “Халiң қалай, қарның қалай, мес қарын, Қалың жұрттың жоғын қашан жоқтадың? Шық үйден сен, “кругом, марш” – дедi ол- Екiншi рет маған қайтып соқпағын”. Сұп-сұр болып шығып кеттi табанда, (Сондай жандар әлi бар ғой қоғамда). Бiзге есiк нұсқағанмен, байқадым, Кешiрiммен қарады ол маған да. Еш басшыға бас ұрмастан өтiп ең, Биiгiңе әдiлдiкпен жетiп ең. Дұрыс сұрақ қоя алмаған өзiңе, Сол кездегi ездiгiме өкiнем. Қазағымның намыс-арын сақтаған, Бар сенiмiн ел-жұртының ақтаған. Бар сұраққа жауап бердi өмiрiң, Сен туралы сұрамаймын басқадан. Сен туралы жыр айтады ес бiлген, Қадiрiңдi кей бiреулер кеш бiлген. Көп жазылды, жазу үшiн Баукеңдi, Ол туралы сұрамаңдар ешкiмнен. Ұмытпасам, 1981 жылдың көктемi едi. Бiздiң отбасымызға Дәурен атты шекесi торсықтай ұл дүниеге келiп, оның үстiне көптен күткен пәтерге қолымыз жетiп, арқа-жарқа болып жатқанымызда Алматыдан Бектұрсын ағам келiп, құтты болсын айтты. Сол күнi ағайынды екеумiз өмiр туралы, қоғам, адам туралы көп сырластық. – Төрт қадақ масақ үшiн әкемiздi 12 жылға түрмеге айдаған, сонан соң қырғын соғысқа салып, мүгедек еткен, өмiрiнiң соңына дейiн құлағы тесiк құлы еткен мына қатыгез, аяр, сайқал қоғамнан, заманнан ешқашан да жақсылық күтпеймiн. Қайда барсаң да әдiлетсiздiк пен қорқаулық алдыңнан қиқаң етiп шыға келедi. “Қарға қарғаның көзiн шұқымайды” демекшi, қаланы да, даланы да “ләппай тақсыр” мен жағымпаздар, алаяқтар мен ұры-қарылар билеп-төстеп алған. Солардың ақ дегенi – алғыс, қара дегенi – қарғыс. Баяғы бала кезiмдегi ертектерден оқитын қой үстiне бозторғай жұмыртқалайтын бақытты заман, әдiлдiк пен шындық салтанат құратын өмiр қашан орнайды екен, бауырым? Әдiлетсiздiк атаулыны көп халықпен бiрге ағайынды екеумiз де бiр кiсiдей-ақ көрiп келемiз. Сенде де, менде де Құдай берген талап пен талант бар, бiрақ, екеумiздiң де қалтамызда партбилетiмiз жоқ, көк аспанды тiреп тұрған көкемiз жоқ. “Қатын алма, қайын ал” дегендi де бiлмей өсiппiз. Мысалға сенi алайық, кейбiреулер тоқпағы күштi болғандықтан, бес-алты айдың көлемiнде сыңғырлаған пәтерге ие болып жатады. Ал, сен болсаң, жетi жыл жұмыс iстеп, алайын деп тұрған баспанаңнан бiрнеше рет айырылып қалып, өлiп-талып, әрең дегенде қаланың бiр шетiндегi екi бөлмелi, қуықтай пәтерге ие болдың. Қаламың жүйрiк, республикаға белгiлi журналист болсаң да, осы күнге дейiн қатардағы тiлшiсiң. Ал, сенiң қолыңа су құюға жарамайтын кейбiреулер бөлiм бастығы болып шiренiп жүр, – деп Бектұрсын өшiп қалған темекiсiн қайта тұтатты. Орнынан тұрып, әрi-берi жүрген Бектұрсын әңгiмесiн қайтадан жалғады. – Бiздi қойшы, көп пенденiң бiрiмiз ғой. Елiм, халқым деп сол үшiн отқа да, суға да түскен аузы дуалы арыс азаматтарымыздың көрген қорлықтары мен әдiлетсiздiктерi туралы естiгенде төбе шашың тiк тұрады. Аярлық пен екiжүздiлiктi, сатқындықты Ахмет Байтұрсынов та, Мыржақып Дулатов та, Әлихан Бөкейханов та, тiптi ұлы Абай да көрiптi. Иә, иә, “Бiрiңе қазақ бiрiң дос, болмасаң iстiң бәрi бос” деп жырлаған, қайтсем тарыдай шашылып жатқан қазақтың басын қосам деген Абайды көре алмайтын iшi тар, қорқау жанды өз ағайындары сабаған. Шәкәрiмдi НКВД-ның бiр қанiшер оңбағаны атып өлтiрiп, 40 күн бойы айдаладағы құдықта iздеусiз, көмусiз жатқан. Қазақтың ертеңiне, болашағына бүкiл өмiрлерiн арнаған Сәкеннiң, Iлиястың, Бейiмбеттiң және басқа да арыстардың аянышты тағдырын менен де жақсы бiлесiң. Сәл үнсiз қалған Бектұрсын маған сұрақ қойды: – Доқтырхан, қазақта қанша Советтер Одағының Батыры бар? – Жаңылыспасам, 103-тен асады. – Көп болса екi-үш адамға ғана қателесiп тұрсың, қазақ ұлтында 106 Совет Одағының Батыры барлығы нақты шындық. Мiне, осыдан-ақ бiздiң халықтың нағыз ержүрек, батыр ұлт екенiн аңғаруға болады. Темiр пердесiн түсiрiп, ақиқат пен шындық ешқашан да айтылмайтын мына заманда көп нәрсенi бiлмейдi екенбiз. Немiстiк фашистермен болған сұрапыл Ұлы Отан соғысында да көптеген әдiлетсiздiктер болғандығын жақында оқып, жағамды ұстадым. Iнiм-ау, сен бiлесiң бе, соғыста асқан ерлiк көрсеткен Бауыржан Момышұлы бiр емес, үш рет Совет Одағы Батыры атағына ұсынылыпты. Бiрақ, бiр ұсыныста өтпеген, масқара ғой мынау! Жер бетiнде жақсылық пен iзгiлiктен жамандық, қорқаулық көбейiп барады. Бiр күнi онсыз да күңiренiп жатқан Жер-Ана қарс айырылып кете ме деп қорқамын. Осы көктемде 28 панфиловшы паркiнде болып өткен Жеңiс күнiне қатыстым. Мәңгi алауға көп халықпен бiрге Бауыржан ағамыз да тағзым етiп, гүл шоғын қойды. Өңшең тоңмойын болып сiресiп қалған жоғарғы шендi-шекпендi шенеулiктер Баукеңмен амандасуға да жараған жоқ, бiр кесiрi тиiп кете ме деп шетiнен тұра-тұра қашты. Айналайын данышпан халық бiледi ғой, кiмнiң-кiм екендiгiн. Олар Бауыржан Момышұлын хан көтерiп, шын мейiрлерiмен, ақ көңiлдерiмен қошаметтеп, құрметтеп жатты. Иә, “Алтын кездiк қап түбiнде жатпайды” – деп бекер айтпаған. Сұңқардың аты – сұңқар, тұлпардың аты – тұлпар. Ерте ме, кеш пе, Баукең өзiнiң лайықты бағасын алады. Оған сен екеумiз куә болып, әдiлдiк салтанат құрды деп қуанатын боламыз әлi. Бiздiң ағалы-iнiлi әңгiмемiздi Жуалыдан келген немере ағамыз Оңалбек бұзып жiбердi: – Ау, батырлар, әлi философия соғып отырсыңдар ма, көлiк дайын, ауылға жүрейiк. Мен Жуалыға келе жатып, Бектұрсынның жаңағы айтқан әңгiмесiн ойлаумен болдым. Ол кезде мен Жамбыл облыстық “Еңбек туы” газетiнде қызмет атқаратынмын. Жаз айының бiр күнi жұмыс орнына ерте келсем, кабинеттегi қара телефон безектеп жатыр екен. Тұтқаны асығыс көтерiп, Бектұрсын ағамның даусын бiрден таныдым. Даусы бiр түрлi, өзi алқынып тұр. – Естiдiң бе? – дедi ағам. – Жайшылық па? – дедiм мен шошып кетiп. – Бауыржан Момышұлы қайтыс болды, – деп Бектұрсынның дауысы қарлығып шықты. – Әдiлдiк пен шындықтың алмас қылышы едi, ол да өте шықты жарқылдап. Үнi жыламсырай шыққан ағам телефон тұтқасын тастай бердi. Баукеңнiң дүниеден озғанына сегiз жылдан астам уақыт өткенде ақиқат кеш те болса салтанат құрып, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Совет Одағының Батыры атағы берiлдi. Сол күнi бүкiл иiсi қазақ қуанып, туған әкелерi батыр атанғандай бiр-бiрiнен сүйiншi сұрап жатты. Өзiм қызмет атқаратын Қазақ теледидарының бас ғимаратынан шыға берiсте радиода жұмыс iстейтiн Бектұрсын ағаммен қарсы ұшырасып қалдым. Бiр топ әрiптестерiнiң ортасындағы бауырым бүгiн ерекше көңiлдi, қуаныштан жарқ-жұрқ етедi. – Маған сенбей тұрсыңдар ғой, – дейдi жанындағы жолдастарына – сенбесеңдер, мына менiң iнiмнен сұраңдар. Осыдан дәл сегiз жыл бұрын келiнiм бауырыма маңдайы торсықтай ұл туып берiп, құтты болсын айтып, сонау Жамбылға барғанмын. Сонда ерте ме, кеш пе Бауыржан Момышұлы Совет Одағының Батыры атағын алады дегенмiн. Доқтырхан, айтшы мына жiгiттерге, солай дегенiм өтiрiк пе? – Рас болғанда қандай! “Баукең батыр болады, әдiлдiк патшалық құрып, бәрiмiз шын қуанатын күн де алыс емес,” деген сөзiңiз де есiмде. Мiне, сол күнге де жеттiк. Бәрiңiздi осы үлкен қуанышпен құттықтаймын! – деп ең бiрiншi Бектұрсынды құшақтадым. – Мiне, естiдiңдер ғой, – дедi ағам жас балаша қуанып. – Иә, менiң iнiм дұрыс айтады, бүгiнгi қуанышқа бүкiл Алаш баласы ортақ. Сендерге көрiмдiк берейiн, жүрiңдер. Жас балаша аңқылдаған Бектұрсын бiздi Қазақ радиосының қарама-қарсысындағы “Қымызханаға” бастады… Жылдар өткен сайын туған жер өзiне тартып тұрады, Жуалыға жиi соғамын. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына жете берiсте өзiнiң болмысымен ерекшеленетiн шағын өзен бар. Оны жергiлiктi халық Терiс деп атайды. Жарықтық, Терiс десе – Терiс. Табиғаттың дегенiне бағынбай, өрге, Алатауға қарай ағады. Осы қасиеттi өзенге қарап, ешкiмге ұқсай бермейтiн мiнезi, тұлғасымен ерекшеленiп тұратын, ақиқат пен шындықтың үшкiр найзасы Бауыржан Момышұлы мен дүниедегi жақсылық пен iзгiлiктi, әдiлеттiк пен адалдықты өмiр бойы iздеп, шырылдап өткен ақын Бектұрсын Тұрлыбековтi есiме аламын… Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК