РЕЙТИНГ ОЙДАҒЫДАЙ БОЛМАЙ ЖҮР
РЕЙТИНГ ОЙДАҒЫДАЙ БОЛМАЙ ЖҮР
“Ғаламдық қаржылық дағдарыстан зиян шеккендердiң алдыңғы қатарында Қазақстан мен Венгрия тұр. Одан кейiнгi кезекте – Түркия мен Польша” деп мәлiмдеген Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттiгi Қазақстанның тәуелсiз болжамын “Жағымсыз” күйiнде қалдырды.
Үстiмiздегi жылдың 21 сәуiрiнде халықаралық рейтингтiк агенттiк – Fitch Ratings Алматыда Қазақстан бойынша жыл сайынғы III конференциясын өткiздi. “Макроэкономикалық ахуалға шолу: Қазақстанның тәуелсiз қауiп-қатерлерiнiң күшеюi”; “Қазақстанның банк саласы: құлдырау шарықтау шегiне жеттi ме?”; “Қазақстанның корпоративтiк саласы: қазiргi жағдайдағы несиелiк қабiлеттiк маңызды факторлары саналатын қаражат және қайта қаржыландыру мәселелерi” деп аталатын тақырыпты қамтыған форумға ҚР Қаржы министрi Болат Жәмiшев, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов, ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Григорий Марченко қатысуы тиiс болатын. Алайда, олар төбе көрсетпедi. Сұлтанов форумдағы жауапкершiлiктi орынбасары Тимур Сүлейменовке жүктеген. Есесiне, ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгiнiң жетекшiсi Елена Бахмутова баяндама жасап, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының өкiлдерi атынан пiкiрсайысқа қатысқан Арман Дунаев көпшiлiктi толғандырған бiрқатар жайттың басын ашып бердi. Халықаралық деңгейдегi рейтингiлiк агенттiк ұйымдастырған шараға сондай-ақ, елiмiздегi ең iрi компаниялар, банктер, халықаралық қаржылық ұйымдар, жергiлiктi атқарушы билiк, инвестициялық қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi қатысты. Ал Fitch Ratings агенттiгi тарапынан маңызды тәуелсiз, банктiк және корпоративтiк саланы зерттейтiн сарапшылар ойларын ортаға сала отырып, Қазақстанға төнген экономикалық қауiп-қатерлердi саралады.
“Макроэкономикалық ахуалға шолу: Қазақстанның тәуелсiз қауiп-қатерлерiнiң күшеюi” тақырыбындағы алғашқы дөңгелек үстелдiң модераторы – Fitch Ratings агенттiгiнiң Басқарушы директоры Дмитрий Сурков, баяндама жасаушылар – ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау вице-министрi Тимур Сүлейменов пен Fitch Ratings тәуелсiз сараптама тобының жетекшiсi Эндрю Кохун.
2009 жылы мемлекеттiк бюджетке мұнай саласынан түсетiн кiрiс көлемi 1,2 трлн. теңге болмақ. Бұған дейiн мұнай шикiзатынан салық ретiнде келген пайда Ұлттық қорға құйылып, одан кейiн сенiмдi үлестiрушi мекеме не ұйым арқылы даму жобаларына бағытталады. Сүлейменов мырза биыл бұл дәстүрдiң өзгеретiнiн айтты: “Дағдарысқа байланысты бұл тәсiл қысқа мерзiмге өзгеретiн болды. Яғни, Ұлттық қорға түскен қаражат қиындықтарды шешу мақсатында мемлекеттiк бюджетке қайта оралады”. Вице-министрдiң айтуынша, Президенттiң тапсырмасына орай, Ұлттық қордан экономиканың ақсап қалған салаларына бөлiнуi тиiс алғашқыда жоспарланған 843 млрд. теңгеге қосымша, 347 млрд. теңге қарастырылмақ. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылдың 1 сәуiрiне дейiн Ұлттық Қордың қанжығасындағы қаражат 3 трлн. теңгеден асып жығылған.
Бiздiң “Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, биыл ТМД елдерi мен посткеңестiк елдерге салынатын тiкелей инвестиция едәуiр азаятын көрiнедi. Оған себеп, былтыр тамыздағы Грузия мен Ресей арасындағы қарулы қақтығыс, посткеңестiк елдердiң көпшiлiгiндегi инвестициялық сенiмсiздiк т.б. жайттар керi әсер еткен. Қазақстанға тартылатын тiкелей инвестиция көлемiн арттыру мақсатында қандай шаралар атқарылмақ?” деген сауалымызға вице-министр: “Инвестиция күрт төмендемейдi, қазақстандық экономика құйылатын шетелдiк инвестиция көлемiн 10 млрд. доллардан асып жығылады деп жоспарлап отырмыз. Оның бiр бөлiгi – жаңа жобалар, ал басым бөлiгi, әлбетте, мұнай мен газ саласының еншiсiнде” деп жауап бердi. Ал үстiмiздегi жылы 1 пайызға жоспарланған ЖIӨ 2010 жылы 3 пайызға өсiрiлсе, инфляция деңгейi биыл 9 пайыздың шеңберiнен асырылмайды. Дағдарыстың кесiрiнен күрт өсiп кеткен жұмыссыздық деңгейi бүгiнде 7 пайыздың төңiрегiнде, ал келесi жылы Үкiметтiң ұйғарымы бойынша, 8 пайызбен шектелуi тиiс.
Ресми билiктiң болжамдары көз бен көңiлдi қуантқанмен, халықаралық рейтингтiң көлденең тартқан уәжi бiр басқа. “Қазақстан: Rating Watch тәуелсiз рейтинг бойынша “Жағымсыз” деген тақырыпта баяндама жасаған Эндрю Кохун Fitch Ratings агенттiгi үстiмiздегi жылы қазақ билiгiнiң дағдарыстың алдын алуға қатысты қабылдаған шаралары мемлекеттiң қаржылық ахуалын әлсiретуге ықпал ететiнiн көлденең тартты. 2006 жылғы, яғни, дағдарысқа дейiнгi қазақстандық экономиканың көлеңкесi мен күнгейiн таразыға тартқан Кохун сол кездегi мемлекеттiң қаражаттық қауқардың күштiлiгiн (мемлекеттiк қарыздың аздығы, мемлекеттiк қарыз бойынша, iрi сыртқы нетто-кредитор болуы), экономикалық көрсеткiштердiң ерекше қарқынмен өсуiн, құрылымдық реформалар саласындағы iлгерушiлiкпен (дамыған 50 елдiң қатарына көтерiлу) бiрге әлсiз тұстарын (левередждiң тым жылдам көтерiлуiне байланысты туындаған қауiп-қатерлер, экономикалық көрсеткiштердi шектен тыс қаржыландыру, несиелеудiң тым көп мөлшерде жүргiзiлуi, мемлекеттiк құрылымдардың салыстырмалы түрде қарастырғандағы әлсiздiгi) талқыға салды. Ғаламдық қаржылық дағдарыстың алғашқы сатысында-ақ елiмiздiң зиян шегу себебi, қазақстандық экономикаға инвестиция салған шетелдiк қалталылардың үлес салмағының басымдығымен және халықаралық нарықтағы шикiзат бағасының төмендеуiмен тiкелей байланысты. Көмiрсутегiлерге тәуелдi қазақ экономикасы өкiнiшке қарай, дербестене алмай отыр. Кохун мырза “Қазақcтанның тәуелсiз рейтингiне қатысты болжам “Жағымсыз”– дан ары да төмендетiлуi мүмкiн бе?” деген сұраққа “Мүмкiн. Бiрақ Қазақстандағы жағдайдың тез өзгерiп отыратынын ескерсек, жағдай керiсiнше болуы ғажап емес. Мен ғаламдық қаржылық дағдарыстың Қазақстанға керi әсер еткенiн көлденең тарттым. Болжамның тағы да төмендетiлуi мүмкiн” дедi. ЖIӨ-ге тиесiлi биылғы көрсеткiштi Fitch төмендейдi десе, Сүлейменов керiсiнше, 1 пайызға артады дедi. Оның себебiн вице-министр былайша түсiндiрдi: “Бiздiң қолда бар мәлiметтер Fitch сарапшыларында жоқ. Деректердi салыстыра отырып, бiз болжаған меже 1 пайызға тең”.
Форумның екiншi тақырыбы – “Қазақстанның банк саласы: құлдыраудың шарықтау шегiне жеттi ме?” деген мәселенi қаузайтын екiншi дөңгелек үстелдiң модераторы – Fitch Ratings агенттiгiнiң қаржылық ұйымдар жөнiндегi сараптамалық тобының жетекшiсi Джеймс Уотсон, баяндама жасаушылар – ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгiнiң басшысы Елена Бахмутова мен Fitch Ratings Қаржылық ұйымдар жөнiндегi сараптамалық топ мүшесi Алексей Кечко. Аса тартымды әрi пiкiрсайысқа толы болған бұл дөңгелек үстелге “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының өкiлi Арман Дунаев, kaspi bank Басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе, АТФ Банкiнiң Басқарма төрағасы Александр Пикер, Ренессанс Капиталдың Орта Азия акцияларының нарығын зерттейтiн топтың жетекшiсi Милена Иванова-Вентурини атсалысты. Қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң көпшiлiгi қазiр тәуекелдiк менеджменттiң дұрыс құрылмауы салдарынан бармақ шайнап отыр. Кезiнде сырттан тартылған арзан әрi оңай қол жетiмдi несиенi алуда ашкөздiкке ұрынғандардың тығырыққа тiрелуi – заңды. Бахмутова ханым қазiргi кезде банктердегi жауапкершiлiк жүгiн Директорлар кеңесiнiң мүшелерiне түгел жүктейтiн арнайы заң жобасының дайындалып жатқанын айтты. Негiзi исламдық банкинг қаржылық әрекетке қатысушыларға жауапкершiлiк жүгiн қатар жүктейдi. Кейiнгi жылдары, әсiресе, қаржылық дағдарыстан запы болған кейiнгi екi жылда дүниежүзiлiк қаржы саласы исламдық банкингке қызығушылық танытып отыр. Тәуекелдiк менеджменттi өте жоғары деңгейде қамтамасыз етуге қауқарлы жүйенiң қазақ қоғамында үстемдiк етуi көңiл қуантады.
Тағы бiр маңызды жайт, Елена Леонидқызы елiмiздегi банктердiң ешқайсысына ешқандай жағдайда мемлекеттiк кепiлдiк берiлмейтiнiн айтты. Оның пiкiрiнше, “қазақстандық банктердiң қиындығы елiмiздiң тәуелсiз рейтингiне керi әсер етпейдi”.
“Қазақстанның банк саласы: шарықтау шегiне жеттi ме?” деген тақырыпқа баяндама жасаған Алексей Кечко қазақстандық екiншi деңгейлi банктердiң биыл қайтаруы тиiс 11,1 млрд, доллар көлемiндегi сыртқы қарызы Үкiметке бiраз жүк болатынын айтты. Өйткенi, ЖIӨ көлемiн биыл 1 пайызға арттыруға құлшынып отырған қазақ билiгi банктер тарапынан несие төлемi ретiнде сыртқа ағылған қаражат ағынына тосқауыл бола алмайды да, iшкi айналымдағы қаржы көлемi едәуiр азайып қалады.
Үшiншi дөңгелек үстелде талқыға салынған тақырып – “Қазақстанның корпоративтiк саласы: қазiргi жағдайдағы несиелiк қабiлеттiк маңызды факторлары саналатын қаражат және қайта қаржыландыру мәселелерi”. Модератор – Николай Лукашевич (СFА, аға директор, Корпорация бөлiмiнiң басшысы, Ресей/ТМД, Fitch Ratings), баяндама жасайтындар – Рейтингiлiк агенттiктермен қарым-қатынас жөнiндегi департаменттiң жетекшiсi, СЕМЕА аймағы, UBC), Ангелина Валавина (МВА, Директор, Энергетикалық сала, Fitch Ratings). Пiкiрсайысқа қатысатындар – Нұрлан Аханзарипов (Интергаз ОРталық Азия), Арнұр Нұрқатов (Қазақтелеком), Ержан Тәжияқов (“Қазақстан Темiр жолы”), KEGOC өкiлi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ