Жаңалықтар

ҚАЗАҚ «БАЙҚОҢЫРДЫ» ИГЕРЕ АЛА МА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ «БАЙҚОҢЫРДЫ» ИГЕРЕ АЛА МА?

“Байқоңыр” дегенде шетсiз, шексiз аспан әлемi мен ғарыш кемелерi көкке заулаған қазақтың сайын даласы елестейдi көз алдыңа. Өкiнiшке қарай, жарты ғасырдан астам тарихы бар ғарыш айлағынан ғарышқа небары екi қазақ баласы самғап қайтты. Ал бiрнеше жылдан берi арнайы дайындықтан өткен қос қандасқа қаржы тапшылығы қолбайлау. Оның үстiне, “Байқоңырдағы” техникаға қатысты шаруашылықты дөңгелетiп әкетуге қабiлеттi ұлттық мамандар тапшы. Ал сарапшылар қауымы Қазақстанның ғарыштық державаға айналу мүмкiндiктерiн таразыға тартып әлек.

ҚАЗАҚ ҒАРЫШҚА ҰШПАЙТЫН БОЛДЫ

Жуырда РосКосмос жетекшiсi Анатолий Перминов ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгi тарапынан қазақ ғарышкерлерiн ұшуға дайындау жұмыстарын тоқтату жөнiнде ресми түрде өтiнiш келiп түскенiн растай келе, қиындықтың қаржы тапшылығының салдарынан туындағанын жасырмады: “Бiзге Қазақстанның ғарыш агенттiгi басшысынан қаражат мәселесiне қатысты қазақ ғарышкерiн дайындықтан өткiзудi тоқтатуға қатысты жазбаша өтiнiш кеп түстi. Ұшу қыркүйек айына жоспарланған болатын”. Яғни, қазақтың қос ғарышкерi – Мұхтар Аймаханов пен Айдын Әйiмбетов күзде ғарышқа ұшпайды. Перминов ұшуға мүмкiндiгi жоқ қазақ ғарышкерiнiң орнын басатын орыс ғарышкерiн немесе ғарышқа құмартқан қонақтардың бiрiн таңдамақшы. Үстiмiздегi жылдың 8 сәуiрi күнi “Союз ТМА-13” Жезқазған қаласының солтүстiк-шығыс бөлiгiне келiп қонды. Аспан кеңiстiгiнде жарты жылға жуық зерттеу жұмыстарын жүргiзген 2 ғарышкермен бiрге жетi қат көкке екiншi рет сапарлаған қонақ – Чарльз Симониден кейiн Ресей аспанға “қонаққа” баруды тоқтатуға шешiм қабылдаған болатын. Бiрақ “қалтасы тесiк” ҚазҒарыштың күтпеген жерден қабылдаған шешiмi оларды да жүрiстен жаңылдырса керек. Әлдеқашан сайдың тасындай iрiктелiп алынған Мұхтар Аймаханов пен Айдын Әйiмбетов Ресей Федерациясында арнайы ғарыштық дайындықтардан өтiп, “ғарышкер-сынаушы” мамандығын иемденген едi. Тiптi, қазақ ғарышкерiнiң экипаж құрамында жүрiп атқаратын мiндеттерi бекiтiлген келiсiм-шарт та түзiлген. Қазақстан мен Ресей жағының баға мәселесiнде ұзақ уақыт бойы ортақ пiкiрге келiсе алмауының соңы ғарышқа жасалатын сапардан бас тартумен аяқталды. Халықаралық бұқаралық ақпарат құралдары таратқан бейресми деректерге сүйенсек, Ресей Қазақстаннан аса үлкен мөлшерде ақша (25 млн. доллар) талап еткен көрiнедi. Бұл мәлiмдеменi ҚР Ұлттық ғарыштық агенттiгiнiң жетекшiсi Талғат Мұсабаев та растады. Ғаламдық қаржылық дағдарысқа байланысты “көрпесiне қарай көсiлуге” көшкен Үкiмет 2009 жылға арналған мемлекеттiк бюджеттi қысқарту барысында ғарыш саласын игеруге қатысты қаражатты да қиып тастаған. Алайда, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов қазақтар ғарышқа ұшырылмағанмен, ғарышқа қатысты жобалардың кейiнге шегерiлмегенiн көлденең тартты.

“БАЙҚОҢЫРДАҒЫ” ШАРАСЫЗДЫҚ

1994 ж. Ресей дүние жүзiндегi ең iрi ғарыш айлағы – “Байқоңырды” 20 жылға жалға алған болатын. 2004 жылдың 10 желтоқсанында ресейлiктер жалға алу мерзiмiн 2050 жылға дейiн ұзартты. Бiрақ жал ақысы 1999 жылы бекiтiлген көлемде өзгерiссiз қалдырылған – 115 млн. доллар. Сондай-ақ, қосымша 50 млн. доллар ғарыш айлағындағы нысандардың қалыпты жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге жұмсалады. 1955 жылдың 12 ақпанында КСРО Министрлер Кеңсiнiң Қаулысына орай №5 Ғылыми-зерттеулiк сынақ алаңы құрылған едi. Кейнiрек ол “Байқоңыр” атанды. “Циклон”, “Энергия”, “Молния”, “Союз”, “Рокот” секiлдi ғарыштық зымыран тасығыштарға арналған ұшыру қондырғылары орнатылған 15 кешен мен зымырандар мен жер серiктерiн құрастыратын 11 монтаждық-сынақ бөлiмдер бар. Жер шарындағы теңдессiз айлаққа айналдырған ерекшелiгi сол, аспан кеңiстiгiнiң тiрi жан баспаған аумақтарын бағындыруға қабiлеттi ең ауыр зымыран – “Протон” тек осы айлақтан ғана ұшырылады. Ғарыштың адам аяғы баспаған тұстарын зерттеуге мүмкiндiк беретiн де – тек “Байқоңыр”. Оның жалпы аумағы – 6 мың 717 шаршы шақырым, зымыран тасығыштардың алғашқы бөлiктерiн құлату үшiн сайын даланың төсiнен 18 млн. гектар жер бөлiнген…

Соңғы деректерге сүйенсек, Байқоңыр қаласында 80 мың тұрғынның тең жартысы – ғарыш айлағына қызмет көрсететiндер. 50 жылға ғарыш айлағын ғана емес, оның маңайындағы Байқоңыр қаласын да иемденiп алған ресейлiктер ҚР азаматтарын “шөмiштен қысып” келе жатқанына бiрнеше жылдың жүзi болды. “Байқоңырдағы қазақтың қарадомалақтары күнде таңертең мектептегi сабақтарын бастамас бұрын Қазақстан Республикасының емес, Ресей Федерациясының әнұранын шалқытады, қала аумағында ҚР Конституциясы емес, РФ заңдары үстемдiк құрған, мемлекеттiк тiл шеттетiлiп жатыр, қазақстандық азаматтарға “екiншi сортты” жұмыстар ғана бұйырады” деп дабыл қағумен келе жатса да, қазақ қоғамының құрамдас бөлiгi саналатын байқоңырлықтардың мұң-мұқтажын билiк әзiр ескермей отыр. Жуырда отандық бiр бұқаралық ақпарат құралына сұхбат берген Талғат Мұсабаев мырза мұндай мәселелермен айналысу өзi басшылық ететiн мекеменiң құзырында еместiгiн көлденең тартыпты.

“ҚОЛДА БАР АЛТЫН” – ҚАДIРСIЗ…

Бүгiнгi таңда бiрқатар қазақстандық жоғарғы оқу орындарында “радиотехника, электроника және телекоммуникациялар”, “радиобайланыс және радионавигация”, “жылжымалы байланыс жүйелерi мен құралдары”, “радиобайланыс, радио және телевидение”, “көпарналы телекоммуникациялық жүйелер” мамандықтары бойынша мамандар дайындалуда. Байқоңыр қаласында орналасқан Мәскеу әуе институтында 1996 жылдан берi отандық ғарыш саласын меңгеруге қатысты ҚР азаматтарына бiлiм беру жұмыстары жүргiзiлуде. Бүгiнгi таңда Қазақстанның 42 азаматы бiлiм алуда. “Болашақ” бағдарламасы бойынша 97 қазақ жасы Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Германия, Нидерландтар, Канада, Қытай мен Ресейде бiлiмдерiн ұштауда. Сонымен қатар ҚазҒарыш “2009-2020 жж. арналған Қазақстан Республикасының ғарыш саласын дамыту” бағдарламасын түзуде. Аталған құжатта отандық мамандарды ғарыш саласын меңгеру мақсатында қайта мамандандыру мен кәсiби бiлiктiлiктерiн арттыруға, ғарыш саласын зерттеуге байланысты қазақстандық арнайы оқу орындарын қалыптастыру, ғарыш жүйесiн құру қатысты жобалар шеңберiнде жұмыс iстеуге қабiлеттi мамандарға жоғары деңгейде бiлiм беруге қатысты нақты шаралар көрсетiлуi тиiс. Қазiргi кезде “Байқоңыр” ғарыш айлағының теңдессiз мүмкiндiктерiн толық игеруге ғарыш саласын бес саусағындай бiлетiн мамандардың тапшылығы кедергi боп отыр. Қиыр Шығыстан “Шығыс” ғарыш айлағының құрылысын салуға құлшына кiрiскен Ресей қазақтардан жалға алып отырған “Байқоңырдың” қызметiнен бiртiндеп бас тартуы мүмкiн. “Шығыс” жобасын жүзеге асырған Ресей қазақтарға төлейтiн жалға алу ақысын өздерiнiң ғарышты игеру саласын дамыту мақсатында жұмсауға мүдделi. Демек, орыстардың ерте ме, кеш пе, “Байқоңырдан” бас тартары анық. Ондай жағдайда, ҚазҒарыш ғарыш айлағындағы жұмыстарды ақсатып алмауға кепiлдiк беретiн отандық мамандарды жұмылдыруға кiрiсуi тиiс. Бiрақ аспан әлемiне ұшыратын ғарышкер түгiлi, айлақты басқарып отыруға қабiлеттi мамандарға зар боп отырғанда, “Байқоңыр” жабылып қалмай ма? Кейбiр сарапшылар пiкiрiнше, Қазақстан ғылыми, технологиялық, экономикалық тұрғыда ғарыштық бағдарламаларды игерiп әкетуге қауқарсыз. “Байқоңырды” тек қазақтардың еншiсiнде қалсын” деген бастама қажеттiлiк пен шынайылықтан гөрi қиялға жақын. Сондықтан экономикасы күштi елмен бiрiгу қажет дейтiндер де бар. Кiм не десе де, қолда бар алтынның қадiрiн бағалайтын кез әлдеқашан жеткенi анық.

ТАҒЫ ДА ЖЕЛГЕ ҰШҚАН ҚАРЖЫ ЖАЙЛЫ

“Байқоңыр” мен ғарыш кеңiстiгiн игеру туралы сөз қозғағанда, қазақтардың тұңғыш жер серiгi жайлы әңгiменi айналып өту мүмкiн емес. Негiзi “KazSat-1”-дi М.Хруничев атындағы ресейлiк ғарыш орталығының мамандары құрастырған. Қазақ қоғамы үшiн телерадио тораптары, телефон желiсi, интернет қызметiнiң ауқымын кеңейту, VSAT-жүйелерiн құру және оны дамыту, байланыс жүйелерiнiң әкiмшiлiк және корпоративтiк жүйелерiн қалыптастыру т.б. мақсатта қызмет көрсету мiндетi жүктелген алғашқы жер серiгi жоспар бойынша, 12 жарым жыл Қазақстанға қызмет етуi тиiс жер серiгi бiр жарым жылдан кейiн-ақ сыр берiп, 2008 жылдың 8 шiлдесiнде ғарыш кеңiстiгiнде жоғалып кеткен. “KazSat-1”-дi тайлы-тұяғымыз қалмай “сарсылып” жүрiп, арада айлар өткенде, яғни, қазан айында онымен қайта қауыштық. Бiрақ қуанышымыз ұзаққа созылмады, екiншi рет “орнын сипатып” кеткен жер серiгiн жетi қат көктi қанша шарласақ та, таба алмадық. ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаевтың 2008 жылдың 2 желтоқсанында қазақтарға тиесiлi алғашқы жер серiгiнiң толық iстен шыққанын мәлiмдеуге мәжбүр болуы сол себептi. Оның айтуынша, әп дегеннен-ақ “KazSat” келiссөздерге ғарыш саласын бес саусағындай бiлетiн мамандар емес, аспан әлемiнiң “исi” мұрнына бармайтындар қатысқан. “KazSat-1” мәселесi дұрыс бағытта шешiлмеген. Ол тiптi, ҚР Конституциясына сәйкес емес. Қазiргi заманға лайықты, сенiмдi ғарыштық техника дайындайтын халықаралық деңгейдегi беделдi компаниялар көп бола тұра, арнайы тендер өткiзiлмеген. Өкiнiшке қарай, бiздiң “KazSat-1”-дiң сапасы туралы сөз қозғау артық” деп наразылық бiлдiрген Талғат Мұсабаев: “Жер серiгiн құрастыруға қатысты келiсiмдердi ҚР Ұлттық инновациялық қор шешкен. Қордың аса күрделi ғарыш жүйесiне қандай қатысы барын мен әлi күнге дейiн түсiне алмаймын” деген болатын. Бiрақ жуырда ҚазҒарыштың басшысы “KazSat-1” iстен шықпай тұрып, 18 млн. доллар пайда түсiрiп үлгергенiн мәлiмдедi. ҚазҒарыштың жетекшiсi халықты “KazSat”-ты құрастыруға кеткен 65 млн. доллар түгел желге ұшқан жоқ” деп басу айтып жатқаны анық. Сондай-ақ, Мұсабаевтың айтуынша, “KazSat-1” жер серiгiнiң мерзiмiнен бұрын iстен шығуына байланысты ресейлiктер төлеуi тиiс өтемақыны өндiру жұмыстары жалғастырылуда. Ал бастапқыда бөлiнген 65 млн. доллардың 6 млн.-ы Ақкөлдегi ғарышқа ұшырылған нысандарды жерден басқаратын кешен құрылысына бағытталған көрiнедi. Жер серiгiнiң мәселесiмен Ұлттық инновациялық қор, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi, Ақпараттандыру және байланыс жөнiндегi агенттiк айналысқан. Осының кесiрiнен, қазақтардың тұңғыш жер серiгi “қойшы көп болса…”-ның кебiн киген.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ