Жаңалықтар

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖОЛДАУ

ашық дереккөзі

ЖҮРЕКТЕРГЕ ЖОЛ ТАПҚАН ЖОЛДАУ

Жаһанды шарлаған дағдарыс кезеңi дүниежүзiн қыспаққа алған тұста оның қазақ қоғамына тигiзер әсерiн жеңiлдетiп, қиындықтарды еңсеру тұрғысында сан салалы шаралар атқарылып жатқаны баршаға аян. Елбасының биылғы Жолдауының жөнi бөлек. Өйткенi, бұл дағдарыс уақытында халықты жұмылдыратын, басын бiрiктiретiн, қиындықтан шығудың жолдарын нақты көрсететiн бағдаршам. Аға буын зейнеткерлер мен елдiң болашағы — жастарға, студенттерге нақты қамқорлық күрделi кезеңдегi Қазақстан экономикасының әлеуетiн көрсетедi. Қазiрдiң өзiнде қабылданған шешiмдердiң бәрi – бүгiнгi дағдарыс туындатқан ғаламдағы проблемаларды тарқатуға бағытталып отыр.

Елбасы Н.Назарбаев бас болып, қаржы дағдарысына қарсы шара қолданып, нақты да нәтижелi жұмыстар жүргiзiп келедi.

Жоғарғы оқу орындарында бiлiм алып жүрген студенттер мәселесi осыған дейiн жиi қозғалып, түрлi әңгiмелерге арқау болатын. Нақтылап айтсақ, мемлекеттiк немесе жеке жоғары оқу орындарында бiлiм алып жүрген 40 мың студентке қосымша бiлiм беру гранттары мен жеңiлдетiлген несие беру жайы шешiмiн тапты. Ең үздiк оқитын, оның iшiнде әлеуметтiк жағынан табысы аз, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған студенттерге мемлекеттiк гранттар бөлiндi. Сол секiлдi техникалық, медициналық мамандық алуға талпынып жүрген студенттерге жеңiлдiкпен несие алуға мүмкiндiк туып отыр.

Осындай мүмкiндiк бiздiң университетiмiзге де жеттi. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетi бүгiнгi таңда Қазақстанның беделдi жоғары оқу орындарының бiрi болып саналады. Университетiмiздiң ректоры Серiк Пiрәлиев “Ана тiлi” газетiне берген сұхбатында:

“ — Бiз жастарды мамандық берiп, елiмiздiң ертеңгi тiрегi етiп тәрбиелеу үшiн оқытамыз. Оларды оқудан шығару мақсатымыз емес. Болашақ мамандар тағдыры ел тағдыры деп қарауымыз керек. Сондықтан да оқу ақысын төлей алмаған студенттердiң отбасылық жағдайын, тұрмысын зерттеп, 100-ге тарта студентке 30-дан 70 пайызға дейiн жеңiлдiк жасадық. Қатты қиналып жүрген балаларға материалдық көмек көрсетудемiз. Төлемақысын уақытылы төлей алмай қиналып жүрген шәкiрттерге, өз өтiнiштерiне орай, қаржы төлеу мерзiмiн 3-4 айға ұзартып, мүмкiндiк жасап отырмыз. Ақпан айында Елбасының тапсырсымен үкiмет тарапынан студенттерге республика бойынша 11,5 мың грант бөлiндi. “Самұрық-қазына” арқылы несие бөлiнгелi отыр. Елбасының бұл қамқорлығы жастарымызға айтарлықтай көмек, қолдау болып отырғаны қуантады”, — деген болатын.

Сол сөздiң бүгiн шындыққа айналғанын, әр азаматтың құқығы қорғалып, рухани қамқорлықтр көрсетiлiп жатқанын сезiп те, көрiп те жүрмiз. Әрине, осындай iзгi шаралар, бiздiң келешекке деген үмiтiмiздi оятумен қатар, Отанға деген сүйiспеншiлiгiмiздi арттырып отыр. Болашақ журналист ретiнде мұндай жақсылықтар тек қана бiлiм алу үшiн ғана емес, әрқайсымыздың құқығымызды қорғау, жағдайымызды төмендетпеу мақсатында жасалып отыр деп бiлемiн. Елдiң бәсекеге қабiлеттi болуы, ең алдымен, келешекте мемлекет тұтқасын ұстар, ел iргесiн нықтар бүгiнгi жастардың бәскеге қабiлеттiлiгiмен де өлшенетiнiн айтуымыз қажет. Бұл ретте мемлекет ел жастарына көп үмiт артып отыр. Сол себептi де, мемлекеттiң жастарға артқан сенiмiн ақтай бiлуiмiз қажет. Осындай игiлiктi iстiң күнi ертең қайтарымын көрсетiп, ұрпақ сабақтастығын сақтап, өзiмiзден кейiнгiлерге үлгi болуымыз қажет деп ойлаймын.

Мұхамеджанова Айнаш, ҚазҰПУ-дың студентi