ДЬЯЧЕНКО ҚАЗАҚША ЖҮРГIЗДI, ӘБДIХАЛЫҚОВА ОРЫСША БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
ДЬЯЧЕНКО ҚАЗАҚША ЖҮРГIЗДI, ӘБДIХАЛЫҚОВА ОРЫСША БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
Өткен аптада Алматыда Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсi жанындағы Қоғамдық Палатаның көшпелi отырысы өткен едi. Отырысқа министр де, депутаттар да, партия төрағалары, қалалық әкiмшiлiк қызметкерлерi мен үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi де қатысты.
Жиында негiзiнен екi мәселе қаралуы тиiс едi. Бiрiншi мәселе бойынша, яғни халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесi қалай жүргiзiлiп жатқандығы туралы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықованың баяндамасы арқылы анықталды. Айтпақшы, әуелде жиын мемлекеттiк тiлде басталған. Мәжiлiс төрағасы Сергей Дьяченконың бiрауыз ресми тiлде сөз қоспай жиынды жүргiзуi сүйсiнтiп-ақ тастап едi. Iле-шала баяндама жасау үшiн сөз тiзгiнiн қолына алған Гүлшара Әбдiхалықова ханым “бiссiмiлләсiн” қазақша бастағанымен, ары қарай ресми тiлде сырғыта жөнелдi.
Дағдарыстың салдары көптеген компаниялардың тоқтауына септiгiн тигiзгенi белгiлi. Компаниялар жұмысын тоқтатса, жұмыссыздардың саны да артатыны тағы да белгiлi. Министрдiң айтуына қарағанда, елiмiздегi жұмыссыздардың саны 589,6 мың адамды құрайды екен. Бұл өткен жылғы көрсеткiшке қарағанда, 6,6 пайыздан 7 пайызға жоғарылапты. Бұл дегенiңiз, биылғы жылдың алғашқы ширегiнiң өзiнде отыз мың адам жұмыссыз отыр деген сөз. Әрине, бұл аз сан емес. Бiрақ, министрден соң сөз алған Бiлiм және ғылым министрлiгi Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден бұған өзiнiң күмәнмен қарайтынын айтады.
— Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң атқарып жатқан шаралары әрине, жұмыссыздықты болдырмауға бағытталған. Десек те, оның реформаторлық жағынан қате тұстарын айта кетуiмiз керек. Бiрiншiден, жұмыссыздықты жою үшiн жеке кәсiпкерлерге берiлетiн несиенiң өтемақы пайызын төмендету қажет. Рас, ол бүгiннiң өзiнде 16 пайыздан 14 пайызға шегерiлдi. Қазiр кәсiпкерлердiң жұмыс жүргiзуi қиындап, олардың көбi жабылып қалып жатыр. Екiншiден, жұмыссыздарды тiркеу iсiн жөнге келтiру керек. Жастар екi қолға бiр жұмыс таппаса да, еңбек биржасына барып тiркелмейдi. Ауылдан жұмыс iздеп қалаға ағылған жұмыссыздардың көбi не санда, не санатта жоқ. Солардың бәрiн құрағанда, министр айтқандай, жұмыссыздық деңгейi жетi пайыз деген сөз күлкi келтiредi, – дейдi.
Сонымен қатар, Оразалы Сәбден жалақы мәселесiнiң де шешiмiн табу қажеттiгiн сөз еттi. Бүгiнгi күнi ең төменгi айлықты ауыл шаруашылығы қызметкерлерi, дәрiгерлер және бiлiм саласында жұмыс iстейтiн мұғалiмдер алады екен. Ал, ондай айлықпен бүгiнгi қоғамда өмiр сүру мүмкiн ме? Қараңыз, кiшi ғылыми қызметкердiң жалақысы – 22 мың, ғылым кандидаттарының айлығы – 36 мың теңгенi құрайды екен. Сонда бұл айлық ғалымның қай жыртығын жамамақ?
Жұмыссыздық жыл өткен сайын көбейiп барады. Компаниялар мен зауыттарда қысқартуға ұшыраған адамдар ендi қайда барады? Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi осыны ойлағаны жөн шығар. Министр келтiрген деректердiң өзi аз емес. Бұл тығырықтан шығудың бiр-ақ жолы бар. Ол үшiн әлеуметтiк нысандарды көбiрек ашу керек. Сонда ғана жұмыссыздарға “екi қолға бiр күрек” табылар едi.
Бұдан кейiн “Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы” заң жобасының қоғамдық, әлеуметтiк қырлары қаралды. Онымен Сауда және индустрия вице-министрi Едiл Мамытбеков таныстырды. Вице-министрдiң айтуына қарағанда, тұтынушылар құқығын қорғайтын заңға әлi күнге өзгертулер енгiзiлмептi. Сондықтан, тұтынушылардың құқығын қорғайтын ел заңнамасының қажеттiлiгi туындап отыр. Ол үшiн жаңа заң жобасын қарап, оны тұтынушылардың құқығына орай бекiту депутаттардың мiндетi екенi рас.
Жұмыссыздық мәселесi де, тұтынушылар құқығы да сөз болды. Бiрақ, тағы да ресми тiлде. Премьер-министр отырысты мемлекеттiк тiлде жүргiзуге көштi, жиынды Мәжiлiс төрағасы Дьяченко қазақша жүргiздi. Бiрақ… Баяндаманың орыс тiлiнде өрбiгенiне қарнымыз ашты.
Гүлзина Бектасова