БӨРIБАЙ ЖЕКСЕМБИН БЕЙҚАМ ОТЫР
БӨРIБАЙ ЖЕКСЕМБИН БЕЙҚАМ ОТЫР
Халықтың қамын ойлап жатырмыз деп мiнберлерден әдемi әңгiме айтатын Жамбыл облысы шенеунiктерiнiң тiрлiктерiнде шикiлiк көп. “Отырған қыз орнын табады “ демекшi, жақсы тiрлiктерiмен көзге түскен бұрынғы облыс әкiмi Серiк Үмбетовтен кейiн қолына облыстың тiзгiнiн алған Бөрiбай Жексембин отырған кыздай орнын тапты. Аз уақыт iшiнде Оңтүстiк Қазақстан облысында бiрнеше әкiм тақ ауыстырып үлгердi. Жексембин жылы орнында тапжылмай отыр. Болашақта бұл әкiмге қандай қызмет бұйыратынын уақыт еншiсiне қалдырып, Жамбыл облысында орын алған шикi тiрлiктердiң шет жағасын шығарайық.
Оңтүстiк Қазақстан облысындағыдай бұ жақта да субсидия қаржысын суға ағызып, ауыздарын құрғақ шөппен сүртiп отырған пысықайлар жетедi екен. Жамбылда ақша аспаннан жауады деп ойласа керек, бiраз шенеунiктер мен шаруа қожалықтардың төрағалары қу құлқындары жыбырлап, көздерi алақ-жұлақ болып, заңды да, жазаны да ұмытып, “Құдай бердi” деп мемлекет қаржысына қол салған. Судың да сұрауы бар екенiн ұмытып кеткен. Жамбыл облысында ауыл шаруашылғын дамытуға бөлiнген қаржы екi жыл бойы талан-таражға түсiп, бармақ басты, көз қысты тiрлiктерге ұласқан. 2008 жылы 33 млн. теңгеден аса субсидия қаржысы бiраз шаруаларға заңсыз төленiп, халықтың маңдай термен жиналған бюджет қаржысы желге ұшқан. Ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кеткен дүниенi тек ғана прокуратура қызметкерлерi соңына шырақ алып түсiп, анықтаған. Жамбылдық шенеунiктер “қой да аман, қасқыр да тоқ” деп тып-тыныш жүре берген. Бiздiң жомарт мемлекетiмiз соңғы екi жылда “ауыл тозбасын” деп Жамбыл облысына 2,5 млрд. теңге субсидия бөлген екен. Жамбыл облысындағылар мұны аспаннан түскен ақша деп қарап, есеп пен бақылаусыз орынды – орынсыз жұмсаған. Субсидия қаржысы жалған актiлер негiзiнде, квотамен қарастырылмаған кәсiпорындарға таратылған. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығы негiзiнде “Луговой жылқы зауыты” серiктестiгiне “Ақал-теке” асыл тұқымды 30 бас жылқы сату үшiн 8 млн. теңге субсидия төлеу туралы квота бекiтiлген. Дегенмен бұл серiктестiк небары 3 бас “Ақал-теке” асыл тұқымды жылқысын сатып, бюджеттен 3 млн. теңгенiң субсидиясын заңсыз алған. Жылқы зауытының “алдаркөселерi” прокуратура қызметкерлерiн алдай алмай айыптары ашылып қалған. Бұ жақта да Оңтүстiк Қазақстан облысындағыдай алаяқтық жолмен субсидия қаржысын қу құлқындарына сiңiрiп кетуге әрекет жасаған шаруа қожалықтары да жоқ емес. Құжаттары түгел болмаса да тамыр таныстықтың арқасында субсидия алған шаруалар кездеседi. “Бос жатқан жерге егiн егiп, халықтың қарнын тойғызамыз” деп өтiрiк ақпар берiп, мемлекет қаржысын жемсауына жайғастырмақ болған шаруа қожалықтары табылды. Соның бiрi баспасөз арқылы жалпақ жұртқа жария болған Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов аудандық ведомствоаралық комиссиясы қағазға көз жұмып қол қойып, бiраз тiрлiктi былықтырған. “Шалқар” шаруа қожалығының тiрлiгi туралы осыны айтуға болады. “630 га жерге сафлор ектiм” деп бюджеттен 4 млн. теңгеден астам субсидия қаржысын қымқырған. “Барсақ бақа екен” демекшi, егiстiк жерге барған тексерушiлер сафлор түгiл, жарамсыз жантақты да таппаған. Рысқұлов ауданындағы “Күнту”, “Ербол” шаруа қожалықтары 1000 гектар жерге өнiм өсiрмей 480 мың теңгенi соттың шешiмiмен керi қайтаруға мәжбүр болып отыр. “Жаппарқұлға да жан керек” демекшi, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшылары басқа түскен пәледен сан сылтауды айтып құтылғысы келедi. Бұл кемшiлiктердi жергiлiктi аудандық деңгейдегi мамандардың мойнына арта салғысы бар. Облыстағы субсидия алған 4 мыңдай шаруаның iстеген iстерiн тексеруге мүмкiндiктерi жоқ көрiнедi. Сонда олар азғантай ғана қызметкерi бар прокуратура тексерiп, шара көрiп, қылмыстық жауапкершiлiкке тартқанда ғана қимылдағандары қызық екен. Мүмкiн оларға осылай болғаны тиiмдi шығар. Соңғы екi жылда 33 млн. теңге субсидияның заңсыз төленгенiн анықтаған облыстық прокуратура қаржы полициясына 6 iс жолдап, екi қылмыстық iс қозғады. Сынықтан сылтау iздейтiн облыстық ауыл шаруашылық басқармасының үш бiрдей бөлiм бастығы сыбайлас жемқорлыққа жол берген үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды. Ал, басқарма бастығының тәртiптiк жауапкершiлiгн қарау облыс әкiмi Бөрiбай Жексембинге ұсынылыпты. Басқарма бастығын басынан сипап жiберсе облыс әкiмiнiң өзiне сын.
Жамыл облысында мемлекеттiк органда басшылық қызметте жүрiп, заң бұзушылық жасаған 24 лауазымды тұлға тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған. Айыптары түймедей емес, түйедей. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы М. Әсiлбеков, Жамбылдағы фармацевтикалық бақылау басқармасының бастығы Б. Андақұлов, облыс әкiмияты құрылыс директорының орынбасары Ж.Құралбаев сынды өзiн зор санайтын тұлғалар бар. Тiрлiгiң түссе тындырып беру үшiн алақан жаятын ауыл әкiмдерi де кездеседi. Қордай ауданы, Масаншы селосының әкiмi И. Лау пара алып “күнiм ендi не болар екен” деп темiр тордың ар жағынан сығалап отыр. Облыстың спорт басқармасы саласында да мақсатсыз қаржы жұмсаудан “жарыс” өткен көрiнедi. Бюджеттiң 13 млн. теңгесi осы “жарыста” жемқорлардың жем сауына түсiп кеткен. Сол үшiн бiрсыпыра спорт мектебiнiң директорлары Ж. Нұғыманов, Т. Серкебаев, Т. Қарауылдың тәртiптiк жауапкершiлiктерi қаралған. Жамбылда контрабандылық тауар тасымалдаушылардан 5 мың доллар сұраған кеденшi М. И. Шайсламов ҰҚК-нiң қолына түсiп, екi жылға шартты мерзiмге сотталып кеттi. Жаза жеңiл сияқты. Мұндай қылмыс жасағандар осылай құтылып кете берсе, жемқорлар саны Жамбылда азаймайтын шығар.
Жамбыл облысында бюджет қаржысын “үнемдеудiң” тиiмдi тәслi туралы семинар-кеңес өткiзуге болатын секiлдi. Әншейiнде бiр теңге сұрасаң, мың теңгелiк құжат сұратып, әуре сарсаңға салатын шенеулiктер Жамбылда өздерiне келгенде тым ашық қол, жомарт болып шықты. Облыс әкiмi Жексембиннен бастап. Қазiргi жетi қазынаның бiрi – “темiр тұлпарлар” мiнгенде бюджеттiң көл-көсiр қаржысын оңды-солды шашу орын алған. Бұл жерде облыс әкiмi Б. Жексембиннiң делебесi қозып, “тұлпарларды тақымға басайық” деп Әулиатаның бас көкпаршысына айналып отырғаны бiздi таңдандырады. Өткен Жаңа жыл қарсаңында өздерiне тамаша тарту жасамақ болған жамбылдық шенеунiктер облыстық әкiмшiлiкке бес бiрдей “Лексус” көлiгiн сатып алыпты. Оның бiрi қарапайым адамның қолы жете бермейтiн “Джип “ автокөлiгi. Бұл “темiр тұлпарлардың” қызығын Жексембиннiң “ләппай тақсырлары” көретiнi даусыз. Байдың малын байғұстар қызықтайтын заман туды. Ауылдағы арбамен жүрген ағайындарды аралау үшiн Жексембиннiң командасына осы көлiктер аса қажет пе едi? “Жигулимен” барса да Жексембинге ешкiм күлмес едi. Облыс әкiмдерi халыққа қарапайымдылықты емес, бақталастықты үйретiп жатса одан да үлгi алып жатқандар бар шығар. Бұл көлiктердiң аспанға шарықтаған құнын айтып жiберсек, қарапайым халық естен танып қалуы мүмкiн. Қазiргi қаржы дағдарысында қайғы жұтып отырған халықтың еңсесiн езу бiзге мәртебе емес. Шенеунiктерге мәртебе болса мәртебе шығар. Дегенмен “қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi” демекшi, шiренген шенеулiктер халықтың маңдай термен жиналған бюджет қаржысын үнемдеуге ар-ұяттары жетпесе, ауыр сөз айтуға мәжбүрмiз. Қымбат көлiктер алған қаржы облыстың жыртық жамауын бiтеуге көп септiгi тиер едi. “Ойнақтаған тай от басады” деген. Халықтың қаржысымен ойнаған шенеунiктер бiр пәлеге ұрынып жүрмесе болғаны. Бүгiнде министрлердiң өзi темiр торға тоғытылып жатыр. Жамбылда да халық мүддесiн ойлап, ақиқатты айта алатын азаматтар жоқ емес. Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының бастығы, облыстық тәртiптiк кеңестiң мүшесi Кендебай Шүйкебаев бұл мәселе бойынша баспасөзде ашық ойын айтқан көрiнедi. “Жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас” деген жағдай болды ма екен. К. Шүйкебаев нақты ойын былай айтқан: “…мысалы, 2007 жылы облыстық бiлiм беру департаментiнде құны 4,0 млн. теңге тұратын “Тойота-Камри” авто көлiгi сатып алынған. Бұл қаражатқа кiшiгiрiм бала-бақшаны бiр жыл бойы қаржыландырып тұруға немесе мекемелерге қажеттi бiрнеше автокөлiктi, құрал-жабдықтарды сатып алуға болар едi. Сол сияқты осындай қымбат автокөлiк облыстық мәдениет (4,48 млн. теңге ) пен дене тәрбиесi және спорт (4,35 млн. теңге) басқармаларында да сатып алынған. Оларды сатып алуға кеткен бюджет қаражаттарына облысымыздағы кiтапханалар мен спорт мектептерiнiң жағдайын жақсартуға, маңызы бар игi шаралар өткiзуге немесе қажеттiлiгi кезек күттiрмейтiн кiтаптар мен құрал жабдықтары сатып алуға жұмсап, бюджет қаражаттарын тиiмдi пайдалануын қамтамасыз етуге мүмкiндiк туар едi.
Жалпы дотацияда отырған облыста аудан әкiмдерiнiң шетелдiң қымбат автокөлiктерiн сатып алу қалыпты жағдайға айналған. Кейде ауылдық округтердiң аппаратында да осындай автокөлiк сатып алу фактiлерi кездеседi. Мысалы, Мерке ауданының Рысқұлов ауылдық округiнiң аппаратына 2005 жылдың тамыз айында “Тойота-Камри -2,4 АТ” (2004 жылы шығарылған) автокөлiгi 5,3 млн. теңгеге сатып алынған. Бiрақ бұл автокөлiк Меркi ауданы әкiмiнң 2005 жылдың 26 тамызындағы №247 өкiмiмен Меркi ауданды әкiмдiгi аппаратының балансына алынған. Қордай, Меркi, Мойынқұм аудары әкiмдерiнде екi-екiден “Тойота-Камри” және “Тойота-Ланд Крузер-100” автокөлiктерi бар. Қымбат шетелдiк автокөлiктерiн сатып алу қандай қажеттiлiктен туындағаны және олардың мәслихаттың шешiмiмен қолдау тапқаны түсiнiксiз жағдай”. Халықтың мүддесiн ойлайды деген халық қалаулылары қалайша бюджет қаржысын шiренiп жүрген шенеунiктерге бөле салған. Бiрақ депутат та пенде ғой…
Жамбылда облыс әкiмi Бөрiбай Жексембиннiң стратегиялық маңызы бар жолдарға жете мән бермей отырғаны жасырын емес.
Тараздағы тас жолдардың тас талқаны шығып, қаланың көркiн бұзып жатқаны да облыс әкiмiн ойландырмайтын сияқты. Қарапайым халық экономикалық дағдарыстан еңсесi езiлiп отырғанда, жамбылдық шенеунiктер шетелдерде шiренiп демалады. Мәселен, өткен қыста Швецарияның ең таңдаулы, ең қымбат курортында Бөрiбай Жексембин өз атқамiнерлерiмен жағалары жайлауда болып, көңiл көтерiп қайтқан. Қандай қаржыға кiмнiң есебiнен, Елбасының “қарапайым бол, шенеунiк” деген ескертулерiне пысқырып қарамайтын жамбылдық әкiм-қаралардан ар ұят кеткен бе деп қаласың?
Жамбыл облысында бюджет қаржысына қарны тоқ, қайғысы жоқ шенеунiктер қымбат шетелдiк автокөлiктер мiнiп, жағасы жайлауда жүр. Ал, бұл облыста әлеуметтiк салада проблема шаш етектен. Бiлiм, медицина, спорт саласында атқарылар тiрлiктер өте көп. Тараз қаласының өзiнде бала-бақша жетiспейдi екен. 7 мыңдай бүлдiршiн осы мекемеге баруға кезекте тұр. Кейбiр елдi мекендердiң тұрғындары ауызсуға мұқтаж болып отыр. “Жетiстiгiмiз бар” деп мiнбеден желпiне сөйлейтiн Бөрiбай Жексембиннiң “жетiстiктерi” осындай. Дегенмен Жамбылда айтатын мәселе тек бұл ғана емес сияқты. Бұл мәселенi келесi мақаламызда талдап, зерттеп жазатын боламыз…
Балтабек ТYЙЕТАЕВ