Жаңалықтар

ТYЙЕНI ТYГIМЕН...

ашық дереккөзі

ТYЙЕНI ТYГIМЕН...

Сыбайлас жемқорлықпен күрестiң күтпеген нәтижелерi

Жемқорлықпен күрестiң күрт жандануына қазiр Экономикалық және сыбайлас қылмыстармен күрес агенттiгi бұрынғыдан гөрi ерекше назар аударғаны ешкiмге жасырын емес. Өйткенi, бiр мүшелге жақындаған “жемқорлықпен күрес” iсiнiң осы уақытқа дейiн алға басқаны байқалмады. Керiсiнше, соңғы жылдардағы әлеуметтiк зерттеулер сыбайлас жемқорлықтың Қаржы полициясының өз құрылымдарын да iштен шырмап-буып алғанын анықтады.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте Қаржы полициясының аты көбiрек аталса да, заңды белден басқандардың қолына кiсен салуға соңғы кезде ҰҚК мен жергiлiктi прокуратуралар да белсене атсалысып жүр. Тiптi, осы үш мекеме “жемқорларды қайсымыз көбiрек ұстаймыз?” деп жарысқа түскендей…

Осы салада дақпырттың көбейгенi соншалық, Қаржы полициясының өкiлдерi бұл тұтқындаулардың “жоғарыдан берiлген тапсырыс емес” екендiгiн мәлiмдеуге мәжбүр болды. Осы органның ресми өкiлi Мұрат Жұманбай: “Қаржы полициясы осы бағыттағы жұмыстарды үнемi жүргiзiп келдi, оның табиғаты бiр мезеттiк емес. Бұл – бiздiң тiкелей қызметтiк жауапкершiлiгiмiздегi нәрсе және бiрiншi кезектегi мiндетiмiз” – дедi. Оның айтуынша, қазiргi жұмыс бұрынғыға қарағанда “жемiстi, нәтижелi” бола түскен. Ал “жемқорларды аулау” неге тап қазiр жемiстi болып жатқанын түсiндiрген жоқ.

Жоғарыдан берiлген тапсырыстың бар-жоғын айта алмаймыз, ал жоғарыдан берiлген айрықша тапсырманың болғаны әмбеге аян. Соңғы айлардың оқиғалар тiзбегiн көз алдымызға келтiрсек, дабыра, шу болған Қоршаған ортаны қорғау басшылығы тұтқындалудан сәл-ақ бұрын, Қаржы полициясының басшысын Президент жеке қабылдап, мемлекеттiк қызметте отырған жемқорлардың лауазымына қарамай қолдарына кiсен салуды тапсырған едi.

Әлдеқандай қамшы тидi ме, ендi аймақтық қаржы полицияларының қызметкерлерi де “Кiм жақсы жұмыс iстейдi?” деген өзара жарысқа түсiп жатқандай. Жер-жерлерден департамент басшылары, ЖШС директорлары, Комитет төрағалары, аймақтық әкiмдерге қатысты қылмыстық iстердiң ашылғандығы жайлы ақпараттар күн құрғатпай келiп түсiп жатыр. Тiптi, Қаржы полициясының өкiлдерi ашылған қылмыстық iстi жабу үшiн өздерiне пара бергендердi де “бет-жүзiне” (дұрысы – ақшасына) қарамай, темiр торға тоғытып жатыр.

Астаналық шенеунiктердiң басына қара бұлт үйiрiлдi. Қаржы полициясы оларды бiрiнен соң бiрiн тұтқындап, қолдарына кiсен салып жатыр. Тiптi, жергiлiктi СИЗО-ға iстi болған шенеунiктер сыймай қалды деген қауесет те бар. Кейбiр шенеунiктердiң тiлхат берiп, бостандыққа шығып жатқаны да содан болар, бәлкiм…

Астаналық құрылыс департаментiнiң бұрынғы директоры Асқар Нұрмағамбетов пен оның бұрынғы орынбасары Юрий Ярош тұтқындалды. Қаржы полициясының дерегiне жүгiнсек, Нұрмағамбетовке қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылып отыр. Ол мемлекеттiк сатып алу кезiнде мемлекетке 51 млн. теңге, ал Ярош болса, 168,1 млн. теңгеге шығын келтiрген.

Астанадағы Денсаулық сақтау департаментiнiң басшысы Темiрлан Карибековтiң үстiнен екi бiрдей қылмыстық iс қозғалған. Карибеков медициналық құрылғыларды сатып алу кезiнде қызметтiк құзыретiн асыра пайдаланып, мемлекетке 10,2 млн. теңге шығын келтiрдi деп айыпталып отыр.

Құрылыс департамент басшысының соңынан iле-шала астаналық Тұрғын үй департаментiнiң басшысы Ерекболат Қабылдин де ұсталды. Оған 25,6 млн. теңге шамасындағы бюджет қаржысын талан-тараж жасады деген айып тағылды. Осы iске қатысы бар деген күдiкпен “Пәтер бюросы” АҚ басшысы Еркiн Тұқтыбаев, жеке кәсiпкер Жаныбаев та тұтқындалған.

Жалпы, соңғы жылдардағы құрылыс дүмпуi мен тұрғын үй нарығындағы аста-төк ақша талайдың көзiне шел қаптатқан сияқты. “Түйенi түгiмен” жұтқандар құрылыс саласында талай оңай олжаның “үстiнен” түстi. Дегенмен, қазiр тұтылып жатқандардың денi “шелек жалағандар ма?” деген күдiгiмiз де бар…

Оңай пайданың көзiн iздегендер қазақ жерiнiң асты-үстiн түгел түгесiп, ендi теңiз түбiн саудалауға көшiптi. Маңғыстаудағы бiр ауыл әкiмi Каспий теңiзiнiң түбiнен 16 гектар жердi бiр кәсiпкерге 50 млн. теңгеге сатып жiбермек болған. Теңiз табанының мемлекет меншiгi екенiне әлгi әкiм түкiрген-ау, шамасы.

Сорақысы — жергiлiктi прокуратура бұл сауданы заңсыз деп танып, оған тыйым салған соң да әлгi әкiм-саудагер тынши қоймапты. Одан кейiн ол теңiз түбiндегi гектарларды қырық жылға жалға беруге талпынған. Облыстық прокуратура бұл сауданың да жолын кесiп, әкiмдi тәртiптiк жауапкершiлiкке шақырды.

Егер осы сауда ойдағыдай жүзеге асатын болса, “iс бiттi, қу кеттi” деп, әлгi әкiмнiң ол жерден табан жалтырататындығына, ал жекеменшiкке өткен теңiз табанын мемлекетке бiрнеше есе қымбатқа қайта сатып, әлгi компанияның аяқ астынан шаш-етектен пайдаға кенелетiндiгiне күмән жоқ едi. Себебi, осыған ұқсас оқиғалар Тәуелсiз Қазақстан тарихында талай рет болған. Талайы ел аузында аңыздай айтылып жүр.

Қазақтың жерiн жеке мүлкiндей саудаға салып, табан жалтыратқан қудың бiрi — Қапшағай қаласының бұрынғы әкiмi Сергей Зеленский. Ол Қапшағай қаласында ойын-сауық орталықтарын салу үшiн жер телiмдерiн заңсыз үлестiрiп, талай рет пара алды деген күдiк бар. Осы қылмыстары ашылған соң, тiлхат жазып, ешқайда кетпеуге уәде берген Зеленский бостандыққа шыға салысымен, шетел асқан. Қолмен iстегендi мойынмен көтеруден қашқан қылмыскерге облыстық прокуратура халықаралық iздеу жариялады.

Ауылшаруашылық министрлiгiнiң Су ресурстары комитетiнiң төрағасы Анатолий Рябцев те тұтқындалып, тiлхатпен бостандыққа шықты. Бұл комитет басшылары жалпы шамасы 1,4 млрд. теңгедей бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып отыр. Кешегi аптада Анатоий Рябцевке 17 млн. теңгенi талан-таражға салған деген қосымша айып тағылды.

Бұл iстер жақында сотқа жiберiлмек.

Бюджет қаржысын жымқырудан дәнiккендер елдiң Қорғаныс саласын да айналып өтпептi. Республикалық армияны “Найза”, “Семсер”, “Айбат” артиллериялық қару-жарақпен қамтамасыз етпек болған генерал-майор Қажымұрат Майерманов пен кәсiпкер Борис Шенкманды арнайы қызмет органдары тұтқындады. 2006 жылы басталған сауданың жай-жапсарын ҰҚК сол кезде-ақ бiлсе де, қылмыстық iстiң қазiр ғана ашылып отырғаны түсiнiксiз. Есеп комитетiнiң есебiнше, осы келiсiм шарттың кесiрiнен мемлекеттiк бюджетке 62100000 АҚШ доллары шамасында зиян келтiрiлген.

Аймақтардан келiп түскен хабарларға бiр көз жүгiрткеннiң өзiнде, мемлекет қазынасына қол сұғып дәнiккендер мен құныққандардың миллиондаған-миллиардтаған қаржыны жұтқыншақтарынан қақалмай өткiзе алатындықтары, бюджет қаражатындағы ақшаны талан-таражға салудың түрлi айла-шарғысын ойлап табуда әбден әккi болып алғандары байқалады.

Солтүстiк Қазақстан облысында Балалардың құқығын қорғау департаментi директоры пара беру үстiнде қолға түскен. Сорақысы — шенеунiк параны анау-мынауға емес, осы Облыстық қаржы полициясының Жемқорлықты анықтау және алдын алу басқармасының қызметкерiне бермек болған. Пара берушi А. есiмдi азамат 150 000 теңгемен өзiнiң бұрынғы қылмыстарын “жауырды жаба тоқығысы” келсе керек.

Ал Алматы қаласындағы бiр колледждiң директоры осы бiлiм ордасына тиесiлi стадионды көп қабатты үй салу үшiн құрылыс компаниясына сатып жiберген. “Восток-Росс-Комплект” ЖШС колледж спорт алаңқайының 44 сотық жердi 5678700 теңгеге сатып алған. Басқаша айтқанда, жер участогы өзiнiң нарықтық бағасынан 32 (!) есе арзанға бағаланған. Мәселе онда емес. Сорақысы — Үкiмет тарапынан жасөспiрiмдердi салауатты өмiр салтына баулу мақсатында бөлiнген 3,5 га. жер бiлiм ордасына тиесiлi, оны сатуға да, сатып алуға да болмайтындығында. Бiрақ “ашыққаннан құныққан жаман” демекшi, оңай пайданың көзiн iздегендер жас ұрпақтың аузынан жырып алуға да шiмiрiкпейтiн секiлдi.

Онсыз да түсiнiктi болар, осы қылмыстың басы-қасында болған С.Тiлешов те, оның қалалық спорт комитетiндегi сыбайластары да ол қызметтерiнде қазiр жоқ…

Ал Таразда Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Тазабеков өзiнiң туысқанының үстiнен ашылған қылмыстық iстi жабу үшiн Қаржы полиция қызметкерiне 4 млн. теңгедей пара ұсынған. Ендi Қылмыстық кодекске сәйкес, ол пара бергенi үшiн 10-15 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкiн.

Ал Оңтүстiк Қазақстан облысында болған жағдай көп нәрсенi түсiнуге сеп.

Қазiргi әкiм Асқар Мырзахметов мемлекет қаржысын талан-таражға салған бiр топ әкiмдi қызметтерiнен босатты. Осыдан бiр жарым ай бұрын облыстық прокуратура сорақы қылмыстардың бетiн ашқан: аймақта ауыл шаруашылығын өркендетуге мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген орасан көп қаржы талан-таражға түскен. Прокуратура 11 шенеунiктiң үстiнен бюджет қаражатын талан-таражға салу мен заңсыз субсидия беру iстерiне қатысты 19 қылмыстық iс ашты. Оның iшiнде үш ауыл әкiмiнiң үстiнен бес қылмыстық iс ашылған. Дегенмен, бұл iсте де “орындаушылар” жауапқа тартылып, ал Сарыағаш, Түлкiбас, Ордабасы, Отырар аудандарының, Түркiстан қаласының әкiмiне, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығына ескерту берумен ғана шектелгенi ойлантады.

Экономикалық дағдарыс салдарынан мемлекет ақшасын үнемдеуге көшкен Үкiмет жеңiл-желпi қылмыс жасаған қылмыскерлерге рақымшылық жасап, бостандыққа шығармақшы. Үш жылға дейiн сотталған жүз мыңдаған қылмыскер үйiне қайтады. Олардың iшiнде күнкөрiс үшiн қылмыс жасаған сормаңдайлар да, шын мәнiнде бiр бөлке нан ұрлағаны үшiн сотталып кете барған бейбақтар да бар. Ендi олардың орнын мемлекет қазынасынан миллиондаған-миллардтаған теңгенi ұрлап, сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижесiнде ұсталған қылмыскерлер баса ма? Дiн тұрғысынан қарағанда, ананiкi де, мынанiкi де — ұрлық. Дегенмен де, қарны ашып ұрлық жасаған мен ашкөздiкпен жасаған ұрлықтың, бiреудiң тауығын ұрлаған мен халық қазынасына қол сұққанның айырмасы жер мен көктей. Тек бiрiнен соң бiрi ашылып жатқан қылмыстық iстер аяғына дейiн жетiп, қылмыскерлер сот алдында жауапқа тартылса деңiз.

Гүлбиғаш Омарова