АНТАРКТИДАҒА БАРҒАН ҚАЗАҚ
АНТАРКТИДАҒА БАРҒАН ҚАЗАҚ
Жаһан кезiп жерұйық, құтты мекен iздеген Асанқайғы бабамыздың бүгiнгi мұрагерiндей, құрлықтар аралап құнарлы қоныс барлаған Құсымай Зарқұмарұлы да бiз мақтанар бiрегей ерлерiмiздiң бiрi..
Қытайдағы қандастарымыз арасынан, “Құсымай Зарқұмарұлы Антарктидаға барғалы жатыр екен деген хабарды келген-барғандардан естiп қуанып қалғанымыз да, жақында аттанып кетiптi дегендi естiгенде, өңiмiз түгiл түсiмiзде көрсек тоңып оянатындай Антарктидаға жол алған қайсар азаматқа сәт сапар тiлегенiмiз де рас. Жақсылық жерде жата ма? Көп өтпей Құсымай ағамыз аман-есен елiне оралыпты дегенде алаң көңiлiмiз басылып, жемiстi жеңiсiне алыстан тiлекшi болғанымыз да белгiлi. Сондықтан бүгiнгi мақаламызға өзек болып, қолымызға қалам алдырған Құсымай Зарқұмарұлы туралы кеңiнен сөз қозғағымыз келедi. Өйткенi, алаштың мақтанышына айналған азаматтың Антарктидаға сапары әлем қазақтары арасында болған тұңғыш оқиға екенiн жалпақ жалған бiледi. Аға агроном, “Мемлекеттiк 1-мамыр еңбек орденiнiң” иегерi Құсымай Зарқұмарұлының есiмi Қытайдағы қандастарымыз арасында бiлiктi басшы, сындарлы зерттеушi ретiнде жақсы таныс. 1957 жылы Шынжаңның Жемсары ауданында дүниеге келген асыл азамат алғашында ауылда, кейiннен аудандық ғылым-техника комитетiнде қызмет iстейдi. 1980 жылдардың басында қызмет қажетiне сай автономиялы райондық ауыл шаруашылық меңгермесiне ауысып келiп, Шынжаң ұйғыр автономиялы райондық ауыл-шаруашылық министрлiгi ауыл-қыстақ энергия қызмет пунктiнiң, ауыл-қыстақ энергия орта қорғау кеңсесiнiң бастығы, автономиялы райондық тұқым бас пунктiнiң директоры, Хайнандағы өсiмдiк жетiлдiруге басшылық ету пунктiнiң директоры қатарлы қызметтердi қалтқысыз атқарған ағамыздың “Ауыл-қыстақта жаңа энергия пайдалану”, “Энергия және экология”, “Денсаулыққа темекi мен арақтың керi әсерi”, “Шынжаң ауыл-қыстақтарының энергия, экология, аула құрлысы техникасы” (қазақ, ұйғыр, қытай тiлдерiнде) қатарлы 9 кiтабы жарық көрiп, оқырман тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. Мұның iшiнде “Темекi, арақ, және денсаулық” атты кiтабы 10-кезектi дүниежүзiлiк “темекi және денсаулық” зор жиналысының “төраға сыйлығын” алды. Құсекеңнiң бұл жетiстiкке қол жеткiзген жалғыз қазақ екенi де көңiл қуантады. Сонымен бiрге 80-нен астам ғылыми-техникалық зерттеу мақалалары газет-журналдарда жарияланған. 1992 жылы Қырғызыстан Республикасында “Шалшық газ құрылысы және өзара қарым-қатынас” атты ғылыми баяндама жасап, еңбегi Қырғызстан мемлекеттiк қоғамдық ғылым академиясының Ленин орденiне ие болған. “Шалшық газ техникасы және Шынжаңның жасыл алқап экологиясы” атты (қытайша, ағылшынша) диссертациясы “2000 жылғы халықаралық газ техникасы және үрдiс даму” ғылыми талқылауында таңдаулы диссертациялар жинағына енгiзiлгенiн де мақтанышпен айтуға болады. Осындай еңбектерiнiң нәтижесiнде Құсымай Зарқұмарұлы халықарада, мемлекет, автономиялы район жағынан сан рет марапатталып, 2001 жылы “Мемлекеттiк 1- мамыр еңбек орденiн” еншiледi, әрi бұл сыйлықтың Қытайдағы бауырластар арасындағы жалғыз иегерi. Ағамыздың атқарған қызметтерiмен жазған еңбектерiн саралап отырғанымызда бiздiң елiмiз үшiн де таптырмас маман екенiн айта кетудiң еш артығы жоқ болса керек. Мұз құрлыққа сапарынан бұрын қызмет бабымен, ғылыми тексеру жұмыстармен, саяхаттау, туысшылау жолдарымен әлемнiң алты құрлығында, яғни 50-ден астам мемлекетiнде болып, барған елдерiнiң экологиялық мәселелерiне баса назар аударып, бай мазмұндағы материалдар топтастырып, ел кәдесiне жаратқан едi. Жер шарының 7- құрлығы Антарктиданы көзiмен көрiп, тексеру жүргiзу көп жылдарғы арманы болған ағамыз, ердiң жасы елуден асқан шағында ат басын тiредi. Осы бiр сәттiң орайын күткен Құсекең тәуекел қайығына мiнiп, өз қаражатымен 2008 жылы 3- қарашада Үрiмжiден аттанады. Антарктида жер шарындағы бiрден-бiр адамзат сирек мекендеген құрлық… жалпы жер аумағы 13 миллион 900 мың шаршы метр, теңiз деңгейiнен орташа биiктiгi 2350 метр (ең биiк орны 5140 метр), дүниедегi бесiншi үлкен құрлық, әрi теңiз деңгейiнен ең биiк құрлық болып саналады. Тұтас құрлықтың 98%-ы жыл бойы алып мұз қабатымен қымталып жатады да, мұз қабатының орташа қалыңдығы 2000 метрге, ең қалың мұз қабаты 4750 метрге жетедi. Бiр жыл жаз, қыс екi маусымға бөлiнедi де, сәуiрден қазанға дейiн қыс, қарашадан келесi жылдың наурыз айына дейiн жаз саналады. Жазда теңiз жағалауының температурасы 0 градус айналасында, iшкi құрлықтық өңiрлерiнiң температурасы –35, -15 селтси градус айналасында, қыста теңiз жағалауының орташа темпратурасы – 30, -15 градус айналасында, iшкi құрлықтық өңiрлерiнiң температурасы – 90, -91 градус айналасында болады. Ондағы боранның сағаттық жылдамдығы 85 километрге, iшiнара жерлерiнде 300 километрге дейiн жетедi, кейде күштi боран неше күн бойы тынбай соғады…. айта берсең аңыздай ғажайыптарға толы Антарктиданың осындай дүлей табиғатына байланысты онда сапарлаушыларға айырықша қатаң әрi ауыр талап қойылады. Айталық, денсаулығы мықты, iшiмдiк-шегiмдiктен аулақ, орта қорғау танымы күштi, сондай-ақ экологиялық қуаты мығым болуы, т.б. толып жатқан өлшемдер шарт етiледi. Демек, Антарктидаға аяқ басу да кез келген кiсiнiң қолынан келе бермейтiнi анық. Ал, жастайынан салауатты өмiр салтын қалыптастырып, өзiн осы жолға арнаған Құсымай аға бұл талаптардың барлығына сайма-сай келiп, осынау өзгеше сапарға жолдама алады. Қиыншылықпен қызыққа толы Антарктида сапары туралы айтып беруiн сұрағанымызда Құсымай аға ондағы талай ғажайыптармен таң қалдырды. 3- қарашада Бейжиңге жеткен Құсекең 7- қараша күнi Бейжiңнен ұшаққа отырып, Аргентинаның Антарктидаға ең жақын қаласы Ұсюаяға барады. Одан өзiмен сапарлас болатын 19 мемлекет пен районнан келген 60-тан астам ғалым, экспедицияшы, тiлшiлермен бiрге параходқа отырып, 19- қараша күнi түстен кейiн Антарктида құрлығына жетедi. Жол азабын еске алған жаһангез ағамыз былай дейдi: “Антарктидаға барып-келу үшiн 52 мың километр жол жүрiп, ұшақпен 80 сағаттан астам ұшыппыз. Соның өзiнен-ақ қаншалық шалғайдағы мекен екенiн шамалай беруге де болады. Бiз Ұсюаядан параходқа отырып Тынық мұхитта 12 күн жүзiп, ұлы құрлыққа барлау жүргiздiк, теңiзде құрлықтағының неше есесiндей күштi дауыл тұрады екен, кеме шайқалғанда өзiңдi төсекке таңып тастаудан басқа шара жоқ, кейбiреулердiң шайқалысқа шыдамай лақылдатып құсып, мазасы әбден кеттi, әйтеуiр құдай берген денсаулықтың арқасында ондай күйге кiрiптар болмадым… Олар Антарктидаға жеткен соң, параходтан қол қайықтарға отырып жағаға шығады. — Дәл сол кезде қар жауып тұрды, — дейдi Құсекең қатты толқып. — Құдды бiздi қарсы алып аппақ гүлдердi шашып жатқан секiлдi. Теңiз бетiнде алып мұз таулар қалқиды, мұз үстiнде жыпырлаған сүйкiмдi балпанақ, бағзор жатқан түлендер, аспанда алуан түрлi құстар самғайды. Мұз құрсанған құрлықтан алақандай қырғақ табудың өзi қиын, неше жүз метiрлiк мұз таулар төбеңнен төнiп тұр. Қырғаққа 4 сағаттан артық тұрғызбайды екен. Ол жердегi бiзге қызмет көрсететiн мамандар Антарктиданың аңызға бергiсiз ғажайыптары туралы баяндама жасап, бiздi кеңiнен таныстырды. Көптеген құнды деректер көрсеттi. Ол жердегi ауаның тазалығы сондай, тынысың кеңiп, сарайың ашылады. Ондағы құстар мен хайуанаттардың ешқайсысы да адамзаттан именбейдi, маңайыңда емiн-еркiн жүредi екен, ешкiм де ешкiмдi мазаламайды. Маған нағыз жарасымдылық сол арада секiлдi сезiлдi. Қатты әсерленгендiгiмнен болар, осынау ғажайып сырлы әлемнiң бар болмысын аппарат көзiне түсiрiп алуға тырысып, саусақтарымның мұздап, икемге келмей қалғанын да аңғармаппын”. Құсымай Зарқұмарұлының айтуынша Антарктидада құстардың 10 мыңға жуық түрi бар екен. Соның 300 түрлiсiн көзiмен көргенiн, кейбiр құстардың қанатының ұзындығы — 3.5 метрге жететiнiн; ал балпанақтың өзi 7 түрлi болатынын, оның ең биiгi 1.3 метр, салмағы — 38 килограм болатынын; ең үлкен түлендердiң бойы — 3-3.3 метр, салмағы — 3 тонна 800 килограм болатынын; Антарктидада қазiрге дейiн байқалған ең үлкен киттiң ұзындығы — 33.6 метр, салмағы — 190 тонна екендiгiн, 100 жылдан астам өмiр сүретiнiн айтып, оларды түсiрген суреттерiн көрсеттi. “Осы сапарда ерекше есiңiзде қалған оқиғалар туралы айтып берсеңiз?“ — деп сұрағанымызда, Құсымай аға: “Ол жерде адамдардың хайуанаттармен арақашықтық сақтауына айқын белгiлеме бар екен, яғни, балпанақтармен 3 метр, түлендермен 5 метр қашықтықты сақтау керек. Антарктидада тырнақтай нәрсеңiздi қалдыруға немесе сол жердiң бiр түйiр тасын алып кетуiңiзге мүлде болмайды екен. Жүретiн жолыңызға да, параходтан қырғаққа шығуыңызға да қатаң белгiлеме бар. Егер белгiлемелерге қайшы келсеңiз, жеңiл болғанда, 20-10 мың еуро айып төлейсiз, ауыр болғанда 6 жылға сотталады екенсiз, — дей келiп тағы бiр есiнде қалған елеулi жайды баян еттi, – Бiр жолы қырғаққа шыққанда өзiм арнайы ала барған ұлтымыздың оюлы оқалы тонын киiп, қолыма мемлекет туын алып, иығыма “1-мамыр еңбек ерi” деген жазу басылған лентаны iлiп, осы сапарда менi экономика жақтан қолдаған “Шинжаң Мәйек импорт-экспорт сауда шектi серiктестiгiнiң” байрағын жайып ұстап суретке түстiм. Менiң бұл бейнемдi көрген өзге 19 елден келген жаһангездер жан-жақтан аппаратқа алып, менiмен бiрге кезек-кезек суретке түсiп естелiк қалдырды, әрi зерленiп жасалған әсем киiмге ерекше таң қалды. Осылайша қазақ шапаны Антарктидада абыройымды бiр асырды”, — дейдi ағамыз ағынан жарылып. Осы орайда ағамыздың Антарктидаға баруына айырықша көмек етiп, қол үшiн берген ұлтымыздан шыққан кәсiпкер, “Шинжаң Мәйек импорт-экспорт сауда шектi серiктестiгiнiң” директоры Жаңыл Дәулетқан қажы қызының да азаматтығын айырықша атап өтуге болады. Барлығымыз бажайлап байқап отырғанымыздай бүкiл қазақ ұлты емес, адамзат баласының аяғы ендi жете бастаған ұлы құрлықты аралап, аман-есен оралған Құсымай Зарқұмарұлы – түлендермен сырласып, балпанақтармен суретке түскен, жер шарындағы байлығы ашылмаған тұмса құрлыққа ат iзiн салған тұңғыш қазақ. Сонымен бiрге ол Азия кiндiгiнен барған тұңғыш адам, ұлы құрлықтан өз қаражатымен барған тұңғыш адам, Қытайдағы аз ұлттардан барған тұңғыш адам. Алыстағы ағайынның абыройы болған Құсекеңнiң, алаштың атағын әлемге жайған ерлiгi, ұлтымыз үшiн үлкен мерей, айта жүрер мақтаныш емес пе?! Құрметтi зейнетке шыққан Құсымай ағамыз қазiргi таңда Қытайдағы экология-экономика, шалшық газ ғылыми қоғамының бастығы, Шынжаң табиғи қорық бағалау комитетi төрағасының орынбасары, денсаулық сақтау қоғамының тұрақты алқа мүшесi ретiнде де шетте жүрген қандастарымыздың тiлi мен дiнiн, дiлiн сақтауға, әдет-ғұрпын ұмытпауына өзiндiк үлесiн қосып келедi. Антарактика сапарынан көрген-түйгендерiнен ой қортып, ғылыми ұсыныс жазу үстiнде жүрген Құсымай ағамыз ұл мен қызын өсiрiп, немере сүйiп отыр. Алла қаласа алдағы жылдар солтүстiк үйекке барып келудi де жоспарлап отырған ағамыздың ол асуды да бағындыратынына сенiмiмiз кәмiл. Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ