Жаңалықтар

МӘСIМОВ БАНКТЕРГЕ ШҮЙЛIКТI

ашық дереккөзі

МӘСIМОВ БАНКТЕРГЕ ШҮЙЛIКТI

Үкiмет дағдарыстың алдын ала отырып, одан шығудың да тетiктерiн жан-жақты қарастырып келедi. Мұнымен қоса үкiмет мүшелерi соңғы кезде дағдарыстан кейiнгi елiмiздiң қандай жағдайда болатындығына да алаңдаушылық бiлдiруде.

Үкiмет бұл үшiн экономиканы әртараптандыруға мүмкiндiк беретiн жобалардың пайыздық ставкасына субсидия жасауды көздеп отыр. Яғни, бәсекеге қабiлеттi өнiм шығарған жобаларды жүзеге асырған кәсiпкерлер, екiншi деңгейлi банктерден несие алса, пайызын мемлекет төлеуге дайын. Ал, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға асықпай отырған банктер жазасын алатын болды.

Алдын ала болжауларға сенсек, әлем елдерi дағдарыстан 2010 жылдың соңына қарай шығады. Әлбетте, дағдарыстың салдарынан күрт құлдыраған экономиканың қайта өрлеуi заңды құбылыс. Ел үкiметi ертеңгi күнi бұл жағдайға да сақадай сай болу үшiн экономиканы әртараптандыруға, ырықтандыруға мүмкiндiк беретiн бәсекеге қабiлеттi кәсiпорындарды iске қосу қажет. Үкiмет осы орайда инвесторларды ынталандыру үшiн алған несиесiнiң пайызын төлеудi тiлге тиек етiп, осы жайтты өзiнiң екi орынбасарына жүктедi. “Әлемде қолданылып жүрген тәсiлдердiң бiрi – пайыздық ставканы субсидиялау. Салалар бойынша қандай да бiр жобалардың пайыздық ставкасы нөлге жақын болса, онда ол жобалардың экономикасы да мүлдем басқаша сипат алмақ. Мен сiздерге әлемдiк тәжiрибенi зерделеудi, бұл жұмысты қалай iстеу қажеттiгiн зерттеудi тапсырамын. Менiң ойымша, бiзге осы бағытта қарқынды жылжитын кезең туды” — дедi Премьер-министр.

Жоғарыда айтқандай, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыруға ынтасыз болып отырған екiншi деңгейлi банктер тағы да Үкiметтiң кәрiне ұшырады. Осыдан бiраз уақыт бұрын сын қырына iлiккен қаржы институттары қайта қаржыландыру қарқынын екi есеге өсiрген-дi. Дәлiрегiнде, бiр аптада 10 млрд. 347 млн. теңгенi игерген. Алайда, сылбырлыққа салынған банктердiң бұл баяу жұмысы Үкiметтiң көңiлiнен шықпады. Банктер ел қазынасынан бөлiнген қаржы көзiн мейлiнше дұрыс ұқсата алмайтын болса, қаржыдан түбегейлi қағылуы мүмкiн. Елiмiздегi көшбасшы банктердiң бұл бағытта атқарып отырған iстерiн саралаған Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев: “Халық банкiне” 24 млрд. теңге салынды, қазiр онда 5 млрд. 700 млн. теңгенiң өтiнiштерi жатыр. Қарыз алушылардың саны — 1700. Банк небәрi 48 өтiнiштi қарап, 135 млн. теңге бөлген. Мен мұны iске қырын қарау деп есептеймiн. Ал “Альянс банкке” 14 млрд. теңге бөлiнсе, 1 млрд. 800 млн. теңгенiң өтiнiштерi келiп түскен. Бар-жоғы 629 млн. теңгенiң 164 өтiнiшi қаралған. “Темiрбанкi” де “Каспий банкi” де сылбыр. Ашығын айтқанда, бұл жұмыстың қатаңдау болғаны жөн. “Нұр банк” сұрап отыр екен, ақшаны алып, соларға беру керек” дегендi мәлiм еттi.

Үкiмет шағын және орта кәсiпкерлiкке несие бөлу кезiнде қаржыны игере алмаған бiрқатар банктердi жазалағаны сияқты, ипотекалық несиелердi қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша жұмыс iстеуге құлықсыз банктерге де қатаң ескерту беру керектiгiн қадап айтты.

Үкiметтiң үш айды қорытындылаған отырысында жұмыссыздықпен күресу жайы да сөз болды. Бұл жөнiнде есеп берген Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова өткен жылдың 4 тоқсанынан берi еңбек нарығындағы ахуалдың ушығып тұрғанын жеткiздi. Бүгiнге дейiн елiмiз бойынша жұмыссыздар қатары 600 мыңға жетiп отыр. Өкiнiштiсi сол, министрлiктiң есебiнше, бұл көрсеткiш әлi 6 пайызға өсуi мүмкiн. Сондықтан қазiр министрлiк жергiлiктi атқарушы органдардың дағдарысқа қарсы бағдарламалары негiзiнде жұмыспен қамту картасын әзiрлеп отыр. Оған сәйкес, өңiрлерде нысандарды қайта жөндеу, жаңа мамандыққа оқыту секiлдi шаралар өткiзiледi. Ол үшiн бюджеттен 190 млрд. теңге бөлiнiптi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ