ОЙЫ ОРДАЛЫ, СӨЗI ҚОРДАЛЫ ҚАЛАМГЕР
ОЙЫ ОРДАЛЫ, СӨЗI ҚОРДАЛЫ ҚАЛАМГЕР
Итен аға жазуды мектеп қабырғасында жүргенде бастапты. Алғашқы жазғандарының өзiнде-ақ көкейкестi мәселелердi қозғайды. Өзi туып-өскен Сырдария ауданына қарасты № 3 ауылдың өмiрiн, тiршiлiгiн, кейбiр кемшiн тұстарын балғын ойына арқау етiптi.
Аудандық және облыстық “Ленин жолы” газетiнде күнде болмағанмен, күнара мақаласы шығып тұрыпты. Сыр сүлейлерiнiң мекенiнде дүниеге келген Итен өлең де жазған. Көбiнесе оның тақырыбы туған жерi туралы болады. Терме-толғауға да бейiмi бар екен. Ертерек мектеп бiтiрiп, бiрыңғай жазумен шұғылдануды, елге қызмет етудi армандайды. 1958 жылы орта мектептi бiтiргесiн бұл мақсатына да жеттi. Облыстық “Ленин жолы” (қазiргi “Сыр бойы”) газетiне жұмысқа орналасады. Итеннiң сол кезгi қуанышында шек болмағаны айтпаса да белгiлi, әрине. Ол хат бөлiмiнде хат тiркеушi болды. Неткен керемет! Елден келген хаттар: өлең-жырлар, очерк-толғаулар, еңбек майталмандары жайында жазылған ауыл тiлшiлерiнiң мақалалары, бәрi-бәрi оның қолынан өтедi. Бүкiл Сыр өңiрiнiң жаңалығы көз алдында. Ол кезде облыста бiр ғана газет болғандықтан келетiн хаттар да көп екен. Жұмысы ауыр болса да қиындығына төзiп, атқара бiлдi. Ара-арасында өзi де мақала жазып тұрады. Еңбекқорлығын, жазуға қабiлетiн байқаған газет редакторы әдеби қызметкерлiкке жоғарылатқан. Мiне, Итен Әбсаттарұлының қаламы ұшталып, талабы өрлеп, өндiрiп жазған кезi осы мезгiл. Өзiнiң алдындағы ағаларымен жарыса жазатын тұсы да сол шақ. Газет ұжымы Итеннiң қаламының ұшталып, балауса да балғын ойының шыңдалуына ықпал етiптi. Көп ұзамай Итен әскер қатарына алынады. Қазақстаннан жырақта, ит тұмсығы батпайтын Сiбiр орманының iшiнен бiр-ақ шыққан. Мұнда да дамыл таппайды. Қаламын қолынан тастамай, Әскери округтiң газетiне үзбей мақала жазып тұрады. Қабiлетiн, iзденгiштiгiн аңғарған бөлiмше басшылығы Итендi өзi қызмет ететiн Орал әскери округiнiң әскери тiлшiлер даярлайтын курсына жiбередi. Оны бiтiрiп келген соң округтiк “Красный боец” газетiнiң тұрақты жаңалық жазып тұратын штаттан тыс тiлшiсi болады. Ауылдан шыққан қара сирақ қазақ баласы үшiн бұл үлкен жетiстiк әрi құрмет едi. – Ресейдiң iрi әскери басылымдарының бiрi “Красный боец” газетiнде материалдарым жиi жарияланып тұрды. Жауынгерлердiң бос уақыттарының тиiмдi өткiзiлуi, тұрмыстық қызметтiң дер кезiнде көрсетiлуi мәселелерiн көп көтердiм. Шалғайдағы орман iшiндегi әскери бөлiмге округ пен басқарма басшылары жиi келе бермейтiн. Сондықтан да кейде монша жанбай қалу немесе iшкиiм ауыспай қалу сияқты оқиғалар болып жататын. Менiң мақалаларым сондай келеңсiз жайттердiң келмеске кетуiне себепкер болды. Командирлер санасып отыратын. Тiптi қаймығатын да. Бiрге жүрген қаракөз жiгiттер менi арқаланып, еркiнсiп жүретiн. Шама-шарқымыз жеткенше қазақ деген ұлт барын, өнерге жақын болатынын көрсетуге тырысып бақтық. Бiр-бiрiмiзбен ана тiлiмiзде сөйлесiп жүрдiк. Мерекелерде жерлестер жиналып концерт қоятынбыз. Бiздiң әндерiмiз орыстарға ұнайтын, – деп Итен ағамыз осыдан жарты ғасыр бұрын өткен жауынгерлiк кездерiн есiне алды. 1963 жылы әскер қатарынан оралған соң “Ленин жолы” газетiнде 1971 жылға дейiн әдеби қызметкер, 1971-1973 жылдары Торғай облыстық “Торғай таңы” газетiнде жауапты хатшының орынбасары, 1973-1980 жылдары Жезқазған облыстық “Жезқазған туы” газетiнiң бөлiм меңгерушiсi әрi газеттiң алқа мүшесi қызметтерiн атқарады. – Туған жерге қайта оралудың сәтi 1980 жылы түстi. Газетте орын болмағандықтан Қызылорда қалалық атқару комитетiнiң жалпы бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiн атқардым. Бiрақ қолымнан қаламым түспедi. 1985 жылы өз газетiме келдiм. Алғашқы кезде тiлшi, сосын бөлiм меңгерушiсi болдым. Негiзгi жұмысыма қосымша облыстық прокуратураның бас маманы қызметiн де атқардым. Сөйтiп облыстық танымдық-құқықтық басылым “Прокуратура тынысы” газетiн шығарып тұрдым. Бұрын да құқық тақырыбына жазып тұратын едiм, дегенмен бұл газет менiң заң тұрғысындағы ой-өрiсiмнiң кеңеюiне жол ашты,- дедi Итен Әбсаттарұлы сөзiн қайта сабақтап. 1996 жылы Итен Қарымсақов Алматыға қоныс аударыпты. Қызмет те табыла кетедi. Қала прокуратурасына баспасөз хатшысы болып орналасады. Бұрынғы тәжiрибесiн пайдалана отырып, “Прокуратура хабаршысы” газетiн ұйымдастырып, өзi редакциялық кеңестiң мүшесi болады. Қазақ және орыс тiлдерiнде жарық көрген бұл газет Алматы қаласы прокуратурасының тұңғыш басылымы. Итен Әбсаттарұлы қаладағы заңдылықтың сақталуын бақылайтын осы құзырлы мекемеде табан аудармай күнi бүгiнге дейiн тер төгiп жүр. Қарбалас шаруаның ортасында жүрiп-ақ газет-журналдармен байланысын үзген емес. Бiр ғана құқық жаңалықтарын жазумен шектелмейдi. Бiрде өндiрiстiң мәселесiн сөз етсе, келесiде құрылыстың қордаланып қалған шаруасын мақаласына арқау етедi. Қазақ баспасөзiне сiңiрген еңбегi нәтижесiнде КСРО Журналистер одағының Құрмет дипломымен марапатталған. 1968 жылдан берi осы беделдi Одақтың мүшесi. Алматы қаласы прокуратурасындағы әрiптестерi 70 жастың желкенiн көтерiп отырған Итен Әбсаттарұлына арнап жыр жазыпты. Әрiптестiң қадiр-қасиетiн де, атқарған еңбегiнiң ауқымын да әрiптестен артық кiм бiледi. Сөзiмдi сол өлең жолдарымен аяқтағым келiп отыр. Бiледi ел қаламыңның кең қарымын, Бiз неге көтермеймiз ел дарынын. Сөздерiң сәуле шашып кеуделерге, Құйып тұр құдiреттi мол жарығын. Жазғаның газетте де, жорналда да, Дариядай асып-тасып толды арнаға. Қазақтың қара сөзi ортаймайды, Ойы ұшқыр ортамызда Сiз барда, аға! Көп жаздың қылмысты да, жазаны да, Жеткiздiң жеткiзудей қазағыңа. Осының бәрi бүгiн жарасып тұр Азаматтық тұлғаң мен таза арыңа. Тұлғаң да, жүрiсiң де, үнiң де ерек, Өзгеге ұқсамайтын тiлiң бөлек. Арқардың салмағы ауыр сақасындай Ағасың өзгелерден құның бөлек. Жүре бер ортамызда жайраң қағып, Жiгiттей қайраттанып, сайран салып. Келгенде сексен, тоқсан, жүз жасқа да, Құрдастар қарай берсiн қайран қалып. Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ