ЖАЛҒАСБАЙ ЖЫРАУ НЕМЕСЕ ҚУДАЛАУҒА КӨП ҰШЫРАҒАН ҚАЙРАН ӨНЕР
ЖАЛҒАСБАЙ ЖЫРАУ НЕМЕСЕ ҚУДАЛАУҒА КӨП ҰШЫРАҒАН ҚАЙРАН ӨНЕР
Сыр сүлейлерiнiң жырын ұрпақтан ұрпаққа жеткiзiп отырған ұлы үрдiстi жалғастырған жыраулардың бiрi – Жалғасбай Тұяқбайұлы. Ол 1908 жылы Қармақшы ауданындағы Ақбел елдi мекенiнде, қазiргi Ақжар ауылында туған. Жасынан бойына сiңiстi болған Сыр мақамымен жыр айтуды 13-14 жасынан бастапты.
Сөйтiп ел арасында Жалғасбай есiмiне “бала жырау” атағы қоса тiркелген. Жалғасбай өзiнiң құрдастары, кейiннен есiмi Сырға кең тараған Убаш Мыңжасарұлы, Рүстембек Жиенбайұлы, Егiзбай Мәкiбаевпен үнемi жыр додасында бiрге болады. Бiрде оза шауып, бiрде баяулаған кездерi де ел аузында. Оның өзiндiк себептерi жетерлiк өмiрiндегi кездескен қиыншылықтармен кедергiлер өнерде өрге жүзуiне жиi тұсау болған-ды. Жалғасбай жыраудың әкесi Тұяқбай Түменбайұлы орташа дәулетi бар кiсi әйтсе де, жұртшылық алдында беделдi болса керек. Елдегi колхоздастыру (ұйыстыру) iсiн құптамаған сияқты. Оның ел алдындағы беделiнен сескенiп, Кеңес өкiметi 1929-1930 жылдары қамауға алады. Үш жыл бойы қараңғы қапаста жүрген Тұяқбай Ақмешiт түрмесiнде дүниеден озады. Осы жылдары ауа көшкен елмен бiрге анасы Мария, қарындасы Ажаркүлмен бiрге Жалғасбай Өзбекстанға қоныс аударады. Бөтен елде, жат жерде талай қиыншылықтарды да бастан өткiзедi. Осы тұста өзiнiң етi тiрiлiгi мен өнерi пайдаға асады да, өлең айтып, жыр-жырлап, домбырасы арқылы маңайдағы елге сыйлы болады. Бiрнеше жылдан кейiн Қармақшыға қайта оралғанда байдың баласы деген сөздер тағы да алдынан шығып, көп уақыт жұмыcсыз жүредi. Кейiнiрек Қармақшыдағы шоферлық курсқа оқуға түсiп, мамандық алған. Соғыстың алғашқы күндерiнде-ақ майданға өзi сұранып аттанған. Жалғасбай Балтық жағалауындағы соғыста әскери көлiктiң жүргiзушiсi болып талай қиындықтарды басынан өткередi. 1944 жылы ұрыс кезiнде жау қолынан тұтқынға түседi. Тұтқыннан жерлесi Мәлiк Таңсықбаевпен бiрге қашып шыққан олар, орман, асау суларды жағалай жүрiп Балтық теңiзi жағалауындағы Пилау қаласында жауынгерлiк сапқа қайта тұрып, қан майданға кiредi. Ол соғысты Берлинде жеңiспен аяқтап, туған елге 1947 жылы ғана оралады. Туған жерге қуана оралса да, оның көп кешiкпей-ақ жау қолында тұтқында болған айыбы алдынан шығып, 1948 жылы тұтқындалған. Ақыры оған “Отанын сатқан опасыз” деген, одан да өзге түрлi айыптар тағылып, он жылға жер аударылады да, Қостанай облысындағы “Жетiқара” алтын кенiшiнде ауыр жұмыстарға салады. Қостанай, Қарағанды жерлерiндегi осындай шахталарда болғандардың барлығы денсаулықтарынан айырылып келгенi баршаға мәлiм. Жалғасбай да мұны бастан кештi. 1955 жылы елге оралып, “Ақжар” кеншарында ауылшаруашылығы жұмыстарының түрлi салаларында еңбек ете жүрiп шаруашылықтың қат-қабат тiрлiгiмен қатар өнердi ұстайды. Жыр үстiне жыр төктi. Ол “Қыз Жiбек”, “Мұңлық-Зарлық”, “Тазша бала”, “Айна мен тарақ” т.б. қисса, дастандарды таңға дейiн үзбей жырлаған. Әсiресе, ХХ ғасырдың 60 жылдарында ерекше бiр шабыттана жырлап, елдiң өнерге, жырға деген сүйiспеншiлiгiн оятты. Оның “Жетiқарада” жүрiп туған жерге, елге деген сағынышы мөлдiреп өлең жолына айналған. Ол өлеңiн “Сағындым ғой Жосалының жусасын” деп атаған: …Туған жер атамекен амансың ба? Құты бар қарт атаның батасында. Оралсам Жосалының жусанына “Балам”, – деп бауырыңа басасың ба? Мекенiм жүрiп жатқан Жетiқара, Жан анам балаңды ойлап алаңдама. Еркек тоқты – құрбандық, – деген сөз бар, Көнермiн, көнбесiме амал бар ма? – деп өз туған жерге сағынышын жеткiзедi. Жалғасбайдың өнерi де толысып, есiмi облыс көлемiне кең танылғаны 1967 жыл едi. Осы жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы “Октябрь” кеңшарында Қазақстан Республикасының 50-жылдық салтанатты тойына “Ақжарлықтар” атынан арнайы қос үй тiгiп, осы күнi тынбай жырлап, бiрiншi орынды иеленген салтанатты тойдан қайтар жолда Жалғасбай жырау әйелiмен көлiк апатынан қаза болады. Небәрi – 56 жыл өмiр сүрген жыраудың кең көсiлiп, өнер биiгiне шығуына ауыр тұрмыс көп бөгет жасады. Бiрде соғыста, ендi бiрiнде айдауда жүрiп, арпалыс өмiрдi бастан кештi. Ол белгiлi ақын-жыраулардың қисса, дастандарын жырлаумен қатар “Тәңiрiм тiлеуiңдi екi етпесiн”, “Майданнан хат”, “Сағындым ғой Жосалының жусанын”, тағы басқа қысқа өлеңдер шығарған. Көрнектi жырау Жалғасбай Тұяқбайұлының (Тұяқбаев) жырларын бiр iзге түсiру мақсатында Сыр елiндегi белгiлi жыраулар Алмас Алматов пен Жұмабек Аққұлов бiраз iзденiстер жасады. Оның өмiрi мен шығармашылығы туралы деректер жергiлiктi басылымдарға, “Аза”, “Зерде” атты кiтаптарға енген. Дегенмен артында мол мұрасы қалған жыраудың есiмiн ардақтап, көптеген игiлiктi шаралар атқарылса, оның жыраулық өнерi айқындала түспек. Жалғасбай Тұяқбайұлының көзiн көрiп, жырын тыңдаған өнердi сүйетiн iнiлерi ұсыныс бергенiне де 2-3 жылдың беделi болыпты. Әзiрге үлкен қозғалыс байқалмайды. Дегенмен, қызы Базаркүл (Бота) Тұяқбайқызы қолынан келгенше әке шығармасын зерттеп-зерделеуде, игiлiктi жұмыстрды атқаруда. Әрине, мұндай игiлiктi iстерге қоғам болып араласқанда ғана нәтиже бермек. Жалғасбай Тұяқбайұлы серi, үйiнен қонақ арылмаған кiсi болған. Сол кездерi республика астанасы Алматыдан Роза Бағланова, Ғарифолла Құрманғалиев “Ақжарға” концерттiк сапармен келiп, жыраумен кең сұхбаттасқан екен. Әсiресе, Ғарекең Жалғасбайдың жыраулық өнерiн сүйсiне тыңдап, кейiннен бiрнеше рет Алматыға шақыртқан көрiнедi. Жырау сонымен қатар ел аузындағы әңгiме-аңыз жырларды көп жинаған. Кезiнде сол мұраларды қазақ тiлi мен әдебиет пәнiнiң мұғалiмi Таян Жүсiповке табыстап, қазiргi әрiпке аудар деп берсе керек. Алайда, бүгiнде бұл қолжазбалардың қайда екенi белгiсiз. Сыр сүлейлерiнiң жыраулық дәстүрiн жалғастырған ақиық жырау Жалғасбай Тұяқбайұлының өнер жолын зерттеу алдағы күндердiң мiндетi болар демекпiз. Тынышбек ДАЙРАБАЙ, зерттеушi