Жаңалықтар

БАЙЫРҒЫ ЖУРНАЛИСТIҢ ӘҢГIМЕСI

ашық дереккөзі

БАЙЫРҒЫ ЖУРНАЛИСТIҢ ӘҢГIМЕСI

Алдыңғы күнi, яғни сейсенбiде редакцияға Сұлтанғали Қаратайұлы келдi. Жас шамасы жетпiстiң үстiне шыққан байырғы журналист. Осында анда-санда бiр соғып, әңгiме-дүкен құрып кететiнi бар. Әдеттегiдей амандық-саулықтан соң:

– Қарттық жеңе бастады ма, көзден қалып барамын. Газет-журналдарды да бұрынғыдай көп оқымайтын болдым, – дедi. Әйтсе де Сұлтекеңнiң жүрiс-тұрысы ширақ, ойы сергек.

– Ана бiр жылдары “Мәдениет және тұрмыс” (қазiргi “Парасат”) журналында тiлшi болып iстедiм. – Ол үзiлген әңгiме желiсiн осылай жалғады. – “Бiр хаттың iзiмен” Семей облысындағы Абайдың ауылы Қарауылға бардым. Жаңылмасам, 1980 жылдың жазы. Бiзге шағым хат жазған – “Қызыл ту” совхозының тұрғыны. Әуелi сол кiсiмен кездесiп, мән-жайға әбден қанығып алдым. Содан соң ауылдық Советке бұрылып, Атқару комитетiнiң есiгiн аштым. Төраға елулер шамасындағы жан екен. Қапталдағы ұзын столдың үстiндегi үлкен ақжаймаға мұқабалары мүжiлген көне кiтаптарды түйiп қойыпты. Жайманың ашық қалған жерiнен бiр кiтаптың төменгi жағындағы “1901 жыл” дегендi көзiм шалып қалды. Әуестiкпен төрағадан жөн сұрадым. Ол: “Осыдан бiр апта бұрын шаруашылықты аралап, тау етегiндегi қойшының үйiне түстенген едiк. Тамақтан соң қол сүртуге жыртылған кiтап парақшаларын үлестiрдi. Әбден сартаптанғаны соншалық күлiмсi иiсi де шыға бастапты. Сөздерi араб қарпымен жазылған екен. Арабша оқи алмасам да: “Ау, мынау Құранның парақтары ғой. Қайдан алдың?” – деп шопанға қарадым. Ол: “Кеше тауға қарай отарды өргiздiм. Жақпар тастардың жанында осы парақтар шашылып жатыр. Ары-берi қарап кiтаптың өзiн таппадым. Жақпар тастың астында суырлардың iндерi бар екен. Шамасы солар iнiнен шығарып тастаған-ау”, – дедi. Ертеңiне қолыма күрек алып, жүргiзушi екеумiз сол жақпар тасқа бардық. Iндердi кеулеп, кiсi бойындай тереңдете қазып едiк, астынан осы кiтаптар шықты. Бұл Абайдың, не Шәкәрiмнiң жиған кiтаптары болуы мүмкiн”. Төраға сөзiн аяқтады. Ендi бұл кiтаптарды қайтесiздер деп мен де қазбалап сұрап қоймадым. Шамалауымша Семейдегi Абайдың мұражайына өткiзген болар. Қалай айтқанда да, құнды дүниелер екенi анық.

Сол кезде Қарауылда екi қарт бар едi. Қабыш Керiмқұлов пен Ниязбек Әбдiғалиұлы Алдажаров. Қазiр олар өмiрде бар ма, жоқ па бiлмеймiн. Ниязбек ақ сақалды, бiр көзiнiң аңғалағы шығыңқылау жан едi. Семейдегi ғалым Төкен Ибрагимовтың айтуына қарағанда 1937 жылы әкесi Әбдiғали “халық жауы” атанып қудаланып, өзiн мектептен шығарған. Қарттың скрипка тартқанын көрiп қайран қалдым. Тарамыс саусақтары бiр жақ иығындағы скрипканың қыл сымдарын қуалай жүгiрiп, Шәкәрiмнiң әндерiн сыздықтата тартқанда әлгi көзiнен жас сорғалай жөнелдi. Қарттың сондағы жан толғанысына түскен кейiпi әлi күнге көз алдымда. Оны бей-жай көру мүмкiн емес. Сонда ол маған Шәкәрiм әндерiн жалғыз орындаушы сол болып көрiндi. Қала бердi үлкен сахнада дүйiм жұрттың алдында орындалмаған ән жетiм ғой. Ал көз жасы ақын, ағасына деген сағынышы ма дедiм.

Қабыш ақсақал шау тартса да құралайды көзге атқан мерген аңшы екен. Оның бұл қасиетiн Кеңгiрбай бабамыздың бейiтiне тәу етiп барғанда көрдiм. Бейiт Қарауылдан жиырма бес шақырым жердегi биiк төбе басында. Әрiректе Абайдың балалығы өткен Жидебай жазығы.

Кеңгiрбай Жандосұлы тобықтының атақты биi, ел басқарған жан. Өзiнiң мәңгiлiк мекенiне көзiнiң тiрiсiнде сол жердi қалса керек. Құнанбайдың әкесi Өскенбай оның сол аманатын орындаған. 1825 жылы өмiрден өткен бидi сол жерге жерлеп, басына биiк мұнара тәрiздi кесене орнатыпты. Кезiнде Абай бабасының кесенесiнде талай мәрте болып, дұға бағыштап жүрiптi. Кейiндеу Байкөкше ақынға “Кеңгiрбай би” дастанын жазуға кеңес бергенiн тобықты жұрты жақсы бiледi.

Сол төбенiң етегiнде шағын көл бар. Айнала жиегi ну құрақ. Машинаның матор үнiнен шошыған құстар көл бетiнен ду етiп көтерiлдi. Төңiрекке тыныштық орнаған кезде қаз-үйректер айналып келiп, айдынына қайта қонды. Қабыш ақсақал бабаға дұға бағыштап болған соң, қолына мылтығын алып маған: “Жүр, балам, мына әйелдер қазан-ошағын құрып, отын-суын дайындағанша құс атып келейiк” – дедi. Бiз ақырындап басып ну құрақтың iшiне бойлай ендiк. Көл жиегiне жеткен кезде Қабыш ақсақал аузымен құс дауысын айнытпай салды. Айдындағы шүрегей үйректер бiзге қарай жылжыды. Олар таяқ тастам жерге дейiн жақындаған сәтте, мылтық гүрс ете қалды. Үйректiң шаңқ еткен үнi шықты. Оқ тигенi су бетiнде қалды да басқалары дүр етiп көкке көтерiлiп кеттi. Аздан соң олар қайта оралды. Қабыш ақсақал тағы да оларды жаңағыдай алдап шақырып, тағы бiреуiн атып алды. Бiз көлден олжамен қайттық. Астан кейiнгi шайда жолсерiктiң бiрi: “Ақсақал, былтыр сiздi отыз қасқыр атып алды деп есiтiп едiк. Сол рас па?”, – деп сауал тастады. Қарт миығынан мырс еттi. “Бұйырғанын алдық қой, шырағым”, – деп аз-кем үнсiз отырды да, қолын алға созды. – Анау Шыңғыстаудың мына тұсында қасқыр апаны бар едi. Былтыр күзде соған бардым. Апан үңгiрде бес-алты бөлтiрiк ұйлығып жатыр екен. Қаншығы көрiнбедi. Аттан түсiп, мылтығымның шүрiппесiн қайырып атуға дайындап қойдым да, қыңсылаған бөлтiрiктердi қапқа сала бастадым. Сол сәтте ту сыртымнан қасқырдың ыр-ыр ете қалғаны. Жалт қарасам желкелерi күдiрейiп, азу тiстерi ақсиып арлан мен қаншық төбемнен төнiп-ақ тұр. Жыртқышта да аналық қимастық бар. Бөлтiрiктерi үшiн жан аянып қалмасы анық. Қаншық маған атыла бергенде жылдам жанымдағы мылтығымды алдым да басып салдым. Гүрс еткен жойқан дауыспен қабаттасып қаншық апанға омақаса құлады да жан тәсiлiм еттi. Арлан сол сәтте-ақ жалт берiп, қарасын жоғалтты. Қаптағы бөлтiрiктердi қанжығама байлап, ауылға жеткенше, әлгi арлан әудем жерден бiрге жүрiп отырды. Әбден кектенiп қалса керек. Түнiмен ауылдың иттерiн шулатып, қораларындағы малдарына шабумен болды. Мазасы кеткен көршi-қолаң маған ренжiдi. “Бөлтiрiктерiн бекер алдың. Ендi арлан өрiске шығарған малымызға шабады”, – дейдi. Содан арланның соңынан түстiм. Бiрнеше күн бойына тау-тасты кезiп жүрiп, кездестiрдiм-ау әйтеуiр. Атқан оғым мүлт кетпедi”.

Сонда жетпiстi әлдеқашан артқа тастаған Қабыш ақсақалдың қырғи көздерiне, қауқары мықты қарулы қолдарына таң қалғаным рас. Құрыштан құйғандай бiтiм-болмысына сүйсiндiм.

Қайтар жолда Семейдегi Төкен Ибрагимовқа соқтым. Ғалымнан естiгенiм Шәкәрiмнiң мәйiтi тасталған құдықты кезiнде осы Қабыш Кәрiмқұлов ақсақал көрсетiптi. НКВД қызметкерi Халитов ақынның соңына түскен кезде Қабыш та оларға алыстан көрiнбей қапталдаса жүрiп отырған. Халитовтың оны Шыңғыстаудағы Бақанас өзенiнiң кемерiндегi құдық тұсында қапияда атқанын өз көзiмен көрсе керек.

Сол екi қарттың менi тағы бiр тәнтi еткенi – Шәкәрiмнiң орыстың ұлы ақыны Пушкиннен аударған “Дубровский” поэмасын бастан-аяқ жатқа оқығаны. Жәй тақпақтаған баладай судыратып емес, ерекше бiр екпiндi ырғақпен оқығанда, жан дүниеңдi баурап алады екен. Шәкәрiмнiң аудармаға шеберлiгiн асқақтатып жiбердi.

Қарауылға тағы бiр рет соғып, осы екi қартқа арнайы жолығып, олар туралы ауқымды дүние жазбақ ойымда бар едi. Бiрақ адамның ойлағаны бола берген бе? Әне-мiне деп жүргенде уақыт шiркiн өтiп те кеттi ғой, – деп аяқтады Сұлтекең әңгiмесiн.

Көлбай Адырбекұлы