Жаңалықтар

ҚАЗАҚ СӨЗIНIҢ ҚАДIРI ҚАШТЫ МА?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚ СӨЗIНIҢ ҚАДIРI ҚАШТЫ МА?

Өткен ғасырда бүкiл әлемдi дүрлiктiрген қан майдан – екiншi дүние жүзiлiк соғыс кезiнде, нақтырақ айтсақ 1943 жылы ұрыс бiр дамылдаған сәтте кездескен қазақпен болған әңгiменi жырына арқау еткен ақын Жұбан Молдағалиев былай деп түйiндеген екен:

– Қазақтан қазақ туады, –

Деп кеттi жүре тiл қатып,

Ойы отты, аузы дуалы

Жан екен жырға бұл қатық.

Болды-ау деп уақыт аз-ақ тым,

Өкiнiп кейiн аттандым.

Мен де бiрi қазақтың

Болғаныма мақтандым.

Осы өлеңдi жазғанда Жұбан ақын небәрi 23 жаста ғана екен. Бiздiң бүгiнгi егемендiк алып, тәуелсiздiк туын желбiреткен елiмiздiң дәл сондай 23 жастағы еркiн азаматы қазақ болғанына мақтана ма екен? Орысша оқып, орысша тәрбиеленген жастарымыз қазақ болғанына мақтанбақ түгiлi қазақпын деп айтуға арланатын да шығар. Ол неден? Бiрiншiден бiздiң мемлекетiмiздi басқарып отырғандардың бәрi дерлiк орысшаға жетiктiгi сонша Қазақстанға араб келсе де, француз келсе де, италияндар мен испандықтар келсе де кездесу рәсiмiнде орысша сайрайды. Құдайым-ау, орысшаны да аударып отыратын адам бар, ендеше неге қазақ елiнде отырғанын аңғартып, қазақша сөйлемеске?! Бәрiбiр кездесiп отырған ресми тұлғаның түсiнетiн тiлiне аударатын адамдар құдайға шүкiр қазiр бiздiң елiмiзде жетiп жатыр ғой.

Үлкендi-кiшiлi әкiмдердi былай қойғанда бiздiң бүгiнгi жас журналистерiмiздiң бiразы қазақ тiлiне шорқақ екенiн газеттер мен журналдарды мұқият оқыған кiсi бiрден байқайды. Бiрде бiр беделдi газеттен: “Тисе еменге, тимесе жапырағына” деген мақалды қолданған журналист мақаласын оқыдым. Құдайым-ау, ежелден келе жатқан елге белгiлi мақал олай емес, былай едi ғой: “Тисе терекке, тимесе бұтаққа”. Бiз уақыт елегiнен өтiп, еленiп, екшелiп, сұрыпталған мақалдарымыз бен мәтелдерiмiздi өзiмiзше бұза берсек не болады? Онда шын мәнiсiнде қазақ сөзiнiң қадiрiн қашырып алар едiк қой.

Қазақ сөзiнiң қадiрi қашып бара жатқанын осы бастан айтып, дабыл қақпасақ кеше ғана шалқып жатқан, бүгiн шөкiмдей болып қалған Арал теңiзiнiң кебiн бiздiң тiлiмiз де киетiн болады.

Менiң ешқандай газетке бес бересi, алты аласым жоқ және оларда кеткен есем де, өкпем де жоқ. Алайда, Сократтың мына сөзiн ұмытпауымыз керек: “Точное логическое определение понятий – главнейшее условие истинного знания”. Сократтың сөзiн орысша күйiнде мысалға алып, қазақшаламай отырғаным оның дәл мағынасын бере алмағанымнан емес, бiздiң орысша бiлгiш ағайындарымыз түсiнсе екен деген ниет едi. Өйткенi, қазақша баламасы бола тұрса да, орысша, немесе басқа елдердiң тiлiндегi сөздердi бiздiң журналистер, әсiресе соңғы кездерi жиi қолданып кеткенi менi қобалжытып қана қоймай, қорқыта бастағанын қалай жасырайын. Мысал керек пе? Қазақ тiлiнiң жанашыры, қамқоры деп айтуыма әбден болатын “Жас алаш” газетiнiң өзi 2008 жылғы 13 мамырдағы санында бiрiншi бетте “Азық-түлiк инфляциясы”, деп үлкен тақырып қойып, астына “Құрылыс рыногындағы күйреу мен әлемдегi азық-түлiк дағдарысынан сабақ алатын кез келдi”, – деген кiшi тақырыппен мақала жариялады. Осындағы “инфляция” деген сөздiң латын сөзi екенiн бiз жақсы бiлемiз. Оның мәнiсi; “құнсыздану” ғой. Ал “рынок” сөзiнiң қазақша баламасы “сауда, базар, нарық” екенi белгiлi. Сонда әлгi тақырыпты түгел қазақ сөздерiмен жазсақ былай болып шықпай ма?: “Азық-түлiктiң құнсыздануы. Құрылыс нарығындағы күйреу мен әлемдегi азық-түлiк дағдарысынан сабақ алатын кез келдi”. Осылай өзiмiздiң тiлiмiзде жазсақ бiздiң құнымыз кемiп қала ма, әлде беделiмiзге нұқсан келе ме?

Қазiр шығып жатқан қай газеттiң де арқалаған жүгi жеңiл емесi белгiлi. Соның бiрi “Президент және халық”. Бұл газет те былтырғы жылғы 19 қыркүйектегi санында бiрiншi бетте “Бизнесте әкiмшiлiк кедергiнi жою жолдары қарастырылды”, – деген тақырыппен мақала жариялаған. Осындағы “бизнес” ағылшын сөзi ғой. Оның мәнiсi: пайда беретiн экономикалық қызмет, яғни қаржының кiрiсi мен шығысы. Мұны қазақ тiлiнде жазар болсақ: “Қаржының кiрiсi мен шығысына әкiмшiлiк кедергiнi жою жолдары қарастырылды”, – деуге лайық қой. Газеттiң осы санында, бiрiншi бетте Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан берiлген үзiндiде мынандай жолдар бар: “Өмiр сапасының стандарттары адам капиталын дамытудың және Қазақстанды әлеуметтiк жаңартудың тиiмдi нарықтық құралына айналуға тиiс, бұл ретте масылдық пиғылды орнықтыруға жол беруге болмайды”. Мұндағы “стандарт” ағылшынның үлгi деген сөзi ғой. Ал “капитал” француздың да, ағылшынның да, латынның да сөзi. Мәнiсi: “ең басты экономикалық байлық”, бiз келтiрген мысалда капитал сөзiнiң орнына адам байлығы деп алса да болар едi. Журналистер болса да, мемлекеттiк қызметкерлер болса да оңай жолды таңдап, орыс және шет елдердiң сөздерiн аудармастан сол күйiнше пайдаланып, оңай жолды iздемесе екен деп тiлеймiн. Бiзде қазiр не көп, сөздiктер көп. Солар үнемi жұмыс үстелiнiң қасында тұру керек. Iздену содан басталса құба-құп. Осы бетте тағы да; “ведомствоаралық консультативтiк-кеңесшi орган” деген сөздер кездеседi. Ведомствоаралық мекемеаралық екенi даусыз. Ал консультативтiк дегендi кеңесшi деп алуға болады. Орган дегендi де бiз сол күйi алып келемiз. Оның да қазақша баламасы бар. Ұйым, мекеме, музыкалық аспап, тағысын тағы дегендей. Осы айтқанды ескерiп, әлгi сөздердi қазақша жазар болсақ былай болып шығар едi; “мекемеаралық кеңесшi ұйым”. Неге осылай, өзiмiздiң қазақ тiлiнде жазғымыз келмейдi, қаламдас достарым менiң?!

Егер бiз “Түркiстанды” айтар болсақ, онда ойымызға ең алдымен қазақ жерi, қазақ елi түсерi сөзсiз. Елiмiз егемендiгiн алғаннан кейiн дүниеге келген “Түркiстан” газетi де қазақ сөзiнiң мәртебесiн көтеруге айрықша үлес қосып келедi. Алайда, мұнда да дабырайтып қойған тақырыптан шетел сөздерiн көргенде қынжылып қаламыз. Мысалы, биылғы 19 ақпанда “Девальвация+инфляция=?” деген тақырыпты қазақшалауға болмас па едi? Әбден болады. Бiрақ, оңай жолмен жүйтки берудi қалағандық қой бұл. 5 наурызда: “Гендерлiк саясат және қазақ әйелi” деген тақырыптағы “гендерлiк” сөзiнiң де қазақ тiлiнде баламасы бар ғой. Оны неге қазақша жазбасқа?

Республикалық анықтама-сараптамалық басылым “Кiтап жаршысы. Друг читателя” былтырғы тамыз айындағы 6 санында “Ақпарат кеңiстiгiнде – кiтапхана” деген мақала жариялады. Сонда мынадай тақырыпшалар бар: “Ақпараттық ресурстар маңызының өсуi”, “Кiтапхана жүйесiнiң ұлттық моделiн жаңарту”, “Кiтапханадағы ақпараттық қызмет көрсетудiң жаңа парадигмасы”. Ендi сөздiкке қарайықшы. Ресурс француз сөзi. Қор, көзi дегендi бiлдiредi. Модель де француз сөзi. Үлгi деген баламасы бар қазақ тiлiнде. Ал парадигма гректiң сөзi екен. Ол да үлгi дегендi бiлдiредi. Ендеше осы қазақ сөздерiн өз орындарына қойсақ болмай ма? Мiндеттi түрде өзге елдiң сөзiн қолдану арқылы өзiмiздiң бiлгiштiгiмiздi көрсетiп қалуымыз керек пе?

“Қазақстан-Zaman” үнемi “Тест сұрағы – бiлiм бұлағы” деп жазып келедi. Осындағы “тест” деген сөз ағылшын сөзi. Оның қазақ тiлiндегi баламасы “сынау, сынақ, зерттеу” екен. Ендеше, ағылшын сөзiне жабысып айрылмай қалғанша, қазақша “Сынақ сұрағы – бiлiм бұлағы” десек аузымыз қисайып қала ма? Бiз көбiне “мәжiлiсмендер” деп жазып жүрмiз. Өйткенi орыстiлдi газеттер “маджилисмены” деп жазады. Бiз соны дәл көшiремiз. Құдайым-ау, сол сөздi “мәжiлiскерлер” десек не қылады? “Саясаткерлер” деген сөз бiздiң күнделiктi қолданысымызға енiп кеттi ғой. Ендеше, “мәжiлiскерлер” деп жаза бастайық та. Парламенттiң жоғары палатасын “сенат” деп, сенат депутаттарын “сенаторлар” деп жазуды үрдiске айналдырып алдық. “Сенатор” дегендi қазақшалар болсақ “сенат мүшесi” болмай ма?

Мұны майда-шүйде деп қарамау керек. “Ауруын жасырған өледi” дегендей, осылай ойланбай шет елдердiң сөзiн қолдана берсек, онда бiздiң қазақ тiлi уақыт өткен сайын жұтылып, жойылып кетерiн есiмiзден бiр елi шығармауға тиiспiз. Бiздiң күрес қазақ тiлiн бiлмейтiндермен басталып келедi ғой, сонымен қатар қазақ тiлiнiң қадiрiн қашырып, менсiнбестен, шет елдердiң сөздерiн қалай болса солай қолдана беретiндермен де бiтiспес күрес жүргiзуiмiз керек. Абай атамыз: “Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы, ол ақынның бiлiмсiз бишарасы”, – деген едi. Ендеше, қазақ сөзiн бөтен елдiң сөздерiмен шұбарлай бермей, таза қалпын сақтауға атсалысайық та.

“Ауылдағының ауызы сасық” деген сықылды қазақ сөзiнiң де қадiрi қаша бастағанын қазiргi газеттер мен журналдарда өрiп жүрген шетел сөздерiнен анық байқаймыз. Мұндай хал ХIХ ғасырда Ресей халқының басында да болған. Лев Толстойдың “Соғыс және бейбiтшiлiк” романын оқыңыз. Французша жазылған беттер соның айғағы. Ұлы ақын Александр Пушкиннiң өзi “Евгений Онегин” дейтiн романында былай деп күйiнiп жазыпты:

Қыздарды қазiр орысша,

Оқы деп, тоба, зорлаймыз.

“Благонамеренный” жолықса,

Қайтедi сонда ондай қыз?

Ақындар, куәм – өздерiң;

Қыздарға түсiп көздерiң,

Күнәнi шайып ақырын,

Жаздыңдар өлең жасырын.

Жүректiң сырын жайдыңдар,

Орысша шала, аз бiлiп,

Сендердi сонда мәз қылып,

Күлдiрген жоқ па, айтыңдар?

Жат сөздi туған тiлiм деп

Ұқты ғой талай жүгiрмек.

Бұл ненi көрсетедi? Ел саясаты тiлiмiздi түзеуге бет алса, онда Қазақстан дейтiн егемен елдi өзiмнiң туған Отаным деп ұғатын кез келген басқа ұлт өкiлi қазақ тiлiн меңгерiп кете алады. Бiзге баяғы “көш жүре түзеледi” дейтiн жалпақшешейлiктен гөрi, егемендiктi сыйлата бiлетiн саяси-әлеуметтiк тетiктердi таба бiлу керек. Қазақ тiлi мемлекеттiк мекемелердiң, бизнес пен сауда-саттық, фирмалық, түптеп келгенде бүкiл қазақстандық, яғни халықтық тiлге айналуға мiндеттi. Осындай мiндет қоймай мемлекеттiк тiл мәртебесi өспейдi.

Сөзiмнiң басында ақын Жұбан Молдағалиевтiң өлеңiн мысалға келтiрiп едiм, сөзiмнiң түйiнiн де сол Жұбан ағамның “Қазақ тiлi” деген өлеңiнен мына төмендегi үзiндiнi келтiрiп, “тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн” түйгендi дұрыс көрдiм:

Қанша жұрт тiлiн үйренсең,

Сол ғұрлы ана тiлiң шат.

Үйрен де жирен, жиренсең,

Өнердi дейдi бiлу шарт.

Ұқпасам өз тiл – анамды

Ұлыңмын деуiм әңгiлiк.

Сәуле боп тұрсын санамда

Әлдиi, үнi мәңгiлiк.

Бiлмесiн, бiлсiн түсiмнен,

Ұқпасын-ұқсын түрiмнен,

Танысын дүние iсiмнен,

Танысын туған тiлiмнен.

Осыдан тура 34 жыл бұрын жазылған осы өлеңдi бүгiн ескiрiп қалды деп айтуға кiмнiң ауызы барады екен?! Өлеңнiң өмiршеңдiгi осында тұрған жоқ па? Бiздiң елiмiзде егемендiгiн алғаннан бастап университеттер қаптап кеттi. Олардың бағдарламасы мен базасы қандай, оқытушылар мен профессорлар ұжымы бүгiнгi талапқа сай ма?! Бұл мәселелер өз дәрежесiнде тексерiлген жоқ деуге болады. Кiмнiң мүмкiндiгi бар, ал сол мүмкiндiктiң қалай жүзеге асып жатқанын бiр құдайдың өзi ғана бiлетiн шығар, университет ашып алып, бала оқытып жатыр. Сол қаптаған университеттердi бiтiрген жастардың көбiсi дерлiк президенттiң немен айналысатынын, премьер-министрдiң не iстейтiнiн, парламенттiң сенаты мен мәжiлiсiнiң айырмасы не екенiн, құқық қорғау органдарына қандай мекемелер жататынын, олардың қайсысы немен айналысатынын бiле бермейдi. Тiптi кейбiреулерiнiң белгiлi бiр мекемеге жұмысқа тұру үшiн арыз жаза алмайтынының куәсi болып жүрмiз. Сондықтан жоғары оқу орындарында, колледждерде мемлекет құрылысы туралы сабақ ендiру керек. Бұл бiр. Ал екiншiден, барлық колледждер мен университеттерде қазақ тiлi мен әдебиетiн жоспарлы да, жүйелi түрде оқытуды қолға алу бүгiнгi күннiң басты талабы деп бiлемiн. Сонда ғана бiздiң тiлiмiз Қазақстанды өз елiм деп бiлетiн жүздеген халықтарының өкiлдерi мемлекеттiк тiлдi бiлiп шығатын болады. Әйтпесе, өздерiңiз жақсы бiлесiздер, қазақ тiлiне мемлекеттiк мәртебе берiлгенiне биыл тура жиырма жыл толады, бiрақ жаппай үйренген өзге халық өкiлдерiн көргемiз жоқ. Бiрлi-жарым тiл бiлген өзге ұлт өкiлдерiн қолпаштап жүрмiз, ол бiздiң мерейiмiздi өсiре алмасын ұғуымыз керек. Кешегi Кеңестер Одағында орысша бiлгендердiң бәрiн қолпаштай қойған жоқ. Оның үстiне ешкiмдi ешқандай мекемеде арнайы мұғалiм ұстап, оған мемлекет бюджетiнен айлық төлеп, тiлдi оқытқан жоқ. Бiз оқытып жатырмыз. Бiрақ, нәтиже жоқ. Тiл бiлмеген адамды бiздiң елде көтермелеу басым сияқты. Бiздiң қазақтың баласы Ресейге, Кавказ елдерiне, Белорусия мен Украинаға барып қызмет ете ала ма? Әрине, жоқ. Ал олардың адамдары бiзге бүгiн келсе де орысша бiлген соң жұмыс iстеп жүре бередi. Мiне, осы жағы бiздiң ойымыздан шықпау керек. Мемлекеттiк тiл мемлекет тiлi болуға тиiс. Әйтпесе, өзiмiздi алдарқатып жүре берсек, күндердiң күнi болғанда тiлiмiзден айрылып, табаны тақырға айналған Арал теңiзiндей мүшкiл халге түсiп қалуымыз ғажап емес.

Базарбай ИСАЕВ