БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ АШЫЛДЫ. БIРАҚ...
БЫЛЫҚ-ШЫЛЫҚ АШЫЛДЫ. БIРАҚ...
Анаға баланың, балаға ананың аман болғанынан артық байлық жоқ. Ана құрсағындағы нәресте әуелi ананың мейiрiмi мен ыстық алақанын сезiну үшiн жарық өмiрге асығады. Туған анасымен жүзбе-жүз кездесiп, оған теңдессiз аналық махаббат сыйлайды. Осындай тәттi бақыттың құшағына ену үшiн ананың да, баланың да денiнiң сау болғаны абзал.
Несiн жауып-жасырайық, соңғы кезде ажал аждаһасы ана мен баланы жалмап барады. Сорақысы сол, бiздiң ел бұл жағынан Украина, Белорусия, Ресей секiлдi мемлекеттердi басып-озып барады. Бұған кiм кiнәлi? Адам ба, заман ба? Бала сүйемiн деп тоғыз ай, тоғыз күн құрсақ көтерген ана iштегi шаранасын бiр иiскемей көз жұматынын сездi ме екен? Ал шыр етiп дүниеге келген жазықсыз нәресте ше? Туа сала тұл жетiмге айналатынын бiлдi ме? Ендеше, олар үшiн өмiрдiң ақтаңдақ беттерiнiң ашылуына не себеп? Иә, “Адамның басы – Алланың добы” деп өзiмiздi өзiмiз жұбатамыз мұндайда. Адам-пенде өмiр атты шым-шытырық кiтаптың парағын ашқалы басына түскендi мойнымен көтерiп келедi. Бiрақ, мына жалған пәниде не нәрсенiң бәрi қоғамның бел баласы – адамдардың қолымен жасалмай ма? Адамның да түр-түрi бар. Жақсы ниеттiсi де, арам пиғылдысы да. Тiптi, адамның тағдырын ойыншыққа айналдырғысы келетiндер де жетерлiк. Сол баяғы қолдың кiрi – ақшаға, дүниеге деген көз тоймаушылық, тоғышарлық, мәнсапқұмарлық кiмге зардабын тигiзбедi десеңiзшi… Әнеугүнi министрлердiң блогын шолып шығып, жан түршiгерлiк жағдайға тап болдым. Денсаулық сақтау министрлiгi Жақсылық Досқалиев мырзаның жеке блогына кiрiп едiм, ұсыныс, өтiнiш, т.б. түйткiлдi мәселеге толы хаттардан көз сүрiнедi. Көпшiлiгi денсаулық сақтау мекемелерiне, ақ халаттыларға риза еместiгiн жеткiзiптi. Оларға жағылып жатқан қара күйеге бiздiң де, дәрiгерлердiң де етi үйренген. Сiздiңше, ақ халатқа қара дақ тектен-тек түсiп жатыр ма? Жоқ. Сенбесеңiз, мына сұмдықты қараңыз. Менi шошытқаны да Денсаулық сақтау министрiне жолданған осы бiр шағым хат едi. Оны сөзбе-сөз берудi жөн санап отырмын. “Мен Талғар ауданының ауруханасының перзентхана бөлiмiнiң медбике мiндетiн атқарып, осы бөлiмде 10 жыл бойы жұмыс iстеудемiн. Менiң сiзге хат жазып отырған себебiм: Перзент бөлiмiнiң меңгерушiсi – Маджанова Нүргүл Нұрмұханбетовна, балалар дәрiгерi – Гаракеева Баян Сауырбаевна, аға акушерi – Садыкова Валентина Николаевна – бұл кiсiлер этика және эстетика сақтамай менi балағаттап, қорқытып, қол жұмсауға дейiн барады, жеке өмiрiме кiрiседi. Жұмыс iстеуiме мүмкiндiк бермейдi. Менiмен бiрге жұмыс атқаратын, жаңадан кiрген медбикелер ақша берiп жұмысқа тұрған. Ақша берiп орналасқан медбикелерге деген көзқарасы өзгеше. Мысалы, жұмыс бабындағы олардың қателерiне көз жұмып қарайды, ал менi кiнәсiз жазалайды. Менiң оларға беретiн ақшам жоқ. Мен көпбалалы отбасынан шыққан және жесiр әйелмiн. Менi заңсыз түрде жұмысымнан кiнәсiз шығарайын деп жатыр. Олар маған условия қойды: “сен бiздiң астымызды қазба, болса да қолыңнан келмейдi, өйткенi, Астанада бiздi қорғайтын депутат Садықов Болат Нурмурзаевич отыр. Бiз ешкiмнен қорықпаймыз”. Мен өзiмнiң еңбек ақымды бухгалтерия бөлiмiнен сұрауға барғанда осындай жауап алдым. Бас медбикенiң (Айнаш Қалымбековна) айтқан сөздерi. Өздерiңiз бiлесiздер, ҚР Президентi жарлығында медицина мамандарының жалақысын 25 пайызға көтеремiз деген бұйрық болған, бiрақ бiзге қаңтар айында жалақымызға 25 пайыз қосылған жоқ. Ол ақша қайда кетiп жатқанын бiз бiлмеймiз, еңбекақымызды сұрасақ қауiптендiредi. Жұмыстан шығаруға дейiн қорқытады. Бұл кiсiлер заңсыз түрде жаңа туылған (тастанды) балаларды сатумен айналысады. Бiр баланың бағасы 2000 доллар. Бағып алатын кiсiлерден босанды деген балаға деген төлқұжатты заңсыз түрде жазып бередi. Үлкен айлық түсiктерге және абортқа 60 мың теңгеден жоғары пара алады. Выпискалары ақылы – 2 мың теңге тұрады (заңды түрде бұл выпискалар ақысыз). Ақша бермесе сылтауратып баланы ауру деп шығармай қояды, негiзiнен балалардың денсаулығы жақсы. Өздерi босанатын әйелдерден ақысын төлеуге 50 мың теңге талап етедi, кейбiреулерден “кесеревосечения” арқылы пара алады. Мысалы, Садыкова деген әйел шамасы 16-19 наурызда түсiп, ұл баланы (салмағы 3,300) босанып, тастап кеткен. Содан кейiн осы аралықта Наурызбаева деген әйел заңсыз түрде туды деген мәлiметпен баланы өзiмен бiрге алып кеткен. Бұл кiсiлер заңсыз бизнеспен айналысып жатыр. Менiң сiзден сұрауым, бұл кiсiлердi жазасыз қалдырмауыңызды сұраймын. Сiздер осыған кiрiссеңiз мен дәлелдер ұсына алам. Менсiз басқа да жұмыскерлер шағымданады. Бiздiң департаментте отырған адамдарымыз жоқ (қарапайым адамбыз), бүкiл үмiт тек сiздерде. Өтiнемiн бұған атсалысуыңызды сұраймын. Тез арада бiр iс-шара қолдануларыңызды сұраймын. Перзентхана бөлiмiнiң жұмыскерлерi, Алматы облысы, Талғар қаласы, Ускибаева Әйгерiм Әлiмжанова, – деп ұялы телефонының нөмiрiн қалдырыпты. Хатты оқып отырып, жаным түршiгiп, өне-бойым мұздап сала бердi. Жағамды ұстаған күйi дереу телефонына қоңырау шалдым. Медбике шағым хатта жазылғанның бәрi рас деп бәйек болды. Екеумiз бiр жерде кездесетiн боп келiстiк. Бардым. Жанында үш-төрт кiсi отыр. Сөйтсем, министрлiктiң көзiне һәм құлағына жеткен шағым хат Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасына шұғыл түрде берiлiптi. Министрлiктiң арнайы тапсырмасымен құсша ұшып келген басшылар жазылған жайдың анық-қанығына көз жеткiзбекшi екен. Қуанып қалдым. “Бұл бiр жақсылықтың нышаны шығар, шынында да, министрлiктердiң блогы ашық әңгiме алаңына айналған екен” деп бiр қылмысты деректiң болсын, бетi ашылатынына көзiм жеттi. Сол екi арада әлгi хаттағы келтiрiлген фактiлерге қаныққым кеп, медбикемен сөйлесе кеттiм. Ол көрген-бiлгенiн дiрiлдей жеткiздi. “10 жыл iшiнде мен олардың барлық құпиясын бiлiп алдым. Сондықтан да олар менен бiржола құтылғысы келдi. Өйткенi, баланы заңсыз сатқандығынан күдiктенедi. Әйтеуiр, бiр күнi айтып қояды деп қорықты. Жаңадан 5 медбике жұмысқа алынды. Олар ақша төлеп кiрдiк дедi. Содан оларға сөйлей алмайды. Менiң оған жағдайым жоқ. Бала өлтiрсем бiр жөн, болмаса балаға дұрыс екпе салмасам екен, кемшiлiк менен дейтiн. Бар болғаны құжат үшiн балағаттап, тыныштық бермедi. Жұмыстан жылап кеткен күндерiм де болды. Менiң өз еркiммен кеткенiмдi күттi. Бұрынғы меңгерушi баланы заңсыз, оңды-солды сатпайтын. Ал Нұргүл Нұрмұханбетқызының келгенiне 2 жарым, 3 жылдай болды. “Менiң тiреуiм бар, ақшам бар” деп ештеңеден қорықпайды. Ал бiз қарапайымбыз, қорқынышпен өмiр сүремiз. Мысалы, Садықова деген қыз өтiрiк мекен-жаймен, жалған атпен бала туды да тастап кеттi. Оны осы “туды” деп бiр әйелге бердi. Құжатты тексерiп, сондай дәлел таптым. Тағы да бiр ешкiмi жоқ нәресте жатыр. Оның шешесiне балаң өлiп қалды деп өтiрiк айтыпты. Оны да сатқан шығар. Аналар босанып, үйге шығар кезде туды деген қағаз алу үшiн гинекологқа да, педиатрға да 2 мың теңгеден бередi. Әйелдерге қарасам жаным ашиды. Оны төлемесе “балаң ауру” деп сылтауратып шығармай қояды. Баланы сату 2 мың доллар. Қолдан түсiк жасату 60 мың теңгеден асады” деп iштегi көптен берi жиналған шерiн тарқатып салды. Содан Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәуле Рысбекқызы бастаған комиссиялық топ “Бiз мәселенiң анық-қанығын тексеремiз, сосын хабар беремiз” дедi де, медбикемен бiрге Талғар ауданына тартып кеттi. Алайда, кешкiсiн хабарласқан олар: “Аурухана дәрiгерлерiн түгел жинап, мәселеге қатысты пiкiрлерiн бiлдiк. Сөйлестiк. Құжаттарын тексердiк. Бiрақ бала сатуға байланысты нақты дерек табылған жоқ. Дегенмен, құжатты толтыруда кеткен кемшiлiк бар екен және жалақыға қосылған 25 пайыздық үстеменiң қосылмағандығы, зейнетақы салымына түспегендiгi белгiлi болды. Ендi оның бәрiн есептеп уақытында төлейтiн болады” дегендi суыртпақтап жеткiздi. Бiр қуаныштысы, қолмен жасаған лас iстерi нақты фактiмен айғақталмаса да, басшылық әлгiндегi хатта аты аталғандарды орнынан түсiрiп, ауданнан басқа дәрiгер отырғызып кетiптi. Яғни, былық-шылыққа малынған перзентхана бөлiмiн ақ халатына адал емес мамандардан тазартыпты. Бұл да болса, басқаларына үлкен сабақ. Неге екенi белгiсiз, таңертең жолыққандағы пiкiрiн шағым хаттағыдай етiп жаңылыссыз айтып берген медбике түстен кейiн пiкiрiнен тайқып шықты. “Мен бәрiн ашулықпен жаздым. Бар ойым, меңгерушiнi орнынан алу едi. Қуанып тұрмын. Маған бәрi рахмет айтып жатыр. Ендi орнынан алынды ғой, олардың атын атамай-ақ қойыңызшы, менiң айтқандарымды өшiрiп тастаңызшы” деп ағынан жарылды. Мейлi, бұны да түсiнуге болар едi, бiрақ дәрiгерлердiң өзi қандай маманның қол астында қызмет iстеп жүргенiн бiлсiн деп әдейi атауға тура келдi. Медбикенiң екiсөздiлiгiне қарным ашқаны соншалық, “Сiз анау-мынау емес, министрлiкке жаздыңыз бұл шағым хатты. Оны жүздеген, миллиондаған оқырман оқыды. Мұндай ащы шындықты адам жүрдiм-бардым көзқараспен жаза салмайды ғой. Неге бұл мәселенi ойыншыққа теңейсiз?” деп күйiп-пiстiм. Медбике неге бастапқы пiкiрiнен айныды? Олай етуiне кiм түрткi жасады? Кiм бiледi, бәлкiм, медбикенiң бар арманы – өзiне “күн көрсетпейтiн” бөлiм меңгерушiсiн жұмыстан босату ғана болған шығар. Алайда, әу бастағы шағым хаттың мазмұнына қарасақ, жеке бастың мүддесi көзделген жоқ едi ғой. Сонда бүкiл ақ халаттыларға жағылған ауыр қылмыстық трагедия қайда жасырынып қалды? Бейкүнә, жазықсыз сәбилердiң түкке тұрғысыз ақшаға саудалануы жабылған қазан күйiнде қала бере ме? Кейiнгi кезде асқынып бара жатқан бұл дертке қарсы министрлiк жұмылған жұдырықша қашан кiрiсер екен?! Бұл мәселенiң облыстық Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жылдам тек- серiлгенiн құптаймыз. Алайда, медицина саласындағы мұндай кертартпалық фактiлер жiтi зерттеу мен үнемi бақылауды қажет ететiнi айдан анық.