Жаңалықтар

САПАРБАЕВ АБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫН АРДАҚТАДЫ

ашық дереккөзі

САПАРБАЕВ АБАЙДЫҢ ҰРПАҒЫН АРДАҚТАДЫ

Қазiргi уақытта жаңа басшы тағайындалған кезде көпшiлiк қауым ол турлы ең әуелi рухани деңгейi қандай екен, өзiнiң ана тiлiнен, халқының салт-дәстүрi мен мәдениетiнен және тарихынан хабары бар ма екен деп ойлайтыны рас. Сондықтан да, жаңа басшының әр қадамы сыншыл көздердiң назарынан бiр сәт те тыс қалмайды.

Осы орайда Шығыс Қазақстан облысына Бердiбек Сапарбаевтың әкiм болып келуi осы өңiрге үлкен бiр рухани леп алып келгендей болды. Себебi, Бердiбек Машбекұлының ел аралаудағы алғашқы сапарын халқымыздың бас ақыны ұлы Абай елiнен бастап, шариғат жолымен Абай мен Шәкәрiмнiң басына зиярат етiп, құрбандық шалуы ойлы адамға көп нәрсенi аңғартқандай. Сонымен қатар, аудан халқымен кездесуiнде облыс әкiмi сол өңiрдiң әлеуметтiк жағдайы мен экономикалық дамуы үшiн қолдан келген барлық көмектiң жасалатыны жөнiнде айтқан кезде, жиналған көпшiлiк бiр желпiнiп қалды.

Ал ендi Зайсан ауданына барған сапарында Бердiбек Машбекұлы Зайсан қаласында тұратын Абайдың шөбересi, Ақылбайдың немересi, 83 жастағы Күлзипа Сраилқызының шаңырағына арнайы барып, қарияға шапан кигiзiп, батасын алуы және аудан басшыларына Абай ұрпағының әлеуметтiк жағдайын назардан тыс қалдырмауды тапсыруы облыс басшыларының көкiрек көзi ояу, рухани әлемнiң бай екендiгiн аңғартатыны сөзсiз. Бердiбек Машбекұлының осы әрекетiн көзбен көрген және естiген адамдардың талайының көңiлiне жылы сезiм ұялатып, басшы ретiнде халық арасындағы мерейiн үстем ете түстi. Семей қаласының тұрғыны, ұлы Абайдың жиенi, Абай қорының президентi, Абай ауданы және Семей қаласының құрметтi азаматы Балташ Ерсәлiмов көңiлiндегi ризашылық сезiмiн жасыра алмай: “1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойы аталып өткеннен кейiн бiздiң облысқа қаншама басшы келiп кеттi. Солардың бiрде-бiреуi Абайдың ұрпақтарына сәлем бермек түгiлi, қал-жағдайын бiлiп, iздеткен де емес. Сондықтан да Бердiбек Машбекұлының осы әрекетiнен ол кiсiнiң бойынан үлкен адамгершiлiктi, мәдениеттiлiктi және зиялылықты айқын аңғаруға болады. Жалпы, тарихта Абай ұрпақтарының тағдырына алаңдап, қолұшын берген адамдар көп емес. Атап айтсам, 1945 жылдың 15-шiлдесiнде Қазақ КСР-i Халық Комиссарлары Кеңесiнiң төрағасы Н.Оңдасынов арнайы қаулы шығарып, орта және жоғары оқу орындарында оқитын Абай ұрпақтарына өмiрлiк стипендия тағайындады. Бұған қоса бүгiнгi Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхамед “Атамұра” корпорациясы атынан Абай ұрпақтарын әлеуметтiк қолдау мақсатында 20000 теңге көлемiнде құрметтi зейнетақы тағайындап бердi. Ендi, мiне қамшының шашауындай ғана қалған ұлы ойшылдың ұрпақтарына облыс әкiмiнiң назар аударуы көңiлiмдi бiр көтерiп тастады”, — дедi бiзбен әңгiмесiнде.

Б.Төлеужанұлы