Жаңалықтар

ЖЕТЕУI БIРДЕЙ ЖИЫЛЫП...

ашық дереккөзі

ЖЕТЕУI БIРДЕЙ ЖИЫЛЫП...

Дүйсенбiде “Нұр Отан” ХДП орталық аппаратында, партияның бiрiншi төрағасы Дархан Қалетаев пен “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменовтың кездесуi өттi. Кездесу барысында қос партия экономикалық дағдарыс кезiнде елдегi саяси және әлеуметтiк тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойды.

“Баршамызға әлемдiк қаржылық дағдарыс алып келген маңызды мәселелердi шешу үшiн бiрлесiп жұмыс iстеу қажет. Сондықтан да ең ақырында бәрiмiз жеңемiз деп сенемiн. Жеңiлгендер болмайды” — деп бастады өз сөзiн Дархан Қалетаев. “Дағдарыс — бұл барлық келiспеушiлiктердi артқа тастап, амбициямызды жиып қойып, дағдарыстан туындаған мәселелердi жеңу жолын бiрiге қарастыратын кезең” — дедi өз кезегiнде Әлихан Байменов.

Осылайша “Ақ жол” демократиялық партиясы бұған дейiн қаржылық дағдарыс кезiнде елдегi саяси-қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған меморандумға қол қойған алты партияның қатарына қосылды. Ендi мұндай партиялардың саны – жетеу. Қазақта жетi – қасиеттi сан екенiн ескере отырып, елiмiз әлемдiк қаржылық дағдарыстан туындаған қиындықтарды сенiмдiлiкпен жеңедi-ау, деген ойдамыз.

Ә. Бақытқызы