Жаңалықтар

ХАЛМҰРАДОВ МӘСIМОВТЫ АБЫРЖЫТЫП ТАСТАДЫ

ашық дереккөзі

ХАЛМҰРАДОВ МӘСIМОВТЫ АБЫРЖЫТЫП ТАСТАДЫ

Үш жылдық бюджеттiң бекiтiлуi қиындап кеттi. Әлемдiк экономиканың тұрақсыздығы да бұған себеп болып отырған сияқты. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бастаған Үкiмет мүшелерi есеп-қағаздарын арқалап, Парламент мәжiлiсiне үшiншi рет келген-дi…

Экономикалық ахуалды ескерген Мәжiлiс депутаттары алдарына үшiншi рет келген бюджеттi тағы бiр мәрте талқыға салып, мақұлдап дауыс бердi. Осы сәтте мәжiлiске келген Үкiмет басшысына депутат Розақұл Халмұрадов оқыс ескерту жасады.

— Құрметтi Кәрiм Қажымқанұлы! Мiне сiз өзiңiздiң баяндамаңызды қазақша бастадыңыз. Бiз қуанып отырдық. Сосын орысша, аяғын 5-6 ауыз қазақшамен қайырдыңыз. Одан сiзден кейiн шыққан Сұлтанов мырза, Тәжияқов мырза да сiзден үлгi алды. Олар қазақ тiлiн менен жақсы бiледi. Не себептi бiз өзiмiз, Республиканың Үкiметi осындай көзқараспен қарайды? Қазақ тiлi қашанға дейiн мазақ бола бередi? — деген депутат сауалына:

Кәрiм Мәсiмов:

— …Мен сiзге қазақ тiлiнде жауап берем. Мен бұрын қазақ тiлiнде нашар сөйледiм. Бiрақ қазiргi кезде менiң өзiм, үкiмет мүшелерi егер уақыт болса мүмкiндiк болса, бiз тек қазақша сөйлеймiз. Сол себептi менiң ойымша, үкiмет мүшелерi тек қана қазақ тiлiнде сөйлеу керек, — деген жалтарма жауаппен әрең құтылғандай болды. Бұл мезетте үкiмет мүшелерi “маған да тиiп кетпесiн” дегендей түгелдей бұғып қалды.

Депутаттың бұл ескертуiн халық күткелi қашан? Орынды ескертуге Премьер-министр тағы да өз уәдесiн бердi. Ендi сол ескертудi Премьер өз нөкерлерiне де жасар ма екен, қайтер екен?!

“ТҮРКIСТАН”