Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТIК ҚОРЫ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ

ашық дереккөзі

МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДI ДАМЫТУ ПРЕЗИДЕНТТIК ҚОРЫ БАЙҚАУ ЖАРИЯЛАЙДЫ

Осы күнге дейiн Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қорының грантына үмiткер ретiнде үкiметтiк емес ұйымдар мен жеке адамдардан 100-ге жуық жоба келiп түскен.

Грант алу байқауына келiп түскен жобалар тек Қазақстанмен ғана шектелмейдi. Тiптi Ресей астанасындағы Мәскеу мемлекеттiк университетi жанындағы Қазақ тiлi және мәдениетi орталығы мен Мәскеу қалалық “Қазақ тiлi” қоғамы да өз жобаларын ұсынып отыр. Сондай-ақ, грант алуға елiмiздiң 12 өлкесiндегi тiл жанашырлары ынталылық танытуда.

Қорға келiп түскен жалпы жобалардың сұрап отырған қаржысы 200 млн. теңгеге жеттi.

Жобаларды құрамында бiлiктi мамандармен жасақталған арнайы комиссия сүзгiден өткiзгеннен кейiн қай жобаның қанша қаржыға лайық екенi анықталмақ.

Комиссия шешiмi, яғни, бiрiншi тоқсанда келiп түскен жобалардың нақты нәтижесi сәуiр айының екiншi жартысында жарияланады.

Көпшiлiктiң назарында болар, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылдың қыркүйек айында құрылған бұл қордың негiзгi бағыты қазақ тiлiне қатысты қарапайым халықтың ой-санасын ояту және қоғамдық инициативаны қолдау мен оны ынталандыру болып табылады.

Осы мақсатта қор үстiмiздегi жылдың қаңтар айында алғашқы баспасөз-мәслихатын өткiзiп, әр жобаға 100 мыңнан 3 млн. теңге көлемiнде грант тағайындағанын хабарлаған болатын.

Айрықша айтар мәселе, аталған байқауға қатысушыларға шектеу қойылмайды, яғни, үкiметтiк емес ұйымдар, шығармашылық топтар, қоғамдық ұйымдар және жекелеген жандар, тiптi, қаржылық құрылымдар да қатыса алады.

Қорға келiп түскен жобалардың көп болуына байланысты ең әуелi комиссияның сүзгiсiнен өткен, яғни, өзгелердi қазақ тiлiн үйренуге қызықтыра алатын, дәл қазiр қолға алуға қажет қызықты да, әсерi күштi жобалар қаржыландырылатын болады.

“Түркiстан-ақпарат”