“ОРТАҚ ОТАРFА АЙНАЛFАН ЕЛ”
“ОРТАҚ ОТАРFА АЙНАЛFАН ЕЛ”
(Мұхтар Мағауинмен сұхбат)
Мұқаңмен сұхбат жасаған журналист болмаса керек. Ниет бiлдiргендерге “жазғандарымды оқыңдар, жауапты соның iшiнен табасыңдар”, дейдi екен. Сонымен сұңғыла жазушының соңғы жазғандарын оқып, сауалымызға жауап iздедiк. Шүу дегенде көмекейге келген сұрақ:
“– Сiздi кетiп қалды деп естiп ем… Неге?”. Мұқаң “күлiп”:
“– Жаңа шығармалар жазу үшiн…”.
“– Сонда… бiржола көштiңiз бе?”.
“– Көшпейтiн несi бар. Сол қалам, сол қағаз. Әуелгi бағдардан айнымасаң болғаны…”.
“– Иә…”.
(Әрине мен емес, иә, деген, анау, қайталанбас дарын иесi суретшi. Ол мен емес және журналист емес болмағандықтан Мұқаңның “мәнсiз, шығарып салма сөздерiнен терең мағына iздеп, ойланып қалды”. Журналист болғанда, “Сол қалам, сол қағаз. Әуелгi бағдардан айнымасаң несiн көштiң?” деп шап бермес пе едi? Алайда мұзарт Мұқаң мұны аңғарған. Былай деп қосып сәл таратып айтқан: )
“– Менiң өзiм де алпысты орталап, жетпiске иек артқанда басқа бiр жол қармадым. Күнкөрiс жайы ғана емес. Қабырғадан қысқан зорлық, ауыздан басқан қорлық, қолыңдағы қаламыңды тартып алмақ қиянат, басқадай әрекетке мүмкiндiк қалдырмаған. Алыс шет елге аудым. Ондағы, кезiнде қолайлы қызметке орнығып үлгiрген бiр баламның қолына. Барымызбен, бәйбiшемiзбен. Ендi мiне, жоғалғанымды қайта тапқандай, бейбiт, тыныш күн кешiп жатырмын. Ала қағаз ғой баяғы. Әрине, ұлғайған жас та өз сыбағасын тартқан. Бiрақ қарымың ұзара түскендей. Кемелдi ғұмыр биiгiнен ғана емес, алыс шалғайдан, көлденең көзбен қарап жаңаша ой түйесiң. Өткендегi барды жинақтап, Алланың аманатына бас қоясың. Тiлеу… тiлеу – соңыңнан ерген бала-шағаның амандығы, ата жұртында жасаған халқыңның ертеңгi күнi. Басқа не қалды. Өмiр бойы айттық, жаздық, алыстық, арпалыстық – бәрi пәс, бәрi зая. Бәрi құрдымға кеткен. Жыла, зарла – елейтiн, ескеретiн ешкiм жоқ”.
“– Сырт көзге аңдала қоймайтын тағы қандай сырқат бар? Егер жаратушы жiберген дерт болса, адамның жазығы қанша?”.
“– Адамның жазығы – моральдық, кiсiлiк қағидаларын аяқ асты қалдыруда. Адамның өзiмен ғана кететiн өзгеше сырқаттың әлде неше атасы бар. Мәселен, булимия – мешкейлiк”.
“– Пәлi, бұл қазақтың ұлттық дертi. Осы бәрiмiзге қатысты”.
“– Бiздiкi дерт емес, хобби. Төңiрегiмiздi тақырлағанша тоймасақ – мешкейлiк деген сол. Яғни, қанағатсыздық. Асай беру, өңешке тықпалай беру”.
“– Сонда сiздiң тойымсыз мешкейiңiз кiм?”.
“– Парақорлық пен сатқындық баянды байлыққа жеткiзбейдi. Үстiнен қалқымай түп тамырынан ұстау керек. Яғни, тақыр таза тонау, түк қалдырмай жалмау. Турасын айтқанда, ақ адал қарақшылық. Төбеңдегi жат жерлiк тажалға шамаң келмейдi, ендi басыбайлы қара бұқараның жарты жапырақ нанын сыпырып ал! Жердiң астын да, үстiн де сатып бiттiң, ендi Алатаудың шыңын қопар, Атыраудың суын сапыр. Қайтсең де әлемдiк алпауыттардың санатына қосыл!”.
“– Мына, бүгiнгi бет алысқа қарағанда, ендi он-он бес жылдан соң қайдан барып шығарымыз белгiлi болып тұр. Сол күнге жете алсақ…”.
“– Жетесiз… Қандай кейiпте десеңiз, қазiрдiң өзiнде айқын емес пе. Бiз бұрын Ресей империясының, әуелде патшалық, кейiнде советтiк, қалай айтсаңыз да, бiр-ақ елдiң отары едiк, қазiр тағы қаншама жұрттың табанына түстiк. Бүкiл әлемдiк, ортақ отарға айналдық!”.
“– Адамзаттың болашағы, кез келген халықтың күш қуаты, прогресс атаулыға – ғылымға және сөз жоқ, мәдениетке байланысты”.
“–Бұл – сенiң оқып жеткен даналығың. Ендi бiреулер физиканы оқымай-ақ, мәдениеттi меңгермей-ақ, саясат – ептейлi, парасатты емес, зорлықшыл, дөкiр саясат арқылы бәрiне жеткен… Сенiң тағдырың тұрыпты, бүкiл елiңнiң болашағын ойыншық қылып…”.
(Осы жерде шарасыз сөзге араласуға тура келдi. Сонда не iстеу керек, ойыншық болып қарап, қол қусырып отыру керек пе?).
“– Бұрынғы дәстүрдi жаңғырту. Бiрақ менiң бар айтарым жазылып қойды емес пе. Немесе жазылып жатыр. Қырық уәзiрге де, патшаға да кезек келедi. Айта-айта өзiмiз де мезi болдық. Құлаққа қыстырған және ешкiм жоқ”.
“– Аға, ерте ме, кеш пе, елге қайтасыз ғой?”.
(Мұқаң) “кiм бiлсiн дегендей қолын жайды да, iлтипатты iнiсiнiң көңiлi үшiн бас изедi”.
“– Ауыл жаққа жыл асырып болса да барып тұрармыз, бiрақ ендiгi өмiр ақыр соңына дейiн шетте өтетiн шығар”.
“– Әйтеуiр жоғалып кетпеңiз”.
“– Мен жоғалмаймын. Тұрмысым да, тағдырым да өз қалауымша болды. Бар жазғаным ел жұртымның алдына жеттi. Қайткенде де айғақ белгiмiз бар. Мен – құзардан тамыр тартқан, дiңi берiк, бұтағы тарбақ, мық емен. Ал еменнiң жасы – мың жыл. Қайда жүрсем де, қандай кейiпке түссем де, қайғыңыз не, қамығуға, көлеңкелi кейiске орын жоқ”.
Бұл сұхбатты М.Мағауиннiң “Талайсыз әңгiмелер” кiтабының “Жұлдыз” журналына ( №2, ақпан, 2009ж) жарияланған нұсқасынан суыртпақтап алған
Б.БУРЫЛАЛТАЙ.