Жаңалықтар

ТОЛҒАУЫ БIТПЕЙТIН ОҚУЛЫҚ ТАҒЫ ЖЫРҒА АЙНАЛДЫ

ашық дереккөзі

ТОЛҒАУЫ БIТПЕЙТIН ОҚУЛЫҚ ТАҒЫ ЖЫРҒА АЙНАЛДЫ

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов өзi бастама жасап, ғаламтор бетiнен блог ашқан соң түрлi сала министрлерiне осы оң үрдiстi жалғастыруға тапсырма берген-дi. Iле-шала интернетке қолы жеткен кез келген адам еркiн мiнбердiң алаңына айналған бұл блог арқылы өзiн мазалаған сұрақтарға жауап алғысы кеп, ашық түрде жолдай бастады. Көңiлге демеу болатындығы да сол, жазып отырған мәселеге қатысты арыз-шағымы мен талап-тiлегiмен басқа емес, тiкелей сол саланың тiзгiнiн ұстаған министрдiң жiтi танысып, жазбаша тiл қатуы. Дегенмен, бiздiң зерделеуiмiзше, блогта көтерген жүгi ауыр, күрделi жайттың көбiне берiлген жауап қанағаттанарлық емес.

“Қайда барсаң да Қорқыттың көрi” демекшi, бiлiм саласындағы күрмеуi қиын мәселенiң шаш етектен екенiн ескерсек, әзiрге бұл ауандағы әңгiмелердiң түгесiлетiн түрi жоқ. Оның денi талайдан тақырыпқа тұздық болып келген – оқулық мәселесiнiң төңiрегiнен аса алмай жүр. Әлi күнге жөнге келмеген оқулықтың жыры министрлiктiң алдынан көсе-көлденеңдеумен келедi. Мәселенки, Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың жеке блогына хат жазған қызылордалық Жанар атты ата-ана “Атамұра” баспасынан шыққан 1-сыныптың “Математика” оқулығының сапасының төмендiгiн ашып айтыпты. “Балаларымызға сапалы бiлiм бергiмiз келедi, бақытымызға, ұстаздары бiлiмдi және оқушыларына жоғары талап қояды. … Шамасы орыс тiлiнен аударылған болуы керек, берiлген шарттары бала емес, өзiмiзге түсiнiксiз. Баладан не талап етiп отырғанын кейде түсiнбеймiн. Сосын амалсыздан ата-ананың түсiнбеген жерiн (!) сұрау үшiн мұғалiмдi кеш ортасында, кейде түнде мазалауға тура келетiн де кездер болады. Бала түсiнбесе, сонда ол оқулықтар кiм үшiн жазылған. Оқулықтар сапасы министрлiк тарапынан тексерiледi ме? Тексерiлсе, қандай шара қолданылады? Неге қазақ тiлiнде бастауыш сынып оқушыларына арналған түрлi қызықты есептер жинақтары, басқа да пәндерден тапсырма жинақтары жоқ? Барлық кiтапшалар тек орыс тiлiнде” деп күйзелiптi. Алайда, баласының болашағына алаңдаған ата-ананың сауалына министрлiк тек баяғы сарынмен жауап қатқан. Ол құлағымызға әбден сiңiп алған жаттанды сөздер. “Бұрын елiмiзде оқулық әзiрлеу және басып шығару iсiнде тәжiрибе, нақты механизм, сондай-ақ, оқулық сапасына сараптама жүргiзетiн ұйым болмағандықтан, оқу әдебиетi сапасының сын көтермегенi рас. Дегенмен, осы жағдайды реттеу мақсатында бүгiнгi күнi сапалы балама оқулықтар әзiрлеу үшiн республикада шығармашылық сайыс негiзiнде бәсекеге қабiлеттi орта қалыптасты” дейдi жаңа технология дамыған заманды өткенмен салыстырып. Десе де, елiмiздiң кез келген саласын, оның iшiнде баспа iсiн де тәуелсiздiк алғанға дейiнгi уақытпен тепе-тең қоя алмаспыз. Бiздiң тынысымыз ендi ашылып, мүмкiндiктерiмiз молаю үстiнде. Бiрақ, егемендiгiмiзге қол жеткiзгелi аттай 18 жылдың жүзi болса да, “баяғы жартас, сол жартас”. Экономикамыз қарыштап, әл-ауқатымыз жақсарып, баспа iсi түрлi заманауи қондырғылармен жабдықталып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болып жатса да, оқулық сапасы көңiл көншiтерлiк емес.

Елiмiз Тәуелсiздiк алғалы берi бары мен жоғын түгендеп, келешек ұрпақ үшiн оқулықты да ұлттық негiзге сай етiп шығаруды көздедiк. Жаңа буын оқулықтарын жазуға байланысты министрлiктен арнайы байқау ұйымдастырылған соң авторлар жатпай-тұрмай “нан” табуға кiрiсiп кеттi. Әу бастан оқулық жазатын авторлардың құрамын бiр ортаға шоғырландырған ұлттық Бiлiм академиясы бұл кезде әжептәуiр тер төктi. Заманның тар кезiнде де бiлiм ошақтарын оқулықсыз қалдырмай, жыл сайын қайта басып шығарып отырды. Әрине, сол кездiң оқулықтарының көбi кеңестiк идеологияның сарқыншақтары iспеттес дүниелердi тықпалағаны рас, әдетте тап қазiргiдей олқылықтар мен кемшiлiктер ара тұра ғана ауызға алынатын. Кiм бiледi, заман бөлекше түрленiп, саясат басқалай орын алған болар сол тұста. Десек те, бүгiнде оқулыққа жауап беру құзыретi Бiлiм академиясының уысынан шыққалы берi мәселе әбден шарықтау шегiне жеттi. Қаншама авторлар сенделiп, жұмыссыз қалды. Әрбiр жекеменшiк баспа жекелеген авторлармен ғана жұмыс iстеу әдiсiне бет бұра бастады. Ал маңдайымызға бiткен бiрлi-екiлi мемлекеттiк баспалар оқулықты тарату мен сату жағын дұрыс жолға қоймай келдi. Сөйтiп, бұдан кейiнгi оқулықтың жай-күйiмен Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанынан құрылған республикалық “Оқулық” орталығы шұғылданатын боп, өз қарамағына алды. Ашылғанына табаны күректей үш жылдан асса да, бұл орталық оқулықты сараптамадан өткiзумен қатар авторлардың айқай-шу мiнберiне айналып үлгердi. Дәлiрегiнде, мектеп оқулықтарын жазуда хас шеберге айналған кейбiр авторлардың “Оқулық” орталығына өкпесi қара қазандай. Бұл тұрғыда бiз газетiмiздiң бетiнде талай сөз еткенбiз.

Естерiңiзде болса, былтырғы жылдың дәл осы мезгiлiнде Парламентте, министрлiкте сырты бүтiн, iшi түтiн оқулықтарға қатысты мәселе күн тәртiбiне қойылып, 200-дей оқулық сүзгiден өтiп, оның 17-сi жарамсыз деп табылған едi. Бұған түрткi болған жайт – Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеуханның 11-сыныпқа арналған “Адам және қоғам” оқулығына қатысты депутаттық сауалы едi. Оқулыққа авторлық еткен мүйiзi қарағайдай ел ағаларының: “Шығыс адамының ойлау жүйесi тұрмыстық, ары кетсе алақандай ауылының қамын ойлаудан әрi аспайды. Батысқа қарағанда шығыс елi ой-өрiсiн кеңейтуге ұмтылар емес. Шығыс елiнде орнаған барлық өркениет батыс елiнiң тiкелей ықпалынан пайда болған” деген мәтiн жолдарын енгiзiп, өрескел қателiк жiбергенi 6 жылдан кейiн ғана су бетiне шықты. Абырой болғанда, бұл оқулықтың керi тәрбие беретiнiне көзi жеткен министр Түймебаев “жарамсыз” деп тапқан-тұғын. Мiне, мұндай олқылықтар бұл бiр емес, көптеген оқулықты парақтағанда кездескен. Ал ендi араға бiр жыл салып, депутат Бекболат Тiлеухан жауырды жаба тоқыған – оқулық мәселесiне қайта мойын бұрды. Бұл жолғы депутаттық сауал бастауыш сыныптарына арналған “Ана тiлi” оқулығына арналды. Депутаттың айтуынша, оқулықта берiлген тапсырмалар күрделi, бала ұғымына сай емес. “Оның үстiне тек хайуанаттар немесе жем-шөптердi оқуға көп назар аударылған. Онда берген мәлiметтерде тым өрескел қателер және өмiрi құлақ шалып көрмеген сөздер толып жүр. Бұл жерде оқулықты құрастырған аты дардай академиктер жас ұрпаққа қазақ тiлiн үйретудi емес, тендерден бөлiнген ақшаны асап қалуды бiрiншi кезекке қойған. Егер бұлай кете берсе, қиналған баласын көрген ата-ана амалсыздан өз баласын орыс мектебiне ауыстыруға мәжбүр болады”, – дейдi ол. Қысқасы, мұндай мәтiндер баланың бiлiмге деген құштарлығын төмендетедi. Олардың бойында ана тiлiне деген жеккөрушiлiк қалыптасуы да ғажап емес дегендi алға тартады. Әлбетте, тек депутаттық сауалнамадан соң ғана сең қозғалатын министрлiктегiлер бұл жолы да сол базынаны кешiп, дер кезiнде тексерудi қолға алатынына уәде бердi.

Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеуханның сөзiнiң жаны бар. Шынында да, бастауыштың оқулықтарын ашып қарасаңыз, бала түгiлi ересек адам түсiне алмайтын мәтiндер, сөз тiркестерi ұшырасады. Кейде сол сөздiң нақты мағынасын ашып, түсiндiремiн деп күйiп-пiскенде өзiң де қара терге түсесiң. Ақыр соңында, өзiнiң ұғымына жат сөздi қабылдамаған бала да түсiнiксiздiкпен дел-құлы жүре бередi. Рас, бастауыштың оқулығында жан-жануар мен шөптiң түрлерiнен асқан мәлiмет жоқ екен. Тiптi, “Алматыкiтап” баспасынан жарық көрген 1-сыныпқа арналған “Ана тiлi” оқулығының өзi “жануарлар мен өсiмдiк әлемiне” көп саяхат жасайды. Мысалы, осы оқулықтың 34-бетiндегi “Тиiн” деген мәтiнiнде: “Тиiн онша қонақжай аң емес… Тиiндер қауымының ынтымақтастық қасиетi осындай…” деген сөйлем бар. Бiр қарағанда, баланың ұғымына ауырлау тиетiн сияқты. Тағы бiр әлсiз жағы – орыс тiлiнен тiкелей аударылғаны байқалып тұр. Өзi әрiптiң оң-солын ендi айыра бастаған бүлдiршiн аңның “қонақжай” еместiгiн айыра ала ма? Әрбiрден соң, тиiндер “қауым” болатындай тiршiлiк иесi – адам секiлдi ме? Айта берсек, осы тектес мәтiн жолдары көптеп кездеседi. Ал осы баспадан жарық көрген “Дүниетану” (авт. Қ.Аймағанбетова, Т.Идилова) оқулығы туралы “Ана тiлi” газетiнде мұғалiмнiң сыни пiкiрi жарияланды. Автор оқулықтағы: “Жануарлар әлемi” бөлiмiндегi “Аңдар” тақырыбындағы “жаңа” атауларға таңданыс бiлдiрiптi. Айталық, “Сиыр, түйе, ит, мысық, сарышұнақ, жылқы, маймыл, пiл және кiшкентай тышқан – мұның бәрi аңдар. Бiрақ бiз оларды жабайы аңдар және үй жануарлары деп атап үйренгенбiз дейдi…. Жәндiктер, балықтар, құстар және аңдар жануарларға жатады….” деген тыңнан түрең салған сөйлемнiң ара-жiгiн ажыратып берiптi. Аз емес, келтiрген мысалдары жетерлiк.

2007-2008 оқу жылында, тiптi одан да бұрын бастауыш сыныптары көбiне “Атамұра” баспасының оқулықтарын оқып келдi. Ал 2008-2009 оқу жылында Алматы қаласының 1-сыныптары өз бағдарламасын “Алматыкiтап” баспасының оқулықтарымен жүргiзедi, өйткенi, бұл баспа тендердi ұтып алды” дегендi мұғалiмдердiң аузынан естiдiк. Содан әдеттегiдей “Атамұраның” оқулығын алдын-ала сатып алып, ерте қамданған ата-ана амалсыздан қайта шығындалуына тура келдi. Не десек те, “Алматыкiтап” баспасының оқулықтары балаларға қиын әрi күрделi. Сол себептен де оқу бағдарламасынан кешiгiп қалып жатырмыз” деген бастауыш сынып мұғалiмдерi баршылық. Әрине, қаншама азапты еңбектiң бәрi авторға емес, баланың бiлiмге деген көзiн ашатын – мұғалiмге ауыр тиетiнi жасырын емес. Мұны мойындаудан қашудың керегi жоқ.

Бiз соңғы кезде сынға ұшырап жатқан “Алматыкiтап” баспасының оқулықтарына қатысты пiкiрлерден соң, аталмыш баспаның вице-директоры Бүбiхан Баратқызымен тiлдесудi жөн санадық.

– Бүбiхан Баратқызы, газет беттерiнде “Дүниетану” оқулығындағы кейбiр кемшiн тұстар айтылып жүр. Бұл әсiресе, үй жануарларының жабайы аңдар қатарына қосылып кетуiне байланысты едi…

– “Дүниетану” оқулығында аңдар қатарына кiрген үй жануарлары кезiнде жабайы аңдар болған. Кейiннен ғана адамдар үй салып, қолға үйреткеннен соң “үй жануары” болған.

– 2008-2009 оқу жылы бағдарламасына енген “Алматыкiтаптың” 1-сынып оқулықтарында түсiнiксiз, шұбалаңқы сөйлемдер көп кездеседi. Мұны жоққа шығармайтын шығарсыз?

– Мысалы, қазiр тәубе дейiк, бiзде ақын-жазушылар көп. Бiрақ бастауыш сынып оқушыларының ой деңгейiне сай жазатындар санаулы. Мұзафар Әлiмбаев бар, ара-тұра Қадыр Мырза Әлi, Оразақын Асқар жазады. Осы бес-алтауы ғана. Ал Ресейде ақын-жазушылар да, тәжiрибелiк орта да көп, қорықпайды. Бiз кейде қомақты қаламақыға тапсырыс беремiз. Соның өзiнде де “баланың ұғымына сай етiп жазу қиын” деп қашқақтайды. Әрине жаңағы санаулы авторлардың шығармаларын кешке дейiн пайдалана беруге болмайды ғой. Сондықтан да ХХ ғасырдың аяғындағы, ХХI-ғасырдың басындағы ақын-жазушылардың шығармаларын да беру керек. Бiрақ осыны кейбiр ата-ана мен мұғалiмдер түсiнбейдi де, “ауыр” дейдi. Оны меңгеретiн бала бар, меңгермейтiн де бала бар. Демек, бүгiнгi заман талабына сәйкес компьютер, интернет туралы материалды да ұсынуымыз қажет. Бiз қашанғы балаға жеңiл-желпi тақырып беремiз деп, оқулықтың мазмұнын таяздай беремiз? Өмiр жылжыған сайын, оқулыққа да жаңалықтар енуi тиiс. Оқулықта түсiнiксiз сөз, сөйлемдер оғаш көрiнгенмен, олар ғылыми негiзi жағынан дәлелденген.

– Сiздер 2008-2009 оқу жылының тендерiн ұтып алдыңыздар ма? Оның себебi, Алматы қаласының бiлiм ұялары аяқ астынан “Алматыкiтап” баспасының оқулықтарын оқуға көштi ғой.

– Негiзi бастауыш сынып бойынша ешқандай тендер болмайды. Бiлiм саласында кейбiр қосымша материалдар бойынша тендер бар. Бiз Бiлiм министрлiгiне барлық оқулықтың макетiн өткiземiз. Олар оған үш ай бойы сараптама жасап, қорытындысын бередi. Кемшiлiгi болса, айтады, түзеймiз. Мысалы, былтыр Астана қаласының 90 пайызы бiздiң оқулықты таңдады. Биыл қалған 10 пайызы тапсырыс бердi. Алматы қаласының 80 пайызы “Алматыкiтапқа” көштi.

– Авторларға берiлетiн қаламақы әжептәуiр ме?

– Жақсы. Бiр баспа қағазына 20-30 мыңнан беремiз. Үкiмет беретiн азын-аулақ қаламақыдан басқа, баспаның өзi оқулықтың сапалы болуына көңiл бөлiп, қосымша тағы төлейдi.

1968 жылдан берi оқулық жазумен шұғылданып келген “Дүниетану” оқулығы авторының бiрi Қазына Аймағамбетова: “Қазақстанда “Жаңа буын” оқулығын берген адаммын. 1997 жылы үздiк деген жетi автордың қатарында Елбасының қабылдауында болдым. Сонда ол кiсi “Дүниетану” оқулығын қолына алып мақтады. Оқулық жазу оңай дүние емес. Оған қойылатын ғылыми талап жоғары. Әсiресе, бастауыштың оқулығын жазу әсте қиын. Баланың жас ерекшелiгiне қарай шағын сөйлем, шағын сөз, тiлi жеңiл, тапсырмасы деңгейлi болуы керек. Мiне, сол қысқа сөз, сөйлем iшiне бос сөз емес, ғылым беремiз. Оқулық теориялық, методикалық, эстетикалық жағынан тәрбие беру керек” деген ойын бiлдiрдi.

Құп делiк. Алайда, бүгiнгi оқулықтар бұл үдеден шығып жүр ме, жоқ па, оны көзi қарақты оқырман да, баспагер-маман да ретi келгенде айтып қалып жүр. Тiптi, Парламенттегi депутаттар да оқулық жазуды ерiккеннiң ермегiне айналдырмау үшiн байбалам салып, министрлiктiң бетiн берi қаратты. Бiлiм және ғылым министрлiгi “қай депутат қайсы оқулықты сынға алады екен” деп жалтақтап қана отырмай, қолданыстағы оқулықтарды жаппай сүзгiден өткiзiп шықса деген ой бар. Әйтпесе, оқулықтың жырына жуық арада нүкте қойылмайтын сияқты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ