Жаңалықтар

“БТА” БАНКIНЕ” ҚАТЫСТЫ ДАУ БӘСЕҢДЕМЕЙ ТҰР

ашық дереккөзі

“БТА” БАНКIНЕ” ҚАТЫСТЫ ДАУ БӘСЕҢДЕМЕЙ ТҰР

“БТА Банкiне” қатысты әңгiмелер желдей гулеп тұр. Әсiресе, Банктiң Директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовтiң шет елге қашуы да әңгiме өртiн одан әрман тұтандыра түстi.

Осыған орай, бас прокуратура брифинг өткiздi. Брифингтi Қазақстан Республикасы Бас прокурорының көмекшiсi Сәкен Ықсанғалиев жүргiздi. Онда қылмыстық iстердi тергеудiң қалыптасқан тәжiрибесiне сәйкес, “БТА Банк” АҚ ұрлау фактiлерi бойынша қылмыстық iс бойынша ҚР Бас Прокуроры Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң, Қаржы полициясы агенттiгiнiң және Iшкi iстер министрлiгiнiң тергеушiлерiнен тұратын арнайы прокурор басшылық ететiн ведомствоаралық тергеу тобының құрылғандығын айтты.

Бұл қымыстық iс “БТА Банк” АҚ Директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасы М.Қ.Әблязовқа, осы банктiң несиелiк комитетiнiң бұрынғы төрағасы Ж.Д.Жарымбетов және өзге де тұлғаларға қарсы Қылмыстық кодекстiң 176 бабымен немесе сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу фактiсi бойынша қозғалып отыр.

21-наурызда аталған тұлғаларға қатысты Қылмыстық кодекстiң 235 бабының 4 бөлiгiмен және 193 бабының 3 бөлiгiмен, сәйкесiнше ұйымдасқан қылмыстық топты құру және заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру фактiлерi бойынша қылмыстық iстер қозғалған болатын.

Тергеу барысында, Әблязов бастаған ұйымдасқан қылмыстық топтың негiзгi қатысушыларын, “БТА Банк” АҚ қаражаттарын ұрлаудың негiзгi нобайларын, қылмыстық топтың iшiндегi рольдердiң жiктелiмiн және ұрлау мақсатында арнайы құрылған фирмалар мен Банктен миллиардтық сомаларға iрi несиелер алған компанияларды анықтады. Тiптi, аталмыш фирмалардың тек бiр тобына ғана 1 миллиард АҚШ долларынан аса сомаға несиелердiң берiлгендiгi белгiлi болыпты.

Биылғы жылдың 12-наурызында Банктiң директорлар кеңесiнiң бұрынғы төрағасы М.Әблязов, несиелiк комитеттiң бұрынғы төрағасы Ж.Жарымбетов, корпоративтiк бизнес басқармасының бұрынғы бастығы В.Ефимов, банктен несие алған Әблязовпен байланысты фирмалар тобының басшысы Б.Кәрiмов және өзге де Әблязовтың сенiмдi тұлғаларына мемлекетаралық iздеу жарияланғаны белгiлi.

Көп ұзамай, яғни 21-наурызда ұрлауға қатысы бар деген себеппен Банк басқармасының бұрынғы төрағасы Р.Солодченкоға да iздеу жарияланды.

Сондай-ақ, “Ехcellent Glide” әуе компаниясы басшыларының да банк қаржысына қол салғаны анықталып, тергеу жүргiзiлуде. 3 жыл бұрын БТА банк оффшорлық компаниялардың бiрiне 3 ұшақты сатып алуға және оны қайта жетiлдiру үшiн 54 млн. доллар несие берiптi. Бұл әуе кемесiмен бiр сағатқа әуеде ұшу үшiн 1 млрд. теңге төленген. Алынған соманы қамтамасыз ету ретiнде оффшорлық компания Банкке кепiлге Challenger 604, ЯК-42Д әуе кемелерiн, Learjet 60-XR әуе кемесiне мүлiктiк құқықты бередi.

Сонымен бiрге, 2007 жылдың 1 наурызымен 2008 жылдың 1 наурызында Басқарма төрағасы Р.Солодченко арқылы Банк пен “Авиакомпания “Excellent Glide” АҚ (қаржы лизингi келiсiм-шарты бойынша әуе кемесiн кейiнара сатып алу құқығымен иелену және пайдалануға алған заңды тұлға) арасында банкке әуе рейстерiн ұйымдастыру және Банк қызметкерлерiн қызметтiк iссапарлар кезiнде әуе кемелерiмен тасымалдау қызметтерiн көрсету туралы келiсiм-шарт жасалады.

Алдыңғы келiсiм-шарт бойынша, яғни 2008 жылғы 1 наурыздағы шартқа сәйкес, Банк Әуекомпанияға бiр күнтiзбелiк ай iшiнде 80 кепiлдi сағаттан кем емес ұшуды төлейдi, оның бiр ұшу сағаты 1170000 теңге мөлшерлемесi бойынша 93 600 000 теңгенi құрайды екен. Кепiлдi сағаттан бөлек, Банк әуекомпаниясына әуе кемелерiн пайдаланған әрбiр күнтiзбелiк тәулiк құнын төлейдi.

Ал, 2007 жылғы наурыз бен 2009 жылғы қаңтар аралығында банк Әуекомпаниясының пайдасына 1 959 761 576 (бiр милилард тоғыз жүз елу тоғыз миллион жетi жүз алпыс бiр мың бес жүз жетпiс алты) теңге аударған.

Прокуратура кейбiр БАҚ-да iздеу жарияланған тұлғаларға, Әблязовқа қатысты рейдерлiк әрекеттер мен Банктiң оншақты қызметкерлерiнiң қамауға алынғандығы және банк қызметкерлерiн түрлi қуғынға түсiру туралы тексерiлмеген мәлiметтердi жариялап жатқандығын да айта кеттi.

Бiрақ, қазiр тергеуде анықтаған фактiлер көрсеткендей, бұл бизнесменнiң елдi қалдырып кетуiне нақты бiр себептер болған сияқты. Ол қатардағы қылмыс немесе ұрлық жасады, бiрақ оның көлемi елеулi болғандықтан, оның сыртқа кетуiне тура келдi. Өйткенi, ол, яғни Әблязов өз әрекеттерiнiң ашылатындығын бiлмеуi мүмкiн емес дегендi айтады.

Банктен ештеңемен қамтамасыз етiлмеген iрi несиелердi беру арқылы өз пайдасына ақша қаражаттарын ұрлау бойынша әрекеттерiнiң жақын арада бетi ашылатынын бiлмеуi мүмкiн емес едi. Тергеу тобы келтiрген мәлiметтерге сүйенсек, аталмыш тұлғалар ұрлаған ақша қаражаттарының қомақты бөлiгi, банктiң мыңдаған салымшыларынан жасырын түрде ел аумағынан сыртқа шығарылыпты.

Брифингте тергеу тобының бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кереғар қоғамдық пiкiр туғызатын жалған мәлiметтердi таратушылардың бар екендiгiнде ескертiп өттi. Бұл әрекеттердiң құқыққа қарсы, қоғамдағы тұрақтылыққа қасақана қауiп туғызушы және мемлекет мүддесiне нұқсан келтiрушi деп баға бердi.

Қазiр Әблязов бастаған топтың қайда жүргендiгi белгiлi болды ма деген журналист сауалына, олардың алыс шет елде жүргендiгi туралы ғана ақпаратты жеткiздi. Бiрақ, тергеу тобының қазiргi уақытта Әблязовтың қылмыстық нұсқауларын орындаушылардың әрқайсының ролi анықталып жатқандығын, тергеу барысында ол тұлғаларға қатысты заңға негiзделген iс жүргiзiлетiндiгiн де айта кеттi.

Сондай-ақ, қазiр банк қызметi ешқандай шығынға ұшыраған жоқ, қалыпты жұмыс iстеп жатыр.

Әблязовқа қатысты қылмыстық iстер бойынша тергеу әлi жалғасып жатыр. Оның барысы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының жеке бақылауында болады.

Гүлзина Бектасова