Жаңалықтар

ДЕЛДАЛДАРДАН АРЫЛУ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

ДЕЛДАЛДАРДАН АРЫЛУ ҚАЖЕТ

Көктем шыға қарбаласқа толы тiрлiк басталатын егiс алқаптарында ендiгi жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Қаражат тапшылығын жылда сезiнетiн ауылдағы ағайынға мемлекеттiк көмек әрi жеңiлдiк ретiнде биыл да қаражат бөлiнбек. Аталған қаржыны ысырап етпеуге қатысты Күрiшбаевқа арнайы тапсырма берген Мәсiмов несие мен ауылдағы ағайынның ортасында жүретiн делдалдардан арылу керектiгiн айтты.

Үкiмет Үйiндегi отырыста Мәсiмов Ауыл шаруашылығы министрлiгi мен “Қазагро” ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өсiрумен айналысатын ағайынға мемлекеттiк көмек ретiнде бөлiнген қаражаттың, яғни, несиелердiң кедергiсiз жетуiн қадағалауды тапсырды. Алдын ала жасалған болжамдар бойынша, үстiмiздегi жылы әлемдiк нарықтағы мұнай бағасы 40 АҚШ долларының төңiрегiнде болмақ. Үкiметтiк отырыста 2009-2013 жылдарға арналған бюджет құрамындағы әлеуметтiк-экономикалық тұрғыда дамуына арналған нақты болжамын көлденең тартқан ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов “ҚР “2010-2011 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы” заң жобасы мен ҚР Президентiнiң “ҚР Ұлттық қорындағы қаражаттың 2009-2010 жж. мақсатты бөлiнуi туралы” Жарлығының жобасын көпшiлiк талқысына ұсынды. Министр мырза қаржылық дағдарыстың ушығуы салдарынан бәсеңдеп қалған әлемдiк экономика қарқыны мен тұтынушылық сұраныстың күрт азаюынан халықаралық нарықтағы қазақ экспорты (мұнай, газ, металл т.б.) бағасының өспейтiнiн жеткiздi. Оның айтуынша, 2009 жылы мұнайдың бiр баррелi 40 долларға жуық болмақ, ал 2010-2013 жылдары — 50 доллар көлемiнде. “Металдардың халықаралық бағасы 2009 жылы шамамен, 30-40 пайызға төмендейдi, 2010-2013 жылдары орташа есеппен алғанда, 8-10 пайызға өседi” деп мәлiмдеген министр үстiмiздегi жылдың соңына қарай елiмiздегi инфляция деңгейi 11 пайыздың төңiрегiнде болатынын, есесiне, 2013 жылдың соңына қарай 5,5-7,5 пайызға төмендейтiнiн көлденең тартады. Ал нақты жалпы iшкi өнiм өсiмi биыл 1 пайызбен шектелмек. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 1,7 пайызға аз. Көрсеткiштердiң төмендеу себебi өндiрiстiк өнiм қарқынының бәсеңдеуiнен, қызмет көрсету мен құрылыс нысандарының азаюынан. Сұлтановтың сөзiне қарағанда, 2013 жылы жан басына шаққандағы ЖIӨ көлемi 10 882 АҚШ долларына тең болмақ.

Экономикалық көрсеткiштердiң деңгейi отандық ауыл шаруашылығы саласының қауқарына тiкелей байланысты екендiгi белгiлi. Сұлтанов сөзiн аяқтасымен, Мәсiмов ауыл шаруашылығы министрi Күрiшбаев пен «Қазагро»-ға ауылдағы жердi емген ағайынның қалтасына мемлекеттiк жеңiлдiк пен көмек ретiнде бөлiнген несиелердiң кедергiсiз әрi дер кезiнде табысталуын қатаң қадағалауды тапсырды: “Маған жеткен деректерге қарағанда, мемлекеттен бөлiнген қаражат алдымен «Қазагро»-ға, одан ары, тауар өндiрушiлерге жететiн көрiнедi. Тауар өндiрушiлер содан кейiн барып шағын шаруа қожалықтарына бередi екен. Сонда қаражат құны 20 пайызға өсiп шыға келедi. Демек, осының арқасында iрi тауар өндiрушi шағын шаруашылықтардың несiбесiне қол салады. Осыны тәртiпке келтiру керек”. Министрлiк тарапынан түскен деректерге жүгiнсек, үстiмiздегi жылы көктемгi егiс жұмыстарын жүзеге асыру үшiн 130 млрд. теңге қажет. Мемлекеттiк несие ретiнде, әрине. Күрiшбаевтың айтуынша, 103 млрд. теңгесi «Қазагро» арқылы бөлiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ