Жаңалықтар

НАУРЫЗ ДАҒДАРЫСҚА ТӨТЕП БЕРДI

ашық дереккөзі

НАУРЫЗ ДАҒДАРЫСҚА ТӨТЕП БЕРДI

Наурыз жаңғырғанннан берi Қазақ жаман болған жоқ. Бәлкiм, бастапқыда сәл дарақылыққа салынып, Наурыздың жөнi осы екен деп, ас та төк ысырапқа жол берiп, Наурызды бiр, екi, тiптi үш айға созып жiбергенiмiз болмаса, бертiн келе, Ұлы Күн оңы мен солын ажыратып алды.

Жетiсу жұрты биылғы Наурызға тым жақсы дайындықпен келiптi. Бастысы әуелi облыс орталығы, басқа да елдi мекендер сенбiлiгiн өткiздi, қала мен дала тазарды.

Бар ағаштар ақталып, күл-қоқыстың көзiн құртыпты. Наурыздың сәл-ақ алдында ақ ұлпаға оранған Талдықорған Күн мен Түннiң теңелуiне екi күн қалғанда Күн шуағына бөленiп сала берiптi.

Ал, жыл басы Жетiсу жерiн мүлдем жаңартып та, жайнатып та жiбердi. Облыс әкiмi Серiк Үмбетов республиканың белдi басылым өкiлдерiн Ұлы тойға жинауды дәстүрге айналдырған. Онысы “Сендерден бөлiп алатын дәнеңе жоқ, тойды бiрге атап өтейiк” дегенi.

Ел алдына шыққан әкiм баяндама жасаған жоқ. Екi ауыз сөзбен құттықтап, баршаға бақ-береке тiледi. Әкiмшiлiк ғимараты алдында бәрiмiз әр ұлт пен ұлыстың салт дәстүрiмен, қолөнерiмен, дастарқанымен танысудың тағы бiр мүмкiндiгi туды. Әдеттегiдей, әр мекеме қазақтың Ақ үйiн тiккен, дастарқанын молынан жайған, құтты қонақ етуге ынтық. Түгел аралап келемiз. Мiне, Ардагерлердiң үйi, Денсаулық сақтау департаментi, Қазтелеком, Балабақша, I.Жансүгiров атындағы университет. Әзiрлiктерi тәп-тәуiр. Ән мен биден шашу шашып, өнерлерiн көрсетедi.

Үй-үйдi аралап жүрiп, орталық саябаққа да енiп кеткен екенбiз. Серiк Үмбетов бәрiмiздiң қолымызға күрек ұстата қойды. Тағы бiр жақсы үрдiс. “Түркiстанға” шырша бұйырған екен. Құтты орнына қондырдық. “Мәрмәр тас қойып, қай көшет қай басылымдыкi екенiн айырып, белгi саламыз” дейдi облыс әкiмi. Ағаштарыңа көз қырларыңды салуды ұмытпаңдар, су құйып, баптай жүрiңдер дегенi де.

Сол күнi Жетiсу өңiрi ат шаптырып, бәйгесiн бердi.

Күллi әлем “дағдарыс” деп басы ауырып жүрген кезде, бiздiң Наурыз сол кеселге осылай төтеп берiп жатты…

Ғалымжан Мелдеш