ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕНIМIЗ НЕ?
ДЕМОКРАТИЯ ДЕГЕНIМIЗ НЕ?
Халықаралық саясатқа жиi қалам тербеп, әлемдiк саяси сахнаның тыныс-тiршiлiгiнен оқырманды барынша хабардар етiп отыруға тырысатын “Түркiстанның” бүгiнгi қонағы – АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi Ричард Хоугланд. Редакциямызға арнайы хабарласқан елшi мырза: «Демократия ұғымы мен Қазақстандағы демократиялық құндылықтардың сақталуы туралы айтарым бар» дедi.
Ричард Хоугланд, АҚШ-тың Қазақстандағы төтенше және өкiлеттi елшiсi: – Мен деморактия туралы, оның қандай құбылыс екендiгi және қандай құбылысқа жатпайтындығы жайлы пiкiрiмдi бiлдiргiм келедi. Ағылшын тiлiндегi “democracy” – грекше “demos”, яғни, “халық” деген ұғымды бiлдiретiн сөз. Ол белгiлi бiр деңгейдегi әлеуметтiк топты, билiктегi элитаны немесе халықтың қуатты және бай бөлiгiн ғана емес, бүкiл халықты қамтиды. Қарапайым тiлмен айтсақ, демократия – халықтың үнi. Оның мағынасы – кез келген мемлекеттiң халқы өз пiкiрiн бiлдiру мақсатында, елдегi билiк тiзгiнiн қолға алатын үкiметке дауыс бередi. Бұл – жай ғана тобырдың қалауы не дауысы емес. * * *Демократия – азшылықты қанаушылық болып табылмайды. Ол белгiлi бiр топтың дауысымен де шектелмейдi. Керiсiнше, демократия – ел азаматтарының кеңесу, бiрiгiп iс атқару, бiр бiрiне қол ұшын беру және ымыраға келу жүйесi. Басқаша айтқанда, әрбiр мемлекеттiң кез келген азаматы өзiнiң жеке басының және бүкiл елдiң аман-саулығы мен өсiп-өркендеуiне жауапты. Аталған жауапкершiлiк ауылдағы қарапайым жұмысшы не диқан болсын, ұстаз бен ата-ана, дәрiгер мен кәсiпкер, әйел мен еркек, жергiлiктi шенеунiк пен билiк биiгiндегi жоғары лауазымды тұлғаға бiрдей тән. Олардың барлығы бiр бiрiне құрметпен қарап, бiр-бiрiнiң уәжiне құлақ асып, көпшiлiк мүддесiне ортақ келiсiмге келiп отырады. Демократия – елдегi тыныштық пен ауызбiршiлiктiң шарықтау шегiн бейнелейтiн көрiнiс.
* * *Қазақстан топырағына аяқ басқанға дейiнгi Орта Азиядағы дипломатиялық қызметiмде мемлекет басшыларының кейбiреулерi маған: “Бiздiң азиялық екенiмiздi сiз түсiнуге тиiссiз. Бiздiң ой-санамыз бөлек. Бiзге сiздiң демократияңызды таңу мүмкiн емес. Бiз өзiмiздiң тарихымызды, салт-дәстүрiмiздi құрметтеуiмiз керек” дейтiн. Мұндай уәждерге менiң тарапымнан әрдайым берiлетiн сыпайы жауап: “Демократия – елге, оның халқына күштеп таңылатын идеология емес. Кейбiрлердiң демократияны қара күштiң қысымымен енгiзуге болады деп ойлауы – жаңсақтық. Демократия өзi бiртiндеп дамиды, ол әрқашан халықтың тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрiн құрметтейдi”.
* * *Осы орайда, мен демократияның Азия аймағында өркен жаюы әбден мүмкiн екендiгiне ерекше тоқталып өткiм келедi. Жапония, Оңтүстiк Корея, Индонезия, Филиппиндер және Үндiстанға мысал ретiнде назар аударайық. Аталған мемлекеттердiң барлығында да демократия қағидалары жүйелi әрi нәтижелi түрде жүзеге асырылып жатыр. Маңыздысы, осы азиялық елдердiң әрқайсысында демократиялық құндылықтар сол елдерге ғана тән ұлттық құндылықтарына қарама-қайшы келмейдi, керiсiнше, олардың тарихы мен салт-дәстүрiнiң жарқын көрiнiсi болып табылады.
* * *Демократияға қатысты мәселелердi жаңсақ ұғынатын кейбiр азамат “АҚШ-тың демократиялық ұғымдар туралы түсiнiгi Вашингтонның ашық немесе жасырын түрде кейбiр елдердiң оппозициялық партияларын немесе жеке тұлғаларын жергiлiктi билiктi құлату мақсатында қолдауымен шектеледi” деп ойлайды. Ал кейбiр дереккөздердiң аса белсендi түрде жүргiзетiн үгiт-насихаттарына сүйенсек, Құрама Штаттар белгiлi билiктегi үкiметтерге қарсы түрлi-түстi төңкерiстердiң ұйымдастырушысы болып шықты. Бұл тұжырымдардың ешқайсысы бүгiнгi күнгi немесе тарихи шындыққа сай келмейдi. Аталған “түрлi-түстi төңкерiстер” коррупцияға белшесiнен батқан үкiметтердiң сайлау қорытындыларын бұрмалап, халыққа өз көзқарасы мен ұстанымын еркiн бiлдiруге жағдай жасамаған, мүмкiндiк бермеген елдерде орын алды.
* * *АҚШ-тың оппозициялық саясаткерлерге көңiл бөлiп, олармен қарым-қатынас жүргiзетiнiмiз рас. Бұл – диломаттардың жұмысы. Бiрақ оппозиция басшыларының жеңiске жетуi үшiн, ең алдымен олардың және олар басқаратын саяси партиялардың қолдаушылары мен азаматтардың көңiлдерiнен шығатын және көпшiлiкке пайдасын тигiзетiн өзiндiк саяси тұжырымдамалары болу керек. Егер аталған тұжырымдаманы жүзеге асыра алмаса, жеңiске жетпейдi, ал АҚШ-тың ешқандай ашық, немесе жасырын қолдауы олардың жеңiсiне кепiл бола алмайды. Өйткенi, демократия – халықтың қалауы мен үнi.
* * *Құрама Штаттар демократияны және демократиялық құндылықтарды көксеген тұлғалар мен олардың демократиялық қозғалыстарын қолдауды жалғастыра ма? Әрине! Себебi, бұл бiздiң – мұратымыз! Бiрақ ең маңыздысы – мұрат пен идеологияның ара жiгiн ажырата бiлу. АҚШ алға қойған мұратына жету үшiн бар күшiн салады, алайда, идеологиясын күштеп таңу мақсатында қастандық жасаудан аулақ. Сонымен қатар өз басым кейбiр жеке тұлғаларға және олардың қозғалыстарына қарсы жүргiзiлетiн орынсыз және ақылға сыймайтын iс-қимылдарға, олар анық дәлелденген жағдайда қарсы тұрамын.
* * *Қазақстандағы азаматтардың кейбiрi кейде “Қазақстан – демократиялық ел ме, жоқ па?” деген сауалға қатысты пiкiрiмдi бiлуге құмартады. Бұл – мен үшiн нақты жауапты талап ететiн күрделi сұрақтардың бiрi. Өйткенi, демократия – процесс. Ең бастысы, мен Қазақстандағы демократияға баға беруден бұрын сараптауды объективтi шынайылыққа сүйене отырып жүргiзгiм келедi.
Қазақстан демократиялық құндылықтардан тұратын құрылымдары бар, демократиялық талаптар толық сақталатын мемлекет пе? Сiрә, бұл сұраққа жоқ деп жауап берген орынды болар. Есесiне, Қазақстан демократияға бастайтын жолға түскен мемлекеттердiң қатарында. Не себептi? Өйткенi, менi бiрге жұмыс iстеп, әкiмшiлiктерден үйлерiн жылу және ыстық сумен қамтамасыз етудi, немесе ақысын алдын ала төлеп қойған пәтерлерiн уақытында пайдалануға берудi талап ететiн жергiлiктi азаматтар толғандырады. Менi адам құқықтарын қорғауға ынта бiлдiрмейтiн жоғары лауазымды шенеунiктерге жол тауып, өздерiне көңiл аудартып, талаптарын қанағаттандыруға қол жеткiзетiн азаматтар толғандырады. Жергiлiктi билiк өкiлдерiмен қоян-қолтық араласа отырып, түйiндi мәселелердi бiрге шешуге ұмтылатын азаматтар – жүзеге асырылып жатқан демократиялық құндылықтардың нағыз өзi. * * *Мен Қазақстанның демократиялық жолда келе жатқанын батыл айта аламын. Себебi, мен халық пiкiрiнiң әр-алуандығын бейнелейтiн және түрмеге қамап тастайды деп қорықпай, көзқарастары мен пiкiрлерiн ашық талқыға салатын жеке азаматтардың, бейресми, үкiметтiк емес ұйымдар мен мемлекеттiк органдар қатарындағы мекемелердiң әлеуметтiк белсендiлiгiне таң қаламын. Мұны да мен демократияның жарқын көрiнiсi деп бiлемiн.
* * *Қазақстанның демократиялық құндылықтарды жетiлдiруге ден қойғанын мен ҚР Премьер министрiнiң интернетте ашқан блогы арқылы ел азаматтарымен диалог жүргiзуге деген ынтасынан көремiн. Сонымен қатар ол басқа министрлердi де халықпен байланыста болудың оңай жолы – блогтар ашуға шақырды. Әрине, кейбiреулер оны өте тиiмдi ұйымдастырылған PR, үгiт-насихат әрi қоғамдық қатынастарды ұйымдастырудың ұтымды әдiсi деп атайды. Бiрақ соған қарамастан, мен мұны демократияның жарқын көрiнiсi деп атар едiм.
* * *Маман ретiнде кеңес беру құқығына ие болсам, мен Қазақстанның демократияға ұмтылған келесi қадамын кез келген демократиялық мемлекеттiң ұзақмерзiмдiк өркендеуiн қамтамасыз ететiн қажеттi құрылымдарды құрумен байланыстырар едiм. Мысалы, олардың бiрi сайлауға саяси партиялар, үкiметтiк емес ұйымдар және әлеуметтiк қозғалыстардың түгел атсалысуын қамтамасыз ететiн шынайы тәуелсiз сайлау комиссиялары бола алар едi. Әрине, партиялар мен саяси қозғалыстардың процеске жауапкершiлiкпен араласуы – басқа әңгiме. Азаматтардың партия мен үкiметтiң емес, халықтың алдында жауапты рөл атқаруы – демократияның тағы бiр белгiсi.
* * *Келесi мақсат ретiнде заңның үстемдiк құруын қамтамасыз ететiн ашық және толығымен тәуелсiз сот жүйесiн орнату бағытында жылжуды атауға болады. Менiң елiмде тәуелсiз сот жүйесi заңдылық басымдығының негiзiн құрайды. Бiздiң саясаткерлер немесе шенеунiктерiмiз заң бұзса, ерте ме, кеш пе, бiздiң сот жүйемiз оларды құрықтайды. Мұндай жағдайда, әлгi адамды заңды түрде жазаға тартылудан арашалап алуға үкiмет те, саяси партиялар мен басқалар да дәрменсiз. АҚШ тарихында заң бұзған әкiм, губернатор, конгрессмен (парламент мүшелерi) және президент кеңесшiлерiнiң түрмеге қамалған жағдайлары кездескен. Шынайы демократияда заңнан жоғары, заңнан күштi адам жоқ.
* * *АҚШ президентiнiң арнайы өкiлi лауазымында менiң ең маңызды мiндетiм – екi елдi бiрдей қызықтыратын барлық мәселелер төңiрегiнде Қазақстан Үкiметiмен бiрiгiп жұмыс атқару. Құрама Штаттар елшiсi ретiнде менiң мiндетiм – барлық мәселелердiң тепе-теңдiгiн сақтау. Мен осы iстi жүзеге асыра отырып, өз елiмнiң демократиялық құндылықтарын үнемi есте сақтап жүрмiн деп сенемiн.
Дайындаған Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ