Жаңалықтар

“БIЗ ҚАНДАЙ МҰРАДАН БАС ТАРТАМЫЗ?”

ашық дереккөзі

“БIЗ ҚАНДАЙ МҰРАДАН БАС ТАРТАМЫЗ?”

Наурыз — Жаңа күнмен бiрге табиғат та жаңарып, қайта жасара бастады. Болмысынан тамырлы топырақтағы құбылыстарды әлдебiр түйсiкпен сезiнетiн адамдар да iштей түлеудi тiлейтiндей. Өзгермей, сол қалпы тұрған қоғам ғана.

Тәуелсiздiктi төбеден түсе қалған Тәңiр сыйындай қабылдауды доғару керек. “Қазаққа тәуелсiздiктi тағдыр ғайыптан сыйлады”, немесе “Қазақтың пейiлiне бере салды” деген қоғамдық ойдан өткен керi итерер кесiр идея жоқ бүгiнде. Неге? Өйткенi еңбексiз, ащы маңдай терсiз келген игiлiктiң пенде шiркiнге қадiрi болмаған. Оңай қолға түскен игiлiктен айрылу да оңай дегендi санаға сiңiру ме?

Осындайда тарихшы ғалымдардың тәуелсiздiк идеясын тұғырлы тұжырымға айналдыруға сiңiрер еңбегi ерен болуы керек едi. Осы газеттiң бетiнде “тарихымыз түгенделмей жатыр” деген ой айтылғанда, жеке еңбегiмiз еленбей қалды деп ренiш бiлдiрген ағаларымыз болған. Мәселе бiр дәуiрдiң немесе бiр адамның тарихта болған елесiн қалпына келтiрiп суреттеу емес, қазақтың Дәуiрлерде кеткен есесiн түгендеуде! Сонау “қазақ” деген атау пайда болған 14-ғасырдан берi талай нәубет пен жаугершiлiктi, соғыс пен қырғынды көрген қазақ ТӘУЕЛСIЗ ЕЛ болуға ұмтылмады ма, күреспедi ме? Жетi ғасырға жалғасқан тәуелсiздiк күресiнiң шежiресiн жасап, идеологиясын сараптап, ұраны мен ұстанымын бүгiнгi қазаққа жеткiзу — тарихшылардың қолынан келе ме, келмей ме? Жекелеген рулардың шежiресiн қалпына келтiруден аттап өтiп, тұтас ел мүддесi тұрғысынан ойлай аламыз ба? Әр рудың биi мен батырын, байы мен сұлтанын түгендегенше, бүгiнгi тәуелсiздiкке қазақ қалай жеттi, қандай соғыста қан кештi, қандай қырғынды бастан өткердi деген оқиғаларды суреттеп, халықты сол қырғындардан, сол соғыстардан аман алып шығып, тәуелсiз ел болуға деген сенiмiн жоғалтпай, үмiтпен алға жетелеген Тұлғаларды елдi ұйыстыру тұрғысынан насихаттамай аламыз ба, жоқ па?

Теңге алғаш шыққан жылдар есiмiзде. Нұрсұлтан Назарбаев ел басшысы ретiнде ұлттық валютаны теледидар арқылы халыққа таныстырып, әртүрлi номинациядағы теңгелердi экран арқылы көрсетiп отырғанда, саусақтарында болмашы дiрiл барын байқадық. Сол қобалжу, iшi-бауырыңды қалтыратқан дiрiл экранның қалың әйнегiнен өтiп, бергi жақтағы көрерменге де берiлген. Бойындағы ата-баба қаны “мен — қазақпын!” деп атойлаған әрбiр адам осы iшкi дiрiлдi сезiнген болар-ау сол сәт. Бұл — көршi мемлекеттiң ақшасынан тәуелсiз болу емес едi, бұл — ұлттығымыздың мақтанышына айналуға тиiстi, өз алдына дербес ел болған ҰЛТ екенiмiздi айшықтайтын сәт едi!

Бiрақ… сол айшықты сәт, сол болымсыз ғажайып дiрiл тағы да сананы жайлаған улы ойлармен былғанды. 1 теңгелiкке бабамыз әл-Фарабидың суретiн салып, одан кейiн Сүйiнбай, Жамбыл, Шоқан, Абай, Абылай хан, Әбiлқайыр хан бейнелерi таңбалана бастағанда, ұлт тәуелсiздiгi үшiн әр салада күрескен тарихи тұлғаларды бөлiсе алмаған алаңғасарлығымыз ақыры 500-ден былайғы “теңгенiң” бәрiне тек әл-Фарабидiң суретiн салу туралы шешiм қабылдауға мәжбүр қылды.

Себебi… осы тарихи тұлғалардың теңге бетiнде бейнеленуiнен де рулық бөлiнiстiң iзiн iздегендер табылды. “Теңгенiң бетiнде ана “жүздiң” өкiлдерi “қаптап кетiптi”, мынау — ана “жүздiң”, мынау — мына “жүздiң” адамы” деп ойымыз — онға, санамыз — санға бөлiндi. Қайран, Абылай хан, қайран Шоқан, қайран Сүйiнбай, қайран Жамбыл ата! “Бақа-шаян” деңгейiне дейiн майдаланған ұрпақтарыңыз әрқайсыңызды “Қазақты тәуелсiз ел болуға еңбек еткен ата-бабам” деп бағаламай, есiмiңiздi жекелеген рулар ғана мақтаныш етiп, басқалары сыртқа тебетiнiн бiлдiңiз бе?

Шын мәнiнде, Абылай орта жүздiң ханы болғандықтан, оның жалпы қазақты ұйыстыруға, тәуелсiз ел қылуға деген еңбегiн естен шығарамыз ба? Әлде оның орта жүзден шыққаны — осы топқа жатқызылатын руларды ерекше қасиетке бөлей ме? Әлде осы жүздiң ұрпақтарын өзгелерден ерекшелеп тұратын маңдайларында жарқырап тұрған жұлдызы бар ма? Осы сұрақтар жоғарыда аты аталған тұлғаларды өздерiне ғана “телитiн” жүздер мен руларға да арналады.

Ұлттық валютаның қалай шығарылғанынан там-тұмдап хабарымыз бар. Оны да уақыт қажеттiлiгiнен туындаған, амалсыздықтан жасалған әрекет етiп көрсететiндер жоқ емес. Теңгенiң айналымға шығарылуын кездейсоқтық деп қабылдағандықтан, ол да ұлтты ұйыстыратын идея түрiнде өмiр сүре алмады. Ақыры, былтыр теңгеге мемлекеттiк тiлде жазылған жазуда өрескел қате жiберiлгенде, оны ұлттық намысымызға түскен таңба ретiнде емес, күнделiктi болып жататын тұрмыстық оқиға ретiнде көрдiк те, жылы жауып қоя салдық.

Мұның бәрi әу бастан мемлекеттiк идеологияның сарапталып, бiр iзге түспегендiгiнiң кесiрi. Өткен ғасырлар мұрасынан ненi аламыз, неден бас тартамыз, қай мұра тәуелсiздiгiмiздi баянды етуге себепкер болады, қай мұра елдiң тұтастығына нұқсан келтiрiп, аяқтан шалады? Осы мәселелердi анықтап алмай, бiз әлi оңы мен солын ажыратпаған жас балаға ұқсаймыз. Өйткенi, сырты жылтыр, iшi бұдыр кездейсоқ нәрсеге құмартып, өмiршең идеяларды тани алмай, мемлекетшiл ойларға күйкi тiрлiктiң әуре-сарсаңын араластырып, шатастырып жатқанымыз.

Биылдан бастап 25 қазан Республика күнi ретiнде тойланудан қалады. Тәуелсiздiк күнi ретiнде 16 желтоқсан тойланып, елдiң егемендiк алғаны туралы тарих жаңадан сараланбақ. 25 қазанның Республика күнi деп аталуы кездейсоқ емес қой, осы күнi Егемендiк декларациясы қабылданғанын мектеп оқушылары да бiледi. Ендеше, егемендiк туралы айтылған алғашқы сөздiң қадiрi болмағаны ма?

Жалпы, тәуелсiз мемлекеттiң мейрамдары осы елдiң ұлттық бiртұтастығын насихаттап, егемендiгiн айшықтап, тәуелсiздiгi жолындағы күресiнен хабар берiп тұрса керек-тi. Ал бiз әлi 23 ақпан мен 8 наурыз мерекесiнде стакан соғыстырудан аса алмай жүрмiз. Тiптi, 23 ақпанды 8 мамырмен ауыстырғысы келмей, ақпанның аязды күнiн шампанмен әспеттелiп тойланатын күнiн аңсайтындар да жетерлiк арамызда. Бұл күннiң келмеске кеткен мемлекет армиясының құрылған күнi екенiн естен шығарып, оны ер-азаматтарға құрмет бiлдiрудiң сылтауы деп қарайтындар мемлекеттiк қызмет орындарында да кездеседi. Ал Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күнiн насихаттау неге жолға қойылмай келедi? Әлде Қазақстан армиясының құрылған күнi ұлттық мақтаныш бола алмай ма?

Жаңа жылды қазiргi қазақтар екi рет “қарсы алады”. Әрине, 1 қаңтарды күнтiзбелiк жыл ауысуы деп қабылдайтын барша адамзаттың басындағы күй бұл. “Қытайша Жаңа жыл”, “Үндiше жаңа жыл” деп тойлай берсеңiз, жыл бойы Жаңа жылды “қарсы алып” шығуыңыз да ғажап емес. Мәселе, бiр күндi атап өтуде емес, оның мемлекеттiк идеологиясы мен насихатында. Бақсаңыз, 1 қаңтар мен 22 наурыз Жаңа жылдарын насихатталу деңгейi де, өткiзiлу тәртiбi де — екi бөлек. 1 қаңтар — қытайлық петардалары мен фейервергiмен баршылық пен тоқшылықтың мейрамы сияқты да, 22 наурыз — наурыз көжесi мен алтыбақанымен нағыз қара халықтың мейрамы сияқты әсер қалдырады.

Соңғы кезде 1 қаңтардың “орысшыл” мейрамға айналып келе жатқан астары да байқалады. Осы күндерi отандық теледидардан берiлетiн хабарларды тамашаласаңыз, кiлең “советтiк” идеологияның сүзгiсiнен өткен фильмдердi, қала бердi бүгiнгi орыс ойыны мен әнiн насихаттауға құрылған “шоуларға” тап боласыз. Сiздi қайдам, осы күндерi өзiмiз Тәуелсiз мемлекетте емес, әлi де әлдебiр елдiң боданында өмiр сүрiп жатқандай әсерде қаламыз. Ал осы коммерциялық арналарыңыз Наурыз күндерi тек экран бетiне “шапка” қоюмен, көшелер мен алаңдардан репортаж берумен ғана шектеледi.

Өткеннiң бәрiн сызып тастауға үндемеймiз, әлбетте. “Дәстүрдiң озығы бар, тозығы бар”. Ендеше, мереке-мейрамдардың өзiн тәуелсiздiк идеясы тұрғысынан електен өткiзiп, оларға ұлтты ұйыстыратын оқиға ретiнде қарайтын кез жеттi.

Өткен ғасырдың айтулы революцияшыл тұлғасы Лениндi бекерге мысалға алып отырған жоқпыз. Ғасырларға созылған дәстүршiлдiктi аз ғана жылдарды ысырып тастап, қоғамды жаңа формация белесiне шығарған тарихи тұлғаның “өнерiнен” үйренерiмiз де бар шығар. Ол жүздеген жылдардағы дәстүрдi жойды, ал бiз сан ғасырлық тарихи дәстүрiмiздi ұмытып, бас-аяғы жетпiс үш жылдық “дәстүрден” жирене алмай жүрген жайымыз бар. Не жақсы, не жаманды айырмай, қайда кетiп, қалай бағыт алғанын қоғам бiлiп болмайды. Ал бұл жолда әлдебiр мұрамыздан бас тартып, әлдебiр мұрамызды қалпына келтiру керек.

Гүлбиғаш Омарова