Жаңалықтар

ТҰМСА АҚЫННЫҢ ТҰНБА ЖЫРЛАРЫ НЕМЕСЕ АҚЫН АҒАМЫЗ ӘБIРӘШ ЖӘМIШЕВ ЖАЙЛЫ СЫР

ашық дереккөзі

ТҰМСА АҚЫННЫҢ ТҰНБА ЖЫРЛАРЫ НЕМЕСЕ АҚЫН АҒАМЫЗ ӘБIРӘШ ЖӘМIШЕВ ЖАЙЛЫ СЫР

Өзiмiзден он – он бес жыл бұрын мына жарық дүниенiң есiгiн ашқан ағаларымызға, апаларымызға дән разымыз. Өйткенi, олар өздерiнiң алдындағы көзi ашық жақсы мен жайсаңдарынан ертеде айырылып, көз жазып қалса да, соңынан ерген бiздерге қай саладан болмасын үлкен жол салып берген ұрпақ. Демек, олар өздерiнiң балалық шақтарын құрбан етсе де, кейiнгi ұрпақ бiздерге үлкен өнеге тастап кеткенi ақиқат. Олардың сорына алдарындағы бiлiмдар ұрпақтарды атып, асып, көздерiн жойған. Онысы аздай аштық пен соғыс та қоса қабатталып алқымнан алып, оның үстiне сенiмсiздiктiң қанды шеңгелiне қайта – қайта ұрындырып отырса не дер едiң?!

Сондай от пен оқтың ортасында жүрiп, ғұламалық жолға түскендерi оқулық жазып, ақын-жазушылары ана тiлiмiздiң айшықты сырларын өздерiнiң шығармаларына арқау етiп, ұранды өмiрдiң ұңғысынан тасты жарып шыққан балауса шөптей болашақ үмiтке нәр жүргiзуден танбаған. Бұл бүкiл халықты мәңгүрттiк iндетiнен арашалап алудың бiрден-бiр жолы едi. Бiз осындай ұрпақтардың жасаған оқулықтарынан бiлiм алып, бұрынғы астанамызға, қазiргi бас қаламыз – Алматыға келгенде мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өздерiн үлкен тұтқан ағаларымыздың бар болғаны өзiмiзден он – он бес жастай ғана үлкен азаматтар екенiн көзбен көрдiк. Ал бiздiң балаң ойымызша, олар бұл кезде ақ сақалды, сары тiстi жандар сияқты көрiнетiн. Демек, бiз ойлағандай олар онша егде болмағанмен, бар балалығын құрбан етiп, өздерiнiң алдындағы қырқылып кеткен ақылшы ағаларының орнын басқандай кейiпте көрiндi. Және өздерi қандай бiлiмдi, қандай сауатты, қандай сабырлы, қандай салауатты, қандай табанды едi.

Солардың қатарына оқулық жазбағанмен не қилы жырларымен, не қилы қара сөздерiмен ортақ әдебиетiмiздiң Орта Азия өңiрiндегi биiк нұсқасын жасап, тiлiмiздiң не бiр тылсым сырларын ашқан, ойларын орнықтырып, сөздерiн көрiктендiрiп, тiлiмiздiң мерейiн асыра сақтаған ағаларымыз бен апаларымыз да бар едi.Осы топтың бiрiндей, бiрiндей емес-ау, бiрегейiндей болған ақын ағаларымыздың бiрi осы Әбiрәш Жәмiшев едi.

Бұл кiсi 1928 жылдың желтоқсан айында Қызылорда обылыс, Тереңөзек ауданының Бесөзек ауылында дүниеге келген. Сол аудан орталығынан орта бiлiм алып келiп, осы Алматыдағы қазiргi Әбу Нәсiр әл-Фараби атындағы университеттiң журналистика факультетiн 1956 жылы бiтiрiп шығады. Жазуға қабiлеттiлiгi ертерек танылған Әбiраш ағамызды университеттiң соңғы курсынан-ақ қазiргi ең басты газетiмiз “Егемен Қазақстанға” қызметке шақырады. Бұл аға газетiмiзде Бас редактордың орынбасарлығына дейiн көтерiлiп, кейiн “Қазақ Әдебиетiнде” де 20 жылдай қызмет жасап, мұнда да Бас редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Кейiн “Жұлдыз” журалында да сол орынбасарлығын қайталайды. Өмiрiнiң соңында “Заман – Қазақстан”, “Түркiстан” сияқты республикалық газеттердiң негiзiн қаласып, басшылық қызметтерiн мүлтiксiз атқарысады. Сол еңбектегi үздiк iстерi үшiн кешегi Кеңес одағының тұсында “Еңбектегi ерлiгi үшiн”, “Еңбек ардагерi” медальдарымен марапатталған. Кешегi Кеңес Өкiметi тұсындағы өзiнiң дер кезiнде алған жоғарғы бiлiмiмен баспасөз саласында, әсiресе әдебиет өңiрiндегi баспасөзде тапжылмай қырық-елу жылдай қызмет iстесе де, газет материалдарын жалықпай оқитын еңбекшiл жандар онша көп те емес едi. Сол топтың iшiнде өзiм бiлетiн екi-үшеуiн айтар болсам, оған Жәрдем Тiлеков, Рахметолла Райымқұлов және осы әңгiме етiп отырған Әбiраш ағамыз да бар едi. Бұлар баспасөз маңайындағы өз iсiнен әсте жерiнбейтiн тарланбоздар болатын. Сондықтан маған солардың үздiгiндей көрiнген Әбекеңнiң орны бөлек.

Үшiншiден, бұл кiсiнiң арғы ата-бабалары болып келетiн, кезiнде бүткiл Сыр бойына аты мәшһүр Тапал-ахун деген атамыздың тiкелей ұрпағы – тағы осы Әбекең едi. Жастайынан құлағына Құран сүрелерiнiң әуендерiмен бiрге Шығыстың данышпан шайырларының бәйiттер үнi балаң санасына ана сүтiмен бiрге сiңген жан кiм десеңiздер – тағы да осы Әбекеңдi ауыз толтырып айта аламыз. Оның бұлтартпас дәлелдi нышандарын кейiнiрек айтып өтермiз.

Жалпы бұл Әбiраш Жәмiшев ағамыз жан-жақты бес аспап адам болған десек те, ешкiм таласа қоймас. Оның үстiне бұл кiсi талайлаған сын мақалалар жазған сыншы, әдемi де әсем жырлар жазған алғыр ақын, сонымен бiрге өзге елдердiң мақтан тұтқан ақындарының жырларын төл туындымыздай сайратқан аудармашылығы тағы бар.

Жалпы бұл кiсiнiң әдебиетiмiздегi жоғарғыдай үш саласын бiрдей қамтыса да, ғылыми жолға бармаған, бармақ түгiл ешқандай да әрекет жасамаған. Өйткенi бұл Әбекең өзiнiң бар шүкiршiлiгiмен жыр өңiрiндегi өзiнiң өзектi сырларын қанағат тұтқан. Оның үстiне кешегi Кеңес Өкiметi тұсында әрбiр қазақтың ақын-жазушы, ғалымдарына бертiн келгенше үлкен күдiкпен қарап келгенi тағы бар. Олай болса, мұндай күдiктi жиiрек алдыртатыны ғылыми зерттеу жағы едi, бәлкiм содан да сақтанған шығар, кiм бiлген. Ал жырдағы күдiктiң байқалмайтыны оның көркемдiгiнiң және сылаң қаққан сұлу сөздерiнiң өзiне тән сиқыры болса керек. Содан да болар, балаң жiгiттiң арманы былай болып берiледi.

Өлең жазғым келедi-ақ, өлең жазғым…

Өлең жазсам – ой кенiн терең қазғым.

Құйын мiнез құлан жыр ұстатпайды,

Бұл бейбаққа, апыр-ау, неден жаздым.

Алау-далау көңiлiм алабұртып,

Бiр ойдан соң бiр ойлар барады үркiп;

Ешқайсысын желiге байлай алмай,

Құр тiзгiндi тiстенiп қалам iркiп…

Осы үзiндiдегi нағыз қазақи ұғым және “құлын мiнез құлан жыр” , “желiге…”, “тiзгiн…” атты сөздердiң дәл осы жырға өзiндiк ажар берiп тұрғанына бәрiмiз сүйсiнемiз. Және екiншi жағынан қарапайым ғана ойдың жұп-жұмыр боп түсе қалғанын қайтерсiң. Осының аяғы барып сағынышқа ұласса тiптi жараспай ма:

Сағынышым қысқартып жол орамын,

Жылда осылай ауылға ораламын.

Ырғалады ақ қамыс үпелегi

Жеңешемдей бұлғаған орамалын.

Алабұртқан көңiлмен ала-дала,

Ауыл шетiн аттап ем жаңа ғана:

Сыр талының шыбығын ат қып мiнген

Шауып өттi алдымнан қара бала.

Нағыз қазақи ұғымдағы қағылез жырдың әдемi нұсқасы, яғни өзiнiң барынша қарапайымдылығымен-ақ оқырманға деген сүйкiмдiлiгiн асырып тұр. Болмаса мына бiр шумаққа назар аударайықшы:

Ыстық леп тамырын ұйытқан,

Жатыр ғой бусанып қыраттар.

Төбелер жарау ғып суытқан

Секiлдi сәйгүлiк құр аттар.

Мiне, туған жердiң нағыз ақын қимас сағынышы! Өзi әсiрелеп, өзi ғашық болған мұндай сәттi шумақтар бiздiң Әбекеңде, құдайға шүкiр, жетiп артылады. Және барша ақынның досқа деген көңiлдi тiлегi қандай кiршiксiз:

О, достарым, неткен ғажап бүгiн жер!

Сәуле ойнаған әжiмдi өңi күлiмдер.

Күннiң күмiс шұғыласына боялған

Бұл ғаламның қыз дидарлы гүлiн тер!

Гүл құшақтап, нұр құшақтап күлiңдер!

Мен осыны көру үшiн

Күнмен бiрге оянғам…

Осынау, мол нұр шұғыланың мерейiн,

Бәрiңнiң де жанарыңнан көрейiн.

Бiр жағынан ағынан жарылған бата сияқты бұл тiлектен кейiн өзiнiң Сыр бойының сұлуларын былай елестетедi:

Сүмбiл шашын самал сипап тараған,

Күн шапағын үкi қылып қадаған,

Көз алдымда ғажайып бiр сұлу тұр,

Бүкiл дүние құмарта кеп қараған.

Сағым ойнап бұлықсыған, құлпырған,

Алақанын жайып көкке ұмтылған.

Кербездене бас изесе, ырғалса,

Сыбдырынан сұлу әуез сыр тұнған.

Оранғаны, орамалы ақ пүлiш, –

Саусақтары сыңғырлаған сап күмiс,

Бiздiң елде “Сыр сұлуы” атанған

Осы достар, дән асылы-ақ күрiш… – деп әрi туған жердiң әсемдiгiн, әрi туған елдiң дәндi-дақыл әлемiн алақандағы арудай әлдилей отырып көрсетедi, егде ақынның елжiреген, емiренген ет жүрегiнiң үнiн қандай алғаусыз аяндап, мақтан тұтқан марапатына ұластыруы ғажап. Ендi бiрде ақын елiн сағынған солдат сөзiн былай ередi:

Көк жусанның көңiл ашар иiсiн айт аңқыған!

Қыр төсiнде құйғытады-ау, ойнақ салған тай-құлын…

Шiркiн, менiң салқар белiм, саумал көлiм, сал далам,

Жыр төгiлiп, күмбiрлете күйiн шертiп шалқыған!

Қарап тұрсақ, жоғарыдағы бiздiң оқыған жырларымыздың қай-қайсысы болмасын, бiрiн-бiрi толықтырып жатқан сағыныш суреттерi сияқты немесе өзiнiң туған топырағын аңсаумен жүрген жанның iшкi күңiренiсiнiң қозғалысында тебiрентерi хақ. Ендi бiрде соның бәрi қосылып хормен көне “Қаратау–құт мекенiм” дей келiп:

Қаратау деп жүргенiмiз – шырағы екен елiмнiң,

Оның мынау көктастары – құнары екен жерiмнiң,

Бұлағы екен өнiмнiң, шуағы екен өңiрдiң;

Қаратау деп жүргенiмiз – тұрағы екен өмiрдiң! – дейдi.

Шындығында, көне Қаратаудың бойынан адам жаратылысына қажеттi нендей пәлсапалық ой болсын немесе өмiрiңнiң тұнба берекесiн беретiн қасиет те, әрбiрден соң оның тарихы өзiңнiң арғы ата тегiңнен бермен қарайғы тұңғиық сырды бауырына басып жатқандай.

Менiң жеке өз тұжырымымша, бұл кiсiлердiң қатарын бiзден гөрi әлдеқайда табиғатқа ұқсас мәрттiктердiң “мырзалық ошағы” мол деп бiлем. Содан да болар ағамыз өздерiнiң қатарларын аңсағанда:

Ұшқын атқан көздерiңдi сағындым,

Бүкпесi жоқ сөздерiңдi сағындым.

Аңқылдаған ақ көңiлмен сыр шерткен

Албырт, асау кездерiңдi сағындым.

О, достарым, айта берем қайсысын,

Осы отырған өздерiңдi сағындым… – деуiнде де үлкен мән жатыр. Өйткенi жер бетiнде әрбiр ұрпақ ауысқан сайын адамгершiлiк қалыпқа жататын мәрттiк те, сөзге тұру да қанағат-шүкiрлiк те, уақыт өткен сайын осылардың өңi айналып, тозыңқырап бара жатқандай, екiншi жағынан кейiнгi ұрпақта кемшiн соғып кемиектене кемсеңдеудi көз сатқан сарқыншақтар басып бара жатқандай әсер тастайды.

Бiздiң Әбекеңдердiң осыған орай өз достарының қайсыбiр жалғандықтарынан да бой тартатын сияқты:

Жансың-ау майда сөзге өте жетiк,

Айтпайсың арғы ойыңды төтелетiп.

Қайсың жын, қайсың жалған айыра алмай,

Уақытым алданумен кетедi өтiп.

Қайғы аз ба қаптап шығар бiр бүлiктен,

Ауру ғой алған демiң кiл күдiктен.

Онсыз да қысқа өмiрдi қадiрлемей,

Не болар, қиқаласаң күйкiлiкпен? – дейдi жаны күйiп.

Шындығында, мұндай жандар әрбiр жаны таза адамдардың қасында бiр-бiрлеп емес, тiптi қосақталып жүретiндерi де аз болмайды. Әрине, олардың зорлық-зомбылық, кекетiндi жан әлемдерi кiмдi де болса қатты күйзелтерi хақ. Жанын жәбiрлеген мұндай жандар әсте естен кетер ме, осындайлардың берекесiздiктерiнен ақсамайтын арна жоқ. Тiптi әрбiрден соң ең жоғарғы мемлекет басшыларының маңайынан шығуы да ғажап емес. Егер ол зиянсыз болса жүре берсiн деймiз ғой. Бiрақ солар айналасындағы өзге таза жандардың алдын орап, маңайлатпайтыны қасiрет қой. Сондықтан да олардан былайғы ел iргесiн аулақ салып жүрерi хақ. Ақын тағы бiрде осы тақырыпқа оралып соғыпты.

“Адалмын”, – деп,

“Арлымын”, – деп, айтпайтұғын жан бар ма?

Айтқан мұны баяғыда-ақ, ел билеген хандар да.

Айтқан мұны жалшы ұстап, мың айдаған байлар да.

Саудагер де, алдындағы алушыны алдарда… – деп те түйiндейдi.

Жалпы Әбiраш ағамыздың осындай ой күйзелiсiнен кейiн бiр сәт таза ауамен дем алғандай боп, табиғат жырларына көңiл қояр болсақ, өз-өзiңнен серпiлiп, байып шыға келесiң.

Шығыс жақ тартты сызамық,

Беттегi ерiн iзiндей.

Сәлден соң кеттi қызарып,

Ұялған қыздың жүзiндей.

Алтын кiрпiгi ашылып,

Жамырап сәуле жүгiрдi.

Жүгiрдi,жеттi асығып,

Гүлдердiң шығын сiмiрдi.

Мөп-мөлдiр болды жұтты да,

Еркелей кетiп барады.

Күн сұлу тауға шықты да,

Сүйсiне берi қарады.

Қандай әдемi сурет! Түк әсiрелеу, қоспасы жоқ табиғат жаратылысы. Қайсыбiреулер бiлгiшсiнiп, әсiрелеймiн деп, әсiреқызылдыққа ұрынып, айтар ойынан да адасып қалатындар да болады. Ал бiздiң Әбекең жай ғана:

От жанарлар қадалып,

Әйнектi тесiп өтердей.

Дәл кеше қаңтар жаланып

Борандатқаны бекердей…

…Алма ағаштары майысып,

Ақ бүршiктерге малынған.

Ақ терек белi қайысып,

Ақ кәмар белбеу тағынған… – деп-ақ табиғат суретiн айнақатесiз сала салады және сол бойымен “Алма бағында” қыдырып бара жатқандай әсер тастайды:

Дем алып бiраз келем деп,

Аралап бауды күнде өтем.

Шай көйлегi көлбеңдеп,

Қыдырып қыздар жүр ме екен…

Ыстық қан тулап денемде,

Қызыға ұзақ қараймын.

Жарқ етiп шыға келер ме,

Менiң де сұлу арайлым!?

Жеңгем бе, әлде құрдасым,

Назбенен мойын бұрғандай.

Ағытып алып сырғасын,

Ұсынып маған тұрғандай…

Табиғат пен адам табиғатының аңсары, қазақи қалжыңның желеуiндей жеңгелер мен құрдастардың қымбат бейнесiне ұласып, үлкен ой ауқымның кенересiн кеңiтiп жатқанына куә боламыз.

Өйткенi, түптеп келгенде, бұл жырлар ақынның сонау балалық шақта өз халқымен бiрге тартқан ашаршылық азабының салған азалы жарасының емiндей еркелейтiн сияқты. Әдетте, халқымыз қандай азап болмасын, оны тек уақыт емдейдi, уақыттан артық емшi жоқ деп жатады. Оның да өзiндiк жөнi бар. Егер адам сол тартқан азабының ауқымында езiлiп жүре беретiн болса, не болар едi?! Демек, оған бiр сәт серпiлiс керек. Сол серпiлiс қана адам жанының азабын самал желдей емдейтiн. Олай болса, бiздiң Әбiраш ақынның барша жыры сол жараның табиғи емшiсi десе болғандай. Ендi бiз сол ашаршылық жырына назар салып көрейiк:

Мен туған шақ қиын едi не деген!

Кеуiп жатты мүшкiл, сәби кенезем.

Қаптың түбi қағылғалы көп болған,

Қазан қаңсып, ошақ шыққан кенеден.

Қауын, қарбыз егерлiк те дәрмен жоқ,

Iрiмшiк, құрт құрыған ши өреден.

Жалғыз сиыр әкетiлiп ұйысқа,

Бұзауын да салық үшiн төлеген.

Бiр ұрттам сүт, бiр үзiм нан зар болып,

Қуат кеткен қан мен сөлсiз денеден.

Босағада жатқан кеше тулақ та

Жұтқыншақтан өтiп, әрi жөнеген.

Құйысқан да, жүген, тартпа, таралғы

Үзiлгелi тұрған жанды жебеген.

Әке-шешем айтып кейiн отырса,

Түк қалмапты-ау, сол кезде жұрт жемеген.

Сол сұмдықтан өлмей тiрi қалардай,

Жаным сiрi бала болғам не деген!

Мiне, сонау жылдардағы ашаршылықтың қасiреттi ән-ұраны. Қандай қасiрет, төбе-құйқаңды шымырлататын. Осындай Тажал-Әбжыланның көмейiнен тырбаңдай шығып, аман қалған Әбiраш ағамыздай ақындардың ерлiгiнде шек жоқ қой, шек жоқ. Сол жалпы халыққа келген зауалдан аман қалып, кейiнгi ұрпаққа қасиеттi де киелi жырдың не екенiн ұғындырып кеткен алдыңғы толқын ағаларға айтар алғысымызда шек жоқ. Өйткенi, олар – өздерiнiң бар балалықтарын даналыққа айырбастап өскен ұрпақ. Оларға қашан болсын тағзым етiп жүру бiзге парыз.

Бұл кiсiнiң тағы бiр жақпары – жан жазирасындағы сүйiспеншiлiк арнасы. Әрине өзi ақын болғаннан кейiн оның көзi мен сөзi сұлулыққа, оның iшiнде табиғат сұлулығына, сол табиғаттың жаратқан арулар сұлулығына һәм даналық әлемiне көңiл қойып, жүрек тебiрентпеуi әсте мүмкiн емес. Олай болса, бiз де сол сапарына назар аударайық:

Келемiн қатар жүрiп сүйгенiммен,

Ешбiр сөз оралмайды тiлге мүлдем.

Жүрегiм лүпiл қағып өрекпiсе,

Айрылып қалардаймын бiлгенiмнен,

– деген жыр шумағынан қазақы ойдың құшағына енiп кеткендей боламыз.Шындығы да солай ғой. Әр жерде шашырап жүрген көңiл-күй жырлары, өзiнiң сүйген жарының бейнесiн және оған деген қосағымен қоса ағаратын азамат ықыласы әрқашан да осылай биiктен көрiнiп жатары белгiлi. Бұған өз бауырларынан өрген қызыл гүлдей бес баласының, осындай ата-анасы дегенде жаны қалмай қызмет жасап жатқанының өзi не тұрады. Сөздiң тоқ етерi, өзiмен бәленбай жыл бiрге отасып, осы шаңырақтың, ащы-тұщы азабына бiрдей төзiп, қасиеттi дастарқанның, қала бердi жалпы отбасылық берекесiн тiзгiндей ұстап, өмiрден кеткен сүйген жары – Зейiпке қандай жыр арнаса да жарасымды. Олай болса, бiз де ақынның сол сүйген жарына “Жанарыңнан жас көрдiм” деген өлеңiн оқып көрейiк:

Жанарыңнан жас көрдiм ғой сүйiктiм!

Қай сезiмнiң қармағына iлiктiң?…

Қуаныштың маржаны ма көзiңде,

Тамшысы ма әлде мөлдiр бұлақтың?

Таңғы шық па жапырағында құрақтың?

“Солай болғай?”–деп тiлеймiн өзiм де,

Жүрегiме құйсын нұрын шуақ күн!

Әлде, әлде, қырауы ма ол қапаның?

Неге маған суық тұрып үн қаттың?!

Неге маған суық лебiз тыңдаттың?!

Бұлт шалмасын көңiлiмнiң нұр-шапағын,

Мұңлы жүзбен қарамашы, қымбаттым!

Кiрпiгiне көлеңке кеп қонбасын,

Сәуле болып тұнып қалсын көз жасың!

Жадау тартып гүл дидарың солмасын.

Адам егделенген сайын расында да жан-жарыңнан артық сүйенiшiң, одан артық сенiмдiң, одан артық ақылдасың болмайтыны белгiлi. Олай болса, ер адамның да одан артық ардақтысы болмайтыны ақиқат. Уақыт өткен сайын сондай ардақтының көңiлiне кiрбiң түспесiн деп тiлейтiнiмiз тағы бар. Бұл жырда сондай көңiл-күйдiң берiлгендiгi оқырман көңiлiнен шыққандай деп бiлем.

Иә, ақын айтқандай әлемнiң қос тiрегi жұлдыз бен адам болса, оның да өзiнiң Алла жаратқан тылсым сыры болса керек.

Ендi бiрде сол ақын өзiнiң “Ұят пен Иман” деген жырында:

“Ұят” деген бiр ғана сөз, бiр ғана,

“Иман” деген бiр ғана сөз, бiр ғана.

Ұят керек кәрiге де, жасқа да,

Ұят әрбiр жақсылыққа бастама.

Ұят – сенiң уылжыған жүрегiң,

Адамдықта, адалдықта тiрегiң.

Алдау, арбау улаған бар пейiлiн-

Ұятсызда болмас қайыр, мейiрiм.

Ендеше онда болмағаны иман да,

Имансыздан шығар залым, қуларда.

Ұры-қары, тентек-телi қосылар

Елдi аздырып, тоздыратын осылар, – дейдi.

Демек, ақын өз айналасындағы әлемнiң әрқашанда таза болғанын қалайды және оның асыл ажары ұят пен имандылықта жатқандығын паш етедi.

Жалпы ақын бойындағы адамгершiлiктiң парызындай асыл ойлар, өзiнiң құнарлы өңiрiнен қос құлағы қалқиып, асау өмiрдiң арнасында, өз әуенiн шырқап тұрғандай әсер тастайды.

Тағы бiр айта кетерiмiз сол, бiз оны жоғарыда айтып өткенбiз. Бұл кiсiнiң өскен ұясы да жай шаңырақ болмаған. Арғы аталары қайталап айтамыз, аты барша Сыр өңiрiне мәлiм Тапал – ахунның ұрпағы десек те жетiп жатыр. Демек, бұл кiсiнiң жырларында жастайынан құлағына сiңiстi боп қалған “Құран” аяттарының әсем де әруақты үнi бар. Ол тумысынан ана сүтiмен берiлген қасиеттiң бiрi болса керек, тек бiрi ғана емес бiрегейi десек те артық айтпағанымыз.

Кейiнгi Кеңес өкiметi тұсында, дiни ұғымдағы тәрбиенiң оншалықты кеңiстiкке шыға алмағандығын жалпы жұрт жақсы бiлсе керек. Соның әсерiнен өзiнiң жолын жiңiшкертiп алғанменен, балалық көкiректiң балды қиялында мәңгi өшпестей болып тұрып қалғаны аян.

Соның әсерi болар, кеше ғана бодандықтан құтылып, егемен ел болғалы, баяғы имандылық тәрбиенiң арнасына қайта түскенде, бiздiң Әбiраш ағамыздың екiншi тынысы ашылып аңқылдап сала бергенi. Сонымен бiрге Шығыс поэзиясының шiдерi еркiн ашылып жүре бердi. Бұған дейiн ақын көкiрегi Шәмсәддин Хафиз жырларымен өзiнiң еркiн тынысын алған болса, мына Егемендiктен кейiн Қожа Ахмет Иассауидiң бәйiттерiне құлаш ұрғызады. Бұған қоса “Мұхтасар” сияқты қасиеттi кiтаптардың қазақша сөйлеуiне еркiндiк тиедi. Бiр ғажабы, жоғарғы аты аталған жырлардың қазақша сөйлеуi, ақын көкiрегiнiң байланып қалған сағасын, ажарын ашатын бәрiн барынша баянды етiп жiбергендей.

Сөз соңында айтарымыз, осы “Қазақ әдебиетi” газетiне өзiнiң қаншама жылдарын сарп еткен еңбегi, басқасын былай қойғанда, соның өзi ауыз толтыртып айтарлықтай едi. Олай болса Әбекеңдей ақынның бүгiнде көзi жоқ болғанмен, сексен жылдық мерейтойы тұсында, өз “Қазақ әдебиетiнiң” бетiнде бiр аталып, ағамыздың әруағы бiр аунап түссiн деген ниетпен осы мақаланы берiп отырмыз. Алла разы болсын.

СЕЙФОЛЛА ОСПАН