АДАМИ МӘСЕЛЕНIҢ АСТАРЫ
АДАМИ МӘСЕЛЕНIҢ АСТАРЫ
Отелло…оңбаған емес
Шекспирдiң осы аттас шығармасының iзiмен жазылған “Отелло” атты фильмдi көрмегендер кемде-кем. Соның iшiнде СССР киношеберлерi сонау өткен ғасырдың елуiншi жылдары шығарған лентаны. Алайда кiтапта да, кинотуындыда да Отелло тек бiржақты түрде жексұрын бейне ретiнде берiлген. Ақиқаты солай ма?…
КЕЛIСПЕУГЕ ҚҰҚЫМЫЗ БАР
Егер жоғарыда аталған шығарманың мазмұнына келсек, бiр бiлетiнiмiз, Отелло мавр, яғни араб не бербер (Солтүстiк Африканың байырғы тұрғыны. Авт.) Ол испаннның “моро”, “қара” деген сөзiнен шыққан. Сiрә, өздерiнен гөрi қоңырқай болғасын, солай атаса керек.
Ағылшын авторының (Шекспир емес, оған кейiнiрек тоқталармыз) шығармашылық ой-қиялы Отеллоны христиан билеушiсi етiп көрсетедi. Тiптi есiмi де итальяндық. Дұрысында арабтар мен берберлердiң арасында дәл осындай ат (дiнiн айтпағанның өзiнде!) кездеспейтiн сыңайлы.
Сонымен бұл қайғылы оқиғаның мәнi неде? Отелло өзiнiң жалғыз жұбайы (мынаны айта кетейiк, егер шынымен “мавр” болса, мұсылман билеушi ретiнде ол жалғыз емес, кемiнде төрт (қатынды иеленер едi) Дездемонаны жан-тәнiмен сүйедi. Сүйгендiктен зайыбын қызғанып, күнi-түнi есiнен шығармайды. Алайда қазақ атамыз айтқан: “Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе” деп, Дездемона бiрде оның “көзiне шөп салып” қойыпты. Опасыздыққа налыған, қызғаныштан жаны күйген Отелло сүйiктiсiн буындырып өлтiрдi. Бар болғаны осы.
Жақсы, өлтiруiне қарсымыз. Тiптi соған лайық болса да. Өйткенi берген жанын әркiмнен Аллаһтың өзi алуы тиiс. Бiрақ Отелло жұбайына қасақана емес, күйiнiш сәтiнде аса күштi жан тебiренiсi жағдайында қол салып тұр. Ондайды медицинада қатiгездiкке есептемейдi, адам белгiлi бiр шақта өз әрекетiне өзi жауап бере алмағандықтан, кешiруге болатын жағдай деп санайды. Демек, Отеллоның ондай қылмысқа баруына басты себеп – зайыбының жеңiлтектiгi, қала бердi ұятсыздығы. Рас, Шекспирдiң шығармасында Дездемона өсек-аяңның құрбаны ретiнде суреттелген. Қалай десе де ата-бабамыз айтқандай: “Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды”…
ҚЫЗҒАНУ КҮНӘ МА?!
Еуропалық, бiзге жат, бiрақ өкiнiштiсi сол, қазақтың қанына сiңе бастаған қоғамдық түсiнiк бойынша ерлi-зайыптылардың бiрiн-бiр қызғануы, әсiресе күйеуiнiң қатынын қызғануы мәдениеттiлiкке жатпайды-мыс. Өйткенi ол әйелдiң “еркiндiгi” мен “құқығын” шектейтiн көрiнедi, жұбайы ерiнiң “жеке меншiгi” емес, т.с.с. Заңды сұрақ туады: неге “жеке меншiгi” емес, сонда ол асханадағы тәрелке, қасық секiлдi жұртқа “ортақ” па?! Ер мен әйелдiң бiр-бiрiне қарсы қоймайтын, Аллаһтың бiртұтас пенделерi қарайтын қасиеттi ислам дiнi мұндайды бекерге шығарады. “Күйеуiнiң әйелiнiң алдындағы мiндеттерi” және “Әйелiнiң күйеуiнiң алдындағы мiндеттерi” деген арнайы уағыздарда отбасындағы қарым-қатынас жайы барынша пысықталып, реттелген.
Ол аз десеңiз Мұхаммед ғ.с.с. пайғамбарымыздың 225 хадисiнде былай делiнiптi: “Мынадай үш түрлi адамға Алла қиямет күнi рақым жасамайды: ата-анасын наразы етiп, оларға тiл тигiзгенге; өзiн еркекке ұқсатып (киiнiп және жасанып) алған қатынға, өз қатынын қызғанбайтын, оған қарағысы да келмейтiн еркекке”. Яғни әйелiн орынды түрде қызғанған еркек оның да, өзiнiң де, отбасының да ар-намысын, беделiн қорғайды. Әлiмсақтан белгiлi: әйел азса, ел азады, өйткенi ол жас ұрпақтың анасы, панасы және тәрбиешiсi. Мұсылман елдерiндегi әйелдердiң ашылып-шашылмай, қымтанып жүруi де сол сұқ көз, арам ниеттен сақтау мен сақтанудың амалы…
Тiптi мал екеш мал да қызғанады. Әсiресе төрт түлiктiң төресi -жылқының айғыры өз үйiрiндегi байталға өзгелердi мүлдем жақындатпайды екен. Өзiнен өрбiген үйiрдiң iшiндегi ұрғашы құлындарды да көзiнiң қарашығындай қорғайтын көрiнедi. Жануардың ең асылының осы қылығына ерiксiз қайран қаласың. Ұрғашысын қызғану белгiлi бiр дәрежеде өзге де хайуандарға тән. Тек ит, шошқа және мысықта ондай сезiм жоқ. “Итте бажа жоқ” деген қазақтың сөзiнiң астарын қалай түсiнсеңiз де, өз еркiңiз…
БIРАҚ ТА…
Алайда қызғанудың да қызғануы бар. Сондықтан әйелiнiң басқан iзiн аңдып, кез-келген қылығына, әрекетiне күдiкпен қарауды мақұлдай алмаймыз. Мұндай қызғаныш кейде ер адамды ауыр жүйке ауруына шалдықтыруы мүмкiн. Кейбiр сондай адамдардың тiптi ауру болуы да ғажап емес. Оның үстiне қаншама артынан қалмай, аңдып, тергеп-тексерсең де, көңiлiне “қиқым” түскен пасық ниетiн қалайда жүзеге асырып үлгiредi. Жұбайына ерегiсiп жасаса да, оған қыларың жоқ. Тек қана ажырасу арқылы мәңгiлiкке қоштасасың. Сонан кейiн бұрынғы зайыбыңның жүзiн көрмей кетсең де, саған қояр талабы бола қоймас. Әдетте өзiне опасыздық жасаған әйелдердi күйеулерi көбiне кешiрмейдi. Өйткенi жан жарыңа жасаған опасыздық – Отаннын сатып кетумен парапар. Әркiмнiң өз шаңырағы өзiне шағын Отан екенiн айтып түсiндiрудiң қажетi шамалы…
БҰРЫН
Бұрын шариғатпен қатар, қазақтың салты да ерлi-зайыптылардың бiрi-бiрiне опасыздық жасауына қатал қараған. Сонау 1911 жылы 26 қаңтар күнi “Уральский листок” газетiнде жарияланған “Қырғыздың кәдiмгi құқығы мен халық соты” атты мақаласында Алаш ардақтысы, заңгер Жанша Досмұхамедов былай деп жазған екен: “Әйелiн көңiлдесiмен күнәлi сәтте ұстап алған және қатынын да, оның ойнасын да сол жерде өлтiре салған ерi жазадан босатылады. Шыңғысхан да сiрә, осындай күнәсiмен ұсталғандарды өлiм жазасына кессе керек”. Яғни, қазақтың “Отеллолары” да көңiлдесiмен қолға түскен жұбайының басынан сипамапты…
ҚАЗIР
Жетпiс жыл бойы коммунистiк жүйе қазақтың қара шаңырағын ортасына түсiрiп кеттi. Әйелiн орынды қызғанбақ түгiлi, оның бетiне қарап аузын аша алмайтын, еркек емес, “ерқаралар” пайда болды. Қазiр де қоғамымыздағы отбасылық жағдай кейде қалыпты емес. Неге? Ендiгi сөздi ғалымға берелiк: “Ең бiрiншi, ұлттық тiлге деген көзқарастың оңалмауы, жүйелi тәрбиенiң жоқтығы, озық әдет-ғұрып пен салт-санамызға тиiстi көңiлдiң бөлiнбеуi жастарымызды жалпы ұлттық болмыстан алшақтатып барады. Олардың жүрiс-тұрысы да, киiм киiсi де өзгердi. Жастар Батысқа елiктеп, қалай болса, солай киiнiп, ашылып-шашылып жүрудi, өздерiн қалай болса, солай ұстауды дағдыға айналдырды. Инабаттылықты, ұятты қастерлi қасиеттер деп санайтындардың саны көбеюдiң орнына сиредi.” (Әбдiжәмiл Бәкiр, саясат ғылымдарының докторы. “Жас қазақ”, 15 тамыз, 2008 жыл.). Мiне, сол “инабаттылықты, ұятты қастерлi қасиеттер” деп санамайтындар, яғни “тең құқылықты” желеуеткен кейбiр қазақтың қатындары, қыз-келiншектерi ойына келгенiн iстедi, мансап немесе жақсы тұрмыс үшiн заңды жұбайының көзiн бақырайтып, лауазымды тұлғалармен ойнап-күлiп, күнәға белшесiнен батқан талайлардың болғанын ешкiм де бекерге шығара алмас. Орынды қызғаныш бiлдiрген еркектi партия билетiмен, қала бердi парткоммен қорқытты. Намысы бар азаматтар ондай қосақтарынан ажырасып құтылды, бiрақ олардың өсуiне жасанды түрде кедергi қойылды. Ал қазiргi “демократия” заманында күйеуiн қасақана қызғандырып, оның жүйкесiне ойнағанды “қызықтайтын” орамалдылар да аз емес. Тек солардың “ойыннан от шығатынын” ескере бермейтiнi өкiнiштi.
Бүгiнде жеңiл жүрiстiлерге барлық жағдай жасалған. Ақшаң болса, жалдайтын пәтер дайын, аяқ басқан сайын – қонақ үй. Есесiне ажырасу да жеп-жеңiл. Бұлдайтын партбилет жоқ, парткомдардың баяғыда-ақ қарасы өштi. Он рет үйленiп, жүз рет ажырассаң да, ешкiмнiң сенде шаруасы жоқ. Бiрақ әркiмнiң де Аллаһ пен арының алдындағы жауапкершiлiктен қай дүниеде де құтыла алмайтыны бесенеден белгiлi. Түптiң түбiндегi зауалды ұмытпайық…
СОНЫМЕН…
“Әйел десем, әжекем кетедi” деген, бiз бүкiл жаулықтыларға жала жауып, топырақ шашудан аулақпыз. Ондай ойымыз да жоқ. Дегенмен кез келген отбасының және жұптың татулығы мен бақытының кепiлдiгi – әйелдiң мiнез-құлқы мен парасатына байланысты екенiн айту артық. Орынды да орынсыз қызғаныштың кейде ауыр қылмыстарға себепшi келетiнiн ескерсек, өмiрде Отеллолардың мейлiнше аз болғанын қалар едiк…
АЙТПАҚШЫ…
Көршiлес Ресейдегi Мәскеу университетiнiң профессоры, шекспиртанушы Марияна Литвинова 20 жылға созылған зерттеулерiнен кейiн, “Отелло”, “Гамлет”, “Король Лир”, тағы басқа туындылардың авторы мүлдем Шекспир емес деген тұжырымға тоқтаған. Иә, тап сол XVII ғасырда Англиядағы Лондон қаласында орналасқан “Глобус” театрында Шекспир (дұрысы Шакспир) тектi актер жұмыс iстептi. Бiрақ ол бар болғаны әртiс ғана тiптi өзi әрең-әрең қара таныса керек. Шындығында жоғарыда аталған және өзге шығармаларды “Шекспир” атын жамылып, сол кездегi екi адам: ақын Фрэнсис Бэкон және пәлсапашы граф Ратленд жазыпты. Соңғысы алдыңғы қаламгерден 15 жас кiшi екен. Олардың нелiктен бүркеншiк ныспыға жүгiнгенi әлi күнге дейiн белгiсiз. (“Эхо планеты”, №25-26, 2008 жыл).
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ