Жаңалықтар

ӘШIМОВ “АҚЫН” БОЛЫП КЕТТI, МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ “ЖЫРЫ” ЕНДI БАСТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ӘШIМОВ “АҚЫН” БОЛЫП КЕТТI, МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ “ЖЫРЫ” ЕНДI БАСТАЛДЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысында тойдың болғанынан боладысы қызық едi. Кадрлық ауыс-түйiстiң орын алғанына да аптаға жуық уақыт өттi. “Анау келедi, мынау келедi” деп жүргенде облыстың әкiмдiк тағына Асқар Мырзахметов келiп отырды. Облыстың бұрынғы әкiмi Нұрғали Әшiмов Қоршаған ортаны қорғау министрiнiң тағына барып қонжиды. Әшiмов оңтүстiктен абыроймен кеткендей болды. Бұрынғы әкiмдер секiлдi шу көтерiп кетпедi. Әшiмовтың кезiнде ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар көп болмады. Табиғи апат — су тасқыны орын алды. Көксарай құрылысы басталды. Саябақтарды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргiзiлдi. Кадрлық ауыс-түйiстер жасалынды. Бұл әкiм де өзiнiң айналасына бiрлi-жарым азаматтарды қызметке тартты. Әкiмдiк қызметтi әкесiнен қалған мұрадай көретiн, тау қозғалса да бұл қозғалмайтындай болған Мақтарал ауданының әкiмi Омарбек Нұржановты қызметтен бiр жола аластатты. Әшiмовтың кезiнде бұрын-соңды болмаған оқиғалар орын алды. Кейбiр әкiмдер пара алып, ел-жұртқа масқара болды.

Бұл әкiм бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен тамаша қарым-қатынаста болды. Бұл оның идеологтарының жақсы жұмыс iстегенiн байқатты. Оңтүстiкте БАҚ өкiлдерiнiң саяси “погода” жасай алатындығын қазiргi облыс әкiмi Асқар Мырзахметовтың да ұмытпағаны жөн ғой деп ойлаймыз. Әшiмов қолына қалам ұстаған қаламгерлермен табиғат аясында жиi серуендеп, облыстың экономикалық-әлеуметтiк саласы бойынша ой бөлiсудi де ұмытқан жоқ.

Оңтүстiк Қазақстан облысында қызмет iстеген жетiншi әкiм Нұрғали Сәдуақасұлы облыс активi алдында, қоштасар сәтте ақын ағамыздың өлеңiн оқығаны тосын оқиға, өзгелерге ой тастап кеттi.

Ақ сөйлеп адал күлетiнмен,

Шындықты жақтап жүретiнмен,

Сыйластық сырын бiлетiнмен,

Танысқым келедi менiң.

Мұң-қайғы жеңбейтiндермен,

Наданға ермейтiндермен,

Өсекке сенбейтiндермен,

Достасқым келедi менiң.

Әшiмовтың да кемшiлiктерi жеткiлiктi болды. Кейбiр iстерде табансыздығы, жалтақтығы байқалып тұрды. “Үндемеген үйдей пәледен құтылады” деген принциптi жиi ұстанды. Мiнезi жұмсақтау болды. Елге айтқан уәделерiн орындауға оншалықты құлықтық танытпады немесе әлi келмедi.

Қазiргi облыс әкiмi Асқар Мырзахметов қандай азамат, оңтүстiктi қалай басқарады? — деген ойлар кез келгеннiң көкейiнде жүр. Мырзахметов туралы алдын ала тон пiшiп, уақыттан орағытып төрелiк айтудан аулақпыз. Қазiргi баз бiреулердiң “сырын бiлмеген аттың сыртынан өтпе” деген қағида ұстанып отырғанын да түсiнемiз. Дегенмен “Платон менiң досым, шындық одан да қымбат” деген принциптi де ұстану керек. “Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ” екендiгiн билiктегiлер жақсы түсiнедi. Бiреудi қаралау үшiн тырнақ астынан кiр де iздемеймiз. Облысқа келген жаңа басшының ауылшаруашылығы саласында жұмыс iстегенi көңiлге дем бердi. Қазiргi кезде тоз-тозы шыққан ауылдың жағдайы мүшкiл. Ауыл жастары жұмыс iздеп, қала қалада босып жүр. Ауылда зейнетақысымен күнелтетiн шал-кемпiрлер өмiр сүрiп жатыр. Айлық жалақы алатын мұғалiмдер мен дәрiгерлер саусақпен санарлық. Ұсақ-түйек шаруа қожалықтарымен айналысатындардың не техникасы, не қаржысы жоқ. Алпауыттар аузын жайындай ашып майда шабақтарды жұтып қоюда. Мемелекет тарапынан берiлетiн қаржы ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетiп жатыр. Қолдан келгендер қоншыдан басуды әдетке айналдырған. Бұл жағдайды қазiргi облыс әкiмi Мырзахметов те байқап, көрiп отыр.

Ауыл шаруашылығын қолдауға бөлiнген Оңтүстiк Қазақстан облысында субсидияның туталақайы шыққан. Берiлген қаржының сайда саны, құмда iзi жоқ. Облыс прокуратурасы тексерген мәлiметке жүгiнсек, төбе шашыңыз тiк тұрады. Агросекторды дамытуға бөлiнген бюджеттiк субсидия қаржысы түпкi мақсаты мен мiндетiне толық жетпеген. 2008 жылы 5,6 млрд. теңге бөлiнген екен. Көптеген аудандарда бұл қаржы талан-таражға түскен. (Бұл жөнiндегi фактiлердi жеке мақаламызға арқау еткелi отырмыз). Iшiнара тексерудiң қорытындысы бойынша облыстық прокуратура 87 млн. 850 мың теңгенiң субсидиясы заңсыз төленгенiн анықтады. Бұл iшiнара тексеру. Ал жаппай тексеру болса қаншама былықтардың бетi ашылатыны шындық. Сонда бiреулер заңсыз ақша алып, бiреулер қамқорлыққа зәру болып жүре бере ме? Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов бұл iстi аяқсыз қалдырмас деп ойлаймыз.

Облыс әкiмi субсидия бөлуде орын алған былықтарды есiтiп, төбе шашы тiк тұрғаны рас. Әкiм: “Бәрi де “ит иттi жұмсайды ит құйрығын жұмсайдының” керi болған. Мұны жылы жауып қоя алмаймыз. Айтылған сынның бәрi орынды. Сондықтан облыс басшылығы тарапынан қатаң шешiм қабылданады” деп бұл мәселеге жете мән бергендей болды. Облыс әкiмi “ит иттi жұмсайды ит құйрығын жұмсайды” деген нақылды өте орынды айтты. Өйткенi жоғарғы жақ облысқа, облыс ауданға, аудан әкiмi орынбасарына, орынбасары комиссияға, комиссия ауыл әкiмiне, ауыл әкiмi, шаруа қожалығының басшыларына немесе өзiнiң жұмыс iстемейтiн әйелiне сенiп қаржы жұмсаған.

Мәселен, Қазығұрт ауданындағы “Мақсат — Келешек” шаруа қожалығы, “2,7 гектар танапқа жемiс-жидек және жүзiм өсiремiн” деген сылтаумен 7 млн. 276 557 мың теңге алып, көз бояаушылық тiрлiктерге барған. Аталған шаруа қожалығы не бары 6 гектар алқапты пайдаланған. Субсидия алуға елдiң қамын, ауылдағы ағайынның жағдайын ойлайды деген Қызылқия ауылының әкiмi Ахметжан Мәмбеталиевтiң ерекше “еңбегi сiңiптi”. Әлгi “Мақсат — Келешек” шаруа қожалығының төрайымы К. Пәзiлова Қызылқия ауылы әкiмi А. Мәмбетәлиевтiң құдай қосқан қосағы болып шықты. Оңтүстiкте әйелiн жарлықайтын әкiмдер көбейiп келедi. Мәмбетәлиев те кезiнде облыс әкiмiнiң орынбасары болған К. Төлебаевқа қатты елiктеген болуы керек. Бұл әкiмде кезiнде әйелiн жермен, ақшамен қарық қылып тастаған едi. Қызметтiк өкiлеттiгiн асыра пайдалынған ауыл әкiмi ҚР Қылмысты iстер кодексiнiң арнайы бабымен жазаланатын болды. “Мың — асқанға, бiр — тосқан” деген осы ғой.

Субсидия бөлуде көзбояушылық, қызмет бабын асыра пайдалану кең етек алған. “Сенген қойым сен болсаң, күйсегенiңдi ұрайын” демекшi, сенген лауазым иелерi бармақ басты, көз қыстыға жол берген. Ауру қалса да, әдет қалмайтыны рас. Сондықтан субсидия бөлуде жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлыққа жол берген лауазым иелерi қызметiнен аластатылып, заң алдында жауап беретiн кез келдi. Әсiресе, осы былыққа жол берген аудан әкiмдерiнiң орынбасарлары бiр күн де қызметте отыруға моральдық құқы жоқ. Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов жоғарыдағы айтқан уәдесiнде тұрса, оларды қызметтен шеттететiнi шындық. Бұл жерде облыс әкiмiнiң қаншалықты принципшiлдiгi, сыбайлас жемқорлыққа ымырасыздығы, ауылдағы қарапайым дихандарға қаншалықты жанашырлығы барын байқайтын боламыз. Бiз осы кезде облыс әкiмi сөздiң емес, iстiң адамы екендiгiне көз жеткiземiз. Облыс әкiмiнiң әрбiр iс-әрекетiн, айтқан сөзiн оңтүстiктiң 2,5 млн. халықы бақылап отыр емес пе?

Аудан әкiмi орынбасарларының орынсыз тiрлiктерiне неге түңiлiп отырғанымызды жасырмаймыз. Жақында ғана Сайрам ауданында осы субсидияға қатысты екi бiрдей азамат ҰҚК-нiң қызметкерлерiнiң қолына түстi. Аудан әкiмiнiң орынбасары А. Абдусаттаров пен ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы А. Есалиев ауыл шаруашылығын қолдауға берiлген субсидия қаржысын талан-таражға түскенiн жасыру үшiн ары таза, қолы таза чекистердi сатып алмақ ниетпен үш мың доллар пара ұсынған. Бұл ауданда 25 млн. субсидияның заңсыз берiлгендiгiн ҰҚК қызметкерлерi анықтағанан кейiн болған жағдай. Қазiргi шенеулiктердiң қу құлқыны құдық сияқты. “Ашыққан құныққан жаман” деген осы ғой. Ендi Абдусаттаров пен Есеалиев темiр тордың ар жағында көк ала қағаздарды көз алдына елестетiп, қарапайым дихандарды қаржыдан қағып, кешегi думандатқан күндерiн еске алып жатқан да болар. Кiм бiледi, оларды орға итермелеген тасада тұрған бiр “дәу” бар да шығар. Айран iшкендердiң құтылып, шелек жалағандардың тұтылатын заманы болып тұр ғой.

Асқар Мырзахметов облысқа келгелi берi кадрлық ауыс-түйiстер орын ала қойған жоқ. Алдағы уақытта орын алатыны шындық. Бейресми ақпарат көздерiнiң айтуына қарағанда, облыс әкiмiнiң екi орынбасары өз өтiнiштерiн жазып, қызметтен босап, чемодандарын жинастырып қойыпты.

Аудан әкiмдерiнiң және департамент басшыларының көңiл күйi мәз емес. Ортақ қазынаға алақан жайып, мемлекеттiң желкесiне мiнiп, масылдыққа әбден үйренген Қазығұрт ауданының әкiмi Нұржан Әжiметов, Бәйдiбек ауданының әкiмi Садық Кенжебаев, Шардара ауданының әкiмi Марғұлан Марайымның қызметте қалуы, қалмауы екi талай. Облыс әкiмi көрсеткiштер бойынша соңында салпақтап жүргендердi төбеге көтермейтiн шығар деп ойлаймыз. Қала әкiмi Арман Жетпiсбаевтың тiрлiгi де жетiсiп тұрмағанын облыс әкiмi байқап та үлгердi. Жоғарыдағы шенеулiктерге “көкелерi мен жәкелерi” араша түсiп, шыр-пыр боп араша түсiп алмаса, әкiмдiк тақ көзден бұл-бұл ұшуы мүмкiн. Сайрам ауданының әкiмi Мұхит Әлiнiң де орынтағы қисайып тұр. Бұл әкiмдi Әшiмов келген бойда қызметтен босатуға әрекет жасаған-ды дейдi жұрт. Бiрақ Әшiмовтың Мұхит Әлiге әлi келмедi. “Көкесi” көмектестi ме, әлде жиып терген қомақты қаржысы қорған болды ма, бұ жағы М. Әлiге және бiр Аллаға аян. Бұл ауданда лауазымды шенеунiктер пара алып ұсталуы бойынша облыста көш басында. Мақтаарал ауданында екi рет пара алу фактiсi орын алған бойда аудан әкiмi болған Омарбек Нұржанов сөгiс арқалап, кейiн қызметiмен қош айтысты. Ал бiзде аты шыққан Сайрам ауданының әкiмi Мұхит Әлi орынтағында мiз бақпай, ұяалмай-қызармай отырғаны қазiргi облыс әкiмiн де таңдандыратын шығар. Отырған әкiм көп ұзамай тағы бiр жылы жайдан орын тауып қалар. Түркiстан қаласының әкiмi Бейбiт Сыздықов туралы да жайсыз әңгiмелер естiлiп қалады. Әкiмнiң орынбасары болып тұрғанда “әйелдiң саусағын сындырған, прокурордың жүргiзушiсiн сабаған” деген әңгiмелер ақпарат құралдары арқылы жалпақ жұртқа жария болды. “Жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды” деген ғой. Бұл киелi жерден жоғары жаққа арыз-шағымдар да аз жазылып жатпағаны аян. Бұл қазiргi әкiмге қатысты болып тұр. Түркiстанда көңiлге кiрбiң ұялататын тiрлiктер аз емес. Мұны сараптама мақаламызға арқау етудi жөн көрмедiк. Шымкент қаласының әкiмi А. Жетпiсбаевтың тiрлiгiнен береке кеттi. Басылымдар сынап та, мiнеп те, мазақтап та жазып жатыр. “Бала шопан, аға шопан болғысы келедi” деген келемеж мақала да жарық көрдi. Қала әкiмi өзiнiң абыройының аяқ асты болғанын байқамайтын сияқты. Облыстық “Нұр-Отан” ХДП-ын басқарып отырған, алпысты алқымдаған, облыстық депутаттыққа үмiткер ретiнде түсiп, бәйгеде бағы жанбаған Шәрiпбек Жамалбеков партия тiрлiгiн гүлдендiредi дегенге көпшiлiк сенбейдi. Сол баяғы жалынды жастарға тақ бермеген Кеңестер Одағының басшылары Брежнев, Черненко, Андропов заманы көз алдыңа елестейдi. Сауда саласында ұзақ жыл iстеген азаматтың партия жұмысын дөңгелетiп алып кетуi қиын. Бұл орынтақты жастарға берсе құп болар едi. Жалпы облыста жұрт кадрлардың ауыс-түйiс болғанынан көп нәрсе өзгередi деп үмiт күтедi. Дегенмен кiмнiң жылы орнынан қозғалып, өз тағын қиып кеткiсi келедi. Бiз iскер азаматтар таққа отырып, ел қамын ойлайтындар қызмет алса деймiз. Облыстың жаңа әкiмi Мырзахметов те кадр таңдағанда осы принципке арқа сүйейдi деген үмiттемiз.

Балтабек ТYЙЕТАЕВ