БӨРIБАСАР-БОБИК
БӨРIБАСАР-БОБИК
(қаз-қалпында)
Iлкiде бiр ауыл шалының қаладағы шүлдiрлеп жүрген кiшкентай немересiн мектепке барғанша қазақша тiлiн сындырайын деп ауылына алып келiп ауылдың орысша бiлмейтiн бiр топ балаларына қосып жiбергенi туралы оқығаным бар едi.
Әңгiмемiз түсiнiктiрек болу үшiн содан бастайық.
Әлқисса! Содан ауыл балдарына қосылып қазақша сайрап шыға келедi деген атамыздың арман-үмiтi ақталмай, керiсiнше қаласына кеткенше ол ауылдың “қарасирақтарын” жалғыз өзi-ақ орысша шүлдiрлетiп шыққаны туралы талай ойланғаным бар.
“Қуырдақтың көкесiн түйе сойғанда көресiң” демекшi қазақтың тiлiн менсiнбеген ит туралы естiгенiмде соншалықты бейшаралығымызға тағы да таңырқадым. Жоқ, әлде намыссыздығымыз ба?!
Өзiнiң жеке наубайханасы бар Талғат дейтiн досым күн сайын түнгi 3-4-тер шамасында мәшинесiн қыздырып жұмысқа кететiн. Сол бiр күнi ертемен мәшине қыздырып жатса қасына бiр күтiмi жақсы кәдiмгi қазақы ит келедi. Мойнындағы қарғы бауы мен сүйреткен шылбырына қызыға қарап тұрады да, кә, кә деп оны өзiне шақырады. Сосын “Күшiгiм, күшiгiм кел, кел” деп тағы дауыстайды. Ит оған мойнын да бұрмайды. Басында саңырау емес пе деген ой жылт ете қалғанымен артынан қаланың итi ғой, осы бәле қазақша түсiнбей тұрмасын деген оймен орысшалай сөйлесе, ол туған бауырын көргендей жалпаңдап жетiп келгенi. Тәкен көп ойланып тұрмайды. Кiтап пен ит ұрлаған ұрлыққа жатпайды деген мақалға малданып, иттi мәшинеге мiнгiзiп ала жөнеледi.
Наубайханада жұмыс жасайтын үш өзбек жiгiтi әкәләп қарсы алып иттi қастарына кiргiзiп алады. Сөйтiп жүргенде арада 4-5 ай өте шыққан. Тәкен Бөрiбасарға қазақша үйрете алмай қажиды. Қалада туып тiлi орысша шығып қойғасын қиын екен ғой деген ойымен ақыры Бобикпен орысша сөйлесiп кеткен ғой ол. Сөйтiп жүргенiде ауылдағы туған ағасы қайтыс болып, соған шұғыл жүрiп кетедi. Ауылдың жағдайы қиындау, үйде Тәкеңнен басқа бас көтерер азамат та жоқ болғасын бiраз күн жүрiп қалады. Содан бiраз уақыттан кейiн жұмысқа келсе өзбектерi мәз. Бұл жоқта олар Бобиктi өзбекше оқытып қойыпты. Олар өзбекшелеп шақырса арсалаңдап қастарына жетiп барып еркелей бастайды. Тұр десе тұрады. Жат десе жатады. Тәкең таңқалғаны былай тұрсын өзбектерден қатты ұялған ғой.. Сылтаумен өзбектердi жұмсап жiбердi де, есiктi жауып алып Бобиктiң қазақшасын тексеруге кiрiскен. Ондағы ойы қазақша мен өзбекше ұқсас дегенге кеп саяды ғой баяғы. Сөйтсе жоқ. Былқ етпейдi. Сосын амалсыз орысшадан өзбекшем дұрыс болар деп ол қазiр Бобикпен өзбекше сөйлесiп жүрген көрiнедi. Заты Бөрiбасар болса да Бобиктiң ендi Бөрiбасар бола алмасына оның өзiнiң де көзi жеткен сияқты.
Досым айтқан сол бiр әңгiмеден кейiн, “Орысша оқыған иттi” көрейiншi деп арнайы iздеп бардым. Сөйтсем, айыбы қалада туып-өскен демесең аты да, заты да кәдiмгi, өзiмiздiң бөрiбасар! Менiң сонша тесiле қарағанымды жақтырмады ма, әлде, бiрдеңеден “қымсынды ма” жоқ болмаса, қазақтардың өзiне керегi жоқ тiлдi мен қайтемiн дегенi ме, жүгiрiп барып тас дуалға талтайып бiр аяғын көтерiп тұра қалды да, шаруасын бiтiрiп, тағы да маған қарады, мен ұялып жерге қарадым.
Жарлы БАЙҒАНИН