“АЛАШ ОРДА” ДЕРЕКТI ФИЛЬМГЕ АЙНАЛДЫ
“АЛАШ ОРДА” ДЕРЕКТI ФИЛЬМГЕ АЙНАЛДЫ
Күнi кеше ғана Алматыдағы “Цезарь” кинотеатрында “Алаш Орда” деректi фильмiнiң тұсауы кесiлдi. “Қазақфильм” АҚ президентi Ермек Аманшаевтың сөзiмен айтқанда, алғаш рет премьерасы өткен деректi фильмге көрермен көп жиналды. Бұл фильмдi “Алаш Орда қозғалысының 90 жылдығы” аясында атқарылған шара десек те болады. Фильмнiң шығуына ҚР мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза тiкелей себепкер болса, оны түсiруге Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы әсер еткенi белгiлi.
52 минутқа созылған деректi фильм көрерменге беймәлiм көп дүниенi ұсынды десек, артық болмас. Фильм 1905 жылғы Қарқара петициядан бастау алғанымен, негiзiнен Алаш Орда күрескерлерiнiң Мәскеуде Ленин мен Сталинмен қалай келiссөз жүргiзгендiктерi, автономияның қалай құрылғандығы туралы көбiрек ақпараттар берiледi. Тарихты зерттеп жүрген ғалымдарымыздың еңбектерiне сүйене отырып, алаш қайраткерлерi жүрген орта, алаш қайраткерлерiнiң табанының iзi, қолының табы қалған жерлердiң барлығын дерлiк қамтуға тырысыпты.
“Патша құлағаннан кейiн Ресейде 30-40 автономия жарияланған екен. Олардың барлығы дерлiк алды бiр айдан, арты алты айдан, бiр жылдан артық өмiр сүрмеген. Қарап отырсаңыз, сондағы iрi мемлекеттер Украина, Кавказ төңiрегi сынды еуропалық елдердiң авономиясы бiр ай, алты ай өмiр сүрген уақытта, Алаш орда автономиясы екi жыл, үш ай өмiр сүредi. Оның ең басты жетiстiгi неде? Бұл автономияның ең үлкен жемiсi – қазақ елiнiң меншiгi болып саналатын осы жердi бiрiктiру болатын. Алаш қайраткерлерi осы жердiң бәрiн бiрiктiрдi. Және Ленин, Сталин бастаған кеңес үкiметi Алаш Орда қайраткерлерiн мойындады. Бұл Алаш зиялыларының қазақ даласындағы абыройының жоғарылығынан туған мүмкiндiк едi”,– дейдi режиссер Қалила Омаров.
Деректi фильмнiң ең үлкен жаңалығының бiрi – Алаш Орда қозғалысының жетекшiсi Әлихан Бөкейхановтың 1925 жылы сол уақыттағы ел астанасы Ақмешiтте кинохроникаға жазылып қалған бейнесi. Араға қаншама жылдар салынып, көрерменiмен қауышып отырған кинохроника фильм режиссерi Қалила Омаров пен сценарий авторы Болат Мүрсәлiмнiң жеңiсi. Оны сценарий авторы Алматыдағы ҚР Мемлекеттiк Орталық Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбалары мұрағатындағы кинокадрлардың iшiнен қарап отырып, мұрағат қызметкерi Ләззат Ақтаевамен бiрге iздеп тауыпты. Сол жылы, яғни 1925 жылы Қызылордада Кеңес өкiметiнiң бес жылдығына арналған жиналыс болады. Сол жиналыстан түсiрiлген кинокадрлар екен. Әлихан Бөкейхановпен қатар, Жалау Мыңбаев пен Санжар Асфендияров та көрсетiледi. Бұл кадрлар екi жерде сақталыпты. Бiрi – өзiмiзде, екiншiсi – Мәскеуде. Деректi фильмдi түсiрушiлер екi деректi кадрдi де сатып алыпты.
Деректi фильмдi түсiру барысында, Орынборға, Петерборға, Семейге барады. Сол жерлерде сақталған көне деректердi, алаш қайраткерлерiнiң iзi қалған Орынбордағы үй, барлығы дерлiк фильмге арқау болыпты. Белгiлi тарихшыларымыз Мәмбет Қойгелдi, Қамбар Атабаев, Ордалы Қоңыратбаев, Семейден Ерлан Сайлаубаев, Түркiстаннан Тұрсын Қазiрет қатысып, алаш орда тарихына қатысты көп деректердi келтiредi.
Сонымен қатар, деректi фильм арқылы Ахаң, Амет Байтұрсынов тұрған үйдi де көрдiк. Ол үйдiң бiрiншi қабатында “Қазақ” газетiнiң редакциясы да болыпты. Кинотүсiрушiлердiң айтуына қарағанда, ол үйдiң сыртында әлi күнге дейiн тақта орнатылмапты. Әрi Орынборда Алаш Орданың екi бiрдей съезi өткенi белгiлi. Ол съездер өткен үйде сол қалпында сақталған. Онда да ешқандай белгi жоқ.
Семейде де алаш қайраткерлерiнiң iзi қалған жерлер бар. Онда алаш қайраткерлерi тұрған үйлер де бар. Естуiмiзше, ол үйлерде қазiр жеке адамдар тұрып жатқан көрiнедi. Ол үйлердiң бәрiн үкiмет қарауына алып, мұражай жасалса, бүгiнгi ұрпақтың тамашалайтын игiлiктi орнына айналар едi.
Сонымен қатар, деректi фильмде тарихшылардың әңгiмелеуiмен қатар, көне суреттер де сыр шертедi. Әсiресе, қуғын-сүргiн басталған 1937 жылғы азап кезiндегi алаш қайраткерлерiнiң көне суреттерiн көргенде көзiмiзге ерiксiз жас алдық. Тiптi алаш қозғалысының көсемi Әлихан Бөкейхановтың 1935 жылғы суретiмен 1937 жылғы суретiн салыстыру мүмкiн емес. Екi жыл iшiнде, қайраткердi азып-тозуға алып келген империяның сұмдық саясаты екенi анық. Тiптi, жап- жас Мұхтар Әуезовтiң де түрмеден кейiнгi түрiне бей-жай қарай алмайсыз. Сосын, көз жасымызға ерiк берген сюжеттiң бiрi, Мағжан Жұмабаевтың әйелiнiң жарының ақталғаннан кейiнгi кiтабын қолына ұстап, өңiм бе, түсiм бе дегендей, қолындағы үлкен лупасымен үңiлiп жатқан тұсы.
Деректi фильмде ұнаған тағы бiр нәрсе, оператордың шеберлiгi. Ғалымдарымызды сөйлетiп ғана қоймай, сол оқиғаға қатысты табиғаттың тылсым дүниелерiн өте шебер пайдалана бiлген. Режиссер де әр көрiнiстi бiр-бiрiмен жымдастыра бiлiптi.
Фильмнiң образын ашқан тағы бiр дүние, ол Қапездiң “Қоштасу” әнi. Қапез Байғабыловтың өзi 1937 жылы атылып кеттi. Бұл әндi белгiлi әншi Рамазан Стамғазиев орындады. Әншiнiң дауысына әнi мен сөзi қатар үйлесiп тұр. Жан-жүрегiңдi шымырлатар әлгi ән еңсемiздi езiп-ақ жiбердi. Көз алдымызда әлгi көне суреттер, күйеуiнiң шығармаларымен қаншама жылдан соң қайта кездескен әйелдiң бейнесi, әлгi ән, бiраз уақыт есiмiзден шықпайтыны анық.
Тарихшылар бұл фильмдi Алаш қайраткерлерiне арналған алғашқы дүниелердiң басы деп қабылдап, әлi де игiлiктi дүниенiң жалғасын табатынына сенiм бiлдiрiп жатты.
Гүлзина Бектасова