Жаңалықтар

КЕДЕН САЛАСЫНА АРНАЛҒАН ҚҰРАЛ

ашық дереккөзі

КЕДЕН САЛАСЫНА АРНАЛҒАН ҚҰРАЛ

“Жетi жарғы” баспасынан “Кеден iсi бойынша сұрақтар мен жауаптар — Вопросы и отчеты по таможенному делу” атты қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған оқу құралы жарық көрдi. Кiтаптың авторы кеден бекетiнiң полковнигi, ШҚО кедендiк бақылау департаментi “Семей” кеден бекетi бастығының орынбасары Бекен Нұрахметов. Кiтап сұрақ-жауап негiзiнде қарастырылған да, кемiнде үш жүзден астам сұрақтарға жауап берiлген.

Жауаптар жай жалаң сөзбен емес, нақтылы нормативтiк-құқықтық актiлерге сай сауатты түрде дайындалған. Ең бастысы, кеденшiнiң нағыз кәсiби тiлiнде жалпыға түсiнiктi етiп жазылған. Кiтапты қолына алған оқырман кеден iсiне байланысты бiздiң елiмiздiң заңнамасы төңiрегiнде ғана емес, халықаралық дәрежедегi әртүрлi келiсiмдер мен конвенциялар және Қазақстан кеденiнiң әлемдiк деңгейдегi жетiстiгi, биiк беделi жөнiнде де мол мағлұмат ала алады.

Сыртқы сауда айналымы ұлғайған сайын, экспорт және импорт операцияларымен айналысатын адамдардың да, шет мемлекеттерге әртүрлi мақсатта сапар шегушiлердiң де саны көбейiп келедi. Бұған қоса елiмiздiң Дүниежүзiлiк сауда ұйымына мүшелiкке өтуi мәселесi төңiрегiнде қойылып отырған талаптар бойынша, кеден заңнамасына да көп өзгерiстер енгiзiлгенiн, сол арқылы әртүрлi әкiмшiлiк кедергiлердi алып тастау шаралары тарапынан бiршама жеңiлдiк жасалынып жатқанын жұрт бiлмеуi де мүмкiн. Сондықтан да қазiргiдей сыртқы экономикалық саясатты жандандыру және жаһандандыру мәселелерiне жеткiлiктi назар аударылып жатқан жауапты кезеңде кеден заңнамаларын жетiк бiлу артық емес. Мәселен, кiтапта валюта және тауарлар мен көлiк құралдарын оңайлатылған және жеңiлдетiлген тәртiппен ресiмдеу жұмыстары кезiнде талап етiлетiн керектi құжаттардың нақтылы тiзбегi берiлген. Сондай-ақ, кедендiк төлемдер мен салықтарды төлеу кезiнде тауардың кодын және кедендiк құнын анықтау, преференцияларды пайдалану негiздерi бойынша отыздан астам есептердiң шығару үлгiсi кедендiк режимдер негiзiнде нақтылы мысалдар келтiру арқылы көрсетiлген. Бұған қоса кедендiк ресiмдеу, кедендiк тексеру және кедендiк төлемдердi төлеу барысында тауар иелерiнiң, сондай-ақ кедендiк шекарадан өтетiн азаматтардың құқықтары мен жеңiлдiктерi, алдын-ала бақылау операцияларының ерекшелiктерi, электрондық пломбалар мен сейф-пакеттер, кедендiк тексерудiң озық техникалық құралдары және тауарлардың жеткiзiлуiн автоматты түрде бақылаудың жүзеге асырылуы жөнiнде де жан-жақты ашып көрсетiлген.

Оқу құралының тағы бiр ерекше тұсы — кеден органының құқық қорғау саласында және сыбайлас жемқорлық пен заңсыз есiрткi айналымына қарсы күрес мәселелерi шеңберiнде атқаратын қызметi және кеден заңын бұзған азаматтарды жауапқа тарту әрекеттерiндегi уәкiлеттiктерi бойынша да мол мағлұмат алуға болады. Қысқасы, кiтап тек кеден қызметкерлерiне ғана емес, сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар, шет елдерге сапар шегетiн жеке тұлғалар, ЖОО студенттерi, құқық қорғау қызметкерлерi мен кеден саласының жұмысын бiлуге ынталы адамдарға таптырмайтын құрал.

Динара ДҮРМӘН