КӨКМОЙНАҚ АТТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
КӨКМОЙНАҚ АТТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
Дарынды балалар жазушысы Бақыт Досымов биыл 50-ге келер едi
Саналы әрбiр ересек адамның жүрегiнiң түкпiрiнде балалық шақтың қайталанбайтын аса қымбат, қимас сезiмдерi сақталып қалатыны аян: кейде кеудесiн нәзiк сағыныш сыздатып, сыры өзiне де беймәлiм, жұмбақ та тәттi мұңның жетегiне берiледi. Бұл мұң–үнемi өз еркiнен тыс қаузап, тамасанатын ғажайып естелiктер.
Сол бiр аяулы естелiктер бала күннен әрдайым әлдилеп өскен, кеудесiнiң тұңғиығында неғұрлым ұзақ сақталып қалған жандардың жүрегiнде нұрлы, айналаға нәзiк әрi сиқырлы сәуле шашқан шам, жарқын шырақ жанып тұратын секiлдi. ҚазГУ-де тұстас оқыған дос, дарынды балалар жазушысы Бақыт Досымов осындай жүрегiнен нұр шашқан асыл азамат едi.
80-шi жылдардың басында қазiргi әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттiң журналистика факультетiнде бiр шоғыр талантты жастар оқыды. Гуманитарлық, шығармашылық оқу орны болғандықтан курстастар болып емес, көбiне ақындар мен прозашылар, әдебиет зерттеушiлерi және “әшейiндер” ретiнде өзара пiкiрлестер топтанатын. Сондайда ауыл туралы естелiктер тиегi ағытылады.
…Табиғаттағы барша бояулар айқындала түсетiн сұлу көктем мен гүл жайнаған жазғытұрым шетсiз-шексiз даланы әлдеқандай жұмбақ үн, жүрек қылын сипалай шерткен нәзiк әуен әлдилеп, алыс қиырлар мен көкжиектер көгiлдiр мұнарға малынып, толқып тұрар едi. Осындайда кенеттен зеңгiр көкке әлдеқайдан шөкiмдей сұр бұлт ойнақшып шыға келiп, демiн бiр сәтке iшiне тартып, мүлги қалған кең жазираны үйiрiле соққан екпiндi жел сусылдай аралап өткен күйi алыс қиырларға асығыс-үсiгiс шапқылай жөнелерi. Iзiнше iрi-iрi, салмақты жауын тамшылары бiр сәтте тына қалған ауада жаңбыр иiсiн аңқытып, батылсыздана таматын. Бұлттардың арасынан қиғаштай төгiлген күн сәулесiне шағылыса жаһұттай жалтылдап ойнаған көктемгi нөсердiң сыңғыр қаққан көңiлдi дүсiрi кiшкентай балалардың көңiлiн қуанышқа толтырушы едi. Шаштарын тықырлатып алдырған ылғи қарасирақтар көктемнiң жылы нөсерiне торсықтай шекелерiн тосып, сандарын шапаттай құлдыраңдап жүгiргендерi қандай?! Кең даланың жұпар аңқыған иiсi ше…
Беу, құдiреттi табиғаттың тылсымы шығар, бәлкiм ол кездерi елiмiзге келетiн ауа ағындары Алатаудың ақбас шыңдарына iлiнiп, желкiлдейтiн бұлттар қазiргiден басқаша болды ма, әйтеуiр 80-жылдары ақшаңқан шаһарға нөсер жиi жауатұғын. Көздi ашып-жұмғанша құйып өтетiн нөсерден соң тас жолдар су шiреп аққан арналарға айналып, кең даңғылдар айнадай жарқырап, шәйi орамалдай жуылған мөлдiр ауада ақбас шыңдар айбарланып көрiнедi. Сондай жаңбыр жауғанда ауылдағы жаңбырды сағынып жанымыз жабырқайды. Бәлкiм, бұрын бiздер, сол жылдарда ҚазГУ-дiң журналистика факультетiнде бiлiм алған студенттер бүгiнгiден жанымыз нәзiктеу, сұлулыққа құштарлау болдық па екен?! Әсiлi, солай шығар. Байтақ алаш жұртының түкпiр-түкпiрiнен арман қуып Алматыға жиналған көгенкөздер сондайда алыста қалған ауылды, туған жердiң жауынын жиi-жиi еске аламыз.
“Көктөбенiң баурайында көгiлдiр бiр мұң жатыр,
Көгiлдiр мұң оранып ап, көзiн ашпай кiм жатыр…
Күн мен түннiң, топырақтың қойнында тербелген
Сенiң қуған бiр арманың Найзақара шыңда тұр”,
— деп өмiрден тым ерте озған дарынды ақын, курстасымыз Нұрлан Мәукенұлы жазғандай, ондайда жас жүректердi мазасыздық, әлдеқандай мұң жайлайтын. Ол үлкен қаланың үрейiне ұласатын. Бұл — сексенiншi жылдардағы студенттердiң көбiнiң жүрегiне жазылмайтын сызат, ауыр жарақат болып түскен секiлдi.
Халықаралық “Түркiстан” газетiнде белгiлi журналист Жұмағали Арғынбаевтың: “Сонау бiр жылы арман жетегiмен Алматы қаласына барып, бiрге оқуға түскен Алтынбек Сәрсенбаев, Бақыт Досымов, Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), Бейбiт Құсанбеков, Шырай Шөпшекова, Гүлзира Молдажапаровалардың әрқайсысы өзiндiк орны бар азаматтар едi. Өмiрден ерте озған жандар жұмақтың төрiнен орын алған шығар деп сенемiн,”-дегенi орынды. Мен де соған сенемiн.
Балалық шақты шын құрметтейтiн, бейкүнә сәби жүрек балаларды жүрегiнiң барша жылуымен сүйе бiлетiн адам — бақытты адам! Оған туған жерiнiң, өскен ортасының да тигiзетiн әсерi мол екенi сөзсiз. Қарқалпақ жерiндегi Қазақстанды мейлiнше құрмет тұтатын, қаймағы бұзылмаған нағыз қазақы ауылда дүниеге келгендiгi, қазақы салт-дәстүр, тәлiм-тәрбие ешқашан үзiлмеген бауырмал ортада тәрбиеленгендiгiнен болар, бала мiнездi, онша көп сөйлемейтiн, сөйлесе ауылындағы балалардың ешкiмге ұқсамайтын мiнездерiн, ерекше қылықтарын көсiлiп айтуға бейiм Бақыт Досымов өзiнiң өмiр жолын балалар мен ғана байланыстыратынын ерте танытып, студенттiк күндерде-ақ тек балаларға арнап шығарма жазуға бiржола бел буған-ды. Оқып-iзденедi, болашақ журналистер түнi бойы у-шу етiп, ылғи себептi-себепсiз күлкi, шатыққа шомылып тұратын N5 жатақхананың 313-бөлмесiнiң оқу корпустары жағындағы ең шеткi терезесi түннiң талай уағына дейiн нұрға малынып тұрады. Қақ-соқпен ешқандай жұмысы жоқ қағылез, орта бойлы, жүзiнен мейiр шуағы төгiлiп тұратын Бақыт басқалардай емес, қолға алған iсiн аяқтамай тынбайтын табанды, аса шыдамды, Жазып, жазғанын жыртып тастап қайта жазып, үстел басында тапжылмай отыруға бейiм. Бiр ғажабы, сол жылдарда әр курс өздерi жарыққа шығаратын қабырға газетiнiң беделi студенттер арасында республикалық газеттерден бiр мысқал кем емес-тi. Өйтетiн жөнi бар, ресми газеттер әбден саясиланған, компартияның сойылын соғатын, сөзiн сөйлейтiн баспасөз құралы болса, әлгiндей қабырға газеттерiнде еркiн рух, жастыққа ғана жарасымды тазалық, ұлттық рух үнемi сезiлiп, тiптi, көзге ұрып тұрады. Ал, факультеттiң қабырға газетiнде шығармасы жарық көру бiр арман! Бақыт Досымовтың балалар өмiрiнен жазылған үзiк-үзiк топтамалары журфактың газетiнен түспейдi. Қаламақы дәметпейтiн, бiрақ сан толғанып жазған балаң, бiрақ шын жүректен туатын алақандай дүниелерден шексiз рухани ләззат алатын, қайран студенттiк шақтар-ай!
Бақыт Досымов өз тағдырын қазақ радиосымен тығыз байланыстырды. Жаңылыспасам, университет жолдамасымен радиоға бiрден тiлшi боп орналасты, онда да дәп балалар редакциясына. Қазақ тiлiндегi бұқаралық ақпарат құралдары саусақпен санарлықтай ғана тоқырау жылдарында бұл екiнiң бiрiнiң маңдайына бұйырмаған бақыт болатын. Оның табиғи, балалардың жан-дүниесiн терең бiлiп, түсiнiп жүргiзетiн түрлi хабарлары ә дегеннен-ақ жұрттың назарын аударған.
Ересек кiсiнi алдауға болады. Тiптен ол алданғансуы да ықтимал, дегенмен пәк жүректi сәбилердi алдау мүмкiн емес. Ол өзi иланбайтын нәрсенi қабылдай алмайды. Бақыт – балаларды жақсылыққа, әдiлдiкке, шындыққа, iзгiлiкке сендiре бiлетiн және өзi де оған шексiз сенетiн. Қазақ халқының ұлы халық екенiне, елдiң ертеңiне сенетiн. Қазақ тiлiнiң болашағы зор екенiне еш күмән келтiрген емес. Жаңа құрылып, ендi ғана қазақ арасына кеңiнен тарай бастаған “Ана тiлi” газетiнiң ең алғашқы белсендi қызметкерлерiнiң бiрi болғандығы да сондықтан. Ол өзiнiң “Тұнжыр” әңгiмесiнде: “ Аппақ нұрға бөленген марғау әлем. Мұны аялы алақанымен маңдайынан сипаған Асыл әжесi тағы да қызық ертегiнi бастай жөнелген екен дейдi. Бұрынғыдай шаршадым демейдi, бұл не сұраса да ертеңге қалдырмай мақұлдап, бiрiнен соң бiрiн бастай жөнелсiн келiп. Кенет… Жаңа ғана қасында отырған әжесi ғажайып самұрық құс секiлдi ғайып болды. Жан-жағына жаутаңдай қарап әжесiн iздейдi, келiп… Айқайлайды келiп. Өз даусынан өзi шошып оянады. Күнi бойы көргендерiнiң түсi екенiне сенбейтiндей. Әлгiндегiдей емес, үйдiң iшi салқындау, бойы тоңазиын деген секiлдi. Жатар мезгiлде салған сексеуiл жанып бiтiптi. Оттағы қоламта, әлсiз маздайды. Көкесi әлi келмептi. Неге кешiктi екен…” –деп жазды балалық сағынышпен. Сондай балалық сағыныш Бақыттың әрбiр шығармасынан жүректi сыздата есiлетiн.
50-жылдардың соңы мен 60-жылдардың басында дүниеге iңгәлап келген ұрпақ – әрi бақытты, әрi бақытсыз ұрпақ! Бақытты болатындары – бұрынғы КСРО империясындағы, әсiресе Қазақстандағы елеулi өзгерiстер – қоғамдық, саяси, әлеуметтiк қайта құрулар осы ұрпақтың өмiрi және тағдырымен тiкелей байланысты. Бас хатшылардың (Н.Хрущев) БҰҰ-ның мiнберiн топылаймен тоқпақтауы, адамның ғарышқа ұшуы (Ю.Гагарин), әлемдiк ядролық апаттың тақап келуi (Кариб бассейнiндегi дағдарыс), Л.И.Брежневтiң билiкке келуi т.т. аталмыш ұрпақ өмiрiне тiкелей байланысты болса, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерiлiсiне қатысушылардың басым бөлiгi осы ұрпақ өкiлдерi екендiгi аян. Бұл ұрпақ орда бұзар отызға келгенде Тәуелсiздiктiң, адамға қанат бiтiрер азаттықтың уыз дәмiн татқан ұрпақ. Сөйте тұра, аузы дуалы алыптардың бiрi: “Қоғамда революция болғанда дүниеге келген ұрпақ – бақытсыз,” – деп меңзегендей барша қиындықтарды иығымен көтерген, теңселсе де тектiлiгiн сақтаған осы ұрпақ өкiлдерiнiң көпшiлiгi төтенше жағдайларда, жол апаттарынан және жүректiң тоқтап қалуынан тым ерте көз жұмып, бақиға беймезгiл аттанатындары тағдырына басылған таңба шығар. Нәзiк жүректерiнiң тым-тым ауыр жүктердi ылғи көтергендiктерiнен болар. Бойдағы бар таланттарын таныта алмай кетуiне уақытты ғана айыптайсың, амалсыз.
… Сайын даланы құйма тұяғының дүбiрiмен тулатып, талай бәйгеде қара үзiп келетiн көкмойнақ тұлпарлар шабыстан қалғанда қорланады деседi. Қараңғы түндерде iшiн тарта көп күрсiнiп, жайнаңдаған көзiнен таңға жуық тарам-тарам жас ағады деседi. Тұлпар болып туып, барынша шаба алмай кеткен жылқы–мұңлық, жазушы болып туып, қалам қуатын елiне жеткiзе алмай кеткен жан-мұңлық.
Бақыт Досымов та арамыздан тым ерте кеткен көкмойнақ тұлпардың бiрi едi…
Жаңабек ШАҒАТАЙ