Жаңалықтар

“ЭЙР АСТАНА” БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰР

ашық дереккөзі

“ЭЙР АСТАНА” БАҒАСЫН ҰСТАП ТҰР

“Алматы халықаралық әуежайы” акционерлiк қоғамы өз әуе кемелерi санын бiршама көбейттi. Қызмет түрлерiн кеңейту мақсатында ұшу-қону алаңын қайта жасақтау шарасына кiрiскен-дi. Яғни, халыққа көрсетiлетiн қызмет сапасының жақсара бастауы жолаушы тасымалы және жүк тасымалымен айналысатын елiмiздiң һәм халықаралық әуе компанияларына қатысты тариф көлемдерi құнын өсiру жағы назарда ұсталынды.

Осыған байланысты жақында Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнде “Эйр Астана”, “Трансаэро” т.б. отандық әуе компаниялар мен “Алматы халықаралық әуежайы” АҚ-ның басшылары басқосу өткiзiп, тариф бағасына орай өз ойларын ортаға салды. Табиғи монополияларды реттеу агенттiгi төрағасының орынбасары Ескендiр Құдайбергенов төрағалық жасаған жиында сөз алған “Эйр Астана” АҚ-ның аға вице-президентi Ербол Оспанов Алматыдағы әуежай қызметiне тарифтiң қымбаттауы өзге компаниялармен салыстырғанда “Эйр Астана” компаниясына ауыр салмақ түсiретiнiн жеткiздi. Неге десеңiз, бүгiнде “Эйр Астана” Алматыдағы әуежай қызмет түрiн ең көп тұтынатын бiрден-бiр компания болып есептеледi. Оның айтуынша, тарифке қатысты мәселелердiң орын алғанына қарамастан “Эйр Астана” қазiргi ахуалға қарай жақын арада жолаушыларды тасымалдау құнын күрт көтерейiн деп отырған жоқ.

Десе де, әуе компанияның қызмет көрсету жұмысы барысына айтарлықтай ықпал ететiн әр түрлi факторларды да ескеру абзал. Себебi, қайта жабдықтау, қайта жаңғырту шаралары аясында “Алматы халықаралық әуежайында” қосымша ұшу-қону алаңы iске қосылған-ды. Компания басшылары: “Егер алдағы уақытта ұшу-қону алаңдарын тұтыну қызметi өссе, әуе компаниялары да өз қызмет құнын сәйкесiнше көтеруi ғажап емес, дегендi айтады.

Д.Мыңжасарқызы