Жаңалықтар

“Иман” №3, 2009

ашық дереккөзі

“Иман” №3, 2009

Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы аясында шығатын дiни-танымдық “Иман” журналының көктемнiң алғашқы айындағы саны да өз оқырмандарына жол тартты. Наурыз айы ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiне тұспа-тұс келгендiктен, оның материалдарының денi осы тақырыпты жан-жақты қамтыған. Атап айтқанда, түркиялық белгiлi дiнтанушы ғалым Осман Нури Топбаштың “Мұхаммед (с.ғ.с.) — ең көркем мiнез иесi” деген танымдық дүниесi Аллаһ Елшiсiнiң (с.ғ.с.) көпшiлiк бiле бермейтiн көркем мiнез-құлқының кейбiр қырларына тоқталса, дiнтанушы Палтөре Ықтияр Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) туралы балаларға жеңiл де түсiнiктi тiлмен қысқа талдап берген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешiтi ғасырлар бойы Ислам мәдениетiнiң қасиеттi орындарының бiрi саналып, талай тарихқа куә болып келедi. Бұл мешiт зиярат етушiлер мен құлшылық жасаушылардың көбеюiне байланысты бiрнеше рет кеңейтiлген. Осыған байланысты ақтаулық ғалым Нияз Тобыштың “Пайғамбар (с.ғ.с.) мешiтiнiң құрылысы” атты көлемдi мақаласы жарияланған. Автор онда мешiттiң iргетасы қалануынан бастап, соңғы рет 1982-1990 жылдары кең көлемде жүргiзiлген кеңейту жұмыстарына дейiн тоқталалған Сахих хадистер айдарымен берiлетiн “Бiреудiң тегiне тiл тигiзбеу”, “Адамның бiреуге ренжу мәселесi” атты тақырыптарға байланысты хазретi Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеттерi оқырмандарды бей-жай қалдырмасы хақ. Кезiнде асыл дiнiмiздiң орныға түсуiне тиiсiнше атсалысқан сахабалардың бiрi Саад ибн Уаққас туралы дiнтанушы Қуанышбек Әлiшерұлы аса тартымды баяндаған. Ал, тарихшы Мұхан Исаханның “Баһайлiк” атты мақаласы осы адасқан ағым жөнiнде оқырманға кеңiрек мағлұмат бередi. Маханбет Шанжарханұлы “Жапырақ неге түседi” атты материалында жапырақтың түсуiн ғылыммен байланыстыра Ислам тұрғысынан көз жеткiзе дәлелдеп берген.

Жалпы “Иман” журналының № 3 санында бұдан басқа да қызықты дiни, рухани тақырыптарды қамтитын дүниелер көптеп жарық көрген.

Оңғар ӨМIРБЕК, ҚМДБ-ның баспасөз хатшысы