Жаңалықтар

“АЛТЫН”, “ЕВРАЗ” немесе “РУБЛЬ”

ашық дереккөзі

“АЛТЫН”, “ЕВРАЗ” немесе “РУБЛЬ”

Жаңа бiртұтас валюта туралы өзгелер не дейдi?

Өткен аптада Астанада болған “Жаһандық тәуекелдiк жүйесiндегi Еуразияның экономикалық қауiпсiздiгi” атты II экономикалық форумда Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық Экономикалық қауымдастыққа мүше елдердiң арасында ортақ валюта енгiзу туралы идеясын паш еткенi белгiлi. Содан берi бұл идеяны бүкiл әлем болып талқыға сала бастады.

Ең әуелi осы форумға келген Нобель сыйлығының лауреаттары Назарбаевтың әлемдiк жаңа валюта туралы идеясын өте ерекше мақтап марапаттады.

Бұған iргемiздегi Ресей сарапшылары өзгелерден өзгеше мүдделiлiк танытып бағуда. Олай етпеске болмайды. Өйткенi, ортақ валюта енгiзу мәселесi ең алдымен Ресей үшiн маңызды. Бiрiншiден, бұл оның империялық амбициясына сай келедi, екiншiден, одақ экономикасын уысына қысып ұстаған кеңестiк алпауыт кезеңге қадам басуға таптырмас мүмкiндiк. Алайда, сарапшылар бүгiнгiдей дағдарыс заманында Ресейдi бұл ұсыныс қызықтыра қоймас деген пiкiрде.

Әрине, Елбасы ортақ валюта енгiзу саясатын ұсынғанда, Еуразиялық қауымдастыққа мүше елдердiң өзара тең құқықта болатындығын ескерiп отыр. Алайда, ресейлiк сарапшылар олай ойламайды. Олар Қазақстан мемлекет басшысы рубльдi аузына өзi келiп түстi деген пiкiрдi ұстанады. Мәселен “Независимая Газетада” Сергей Куликов Мирослав Лиманскийдiң “Назарбаев роет яму под российский рубль” атты мақаласы жарық көрдi. Бiрiншiден, дейдi сарапшылар “Егер, Еуразиялық қауымдастық ортақ валютаға көшетiн болса, бұл жерде Ресейдiң демеушiлiгi қажет, екiншiден, экономикалық әртараптылық, мүмкiндiктердiң әртүрлi болуы да бұндай қадамның жүзеге асуына кедергi келтiредi” дей отырып, Елбасының жаңа валюта енгiзу идеясының дағдарыстан, тығырықтан шығудың жолын iздеу шарасы екендiгiне тоқталады. “Жаңа валюта жайлы кезектi ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаев елдегi жағдай нашарлап кеткеннен кейiн енгiзiп отыр. Елдегi қаржылық-экономикалық жағдай төмендеп кеттi, қор сарқылып барады, бұл елдiң өте iрi көлемдегi сыртқы қарызын жабуға мүмкiндiк бермей отыр, iрi банкiлер банкротқа ұшыраудың аз алдында қалды. Қазақстанның алтынвалюталық қоры Ұлттық банкi мен Ұлттық қордағы қаржыны қоса есептегенде ақпан айында 9,2%-ға 42 млрд. долларға дейiн құлдырап кеткен. 2Trade.ru компаниясының мәлiметi бойынша, елдiң жалпы сыртқы қарызы 106 млрд. долларға жеткен. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда, 10%-ға артық. Қазақстаннан сыртқа кетiп жатқан капитал — 10 миллиард долларды құрайды. Бұл аса үлкен қаржы” дейдi. Сол себептен де Ресей Еуразия кеңiстiгiнде жаңа валюта енгiзуге мүдделiлiк таныта қоймас деген ой айтады. Сондай-ақ, авторлар Ресейдiң алтын валюта қоры жағынан әлемде үшiншi орынды иеленетiндiгiн айта отырып, Белоруссия, Қырғызстан, Тәжiкстан және Қазақстан секiлдi әлемдiк қарызы алтын валюта қорынан екi есеге асып кеткен елдермен терезесiн теңестiрiп, олардың қарызын жабуға тыраштанатын жөнi жоқ деген пiкiрдi айтады. “Оның үстiне, ортақ валюта жасау жұмысы да бiршама уақытты және тер төгудi қажет етедi. Тiптi, Белоруссия мен Ресейдiң ортақ валюта жасау туралы идеясы да бүгiн осы кедергiден аса алмай тұрған жоқ па? ЕурАзЭҚ-тiң ортақ валютасын енгiзу бұл қауымдастыққа мүше елдердiң санына және ұлттық лидерлерiнiң амбициясына байланысты да қалыңдай түспек. Сондықтан, Назарбаевтың ортақ валюта енгiзу жайлы ұсынысы утопияға айналатын секiлдi” делiнген аталған мақалада.

2Trade.ru компаниясының қаржы-экономикалық сараптама департаментiнiң директоры Дмитрий Пушкарев “ЕурАзЭҚ-тың ортақ валютасы туралы әңгiмелер утопия. Қазақстан мен Ресей экономикасы жер мен көктей. Премьер Путин өзiне мұндай жүктi артып ала алмас. ТМД мемлекеттерi әлi күнге дейiн кедендiк келiсiмге қол қоя алмай отыр. Ал, бiзде ортақ валюта болуы мүмкiн емес, олай болған күнде Ресей капиталы сыртқа кетедi” деген. “2К Аудит — Деловые консультации” компаниясының басқарма бастығы Иван Андриевский Елбасының ұсынысын логикалық тұрғыдан құптауға тұрарлық деп есептейдi. Алайда, “оны жүзеге асыру тетiктерi қалай болар екен?” деген ой айтады.

Ал, “Русская линия” газетiне сұхбат берген белгiлi экономист, Стратегиялық зерттеулер ұлттық институтының Донецк филиалының директоры, профессор Юрий Макагон ортақ валюта рубль болуы керек деген пiкiрде. “Әрине, бұл өте дұрыс қадам. Ортақ валютаға ұмтылу арқылы интеграциялық бiрiгу идеясы — өте дұрыс идея” дейдi ол. Алайда, Юрий Макагон “Ондай ортақ валюта ретiнде рубль неге ұсынылмайды, мен үшiн бұл жұмбақ. ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердiң ұлттық валютасы Ресей рублiмен теңесе алмайды. Сондықтан да, рубль кеңiстiгiн кеңейту және нығайту қажет. Бұл техникалық ғана мәселе” деген оймен түйiндейдi өз пiкiрiн (Юрий Макагон: “Региональной интеграционной валютой мог бы стать рубль”, “Русская линия”).

ТМД елдерi институты Орта Азия және Қазақстан бөлiмiнiң меңгерушiсi Андрей Грозин бұл пiкiрлерге мүлдем қарама-қайшы ой айтады. “Ортақ валютаны енгiзу Кеден одағын дамытудың келесi кезеңi болмақ. Егер, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер өзге де аймақтық одақ мүшелерi секiлдi рыноктық механизмдерге иек артатын болса, онда олар объективтi түрде күштi долларды қажет ететiн болады. Бiрақ, аймақтық жобаларды дамыту үшiн емес, долларды күшейтуге көбiрек тер төгiледi. Рынок доллар жағында болғандықтан, өзге бiр валютаны аймақтық деңгейде немесе жаңа ортақ валюта жасауды саяси императив негiзiнде қабылдауға болады. Ресей аймақтық валюта идеясын қолдайтын болады. Бұл үшiн Ресейге бәлкiм бұл елдердегi макроэкономикалық тұрақтылыққа демеушiлiк жасауға тура келер. Ортақ валюта Ресейдiң кейбiр мемлекеттiк қаржы көздерiнiң есебiнен ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердiң экономикасының тұрақтылығы мен бiртұтастығын қамтамасыз ететiн болады. Сөйтiп, ол Ресейдiң посткеңестiк кеңiстiктегi позициясын күшейтетiн болады. Тiптi, ортақ валютаға көшу iсi аяқсыз қалса да, оны жасауға талпыныс ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердiң экономикасын нығайта түсетiн болады” дейдi ол.

P.S. Әрине, ортақ валюта жасау идеясы қоғамда бiрталай сiлкiнiс тудырғаны мәлiм. Бұл идеяны қолдап-қолпаштап жатқандар да, сынап-мiнеп жатқандар да жеткiлiктi. Патша көңiлдi оқырман, бiз сiздердiң назарларыңызға Ресей сарапшыларының екi түрлi көзқарасын паш етiп отырмыp. Ар жағын өздерiңiз сараптай жатарсыздар.

Есенгүл Кәпқызы