Жаңалықтар

ҚУАНДЫҚОВ КАДР ТАҢДАЙ БIЛДI МЕ?

ашық дереккөзі

ҚУАНДЫҚОВ КАДР ТАҢДАЙ БIЛДI МЕ?

Осыдан бiраз бұрын газетiмiздiң бетiнде аңдатпа жариялап, Қызылорда облысындағы кадрлер мәселесiне байланысты мақала дайындалып жатқанынан оқырмандарымызды құлағдар еткен едiк. (“Түркiстан” газетi, №4, 29 қаңтар, 2009 ж.). Әсiлi, адамдардың көңiл ауанын аңдап көрелiк деген құпия ой болғанын да ашып айтар мезгiл келiп жеттi. Бiр қызығы, дайындалып жатқан материал ә дегеннен-ақ жұртшылықтың назарын аударып, редакциямызға хабарласушылардың көбейдi және кейбiреулерi уәде етiлген мақаланы шыдамсыздана тосып жүргенiн айтса, базбiр: “Олай жазба, сен мақаланы былай жаз”, деп кеңес берушiлер де аз болмаған. Сiрә, Қызылорда облысының билiгi кадр таңдай алатындығы немесе керiсiнше екендiгi талайларды шынымен-ақ әбден толғандырып жүрген болса керек.

Иә, бiздiң билiк кадр таңдай бiле ме? Жалпы, Қазақстандағы әртүрлi деңгейдегi сан алуан әкiмдер, биiк орынтаққа қонжиғандар бiлiктi, бiлiмдi, принципшiл, өз iсiнiң шынайы майталманы болып табылатын кадрлердi қандай талаптарға сай таңдайды? Таңдау нелiктен бiреуге түседi, ал әлгi адамнан гөрi тәжiрибелi, өзiне жүктелген мiндеттердi жан-тәнiмен атқаруға қабiлеттi мамандар неге назардан тыс қалады? Оның үстiне елiмiзде көп жылдардан берi “әкiмнiң командасы” деген ерекше мода қалыптасқанын да ескеруiмiз керек. Бiр ғажабы, сан алуан әкiмдер қызмет орнын өзгертiп, басқа жаққа ауысса өзiмен бiрге әлгi командасын, соңынан әкiмқараларды ерте жүретiн сорақы әдет қалыптасқаны да аян. Бiрақ, осындай командалардың кәнiгi мүшелерi қандай принциптер, ережелер бойынша таңдалатыны қоғам үшiн мүлдем жұмбақ.

Әрине, өзiне жауапкершiлiк жүктелген әкiмдердi де түсiнуге болады. Олар өздерi әбден сенетiн, берiлген тапсырмалар мен мiндеттердi адал атқаратын қабiлеттi, сенiмдi азаматтармен ауыр жүктi тең бөлiп көтергiсi келетiн шығар. Бiрақ, таяқтың екi ұшы бар екендiгi сияқты, мұның да зиянды әсерi барлығын ұмытпаған жөн.

Жергiлiктi адамдармен ұзақ уақыт бойы тiл табысып, қоян-қолтық жұмыс iстеп жүрген тәжiрибелi адамдар, нағыз iскер адамдар мұндайда екiншi қатарға ысырылып қалатыны өкiнiштi-ақ. Ол ол ма, тiптi, жергiлiктi кейбiр кадрлер, бiлiктi мемлекеттiк қызметкерлердiң бойын соңғы жылдары енжарлық, бойкүйездiк билей бастағаны да айқын аңғарылуда. Өйтетiн жөнi де бар. Өйткенi, ылғи шетқақпай көрген адамның өмiрге қолын бiр-ақ сiлтеп, “Бiр мәнiсi болар” деген бойкүйездiкке бауыр басып алатыны қалыпты жағдай. Оның үстiне жергiлiктi кадрлер жаңа әкiм ауысса болды-ақ өздерiнiң де қызметтен кетуi мейлiнше ықтимал екенiн де жақсы бiледi. Осыдан соң көңiлiн бойкүйездiк, енжарлық жайламай қайтсiн? Сұрақ көп, жауап табу қиын…

Әдетте “Бәрiн де кадрлер шешедi” деген қанатты сөздi ең алғаш Сталин айтқан деседi. Кiм бiлсiн, дәл осы сияқты ұлағатты Ежелгi Мысырдың перғауындары, бәлкiм, Рим империясының цезарьлары, болмаса Византияның (Рум) билеушiлерi айтқан да шығар. Гәп онда емес, әңгiме бiлiктi мамандар — саф алтынның сынығындай нағыз кадрлердi қапысыз тани бiлу және бағалай алуда.

Қызылорда облысындағы жергiлiктi тұрғындардың аузында жиi айтылып жүрген “кадр таңдау” мәселесiндегi әңгiменiң бiр төркiнi, бұрыннан ауыспай келе жатқан облыстағы үлкен бiр басқарма басшысының орынтағына (креслосына) қатты қызығушылық танытылуда екен. Бұл орайда сол басқарма басшысының осы күнге дейiн атқарған нәтижелi жұмыстары ескерiлiп, талданбай жатып, қызметтен өз еркiмен босауды ұсынып және оны орындатудың түрлi жолдарын қолданып жатқан сияқты. Бұл “ұсынысты” жергiлiктi билiктiң оқша боратуын сол аймақтағы зиялы қауымдар да, түсiнбей, дал болуда екен. Түптеп келгенде бұл жерде басқарма басшысының жұмысы емес, “басқа жеке мүдденiң мәселесi” көзделiнiп жатқан сияқты. Бұл болжамның расқа айналып немен аяқталуына әрине алдағы уақыт төрешi болып жатар. Осы орайда тағы бiр айтып өтетiн жайт, ауыс-түйiстi жүзеге асыруда «жершiлдiк, жiкшiлдiк және рушылдық» сынды ылаңдардың белең алғанында оңай байқауға болады екен. Дегенмен облыстағы ауыс-түйiстер жайлы мәлiметтердi бiздiң газет мiндеттi түрде жариялайтын болады.

Әйткенмен, Қызылорда облысында соңғы уақытта қалыптасқан жағдайға қарасақ, көптеген шенеунiктер өздерi үнемi адалдықпен атқаруға тиiс мiндеттерiне сай емес болып шыққандығы ерiксiз қынжылтады. Қызылорда облысының мемлекеттiк қызметкерлерi заң бұзушылықты екiншi кәсiп еткен секiлдi.

ҚОЛЫНАН КЕЛIП, ҚОНЫШЫНАН БАСЫП…

Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 30 маусымдағы №1598 Жарлығымен “Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк қызмет iстерi Агенттiгiнiң облыстардағы, Астана және Алматы қалаларындағы Тәртiптiк кеңестерi туралы” Ереже бекiтiлгенi белгiлi. Осы Ережеге сай елiмiздiң барша аймақтары мен өңiрлерiнде осындай Тәртiптiк кеңестер үш жылдан берi жұмыс жүргiзiп келедi. Бұл Кеңестердiң басты мiндетi — мемлекеттiк тәртiптi нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк талаптарының барынша сақталуын қадағалау. Бiр сөзбен айтсақ, қоғамның одан әрi дамуына, мемлекеттiң тұрақтылығына қауiп төндiрiп отырған сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу. Құқық бұзушылыққа, терiс әрекеттерге жол берген қызметшiлердi тәртiптiк жауапкершiлiкке тартып қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алу, мүмкiндiгiнше болдырмау. Қызылорда облысындағы Тәртiптiк кеңес облыстық деңгейдегi сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялармен, үкiметтiк емес ұйымдар, қоғамдық құрылымдар, құқық қорғау, қадағалау органдарымен қоян-қолтық жұмыс жүргiзiп келе жатыр. 2008 жылы Қызылорда облысындағы Тәртiптiк кеңестiң қарауына барлығы 431 арыз-өтiнiш түссе, соның iшiнде құқық қорғау және 111 мемлекеттiк қызметшiге тәртiптiк жазалар қолдану туралы берiлген ұсыныстар бойынша 107 тәртiптiк жаза қолданылып отыр.

Ең сорақысы сол, ел үмiт артқан, жұрт сенген ауыл әкiмдерi мен жергiлiктi атқарушы органдар заң бұзушылыққа бiр табан жақын болып шыққан сияқты: 29 ауылдық округтердiң әкiмдерi, мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерiнiң 3 қызметкерi, жергiлiктi атқарушы органдардың — 4, аудандық жергiлiктi атқарушы органдардың — 33, құқық қорғау органдардың — 12, басқа да мемлекеттiк органдардың 26 қызметкерлерi түрлi жазаға тартылып отыр.

Әдетте, қоғамда жоғары лауазымды шенеунiктердiң заң бұзушылықтарына көбiрек назар аударылып, алуан саққа жүгiртiледi, ал жергiлiктi деңгейдегi шенеунiктердiң ұсақ заң бұзушылықтарын елеусiз, ұсақ нәрсе, жаңылысқандық деп санау қалыптасқан. Әсiлi, қылмыстың үлкен-кiшiсi болмайтыны рас десек, халықпен, көпшiлiк адамдармен қоян-қолтық жұмыс iстейтiн төменгi деңгейдегi шенеунiктердiң заң бұзуларының рухани керi әсерi айтарлықтай. Сандаған мың адаммен күнбе-күн iстес болатын осындай кадрлердiң кесiрiнен мемлекетке, әдiлдiкке сенбеушiлiк орын алады. Қоғам да адам ағзасы сияқты, сенiмсiздiк кiсiнiң ағзасын әлсiрететiнi сияқты, әдiлдiкке, шындықтың түпкiлiктi жеңiсiне адамдардың күмәндануы мен сенбеушiлiгi қоғамды әлеуетiнен айырып, кембағал ететiнi сөзсiз. Орта және төменгi буындағы мемлекеттiк қызметкерлердiң заң бұзушылықтары ең әуелi осынысымен қауiптi.

Мәселен, Арал аудандық прокуратурасының облыстық Тәртiптiк кеңеске берген ұсынысында көрсетiлгендей, Арал қаласы әкiмi аппаратында қала әкiмiмен қабылданған құқықтық актiлерiнiң заңға сәйкес еместiгi айқындалды. Арал қаласының әкiмi А.Үмбетовтiң 2008 жылғы 28 ақпандағы №62 заңсыз шешiмi бойынша қаладағы Жеңiстiң 50 жылдығы көшесiндегi жер учаскелерi “Жанар және компания” серiктестiгiне жалға берiлген. Қала әкiмi А.Үмбетов мырза бұл шешiмге көзiн жұмып отырып қол қойған ба, кiм бiлсiн, бiрақ кейiнiрек аталмыш жер учаскесiнде Арал насос стансасының ғимараты орналасқандығы әрi бұл ғимарат Арал қаласы әкiмi аппаратының балансында тұрғандығы анықталды. Яғни, аталмыш жер телiмдерiн жалға беруге ешқандай заңдық негiздер болмаған.

Ал Қазақстан Республикасы “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы” Заңының 12 бабына сәйкес шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету әрекетi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылады. Дегенмен, қала әкiмi А.Үмбетов мырза атамыз қазақ айтатындай “Мұрның барда бiр сiмгiр” деген ұстанымды жақсы көретiн болса керек. Арал қаласында бiраз қауесет туғызған бұл iс бойынша заңсыз шешiмнiң қабылдануына қорытынды берген жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға беру жөнiндегi Арал қалалық комиссиясының құрамындағы Арал қаласы әкiмiнiң орынбасары Б.Кемалашев, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлiмiнiң меңгерушiсi С.Меркебаев, аудандық жер қатынастары бөлiмiнiң меңгерушiсi З.Абдиханов, Арал қаласы әкiмiнiң бас маманы Н.Рысалиевтiң тәртiптiк мәселелерi қаралып, олар тәртiптiк жазаға тартылды. Арал қаласының әкiмi А.Үмбетов өзi қол қойған шешiм қабылданып жатқанда еңбекке уақытша қабiлетсiз болған көрiнедi, сондықтан “аурушаң” әкiм қатаң сөгiс алып қана құтылған сияқты.

Қызылорда облыстық iшкi саясат басқармасының бөлiм бастығы Г.Исмаилованың iс-әрекетi де Қызылордада “Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас” дейтiн тоғышарлықтың үдеп тұрғанын танытатын iспеттi. Г.Исмаилова ханымның дандайсығаны соншалық, аталмыш басқарманың бас маманы Ш.Нұртаева өткен жылдың 26-қазанында облыс әкiмiнiң орынбасары М.Мұхамедовке ерiксiз арыз жазып, араша сүрауға мәжбүр болған.

Iстiң мәнiсi былай. Қазақстан Республикасының Конституциясы күнiне орай Басқарма қызметкерлерiне 1 айлық жалақы көлемiнде сыйақы берiлген. Ш.Нұртаева еңбек демалысында жүрген уақытта бөлiм бастығы Г.Исмаилова ханым телефон шалып: “Әй, абысын-ау, бастық барынша қарсы болса да, мен саған сыйақы бергiзiп жатырмын. Бiрақ, сен сыйақының жартысын бөлiмге келген бас маман П.Көлбаеваға берсей”, — деген мәнзелде әрi өтiнiш, әрi бұйрық берген. Ш.Нұртаева еңбек демалысынан келген соң жаңадан келген бас маман П.Көлбаеваға сыйақының жартысын шытырлатып санап бермегендiктен, Г.Исмаилова одан әрi бопсалауға, қоқан-лоққы жасауға көшкен сияқты. Ол: “ Мен бұл жерде бөлiм бастығымын, барлығын мен шешуiм керек. Сен неге менiң айтқанымды iстемейсiң?”, — деп Ш.Нұртаеваны бiраз әуреге салады. Әсiлi, мемлекеттiк қызметтегi қазақ әйелдерiнiң кейбiрi өз қызметiн пайдаланып, айналасындағылардың екi аяғын бiр етiкке тығуды мәртебе санайтыны бар ғой, Г.Исмаилова ханым да солардың санатынан болса керек.

ЭКОЛОГИЯ, МЕДИЦИНА ЖӘНЕ МЕКТЕП ЖАЙЫНДА

Адамзаттың сандаған мың жылдық тарихында талай рет қантөгiстi “тұз соғысы”, “тұз көтерiлiсi” болғандығы мәлiм. Осындай соғыстар мен көтерiлiстердiң нәтижелерiнде талай гүлденген мемлекеттердiң iргесi сөгiлiп, шаңырағы шайқалған. Қазақ халқы ежелден-ақ тұзды қасиеттi санап, айрықша қастерлеген, астың атасы — Наурыз көжеге қосылатын дәмнiң бiрi ретiнде жоғары бағалаған. Аяққа таптамаған. Ал көршi өзбек халқында тұзға құрмет тiптен ерекше, оны қасиеттi нанмен бiрге үнемi жоғарыда сақтайды.

Қызылорда табиғат қорғау прокуратурасы “Көркейту” мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорнымен 2008-2009 жылдар аралығында көктайғаққа қарсы күрес бағытында жүргiзiлген iс-шараларға тексеру жүргiзiп, экологиялық заңнамалардың жиi бұзылатындығына көз жеткiздi.

Аталмыш “Көркейту” мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорны 2008 жылдың желтоқсан, 2009 жылдың қаңтар айларында қаладағы көктайғаққа қарсы күрес кезiнде қала көшелерi мен тротуарларға, сондай-ақ, қалаға қатысты ауылдық округтерге барлығы 250 тонна тұз аралас құм, оның iшiнде 30 тонна иодталмаған ас тұзын сепкен. Кейбiр анықталмаған деректерге қарағанда, Қызылорда облысының әкiмдiгi бұл iске шамамен 2 миллион теңгеден астам қомақты қаржы бөлген де секiлдi. Ал Қазақстан Республикасы экологиялық кодексiнiң 217-бабы бойынша, көктайғаққа қарсы күресу үшiн елдi мекендерде ас тұзын пайдалануға тыйым салынған.

Қызылорда өңiрiнiң ауыр экологиялық аймақ екенi бесенеден белгiлi, соған қарамай Қызылорда қаласы мен iргелес ауылдық округтердiң көшелерi мен тротуарларына ас тұзының заңсыз себiлуi жер қорының тұздануына және көше бойында өсiп тұрған ағаштар мен бұталардың өмiрiне елеулi зиян тигiзерi сөзсiз. Ең бастысы, ауаға көтерiлген тұз түйiршiктерi адам өмiрiне, денсаулығына да ерекше зиянды. Осыған қарамастан, “Көркейту” мемлекеттiк коммуналдық кәсiпорындағылар, әсiресе бұл мәселеге тiкелей жауапты бас инженер Т.Құлмағанбетов мырзаның өз көзқарасы болса керек. Тiптi, бұл облыстық әкiмшiлiктегi жоғары лауазымды шенеунiктердiң жауапкершiлiгiнiң әлсiздiгiнен орын алып отырған өкiнiштi жағдай екендiгiне дау жоқ.

Адамдардың денсаулығы демекшi, облыстық Медициналық орталығында мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру барысында орын алған былықтардың ұшығына жету де оңай болмай тұр. Медицина орталығының бас дәрiгерi А.Шүленбаев мырза “Сәуле-Т” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi, сондай-ақ, жеке кәсiпкерлерге айрықша Атымтай жомарттығын жасап, мемлекет қаржысын шүлендей үлестiрген. Облыстық прокуратурада бұл жайт бiрнеше рет ерекше аталып та өттi. Белгiсiз бiр кәсiпкер аты түсiнiксiз “Кантакт” фирмасынан бiр қорап эмульсия майын 270 теңгеге сатып алып, ұзақ уақыт бойына 4800 теңгеден өткiзiп отырған. Осы уақыт iшiнде әлгi “Кантакттен” “Альбумик Агат” затын 405 теңгеге алып, оны аталмыш орталыққа 1406,67 теңгеге өткiзiп келген.

Ол ол ма, А.Шүленбаев мырзаның “Сәуле-Т” фирмасына көңiлi құлағаны соншалық, 25 млн.275 мың теңгеге медициналық оттегiн өндiру стансасын сатып алу жөнiнде келiсiм-шарт жасалғанына қарамастан, мiндеттемесiн орындамаған жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiкке заңсыз артықшылық көрсетiп, келiсiм-шарттың орындалу мерзiмiн 6 айға ұзартқан. Орталық директорының бұл әрекетi “Сәуле-Т” серiктестiгiнiң 1 млн.845 мың айыппұл төлемеуiне негiз болды.

Қазiр қолды болған 5 млн. теңгеге қатысты iс қаржы полициясының қарауында. Облыстағы денсаулық сақтау саласында орын алып отырған келеңсiз жағдайдың әсерi соңғы жылдарда жүрек-қан тамырлары ауруларының саны күрт өсуiнен байқалады. Егер 2007 жылы 100 мың адамға шаққанда 2668,5 адам науқастанса, 2008 жылы бұл 2801,6 адамды құрап отыр. Туберкулездiң бiрiншiлiк түрi де артып келедi. 2002 жылы 100 мың адамға шаққанда 12,7 болса, өткен жылы 18,5-ке жоғарылаған. Республика бойынша туберкулезбен аурушаңдық көрсеткiшi 126,6 болса, Қызылорда облысында әр 100 мың адамға шаққанда 155,5-ге жетiп отыр. Ең алаңдатарлық жайт облыс бойынша қатерлi iсiк ауруынан қайтыс болғандардың да саны өскенi байқалуда. 2007 жылы 100 мың адамға шаққанда 102,2 болса, өткен жылы 654 науқас қайтыс болып, 100 мың адамға шаққанда 104,6 көрсеткiшiне жеттi.

Қызылорда облысындағы бiлiм саласының бүгiнгi хал-жағдайымен етене танысу мақсатында бiлiм басқармасы басшысына сұраныс хатпен жолдаған сауалдарымызға, жазбаша да, ауызша да тиянақты жауап ала алмадық. Дегенмен, журналистiк зерттеудi президент бағдарламасына сәйкес облыстағы салынып жатқан бес мектептiң құрылысынан бастауды жөн көрдiк.

Негiзi бұл мектептердiң құрылысы 2008 жылдың соңына дейiн аяқталуы үкiмет тарапынан жiтi жоспарланған болатын. Өкiнiшке қарай, ағымдағы 2009 жылда да мұндағы мектептердiң құрылысының аяқталатын сыңайы байқалмайды. Қызылжарма аулында “Қызылорда-Анкор” ЖШС-i салып жатқан 1200 орындық мектептiң құрылысын өз көзiмiзбен көргеннен кейiн көңiлiмiз су сепкендей басылған соң жазып отырмыз. Яғни, құрылыс қарқынсыз,өте баяу. Тура осындай көрiнiс Қызылорда облысының басқа аудандарында салынып жатқан қалған 4 мектептiң де жағдайын байқатады екен. Қаржы мәселесiне келгенде 5 мектепке бөлiнген жалпы қаржының 90 пайызы игерiлiп үлгерiлгенi ерекше таңдантады. Соның iшiнде мектепке қажеттi жиһаздар мен құрылғыларға бөлiнген қаржы да бар. Өкiнiшке қарай, салынып жатқан мектепте әлi күнге дейiн ол заттардың қаңқасы да көрiнбейдi.Осы орайда Үкiмет тарапынан берiлген сын-ескертулерден кейiн де, облыс әкiмi Қуандықов мырза өзiне тиiстi нәтиже шығармаған сыңайлы.Бiз аудандардағы басқа да бiлiм ошақтарының жағдайына арнайы тоқталып, олардың қай деңгейде екенiн айтып тұрған жоқпыз…

Ел болашағы саналатын жастарымыздың бастапқы бiлiм нәрiмен сусындайтын бiлiм ошақтарының жағдайы жақсармай, өсiп келе жатқан жастардың сапалы бiлiм алуына облыс әкiмi кепiлдiк бере алар ме екен?!

Бiз мектеп турасында бiр мақала аясында шектелiп қала алмаймыз. 50 мектеп, 50 бала бақша бағдарламасы мемлекетiмiздiң кезек күттiрмейтiн мәселесi десек алдағы уақытта осы мәселеге бiз әлi ораламыз.

ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАНЫҢ АЛАҢДАУШЫЛЫҒЫ

Соңғы жылдарда Қызылорда облыстық прокуратурасының заң бұзушылықтарға, әсiресе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресi үдеп, облыста қалыптасқан жағдайға алаңдаушылығы артып келедi. Жуырда облыстың Бас прокуроры Б.Т.Есенбаев мырза облыс прокуратурасы органдарының өткен — 2008 жылы атқарған жұмыс нәтижелерiн қорытындылады.

Расында, Қызылорда жерiнде баршаны алаңдатарлық келеңсiз жағдай қалыптасып отырған сияқты. Облыстық прокуратураның мемлекеттiк органдар қызметiнiң заңдылығын қадағалау жағдайында 776 тексеру жүргiзiп, 12 мыңнан аса заң бұзушылықтар анықталған. Прокурорлық ықпал ету шараларымен 14 мың 105 азаматтың Конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерi қорғалды.

Мемлекеттiк бюджетке 7 млрд. 729 млн. теңге өндiрiлдi. Заң бұзушылықтарды жою туралы 985 ұсыныс енгiзiлiп, 2870 мемлекеттiк қызметкерлер әртүрлi жауапкершiлiкке тартылды.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына жол бергенi үшiн облыстық Салық департаментi бастығының орынбасары А.Бекiшев, Арал қаласының әкiмi А.Үмбетов, осы қала әкiмiнiң орынбасары Б.Кемалашев, Қармақшы ауданы әкiмi аппаратының басшысы Б.Нақыпов, Жосалы кентiнiң әкiмi Ж.Жәкеев мырзалар, сонымен бiрге 10 ауылдық округ әкiмдерi мен 5 мемлекеттiк кәсiпорын басшылары тәртiптiк жазаға тартылды.

Бюджет қаржысын қомақты көлемде талан-таражға салған “Сыр ұланы” мемлекеттiк кәсiпорны директоры Р.Мизамбаева 5 жылға бас бостандығынан айрылды.

Шиелi аудандық салық комитетiнiң төрағасы Д.Ермағанбетов мемлекеттiк коммуналдық мекеме басшыларымен сыбайластық келiсiмге келiп, мұқият жоспар құрған және “Шиелi Көркейту” мемлекеттiк кәсiпорнын жалған банкрот деп құжат жасап, 29 млн. теңгеден астам мемлекет мүлкiн жеке адамның атына өткiзiп жiберген…

Әлқисса, қасиеттi Сыр жерiнде заң бұзушылық фактiлерi азаймай тұр. Әсiресе, халық сенiм артқан мемлекеттiк қызметкерлердiң бiразы заң бұзуды өмiр салтына айналдырып алған сияқты.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ