Жаңалықтар

ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

ашық дереккөзі

ИСЛАМДЫҚ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ

Қаржылық дағдарыс тығырыққа тiреген әлем назары инвестициялық қауқары 2 трлн. доллардан астам қаражатқа бағаланған араб елдерiне ауды. Бүгiнде дамыған және дамушы елдер исламдық қаржыландыру жүйесiн енгiзуге белсене кiрiскен. Исламдық банкинг, исламдық құнды қағаздар және исламдық инвестиция тартудың ерекшелiктерi мен артықшылықтары туралы – бүгiнгi сараптамада.

Күнi кешеге дейiн әлемдiк экономика мен қаржылық жүйенiң тiрегi боп келген батыстық экономикалық үлгi бүгiнде дәрменсiз. Сарапшылар пiкiрiнше, дағдарыстың дауылына төтеп беруде төзiмдiлiгi сыр берген еуропалық үлгiнiң басты кемшiлiгi – несиелiк пайыздық өлшемдер. Қазiргi таңда мамандар қауымы қаржы жүйесiн түбегейлi емдеуде исламдық қаржыландыру тетiктерiн енгiзуге кеңес берiп отыр. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде Әбу-Даби қорында шетелдiк нарықты инвестициялауға қабiлеттi 800 млрд. доллар сақтаулы. Ал исламдық банктердiң еншiсiндегi қаражат – 750 млрд. Араб елдерiне тиесiлi инвестициялық қаржының жалпы көлемi 2 трлн. доллардан астам. Оның үстiне, исламдық қаржыландыру – жыл сайын 15-20 пайыздық өсiм көрсеткiшiне ие болған әлемдегi ең жедел әрi жылдам өсушi сала. Исламдық банкингтi дүние жүзiнiң 400-ден астам қаржылық құрылымдары тәжiрибеден өткiзуде. Бұл саладағы өсiм бiрiншi кезекте бүкiл әлем мұсылмандарының инвестицияларын Шариғат талаптарына сай өндiруге деген құлшынысының артуынан. Исламдық өнiмдерге қатысты сұраныс көлемiнiң жоғарылуы мұнай бағасының көтерiлуi нәтижесiнде, экономикалық көрсеткiштерi 2002 жылдан берi екi есеге көбейген Парсы шығанағы елдерiне тиесiлi байлықтың өсуiне де байланысты.

Әлемдiк қаржылық нарық түрлерiнiң көптiгiмен және икемдiлiгiмен ерекшеленетiн исламдық өнiмдерге қызығады. Сонымен қатар Оңтүстiк-Шығыс Азия мен Таяу Шығыс елдерiнiң инвестициялық капиталына деген қызығушылық та жоғары. Олардан қаржы тарту үшiн елде исламдық қаржылық құрылымдар қызмет етуi тиiс. Әрине, исламдық қаржыландырудың дәл қазiргi әлемдiк қаржылық дағдарыс жағдайында аса маңызды болуы тегiн емес. Дамыған және дамушы елдер үшiн инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға ақша тарту барған сайын қиынға түсуде: бiрқатар нысандардағы құрылыс жұмыстары тоқтап қалды, өндiрiстi iске қосу үшiн қаражат керек, қаражат тапшылығының кесiрiнен банкротқа ұшыраған кәсiпорындар дүниежүзiндегi жұмыссыздар қатарын арттырды. “Жығылғанға – жұдырық”, дәстүрлi банктiк несиелер мен ипотекалардың бұрынғы тартымдылығы бәсеңдеп барады. Қор нарығына шығу арқылы көптеген артықшылықтар мен мүмкiндiктерге қол жеткiзетiнiн бiлсе де, компаниялардың көпшiлiгi дәрменсiз. Негiзi қаражат тапшылығы барлық зайырлы мемлекеттерге әртүрлi деңгейде әсер еткенi белгiлi. Алайда, қаржылық жүйесi исламдық қағидаларға сай құрылған мемлекеттер дағдарыстан онша зиян шеккен жоқ. Сарапшылар қауымы мұны исламдық қаржыландыру жүйесiнiң артықшылықтарымен байланыстырады. Ең бастысы, мұсылман инвесторлардың Шариғат заңдарына сәйкес келмейтiн жобаларды қаржыландыруға, сондай-ақ, қару-жарақ, арақ-шарап, темекi, шошқа өнiмдерi, көңiл көтеретiн орындар (казино, кинотеатр т.б.), сақтандыру және келiсiмнен түсетiн пайыздар есебiнен қызмет ететiн қаржылық компаниялардың акцияларын сатып алуға құқығы жоқ. Сондай-ақ, “риба”, яғни, қарыздардың үстiнен түсетiн пайыздық ақыны алуға қатаң тыйым салынатыны кеңiнен белгiлi. Исламдық құқықта “риба” “шектен шығушылық” ретiнде қабылданады. Мұны қаржыға пайдалану пассивтiк капитал үшiн сыйақы төлеу, яғни, қол қусырып қарап отырып-ақ, пайдаға шаш-етектен кенелу болып табылады. Осы себептi, ақшаның үстiнен ақша табуға тыйым салынады. Демек, кез келген келiсiмнiң негiзiнде белгiлi бiр меншiк немесе инвестициялық жоба бар.

Исламдық қаржыландырудың басты қағидаларының бiрi – қауiп-қатердiң ара-жiгiн ажыратып алу. Осылайша, кiрiс қауiп-қатер мен жауапкершiлiктi салмақтай отырып, қызмет етуi тиiс. Исламдық банкингтiң ерекшелiгi сол, банктердiң кiрiсi қаражатты әртүрлi жобаларға салу есебiнен қалыптасады. Банк не серiктес ретiнде (мүшарак келiсiмi), немесе траст қорлар ретiнде (мүдараб келiсiмi) әрекет етедi. Тараптар: банк те, клиент те қауiп-қатердiң жауапкершiлiгiн теңдей бөлiсетiндiктен, салынған қаражат көлемiне сәйкес, жобалардан келетiн пайда мен шығын оларға ортақ болады. Осылайша, исламдық банкингте сыйақыға кепiлдiк берiлмесе де, жобалардың тиiмдiлiгi мен инвестицияның қайтарылу жауапкершiлiгi келiсiм-шарт жасасқан екi жаққа да бiрдей жүктеледi. Бұл жобалардың жүзеге асу мүмкiндiгiн қамтамасыз етедi. Исламдық банк пен оның салымшыларының кiрiстерi кәсiпкерлiк арқылы қалыптасады. Банктiң кiрiсi нақты бiр тауарлар түрiн өндiретiн операциялар барысында түзiледi. Демек, бұл қаражаттың тек өндiрiстiк мақсатта жұмыс iстейтiнiн байқатады.

Банктiк өнiмдерден басқа исламдық құнды қағаздар – сукук та бар. Құнды қағаздар құрылыс кешенi, тауарлар өндiрiсiн жақсарту сияқты т.б. кез келген арнайы жобаны жүзеге асыру мақсатында шығарылады. Сукуктiң облигацияларға қарағанда қауiп-қатерге онша ұрынбайтынын айта кету керек. Кез келген исламдық құнды қағаз белгiлi бiр қаражатпен бекiтiлген және исламдық қаржыландырудың негiзiнде келiсiм-шартты қабылдаушылар арасында тәуекелдiлiк жүгiн бiрлесе көтеру қарастырылған. Осы себептi, дәстүрлi банктiк несиелердiң баламасы болып табылатын сукук жобаларды iске асырудың басты тетiгi iспеттi. Оның үстiне, облигацияларға қарағанда, анағұрлым қауiп-қатерсiз тетiк ретiнде қабылданатын сукук инвестициялық қоржынды (сондай-ақ, жинақтаушы зейнетақы қорлары секiлдi ұзақмерзiмдiк инвесторлар үшiн) дербестендiрудiң құралы ретiнде қызмет етедi.

Әрине, Қазақстан Оңтүстiк-Азия мен Таяу Шығыс елдерiнен қаражат тартуға және қор нарығындағы қаражатты дербестендiруге мүдделi. Сонымен қатар исламдық қаржыландыру ислам елдерiнiң инвесторлары үшiн ғана емес, зайырлы мемлекеттердегi исламдық қаржылық құрылымдарды пайдаланудың тиiмдiлiгi мен артықшылықтарын түсiне бiлген инвесторлар үшiн де тартымды. Әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен исламдық қаржылық жүйеден құрылған мемлекеттерде өндiрiс пен сукук шығару көлемi төмендесе де, исламдық қаржылық жүйе пайыздық төлемдердiң есебiнен пайда табуға тыйым салудың арқасында қаражат дағдарысына төтеп беруге қауқарлы екендiгiн көрсеттi. Оған барлық инвестицияларды нақты активтермен қамтамасыз ету де сеп. Бұл исламдық қаржылық жүйенiң зайырлы жүйеге қарағандағы басымдығын дәлелдейдi. Келешегiнiң жарқындығы және уақыт өткен сайын беделiнiң артуы исламдық қаржылық саланың қарқынды дамуына ықпал етедi. 2013 жылға қарай исламдық банктер мен қаржылық құрылымдардың жалпы активтерi 1 мрлн. АҚШ долларына дейiн өседi деген болжам бар. Осылайша, исламдық инвесторлар тарапынан тартылатын инвестицияның қомақты бөлiгiн кiм және қалай жылдам тартады деген мәселе туындайды. Қазiр көптеген елдердiң қаржыгерлерi мен мемлекеттiк органдар өкiлдерi аталған саланың тиiмдiлiгiне сенiмдi болғандықтан, өз елдерiне исламдық банкингтi енгiзуге тырысуда. Бүгiнгi таңда исламдық қаржыландыруды белсендi түрде енгiзуге ден қойған Қазақстанның әлемдiк исламдық қаржы саласынан өзiндiк орнын табуға мүмкiндiгi бар. Исламдық қаржыландыруға деген қызығушылық ТМД елдерi арасында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Әзiрбайжанда байқалады. Бүгiнде Қазақстан қаржы жүйесiне қатысты бiрқатар заңнамалық құжаттарға өзгерiстер енгiзудi көздеп отыр. Негiзi республика аумағына исламдық қаржылық өнiмдердi енгiзу туралы бастама көтерiлгелi бiраз уақыттың жүзi болды. Осы орайда заңға өзгерiстер енгiзу туралы мәселенi 2007 жылы Алматы қаласының аймақтық қаржылық орталығының қызметiн реттеу жөнiндегi агенттiгi (АҚ АҚОҚРА) қозғаған болатын. Осының нәтижесiнде, ҚР Қаржылық нарық пен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi Қазақстанда исламдық қаржылық ұйымдар қызмет етуiн қамтамасыз ететiн заң жобасын дайындады. Қазiргi кезде аталған заң жобасы ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң қарауына жiберiлдi. Заң жобасы ҚР Азаматтық және Салық кодекстерiне, банк жүйесiне қатысты заңдарға, құнды қағаздар туралы заңға т.б. бiрқатар заңнамалық актiлерге өзгертулер мен толықтырулар енгiзудi қарастырады. Бұл исламдық банктер мен исламдық инвестициялық қорлардың ешқандай кедергiсiз жұмыс жасауына, сондай-ақ, исламдық құнды қағаздарды шығару,а мүмкiндiк бередi. Ислам банкiнiң пайыздық ақы түрiнде сыйақы алуға құқығы жоқ және депозиттерге кепiлдендiру мiндеттемесiнiң жүйесiне қатыспайды. Әрбiр ислам банкiнiң жанынан Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңес құрылған. Кеңестiң мiндетi – банкте жүргiзiлетiн барлық операциялардың ислам қаржыландыру қағидаларына сәйкес болуын қадағалау. Исламдық инвестициялық қор инвестициялауды Шариғат заңдарына орай жүзеге асырады. Қордың барлық әрекетi Исламдық қаржыландыру қағидалары жөнiндегi кеңестiң жiтi назарында. Малайзиялық мамандардан исламдық қаржы саласына қатысты кәсiби тұрғыда бiлiктi кеңес алу мақсатында, АҚ АҚОҚРА Ислам даму банкiнен грант алды. Малай сарапшылары былтыр тамыз айында Алматыда болып, АҚОҚРА Академиясы ұйымдастыруымен, “Исламдық құнды қағаздар: Сукук және Сукук нарығын дамыту” тақырыбында семинар өткiздi. АҚ АҚОҚРА исламдық қаржыландыруды Қазақстанның құнды қағаздар нарығын дамытудың жаңа бағыттарының бiрi ретiнде қарастырады. Инвестициялаудың жаңа бастауларына қол жеткiзудiң нәтижесiнде, қаржылық нарықтың банк өнiмдерi, исламдық құнды қағаздар т.б балама жолдары пайда болады. Елiмiздегi исламдық банкингке деген қызығушылық өте жоғары және аталған салада отандық және шетелдiк азаматтардан тұратын қатысушылар тобы ендiгi қалыптасып үлгерген. Адамдардың көпшiлiгi исламдық қаржыландырудың тартымдылығын түсiнедi және Қазақстанның исламдық қаржылық жүйесiне исламдық банк, исламдық инвестициялық қор (жылжымайтын мүлiк, инвесторлық, сукук эмитенттерi) ретiнде қатысу мүмкiндiктерiн қарастыруда. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандықтар исламдық қаржы өнiмдерiн 1-1,5 жылдан кейiн пайдалана бастайды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ