БАТЫСТЫҢ ҚАУПI – “ОҢТYСТIК АҒЫН”
БАТЫСТЫҢ ҚАУПI – “ОҢТYСТIК АҒЫН”
Кәрi құрлықтың наразылығына қарамастан, Ресей “Оңтүстiк ағын” жобасын жүзеге асыруға белсене кiрiстi. Балқан елдерi, Еуропаның оңтүстiк бөлiгiндегi басқа да мемлекеттердiң нарығын жаулап алмақ. Бұл Кремльдiң әлемдiк саясатқа ықпал етуiне жағдай жасайды. Еуроодақты алаңдатқан да – осы.
Батыстың наразылығын тудырған жоба – “Оңтүстiк ағын” газ құбырының құрылысын салу туралы бастаманы Ресей сейсенбi күнi қайта көтердi. “Газпромның” жетекшiсi Алексей Миллер Мәскеудегi ресейлiк-венгрлiк үкiметаралық кеңесте “Оңтүстiк ағынмен” (“South Stream”) бәсекелесуге қауқарлы және оған балама ретiнде бағаланатын ешқандай жоба жоқ” деп мәлiмдедi. 2008 жылдың қаңтар және ақпан айларында Мәскеу Болгария, Венгрия, Сербиямен газ құбырын тартуға қатысты келiссөздер жүргiзген едi. Мәскеуде қол қойылған Греция аумағынан “Оңтүстiк ағын” газ құбырын құру және жүзеге асыру туралы ресейлiк-гректiк үкiметаралық келiсiм ресейлiк “көгiлдiр отынды” еуропалық тұтынушыларға гректер жерi арқылы жеткiзуге мүмкiндiк бередi. Жобаның бiр тармағы мажарлар жерiне тартылмақ. Газпром энергоқорды “Оңтүстiк ағын” арқылы тасымалдауды 2013 жылы бастауды жоспарлап отыр. Газпром мен Италияның Eni концернi жүзеге асыратын бұл жоба жылына 30 млрд. текше метр газ тасымалдауға қауқарлы. Осыдан үш жыл бұрын басталған газ дауын көлденең тартқан Ресей Украинадан көңiлi қалғанын, энергоқорларды экспорттауда транзиттiк елдердiң сенiмдi болуы керектiгiн айтады. Жыл басында газ бағасына келiсе алмай даурыққан украиндар мен орыстарға қатты ашуланған Еуроодақтың ескертуiн Кремль қаперге iлгiсi жоқ. Ал көмiрсутегiнi тасымалдау жолдарын дербестендiруге мүдделi Венгрия орыстардың “Оңтүстiк ағынына” да, еуропалықтардың “Nabucco” жобасына да қосылуды көздейдi. Қазiргi таңда Венгрия арқылы тасымалданатын ресейлiк “көгiлдiр отын” Сербияға, Черногория мен Боснияға жеткiзiлуде. Орталық Азия мен Каспий теңiзiне тиесiлi энергетикалық қорды Әзiрбайжан, Грузия, Түркия, Болгария, Венгрия, Румыния, Австрия арқылы еуропалық нарыққа жеткiзетiн “Nabucco” Баку-Тбилиси-Ерзұрым газ құбырының жалғасы болмақ. Ресейден бастау алып, Қара теңiз арқылы Балқан түбегi мен Еуропаның оңтүстiк бөлiгiндегi бiрқатар елдердi энергетикалық қорлармен қамтамасыз етедi деп үмiттенiп отырған “Оңтүстiк ағын” жобасына Еуропалық Одақ қарсы. Өйткенi, посткеңестiк елдер қатарындағы Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Өзбекстанның табиғи байлығын уысында ұстауға жанталасатын Ресей еуропалық нарыққа шығу жолдарының дербестенгенiн қаламайды. Ресейдiң “ұр да жық” саясатынан мезi болған Батыс қыстың көзi қырауда жылу мен жарықсыз қалудан мезi болған. Сондықтан Орталық Азиядағы тәуелсiз жас мемлекеттермен екiжақты ынтымақтастықты орнатуға тырысады. Кәрi құрлықтың ресейлiк “Оңтүстiк ағын” ЕО-ның “Nabucco” газ құбырын жүзеге асыруына кедергi келтiредi деп алаңдауы тегiн емес. Өйткенi, Африка, Таяу Шығыс, Орталық Азия мен Латын Америкамен қатынасты нығайта отырып, әлемдiк саяси, экономикалық сахнаға үстемдiк етудi көздейдi. 2013 жылы қолдануға берудi жоспарлап отырған газ құбыры Қара теңiздiң асты арқылы ресейлiк жағалаудан болғарлардың елiне дейiн тартылмақ. Жалпы ұзындығы – 900 шақырым, орналасатын тереңдiгi – 2 шақырымнан астам. Жыл сайын әртүрлi маршруттарды қарастырып жатқан тараптар Еуропаның қай мемлекетi анағұрлым тиiмдi болатынын анықтау үстiнде. РФ президентi Медведев газ құбырын жүзеге асыруды бақылап отыратын бiрiккен кәсiпорын (50-де – 50%) құрылатынын мәлiмдедi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ