Жаңалықтар

ЖАСАНДЫ БАFДАРЛАМА ҺӘМ МӘНСIЗ КОНЦЕРТ ЖАЛЫҚТЫРДЫ

ашық дереккөзі

ЖАСАНДЫ БАFДАРЛАМА ҺӘМ МӘНСIЗ КОНЦЕРТ ЖАЛЫҚТЫРДЫ

8-наурыз Халықаралық әйелдер күнiнiң құрметiне 3 күн демалыс берiлгендiктен, үйде жатып бөлменiң төрiнен орын тепкен көксандықты ермек еттiк. Әдетте телеарналар мереке құрметiне сан түрлi телебағдарламаларды дайындап көрермен назарына ұсынады емес пе? Сол ұсынылған дүниенi тамашаламаққа көгiлдiр экран алдына жайғастық.

Ең алдымен “Хабар” агенттiгiне назарымыз ауды. Көктемнiң шуаққа бөлер тамаша мерекесiне “Хабар” агенттiгi “Көктемгi ертегi” мюзиклiн ұсынды. Бұл бала күнiмiзде қызыға тамашалайтын, сан түрлi қызылды-жасылды кiтаптардан оқитын ертегiлердiң қазақша нұсқасы екен. Бiр керемет дүние шығар деп көңiлiмiз марқайып қалғаны да жасырын емес. Мюзиклге телеарнаның барлық ұжымы белсене араласқанын декорациядан, әдемi костюмдерден байқауға болады. Алайда, бiз мюзиклдiң мән-мағынасын түсiне алмадық. Басы бар, аяғы жоқ ертегi ме деп қалдық. Неге десеңiз, “Көктемгi ертегiнiң” iшiнде орысты да, басқа ұлт өкiлдерiнде табасын. Әншiлердiң жасанды ойындары да көңiл қалдырарлықтай. Бiр сәт Шекспирдiң “Ромео және Джульеттасын”, Гайдайдың “Кавказдық қалыңдығын”, “Золушканы” көрiп отырғандай болдық. Мюзиклдiң негiзгi кейiпкерлерi “Хабар” агенттiгiнiң жұлдыздарына айналып үлгерген сол баяғы Динара Қырықбаева, Бүркiт сияқты бiрқатар әншiлер. Сонымен қатар мюзиклден “Таң қалмаңыз” деп, жұртты таңқалдырудан гөрi, шала орысшасымен тамсандырып жүрген үштiк – Жанатбек, Азамат және Мәдинаны да көре аласыз. Әрине мюзикл болған соң, ол әнсiз, бисiз өтпейтiнi анық. Әншiлер айтып жүрген әндердiң сөзiнiң ұйқасы да жоқ. Мюзикл жасап, оны халыққа ұсыну қиынның қиыны екенiн де жоққа шығармаймыз. Дегенмен бiздiң көңiлiмiздi қалдырғаны, “Хабардың” қазақи ертегiлердi емес, бәрiмiз әбден тыңдап, көрiп мезi болған ертегiлердi мюзиклге арқау еткендiгi.

Сонымен қатар, бұл күнi “Хабар” “Әйелдердi еркектерден көп дейдi….” әзiл,шыны аралас бағдарламасын ұсынды. Бағдарламада “Таң қалмаңыз” сынды бағдарламаларға пародия жасалады. Сонымен қатар, Ресейдiң Тина Канделакиi мен Максим Галкинi де “Хабар” ұжымының қатал “сынына” ұшырапты. Бiрақ бағдарламаны көре отырып, Ресейдiң “Бiрiншi каналының” “Большая разница” бағдарламасын көз алдымызға елестеттiк. “Большая разницада” да ресейлiк телеарналардың телебағдарламалары мен телехикаяларына пародия жасалады.

Ендiгi кезекте “Ел арна”. Мұндағы “XXI ғасыр көшбасшысы” бағдарламасына әншi қауым балаларымен қатысты. Жалпы әншiлердiң балаларын “жарнамалау” телеарналар үшiн игi дәстүрге айналғандай. Әке-шешесi жұлдыз атанған соң, емi жоқ “жұлдыз ауруы” балаларына да жұғысты болсын дегендi алға тартатын сияқты. Бұдан өзге “Ел арна” орыс тiлдi концерттiк бағдарламалардан ары аса қоймады.

Ал “Алматы” телеарнасы Алмалы ауданының ЖОО студенттерi арасындағы “Беу қыздар-ай” жарысының теленұсқасын көрермен назарына ұсынды. Мұндай байқаудың бары жақсы әрине. Бiрақ байқауға қатысқан 5 жоғары оқу орындарының, тек бiреуiнiң, Қыздар педагогикалық институтының өкiлдерi ғана қазақ тiлiнде өнер көрсеттi. Қалған оқу орындарында тек орыс тiлiнде дәрiс берiледi-ау деймiн, шамасы. Сонымен қатар, “Алматыда” Мақпал Жүнiсова, Сәкен Қалымов, Еркiн Нұржанов, Бейбiт Қорған бастаған бiр топ әншiлердiң концертi тiкелей эфирден берiлдi.

Концерттер тiзбегiн “Қазақстан” телеарнасы жалғастырды. 8-наурызда Майра Iльясованың бастауымен бесiншi рет өткiзiлген “Жан анам” концертi берiлдi. Жалпы телеарналардан берiлген концерттерден байқағанымыз, бүгiнде еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейiн сахна төрiнен түспей ән шырқай беретiндiгi. Осыған қарап, өнердiң, киелi сахнаның қадiрi кеткен бе деп қынжылдық. Бұл әрине өз алдына бөлек әңгiме.

Басқа да телеарналар әйелдер күнiне арнап, концерттiк бағдарламаларын жарыса ұсынып жатты. Дегенмен олардың көбiсi Ресейдiң ән кештерiн берудi дағдыға айналдырған сияқты.

P.S. Мiне, бұл отандық телеарналардың асыл жандарға ұсынған мерекелiк бағдарламалары. Көрермен ретiнде көксандықты арлы-берлi ақтарып отырып, менiң байқағаным осы. Әрине, спутниктiң дәуiрi жүрiп тұрған бүгiнгi заманда көрермен қауымды анау-мынау жеңiл-желпi дүниемен таңқалдыру қиын-ақ. Дегенмен, отандық телеарналар шетел телеөнiмдерiнiң көшiрмесiн жасамай, өзiндiк серпiлiс пен соны идеяларды ұсынса екен деймiз.

Әйгерiм Бақытқызы