ТӘУЕЛСIЗДIК ПЕН ТӘУБЕСIЗДIК
ТӘУЕЛСIЗДIК ПЕН ТӘУБЕСIЗДIК
Елiмiзде бопсалаушылар нелiктен көбейiп барады?
Қарапайым адамның өмiрiнiң мәнi мен мазмұны неде? Өзiн қоршаған мәңгiлiк жаратылыстың баршасы: толқыған шексiз мұхиттар, мұз бен қар жапқан ақбас таулар мен көкжиегiне көз жетпейтiн сайын дала, маңдайдан аймалайтын ерке самал, түнгi тұңғиықта жымыңдасқан сиқырлы жұлдыздар өз еркiнен, санасынан тыс жаратылғанын шарасыз мойындауға мәжбүр және нағыз жаратушылық тұрғыдан ас iшiп, аяқ босатуға ғана қабiлеттi екендiгiн iштей жақсы бiлетiн пенде байғұстың шынайы бақыты дегенiмiз не? Жер бетiнде адамдардың баршасы мақсат-мұратына жетiп, бақытты ғұмыр кешетiн жұмақ мекен — Жерұйық, ит басына iркiт төгiлген Жиделi-Байсын бар ма?
Мұның бәрiн дөп басып, бiржола анықтап беретiн ешқандай құдiрет жоқ. Осыған қарамастан әрбiр адамның өз ғұмырында Бақыт iздеп, өмiр бақи аңсап өтетiнi қалыпты жайт. Соңғы кездерге дейiн ғаламдастырудың жетiстiктерi мен жемiстерiн тек жоғары дамыған елдердiң аз ғана бөлiгi қызықтайды делiнiп келген едi, бiрақ қазiр бұл тұжырымның да көбесi сөгiлiп, бай-бақуатты мемлекеттер де қабырғасынан солықтап тұр.
Көптеген сарапшылардың деректерiне сенсек, егер ХХ ғасырдың 60-жылдарында әлемде еңбек табысының арақатынасы 13:1 болса, ХХI ғасыр басында аталмыш арақатынас аса қауiптi деңгейге жетiп, 60:1 болды. Байлықтың 80 пайызы ғаламшар халқының бестен бiрiнiң уысына жинақталып, ал қалған бестен төртiнiң қолына қалған-құтқан 14 пайызы ғана тиесiлi боп қалды. Жер бетiндегi еңбекке қабiлеттi 2,6 млрд. адамның барлық табысы ат төбелiндей азғантай топтың — 347 миллиардерлердiң ғана табысына тең, ал 1 млрд.300 миллион адам өлмешiнiң күнiн көрiп, қайыршылық күй кешуде. 1 миллиардқа жуық адам жұмыссыз, 700 миллион адам уақытша жұмыс iстейдi немесе қылмыстық жолмен күн кешсе, 2 млрд. адам аса лас, өмiрге қолайсыз жағдайда жан бағып жүр. Тiптi, 1 млрд. адам мүлдем сауатсыз. Әлемдiк экономикалық, қаржы дағдарысы күннен күнге өршiп, ауыздық бермей бара жатқан қазiргi жағдайда бақытсыз адамдардың бұрынғыдан да еңсесi езiлiп, мүлдем тұйыққа тiрелiп отырғаны кәмiл. Мұндай жағдайда рухани жағынан әлсiз, күйрек адамдардың армандаған бақытын өз ата-мекенiнен басқа жақтан табуға талпынысын адамгершiлiк тұрғысынан түсiнуге де болады. АҚШ-тың Гэллап институты 2006-2008 жылдар аралығында әлемнiң 82 елiнде арнайы қоғамдық сауалнама жүргiзген-дi. Осы сауалнаманың қорытындысы бойынша, Қазақстан азаматтарының 17 пайызы елден кетудi қалайтын болып шықты. ТМД аумағындағы елдердiң барлығында дерлiк мұндай көрсеткiш Қазақстаннан әлдеқайда жоғары екендiгiн дәтке қуат санағанмен, “Өзге елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол” деген мәңгiлiк қағиданы шегелеп айтып қана қоймай, оны өмiр сүру салтына айналдырған, бұлжытпай сақтап келген бостандық сүйгiш, туған мекенiн және шексiз далада желдей ескен тұлпарын жанындай жақсы көретiн алаштың азат ұлдарының да пиғылы, өмiрге көзқарасы өзгере бастағаны қазiр анық байқалуда. Тiптi, жуырда “Азаттық” радиосында “Қазақтар Отанында өздерiн неге өгей сезiнедi?” деген арнайы хабар жүргiзiлiп, Алматыдан Прагаға қысқа мерзiмдi демалысқа келген банк қызметкерiнiң “көптеген қазақтардың елде қиындық сезiнiп жүргенiн, Қазақстанның Отан-Ана емес, өгей-ана секiлденiп бара жатқанын, сол себептi, туған жерiнде өмiр кешу қазақтардың өзiне де қолайсыз болып бара жатқанын” мәлiмдегенiн дүниежүзiне таратты. Қасиеттi қазақ жерiн бiржолата тастап, қарақан басының қамы үшiн әлемнiң қай қиырына болса да шұғыл көшiп кетуге дайын жандардың көбеюi емес, әлгiндейлердiң: “Бiзге (маған) Қазақстанда жайлы жағдай жасалған жоқ, сондықтан кету үшiн бәрiне дайынмын. Мен кетсем жәй кетпеймiн, Қазақстанның абыройына нұқсан жасап кетемiн”, — деп, әлдененi меңзеп, астарлап айтуға машыққандары сонша, сондай бопсалаушыларды (шантаж) әлдекiмдер әдейi айтақтайтын, қолтығына су бүркетiн сияқты көрiнедi кейде. Публицист, философ Әбдiрашит Бәкiрұлы “Қолынан келген қонышынан баса бере ме?” атты сараптамалық мақаласында Тараз қаласындағы таныс хирург дәрiгердiң жаны күйзелiп: “Аға, шыны керек, егер маған Отаныңды сат десе, ол сатылатын дүние болса, ойланбастан сатар едiм. Мардымсыз айлықпен балаларымды бақытты ете алмасыма көзiм жеттi. Кiм ненi сатпай жатыр?” — деген күңiренiсiн жазған болатын. (“Түркiстан” газетi, №7, 19 ақпан, 2009 ж.).
Бұдан сорақы өресiздiк, рухани, саналық керi кету, құлдырауды ойлап табудың өзi мүмкiн емес. Жоғары бiлiмдi маман дәрiгер, саналы азаматтың бар жеткен биiгi осы ғана екендiгi, “Кiм ненi сатпай жатыр?” деген ұры сұрақтың көкiрегiнде қылтиғандығының өзi сұмдық-ақ. Бәрiн де сатушылардан гөрi, ең қасиеттiлерiн, ар-абыройын, туған анасын, Отанын сатпайтындар көп. Өйтпесе, Қазақстан тарихта болмайтын, көлемi жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын ұлан-ғайыр қазақ жерi азаттыққа қол жеткiзбейтiн едi. Миллиондаған қазақ басына қандай қиын күн туса да туған жерден табан аудармай, отын өшiрмей өмiр сүрмес едi.
Әрине, адами тұрғыдан әлгi хирургтiң жан күйзелiсiн, ер азамат ретiндегi шарасыздықтан дiңкелегенiн iштей түсiнуге тырысқанымызбен, миллиондаған адамдардың жүректерiнiң түбiнде оған шынайы қарсылық атойлайтыны да кәмiл. “Отанын сатқан — оңбас” деген ұлағатты ұстанғандар, өмiр бақи ту етiп өтетiндер бiртұтас Қазақстанды ешқандай саудаға салынбайтын отаным деп бiледi. Сатылған Отан болмайды, тек отанын сатқандар ғана болады. Турасын айтсақ, сатқындықтың аты қай жерде де, қандай қоғамдық құрылыста да: құл иеленушi, капитализм, социализм, тiптен қиялдағы коммунизмде де сатқындық болып қала бередi. Саналы түрдегi сатқындықты ешқандай себеп, сылтаумен ақтап алу мүмкiн емес. Иә, елiмiздегi дәрiгерлердiң еңбекақысы аздау болуы ықтимал, бiрге тартса, бiрге жетпеуi мүмкiн, бiрақ өмiрдiң қайшылығы сол (ауруханаға, әлгiндей хирургтердiң қолына түскен әрбiр адам дәрiгерлердiң ақшаны суша сапыратынын айтатыны өтiрiк пе?!), осы орайда марқұм Жарасқан Әбдiрашевтiң:
“Төбемiзге көтерiп жеңiлдердi,
Тұман басты көздердi,
Көңiлдердi!
“Елергеннен — өлермен жаман” деген,
Өлермендер бiлмейдi “жеңiлгендi!..” — дейтiн жыр жолдары ерiксiз ойға оралады. Әрине, өлермендiк жолмен аңсаған бақытты алыс қиырлардан iздеуге, тiптi, жеке бастың бақытын iздеп табуға да болатын шығар, бiрақ… бұл әлгi дәрiгердiң немесе сол сияқтылардың балалары да бақытты болады деген тұжырым жасауға негiз бола алмайды. Әрбiр жеке адам бақытты өзiнше сезiнедi және бағалайды. Байлардың бәрi шын бақытты деп айтуға да негiз жоқ. Тiптен, Отанын сату арқылы жеткен бақыттың өзiн нағыз бақыт дей аламыз ба? Олай болса, жер бетiндегi 6 млрд.-тан астам Алланың аманат жанын арқалап жүрген адамдардың барлығы өз Отанын сатып, әлдебiр қиырларға үдерiп көшер едi. Аталмыш Гэллап институты сауалнаманың қорытындыларына қарағанда, көбiмiз өмiр сүруге аса қолайлы Жерұйық санайтын Германия мен Ұлыбританияда да сауалнамаға қатысқандардың 27 пайызы өзге елдерге көшудi армандайтынын бiлдiрген. Яғни, тұрмыстың жоғары деңгейiнiң өзi адамдарға толық қанағаттанушылық, бақыт сезiмiн әкеле алмайтын сияқты. Әрине, дамыған, экономикалық көрсеткiштерi Қазақстаннан әлдеқайда жоғары мемлекет азаматтарының жағдайы бiзден мүлдем бөлек. Немiс қайда барса да өзiнiң немiс екенiн, ағылшын ағылшын екенiн ұмытпайды, француз азаматы да әлемнiң қай түкпiрiнде жүрсе де қарамастан ешқашан жалғыздық сезiнбейдi, Отанынан бiржола бөлiнiп қалдым дей алмайды. Ал қазақ тү-ү, алысқа ұзамай мына тұрған Өзбекстан немесе Ресейге барса-ақ аздаған жылда атамекенiнен, туған жерiнен бiржола бөлiнiп қалуға мәжбүр. Соңғы жылдары халықаралық көшi-қон үдерiсi 200 млн.-нан астам адамды қамтып отырса, солардың көбiсi өз Отандарынан осылай мәңгiлiкке қол үзген сормаңдай бейбақтар.
Сөз жоқ, Қазақстаннан күдерiн үзiп, көшiп кетiп жатқан отандастарымыздың тағдыры баршамызды толғандырары анық және солай болуы заңды да. Осыдан екi апта бұрын Рақым Айыпұлы “Қазақ әдебиетi” газетiнiң бетiнде “Нұрлы көш” ұлы көшке ұласа ма?” атты мақала жариялап, азаматтық жанайқайын жеткiздi.
“…Демек, екi млн.-ға жуық адам бiздiң елдi тастап кетуге қамданып отырса, 2007 жылы Қазақстаннан шетелге кеткен 42,4 мың адамды төнiп келе жатқан демографиялық қатердiң бастамасы деп бағалауға болады”, — дейдi автор (“Қазақ әдебиетi” газетi, 20.2.2009 ж.). Сонымен қоса Қазақстандағы орыстардың 46 пайызы көшiп кетуге дайындалып, буынып-түйiнiп отырғандығына дабыл қаққан. Бiрақ, елiмiзден бiр жылда 42 мың адамның көшiп кетуiн “демографиялық қатердiң бастамасы” деу, әдiлiн айтсақ, асыра сiлтеу, орынсыз эмоцияға берiлу iспеттi. Шынына көшсек, Қазақстанның тұғыры болып отырған қазақ халқы бұдан да ауыр, зұлмат күндердi бастан кешкен. Ұлы аштық жылдарында, қысқа ғана уақыт iшiнде 2,5-3 млн. бауырластарынан, iле-шала Ұлы Отан соғысында 250-300 мың ер азаматтарынан айрылған алаш жұрты көп ұзамай еңсесiн қайта тiктеп, елдiгiн барша әлемге паш еттi.
Сондықтан “мен кетсем Қазақстан бiржола қирап қалады” деген пиғылмен бопсалаушылар бiр нәрсенi бiлгенi жөн сияқты: Қазақстан мәңгi тұрған, бұдан былай да мызғымай тұра бередi! Ешкiмнiң ешқандай жағдайда да Қазақстанға, кеңпейiл қазақ халқына мiндетсiнуге қақы жоқ екенiне қарамастан, қанағатшылдық, тәубешiлдiк сынды рухани-моральдық категорияларды ұмытатындардың табылатыны өкiнiштi-ақ.
Әсiлi, жаман әдеттер адам бойына туа бiткен абзал қасиеттердi елеусiз ысырып тастауға икемдi болғандықтан, уақыт өте бойға, ағзаға әбден сiңiсiп, кiсiнiң екiншi мiнезiне айналып шыға келедi. Бұл жағдай, төтенше өзгерiс тұтас қауым, сандаған адамдардың да өмiрiнiң өзегi, негiзгi мәнiне айналып шыға келуi нағыз бақытсыздық. Данышпан Абайдың “Медғат” поэмасындағы ақыл-есi бүтiн хан мен уәзiрдiң “Көпке топырақ шаша алмай”, жаңбырдың жынды суын амалсыз iшетiнi соның нақты мысалы емес пе?! Бопсалау демекшi, осыдан бiр айдан астам уақыт бұрын Қазақстан телеарналарының бiрi үлескерлердiң кезектi бiр жиыны, олардың өз жиындарында қабылдаған қаулысы, дәлiрек айтсақ, ашық хаты жөнiнде хабар көрсеттi. Ашынған адамдар түрлi харакеттерге баратыны бесенеден белгiлi, бiрақ бұл үлескерлердiң талап-тiлектерiнiң мүлдем қисынсыздығы таңқалдырған әрi ерiксiз шошытқан. Олар арнайы хат жазып, оны АҚШ президентi Барак Обама мен Ресей президентi Дмитрий Медведевке жолдағалы отырғандарын мәлiмдедi. Әлгi хаттың нобайына қарағанда, Қазақстан халқы елден ерекше жаратылған аса момын халық екен. Оны басқарған билiк мұндай халықты жер бетiнен iздеп таба алмасы сөзсiз. Тек, қазiргi Қазақстан билiгi бұл халықтың қадiр-қасиетiн бағаламай, үлескерлердi қиын жағдайға қалдырып отыр. Сондықтан үлескерлер АҚШ пен Ресей президенттерiнiң көмегiне зәру. Өзге елдiң сойылын астыртын соғуды әдетке айналдырған, солардың идеологиясымен санамызды улау үшiн қолдан келгеннiң бәрiн жасауға даяр кейбiр телеарналар мұндайды көрстеуге әрқашан мүдделi екендiгi белгiлi ғой, бiрақ әлгi үлескерлер — Қазақстан азаматтарының санасының жеткен биiгi осы болғаны өкiнiштi-ақ. Олар өз Отанын бопсалап, ашықтан-ашық қоқан-лоққы жасап отырғанын сезбейдi емес, жақсы бiледi, бiрақ жеке басының жақсы өмiр сүруi, баспана үшiн тұтас Қазақстанды, барша халықты сатып жiберуге дайын. Мұхиттың арғы шетiндегi Барак Обама Алматыдағы үлескерлер үшiн жаны қиналған шығар дей алмайсың, өйткенi, Обама байғұстың өз елiнде де мұндай үлескерлер миллиондап саналады, Дмитрий Медведев те бұл хатты ала қоймаған шығар. Әңгiме онда емес, гәп әлгi үлескерлер орыс танкiлерi Қазақстанға басып кiрсе, бейбiт елдi қынадай қырса, оларды гүлмен қарсы алуға дайын екендiгiнде. Бұл — қисынсыздық қой дейтiн шығар кейбiреулер. Бiрақ, тәуелсiз, егемен елде қалыптасқан проблемаларды шешу үшiн шетелдiктерден көмек сұрайтындар бұдан басқа ешқандай жол жоқ екенiн де жақсы бiлуге тиiс. Сонымен қатар мыңдаған үлескерлерге көмек қолын созған Қазақстан қазiр нарық экономикасының барлық қалыптасқан заңдылықтарын бұзып отырғанын да айтуымыз керек. Үлес бойынша салынып жатқан үйлердiң бәрi жеке адамдардың өз меншiгi, оған мемлекет араласуға, бюджеттен ақша бөлуге мiндеттi емес. Яғни, жеке адам белгiлi бiр жер телiмiнде үй сала ма, жоқ басқа ғимарат тұрғыза ма, оған мемлекеттiң қатыстылығы болмайтыны, ақша бермейтiнi сияқты, үлескерлердiң үйiне де бюджеттен ақша бөлiнбеуге тиiс екенi басы ашық жайт. Бiрақ осыған қарамастан Қазақстан билiгiнiң адамшылық тұрғыдан, саналы түрде үлескерлерге көмек көрсетуiн әркiм құптайтыны сөзсiз. Иә, олардың әрбiрi бәрiмiздiң қаны бiр, дiнi бiр туыстарымыз, ақын айтқандай, “әрбiр қазақ — жалғызым”.
Бiрақ, сол “жалғыздардың” iшiнде жеке бастың қамы үшiн Қазақстанды сатып кетуге дайын адамдардың бар екенi жанды түршiктiредi. Сан ғасырлар халқымыз армандаған тәуелсiздiктi өз тәубесiздiктерiнiң жолына құрбан етуге дайын пенделердiң бар екендiгi шошындырады.
Жаңабек ШАҒАТАЙ