Жаңалықтар

КОМИТЕТ БАҚЫЛАУҒА КӨШТI

ашық дереккөзі

КОМИТЕТ БАҚЫЛАУҒА КӨШТI

“Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы елдi дағдарыстан алып шығудың жолдарын жасап жатқан бүткiл мемлекеттiк шараларды бақылауды өз қолына алып жатыр. Бұл үшiн партия арнайы комитет те құрған болатын. Оның дәлелi, күнi кеше партия жанынан құрылған қоғамдық комитеттiң басшылары “БТА банкi” АҚ басшыларымен кездесу өткiзгендiгi.

Парламент мәжiлiсi депутаты әрi комитеттiң жетекшiсi Гүлжан Қарағұсова мен “Нұр Отан” ХДП төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев бастаған топтың банкке келудегi басты мақсаты – мемлекет тарапынан бөлiнген қаржының белгiленген шараларға жұмсалып жатқандығының анық-қанығына көз жеткiзу.

“БТА банкi” АҚ-қа бiрiншi транш 2007 жылдың күзiнде берiлген екен. Қаржы дағдарысы жаңадан басталып жатқан кезде бөлiнген қаржыны шағын және орта бизнеске жұмсау қажеттiлiгiнен берiлiптi. Екiншi транш 2008 жылдың тамызында 5 млрд. теңге көлемiнде тиiп, биылғы 25-ақпанда үшiншi транш 22 млрд. теңге қоржынға түседi. Ал биыл 3-ақпанда Үкiметтiң шешiмiмен банктiң Жарғылық капиталына 265 млрд. теңге бөлiну керек болатын. Әзiрше мұның бәрi банк балансына түсiптi.

“Шағын және орта бизнестi қаржыландыруға келетiн болсақ, банк бұрын да бұл саланы несиелендiрiп келген, оны жалғастыра бередi. Мемлекеттiң тапсырып отырған тапсырмаларының аса маңыздысы ипотекалық несие екендiгiнде дау жоқ. Ипотекалық несиенi қайта қаржыландыру процесi ауыр екендiгi белгiлi, соған қарамастан, сең қозғалды. Халық құжаттарын тапсырып жатыр”, – дейдi Әнуар Сәйденов мырза.

Комитеттегiлердi қызықтырған мәселенiң бiрi – бөлiнген қаржының өндiрiстi дамытуға жұмсалуы қажет екендiгi. Дағдарыстан шығудың ең үлкен жолы, ол өндiрiстi әртараптандырудың шарт екендiгi, онсыз бөлiнген қаржының құмға сiңгендей жоқ болып кететiндiгiн депутат жақсы бiледi.

Бұдан соң, комитет өкiлдерi “Альянс банк” АҚ басшыларымен де кездесiп, банктiң бұл қаржыны қалай жұмсап жатқандығынан хабардар болуға тырысты. Гүлжан Қарағұсованың айтуынша, антидағдарыстық қаржы банктердiң есепшоттарына әлдеқашан түсiп қойған. Қазiр ол қаржыны банктер Үкiмет айқындаған бағыттарға бөлудi бастағаны жөн.

Ал, “Альянс банк” АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы Мақсат Қабашевтiң айтуынша, банк Үкiметтiң антидағдарыстық бағдарламасы аясында үш бағытта жұмыс iстеудi көздеп отыр. Әуелi, шағын және орта кәсiпкерлiктi қайта қаржыландыру мен жаңа несиелер беру iсiн қолға алу. Екiншiден, ипотекалық бағдарламаны қайта қаржыландыру бағдарламасы жүзеге аса бастайды. Үшiншiден, аталған банк Үкiметтiң студенттерге несие беру жөнiндегi агентi ретiнде 15 миллиард теңге алып отыр.

Қазiргi жағдайда банктер үшiн басты мақсат – ипотекалық несиесiн қайтара алмағандардың пәтерiн тартып алу емес, төлем қабiлеттiгiнен уақытша айрылған несие алушылардың қатарын сақтап қалу маңызды. Бұл мәселеге “Нұр Отан” ХДП төрағасының бiрiншi орынбасары Дархан Қалетаев айрықша тоқталып өттi.

Комитеттегiлер дағдарыстан шығу үшiн, ең алдымен, өндiрiстi дамыту қажеттiгiн алдыңғы орынға қойды. Келешекте комиссия мемлекеттiң үлесi бар жүйе құраушы төрт банктiң iс-әрекетiн бақылап, шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуын қадағалау үшiн барлық өңiрлерге жиi ат басын бұратын болады.

Гүлзина Бектасова