Жаңалықтар

60-ҚА КЕЛЕТIН ЕДI ТҰРСЫНҒАЗЫ

ашық дереккөзі

60-ҚА КЕЛЕТIН ЕДI ТҰРСЫНҒАЗЫ

Жазғаны адамды ойлантпайтын адамды жазушы деу, әрине, қыйын. Жазушы кейде ойланту үшiн әдейi қыйас жазады, кейде көңiлiңiздегiнi тап басып тебiрентiп жазады. Өзi өмiрден ерте кеткен, жасы ендi ғана алпысқа жеткен Тұрсынғазы Әлпейiсов бауырымыз да кейде әдейi ойландыру үшiн, кейде әдейi сүйсiндiру үшiн, ойыңды сан саққа жүгiртiп жазатын. “Жаңбырлы көктем” атты повесiнде ол:

“Мен кейде мынадай ойға келемiн: өзiм жан-тәнiммен берiле сүйген Нұрбүбiмен бекер-ақ қосылғанмын. Ғашық жандардың бiр шаңырақ астында өмiр сүруi шарт емес қой… Егер бiз Нұрбүбi екеумiз үйленбесек, мен оның көңiлге дақ салатын оғаш мiнездерiн көрмес едiм-ау! Сондықтан мен оған өмiр бойы ғашық болып қала берер едiм”, – дейдi.

Бұл, әрине, автордың өмiрөзегi емес. Алайда айта салған жеңiл-желпi сөзi де емес. Ашынған сәттiң ащы шындығы ғана. Ананы бiр ойлап, мынаны бiр ойлап, әбден басы қатқан адамның тап осылай деп бiр сәт таусыла сөйлейтiнiнде дау жоқ. Бұл – жазушының шындықтан алыс кетпеген ұтымды бiр әдiсi. Сол арқылы оқырманды ойландырады, не “рас-ау” дегiзедi, не “ойбай, мұнысы не?” дегiзедi.

Бұл пөвестiң тақырыбы – қай заманда да ескiрмейтiн тақырып: отбасылық өмiрдiң опығы. Бiр-бiрiн сүюмен ғана, бiр-бiрiне үйленумен ғана ешкiмнiң бақытты отбасы бола қалмайтынын Тұрсынғазы бұл повесiнде “қаламынан қан тамызып отырып-ақ” жазыпты. Түсiнiсе бiлу, сыйласа бiлу, тiл табыса бiлу деген сыйақты талай “бiлулерден” тұратын өмiрдiң қыр-сырын қыйуластыра алмаған ене мен келiн ақыры бiр отбасын ойран етiп тынады. Бала қызығын, немере қызығын ұзағынан көре алмай ата мен әже ерте көз жұмады, күйеуi мен әйелi ажырасып тынады. Әйел мен еркек жалғызбасты болады, бала жетiм қалады. Осыншалық ойран болудың ең басты себебi – кедейшiлiк пен жоқшылыққа қарсы бiрiгiп күресу немесе сонымен оны жеңу емес, оған кейу немесе сонымен қайта-қайта көзге шұқу. Сөйтiп, ынтымағы жоқ үйден ырыс қашады, ашты сөзден көңiл қалады.

“Адам шiркiн тiрнектеп жинаған жақсылығын шелектеп төге салуға шебер екен ғой”, – дейдi Кәрiм өз өмiрiн оймен шола отырып. Отбасын сақтап қалуға ешбiр амал таба алмаған ол өзiн де сөгедi, сүйiп қосылған әйелi Нұрбүбiнi де сөгедi. Бiрақ кiмдi сөксе де, үйлесiмдi өмiрдiң кiлтiн таба алмайды. Түсiнiскiсi келiп Нұрбүбiге сөз айтқан сайын оның удай тiлiнен жаны тек жаралана бередi. Ал Нұрбүбiнi ақыл емес, ылғи ашу билейдi. Үйдегi кедейлiк, қолқысқалық үшiн ол тек күйеуiн кiнәлейдi, бәрiн соның осалдығынан деп бiледi, басқа да себеп бар-ау деп басын да қатырмайды, ойланбайды да. “Саған келгелi берi қайыршы болып өлетiн болдым. Қайдан ғана таптым сен сұмырайды. Құдай-ау, қайдан ғана кездестiрдiң бұл сұмға!?” – деп ашынады ол.

Әрине, ашынған адам әлдененi артық-ауыс айтып жiбередi. Алайда артынан ашуы тарқағанда, долылықтың ырқымен айтылған сөзден өзi де түршiгедi. Ол да әйелге тән кешiрiмдi мiнез. Ал Нұрбүбiде ондай өкiну мен қайғыру жоқ, қайта өршелену, өршу бар. “Шаруаң болмасын балада! Бұл сенiң балаң емес!” – деген шаптығулар, “Аруақтар дейтiндей,.. мен сенiң әке-шешеңдi буындырып өлтiрiппiн бе?..” Сендейлер аяғымның астында оралып жатыр! Етегiме оралады! Айуансың! Тұқым-тұрпағыңмен айуансың! – деген зәр төгiлген тiлдеуден кейiн мұндай әйелмен ажырасып кетпеген еркектi де еркек деу қыйын шығар деп қаласың.

Осындай сөздi үнемi естiп, келе-келе басылар деген үмiтi өшiп, “өмiрiңде осылай жарымай өт! Көгермей, көктемей өт!” – деген қарғысқа айналып бара жатқанын көргенде, Кәрiм: “Жоқ, бүйте берсе, мынау тұрған келiншек не менi немесе мен оны өлтiремiн”, – демегенде, не десiн.

Бiр жағында келiнiне тiлiн алдыра алмаған анасы, екiншi жағында енесiнiң өзiн де, сөзiн де жақтырмайтын келiншегi, екi оттың ортасында қалған баласы Кәрiмнiң жайын ауру әке күйiне ойлайды: “Мына екi оттың арасында қалып, жұмысың ақсай ма деп қорқамын”, – дейдi. Ақыры солай болады. “Апаңа кiнә тақпаймын, ол – ескi заманның адамы. Келiнге кiнә тақпаймын, ол – жаңа заман баласы. Екеуiн ымыраға келтiремiн бе деп едiм, болмады. Ендiгiсi өз қолыңда”, – дейдi әкесi.

“Сонда қалай болғаны?” – дейдi оқырман. – Бұған ешкiм кiнәлi емес пе?” Мiне, шығарманың жазылу мақсаты да осы сұрақтың шешiмiн iздеу.

Сол шешiмдi Кәрiм ұзақ iздейдi, ұзақ шыдайды. Әкесiнiң әлгi сөзiн ойлайды, “ескi мен жаңа еш ымыраға келмейдi, әуре болма дегенi екен ғой” деп те түңiледi, асылып өлмек те болады, шешесiн жалғыз тастап, жеке бөлiнiп те тұрады, бiрақ Нұрбүбiнiң шайпау тiлi, бiтпейтiн кiнәлеуi ақыры төзiмiн тауысады: жалғыз шамаданын көтерiп үйден шығады да кетедi. “Араларын ақша дәнекерлейтiн достықтың ең опасыз екенiн сонда ғана барып бiлген едiм”, – дейдi Кәрiм Жомарт деген танысының бiр кезде шалқып, ендi бiр кезде кiрiптар болып қалған күйiн көргенде. Соны оқыған оқырман: “Е, Нұрбүбi де саған деген сезiмiн ақшаға дәнекерлетпек болды ғой”, – деп қалады ерiксiз. Кәрiм атынан автор да “Бүкiл адамгершiлiк қатынасты ақшаның өлшемiмен өлшейтiндердi бағалай алмайтынын” айтады.

Тұрсынғазының “Алыс таулар” повесiн оқыған адам, өкiнiшке қарай, бұдан да терең күрсiнедi. Өйткенi ол да өмiрдiң ашшы-тұшшысын жараңа тұз сепкендей дәл басады. Менiң байқауымша, бiз кәзiр сыбайлас жем-қорлықпен қатты күресiп жатқан сыйақтымыз. Алайда осы сыбайластық деген пәленiң кешегi кеңес заманында-ақ жұлынымызға түсе бастағанын онша ескере бермеймiз. Тұрсынғазының аталмыш пөвесi сыбайластықтың көкесiн көзiңе көрсетедi. Әрi-берiден соң: “Өй, мынау дәл кәзiргi кез ғой!?” – деп таң қаласың. Оған көз жеткiзу үшiн, әуелi Көпжiгiт дегеннiң кiм екенiне көз жеткiзiп алайық. Ол – бiр қалқоздың шопаны әрi шопандар тобының жетекшiсi. Аудандағы жиналыста ол былай дейдi:

“Быйыл мен әр жүз саулықтан жүз алпыстан төл алсам, алдағы жылы жүз саулықтан жүз жетпiстен аламын. Жоспарым – жүз алпыс, ал жүз жетпiс – мiндеттемем. Әр бас қойдан осы жылы үш келiден жүн қырықсам, ендi үш келi – менiң жоспарым, ал мiндеттемем – үш жарым келiгiрәм”.

Дәл өстiп өтiрiк, ғылыми негiзсiз уәденi берiп тұрған бөспе шопанды ауданның бiрiншi хатшысы, бас затехнiгi, мiлисә бастығы – бәрi қолдайды. Оған ешкiм заң да қолданбайды, оның қылығына заң да жүрмейдi. Өйткенi: “Көпжiгiт деген атақты шопан ғой… Атағы обылысты дүрiлдеткен адам ондай арамдыққа бара қоймас… Көбеңе жала жабам деп, ұятқа қаласыз”, – деп, бәрi оны қорғаштайды.

Көпжiгiттiң көпе-көрнеу өтiрiк уәде берiп тұрғанын бәрi бiлiп тұрса да, бұғып қалып, оның бет пердесiн ашып, сол жиналыста көзбе-көз сын айту Баймұрат ақсақалдың ғана қолынан келедi. “Елдiң қойы қой да, сенiң қойың оннан торайлайтын мегежiн болып кетiп пе?.. Бiлемiз қозыны қалай алып жүргенiңдi. Өз малыңның төлiн қосып жiбересiң. Ал есеп айыру кезiнде қайтарып аласың, есебiң түгел. Сенде мал көп, ал өзгеде аз”, – дейдi ол. Осы шындықты аудан басшыларының бәрi бiледi, бiрақ үндемейдi. Мiне, өстiп өтiрiк өрге басады.

Ал өстiп шындықты шыжғырып бетiне басқаны үшiн, Баймұратты қай бастық жақтап, қай бастық жақсы көредi? Ешқайсысы да. Сыбайластық дегенiң – сол. Ал сыбайластарына сенген Көпжiгiт, сөз жоқ, Баймұратқа өштеседi.

Әдiл сөйлейтiн, әдiл жүрiп-тұратын Баймұрат екi бiрдей ұлынан айрылады, екеуi де өзгелердiң кiнәсiнен қаза болады, бiрақ сол кiнәлiлердi жазалауға келгенде, бәрi кiнәнi көрмегенсидi, бiлмегенсидi, өйткенi оларға адам тағдырынан бұрын өзiнiң құлқыны мен сыбайласының сөзi қымбат.

Сол кезгi, кәзiргi бастықтардың сиқын қарашы: түзге отырып келе жатқан бастықтың қолын Баймұрат ақсақал алмай қояды, себебi оның қылығы көргенсiздiк. Бiрақ ол өз көргенсiздiгiн бiлмей, сол үшiн онымен кектеседi ғой, өйткенi оның қолын алмайтын ол кiм? Осындай ата дәстүрдi, ұлттық әдет-ғұрыпты бiлмейтiн, бiлудi жөн санамайтын мұңдарды Тұрсынғазы көз алдыңа келтiрiп, айнытпай суреттейдi.

Тұрсынғазының жазып отырғаны – кеңес заманының қазақтары. Бiздiң көрiп отырғанымыз – осы заманның қазақтары. Екеуi бiрдей. Демек, мұның бәрi заман тудырған мiнез емес, адамның тәрбиесiздiгiнен, мәдениетi аздығынан туған азғындықтар. Сол адамдардың ар жағында қазақ деген халық та тұр, олардың жаманаты оған да тиедi. Бiздiң, Тұрсынғазының жанына бататыны да сол. Бұлар өзiн ғана емес, халықты да, болашақты да азғындатады.

Тұрсынғазының осындай жазушылық шеберлiгi “Жоңғардың соңғы қашқыны” атты жалғыз романында да жан-жақты көрiнедi. Ондағы қалқоздастыру науқанының кесапаты, елден шетелге қашу мехнаты, тап күресi, “халық жауы” дегендердiң ел арасын алауыз етуi – бәрi нанымды суреттелiп, нанымды шешiмiн тапқан.

Тұрсынғазы қай шығармасында болмасын қазақы болмысты қолмен қойғандай қаз-қалпында, айнытпай суреттейдi, оқи отырып, адамдардың өзiн, қылығын ап-айқын көзiңе елестетiп отырасың. Олардың мiнез-құлқы сөз саптастарынан-ақ бiлiнiп тұрады.

Тұрсынғазының “Рақыш серi, Ақманар сұлу, тағы басқалары” деген деректi әңгiмесi – қазақы бауырмалдық пен сыйластықты үлгi ететiн әдемi әңгiме. Өз туысының әйелiн алып қашып кеткен Рақыштың қылығы, шындап келгенде, ағайын арасына тастаған өрт-тi. Алайда сондай асқынған тiрлiктi араздық пен алауыздыққа жеткiзбей шеше бiлген ағайын, шештiре бiлген отағасы қалай мақтасаң да ылайық дана ғой. Араздықты өршiтпей, ағайындықты сақтап қалу – неткен ақылдылық, қандай кешiрiмдiлiк?! Және бұл аңыз емес, басқа емес, өмiрде болған, Қазақыстанның халық әртiсi Дәнеш Рақышев ағамыздың өмiрiне қатысты шындықтар ғой.

Тұрсынғазының тағы бiр адам сүйсiнтетiн қылығы – өзi ауырып жүрiп, соңғы сәтiне санаулы күн қалғанда жазып кеткен Орбұлақ шайқасы жайындағы хикаясы. Жәркент өңiрiндегi Сарытау жайлауы мен Өсек өзенiнiң басында Қашама деген жер бар. Оны барып көрген, жүрiп өткен адамдар жыл өткен сайын некен-саяқ болып барады. Өйткенi ол ара – өте қыйын асу, қылдырықтай дара ауыз жота. Жолды қалмақтар, аңыз бойынша, бiр түнде қолдан қашап салып, қазақтардың қуғынынан құтылып кеткен. Сол қашама жолды салған 1643-жылы Салқам Жәңгiр мен Жалаңтөс батырдың бiрiккен қолынан қашқан қалмақтар екенiн алғаш айтқан да Тұрсынғазы болатын. Елдiң, жердiң тарихына сергек қарайтын, ойлап сыйлайтын Тұрсынғазының жазушылығы әлi талай сөз болатынына сенiмдiмiн.

Бексұлтан Нұржекеұлы