Жаңалықтар

“МӘДЕНИ МҰРА” ЕКIНШI КЕЗЕККЕ БЕТ АЛДЫ

ашық дереккөзі

“МӘДЕНИ МҰРА” ЕКIНШI КЕЗЕККЕ БЕТ АЛДЫ

Өткен сенбiде Ұлттық кiтапханада Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң төрағалық етуiмен “Мәдени мұра” бағдарламасының 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық ұлттық жобасын жүзеге асыру жөнiнде қоғамдық кеңестiң алғашқы отырысы өттi.

Бұл отырыс “Мәдени мұра” бағдарламасының екiншi кезекке өткендiгiн ресми әйгiлеп, алғашқы бiссiмiлләсiн бастады. Әуелi төраға қоғамдық кеңес мүшелерiн таныстырып, алдағы үш жыл iшiнде атқарылатын шаралар барысын сөз еттi. Өткен кезеңде атқарылған iстерге де баға берiлдi.

Өткен үш жыл рухани-мәдени қазынамызды қастерлеп, әрi игiлiгiмiзге жаратуда аз жұмыстар жасалған жоқ. 35 тарих және мәдениет ескерткiштерi жаңартылып, 30 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорған-обаларда археологиялық зерттеулер жүргiзiлдi. Берел, Есiк, Шiлiктi, Сауран және т.б. орта ғасырлық iрi қалалар бар. Шығыс Қазақстан облысында “Берел” тарихи-мәдени қорық мұражайы ашылған.

Жоғалтқанымызды тауып, өткенiмiздi қазбалауда, арғы-бергi алыс-жақын тарихымызды түгендей түсуге айрықша мән берiлiп жатыр. Осы орайда, көптеген жерлерге ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, Қазақстан тарихына қатысты бұрын белгiсiз болып келген бес мыңға жуық қолжазба мен баспа жүзiн көрген тың деректер табылды. Мұның үш жарым мыңға жуығы Қытайдан әкелiнiптi.

100 томдық “Бабалар сөзi” топтамасының бай ауыз әдебиетiмiздi жинақатуға мүмкiндiк берген 50-ге жуық кiтабы, әлем әдебиетi кiтапханасының 100 томдығы, қазақ халқының күллi философиялық мұрасының 20-томы, “Қазақ әдебиетi тарихының” 10-томдығы, сонымен қатар, тарих, археология, этнография жөнiндегi аса құнды сериялардың шыққаны дәлел.

Әрине, жасағанымыздан жасарымыз әлi көп. Жоғарыда келтiрiлген “Бабалар сөзiнiң” әлi 50 томдығы жарық көруi қажет. Сондай-ақ, бұл бағдарлама бойынша Астана iргесiндегi Бозоқ қалашығындағы археологиялық жұмыстар алдыңғы кезекке шығатынын да айта кеттi министр. Министр айтқан сын-ескертпенiң бiрi – “Қазақстан тарихына” арналды. “Қазақстан тарихының” алғашқы үш томдығын марқұм, академик Манаш Қозыбаев дайындап, шығарып кеткелi бұл саладан бiрде-бiр еңбек жарық көрмеген екен. Ал, сонда мектеп жасындағы балалардың барлығы “Қазақ тарихын” қандай еңбектерден оқып жүр деген сауал туындайды.

Ұлттық рәмiзге айналар Есiк, Берел қорғандары және Түркiстан қаласы мен Отырар қалашығы сияқты тарихи маңызды нысандарда жаңғыртылатын болды. Екiншi бағытта Ұлы Жiбек жолының бойындағы мәдени туризмдi қалыптастыру да көзделiп отыр екен.

Гүлзина Бектасова