Жаңалықтар

БРЮССЕЛЬДIК САММИТ: YМIТ ПЕН КYДIК

ашық дереккөзі

БРЮССЕЛЬДIК САММИТ: YМIТ ПЕН КYДIК

Кезектен тыс өткiзiлген брюссельдiк саммитке француз президентiнiң автонарыққа қатысты жасаған мәлiмдемесi түрткi болды. Саркози сөзiнiң астарында протекционизмдi жақтаған сарын бар деп қауiптенгендер тобы кәрi құрлықтағы ортақ әрi бiртұтас нарықты қалыптастыруды көздейдi. Сәуiрдiң басында Лондонда жиналуды көздейтiн G20 мүшелерiнiң “бас ауруы” да протекционизм мен дағдарысқа қарсы күрес мәселесi болмақ.

“Жаңа” және “ескi” Еуропа

Брюссельдегi саммитте Еуропалық Одаққа мүше елдердiң көсемдерi әлемдiк қаржылық дағдарысқа қарсы күресте тiзе қоса отырып, әрекет ету қажеттiгiн айтты. Бiрақ ЕО шығысеуропалық мемлекеттер мен Балтық жағалауы елдерiне көмек көрсету жоспарынан бiрауыздан бас тартты. Сарапшылар қауымы мұның керi әсерi кәрi құрлыққа түгел тиедi деп алаңдайды. 2004 жылдың 1 мамырында 10 мемлекеттiң Еуропалық Одаққа мүшелiкке өткенi белгiлi. Жаңа мүшелер қатарындағы Венгрия қаржылық дағдарыстың кесiрiнен тығырыққа тiрелген “жаңа Еуропаға” – Орталық және Шығыс Еуропа елдерiне 190 млрд. еуро көлемiнде қаражат бөлуге қатысты өтiнiш бiлдiрген. Брюссельдегi басқосуда еуропалық шенеунiктер мажарлардың өтiнiшiн қанағаттандырудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Есесiне, қаражат тапшылығын айтарлықтай сезiнген мемлекеттер мәселесi жеке-дара шешiлетiн болып келiсiлдi. Сонымен қатар Еуроодақ Латвия, Литва, Эстония мен Болгарияны еуропалық аймаққа кезектен тыс енгiзуге қатысты ұсыныс та қабылданған жоқ. Қаржылық дағдарыс басталмай тұрып, бiрiгуге құлшынған Батыс бүгiнде саны мен салмағы артқан “бас аурулардан” қалай құтыларын бiлмей дал. “Жаңаеуропалық” мемлекеттердiң алаңдайтын жөнi бар. Экономикалық және әлеуметтiк ахуалы айтарлықтай тұрақты әрi ауқатты келетiн кәрi құрлықтың байырғы тұрғындарына қарағанда, ЕО құрамына күнi кеше ғана енген елдердi қаржылық дағдарыс тым тұралатып тастады. Жуырда ғана Венгрия мен басқа да мемлекеттер ЕО-дан миллиардтаған еуро көлемiнде қаржылық көмек алған болатын. Алайда, ол дағдарыстың жұмырына жұқ болмады. Еуропалық статистикалық агенттiктiң соңғы мәлiметтерiне сүйенсек, кәрi құрлықтағы жұмыссыздық деңгейi әсiресе, Балтық жағалауында жоғары: Латвия – 12,3%, Литва – 9,8%, Эстония – 8,6%. Ал Еуропаның өзге аймақтарында жұмыссыздық орташа есеппен алғанда, 7,6% төңiрегiнде. Инфляция мәселесiнде де Балтық жағалауы елдерiнiң жағдайы нашар. Мысалы, жылдық көрсеткiш ЕО-да 1,7 пайыз болса, Латвияда – 9,7%, Литвада – 9,5%. Бұл Еуропадағы жалпы көрсеткiш деңгейiнен 5 есеге жоғары. Қазiргi кезде Еуропалық Одаққа төрағалық етушi ел – Чехияның премьер-министрi Мирек Тополанек ЕО iшiндегi дағдарысқа қарсы күрес шарасы бiртұтас әрi бiрге жүргiзiлуi керектiгiн ескерттi. Еурошенеунiктердi алаңдатқан тағы бiр мәселе – протекционизм.

Протекционизммен күрес

Протекционизм – “үстемдiк құру”, “тықсыру” (“рrotecto”) деген мағынаны бiлдiретiн латын сөзi. Экономикалық маңызына келсек, әрбiр мемлекеттiң iшкi нарықты шетелдiк ықпалдан қорғауды және ұлттық компаниялардың сыртқы нарықты жаулап алуына жағдай жасауын көздейтiн саясаты. Еуропада ХVI-ХVIII ғғ. пайда болған протекционизм Батыстың кейбiр елдерiнде ауыл шаруашылығын қолдау әрi қорғау мақсатында әлi күнге сақталып отыр. Қаржылық дағдарыс қыспаққа алғанда еуропалық шенеунiктердiң кейбiрi iшкi нарықты қорғау үшiн протекционизмге иек артуға мүдделi әрi мәжбүр. Бiрақ Еуроодақтың басқа мүшелерi мұндай саясатты құптамайды. Француздардың басшысы Николя Саркози автомобиль жасайтын зауыттар қожайындарына өндiрiстiк нысандарды Франция аумағынан тысқары алып кетпеген жағдайда ғана 6 млрд. еуро көлемiнде мемлекеттiк қолдау көрсетiлетiнiн айтқан. Бұған дейiн Ақ Үйдiң протекционизмдi жақтаған саясатын сынға алғандар тобы Саркозиге шүйлiктi. ЕО мүшелерiнiң кейбiрi бұл мәлiмдеменiң астарында өзге еуропалық мемлекеттердiң экономикалық және әлеуметтiк саясатына төнген қауiп жатыр дейдi. Ал Швеция тұтынушылық сұраныстың төмендеуiне байланысты Еуропадағы жыл сайын өндiрiлетiн 18 млн. көлiктi 12 млн.-ға дейiн қысқартуды ұсынды. Шведтердiң премьерi Фредерик Райнфельдт төмендеген тұтынушылық сұранысқа сәйкес көрсетiлетiн мемлекеттiк көмек көлемi де азайтылуы тиiс деген пiкiрде. Оның бұл сөзiне кәрi құрлықтың шығыс бөлiгiндегiлер қарсы шықты. Еуропалық Комиссияның жетекшiсi Жозе Мануэл Баррозу протекционистiк шаралардан аулақ болу мәселесiнде Еуроодақ мүшелерiнiң ойы бiр екенiн жеткiздi. Бұған дейiн Римде бас қосқан еуропалық шенеунiктер 2 сәуiр күнгi “Үлкен жиырмалықтың” (G20) үлкен саммитiне дайындық жұмыстарын осылайша қорытындылады.

Үстiмiздегi жылдың 5 сәуiрiне жоспарланып отырған Прагадағы ЕО-АҚШ саммитiнде әлемдiк қаржылық дағдарысқа қарсы күрес шаралары туралы пiкiрталас жалғасын таппақ. Алайда, лондондық кездесуде түйiндi мәселелер түбегейлi шешiмiн табады деп айту қиын. Өйткенi, ортақ мүдде мен жалпы жоспар мәселесiнде пiкiр қайшылығына көп ұрынатын Еуроодақ бүгiнде батыс, шығыс, оңтүстiк бөлiк болып тартысуда. Басты себеп – ЕО-ға тиесiлi қаражатты қай салаға бағыттау мәселесiнде еуропалық көсемдер келiсе алмай келедi. Бiрi энергетикалық және басқа да инфрақұрылымдарға жұмсау керек десе, ендi бiрi Еуропаның рецессиялық жағдайдан шығуын қамтамасыз ететiн шараларға бағыттау керек дейдi. 5 млрд. еуроны көмiрсутегiлер өндiру мен тасымалдау жұмыстарына пайдаланғысы келген Еуропалық Комиссияны Болгария, Грекия, Португалия, Испания қатаң сынға алды. 2008 жылы игерiлмей қалған қаржыдан 5 млрд. еуро сұраған Еурокомиссияны Германия, Ұлыбритания, Голландия мен Австрия да жақтап отырған жоқ. Есесiне, Орталық және Шығыс Еуропаның банк жүйелерi Еуропалық даму және қайта құру банкiнен, Еуропалық инвестициялық банкiнен және Дүниежүзiлiк банктен 24,5 млрд. еуро көлемiнде қаржылай көмек алатын болды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ