Жаңалықтар

БАЗАРДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР

ашық дереккөзі

БАЗАРДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР

Құндағынан адал туған ұлға зар

Жер-ананың бiр мысалы бұл базар

Алыңыз да алыңыз деп тұрғандай

Бiздiң жаққа аударылып кiл назар.

Құн-тұрақсыз, теңге деген сиқырлы

Тектiлiктi тұралатты тұрқы үлгi

Ханым, саламатсыз ба, неге сiз,

Сұлу жүзбен қорландыңыз бiртүрлi

Сiздiң тана көзiңiзде сұмдық бар.

Сұмдық мұңнан тұратындай құрлықтар

Қалпағыңыз жарасып тұр шiлтерлi

Шiлтерiнен тарқалады шындықтар

Ханым, сiздiң даусыңызда дарын бар

Затыңызды алып жатыр нар ұлдар

Нар ұлдардан түңiлдiм мен намыссыз,

Жәбiрленiп қарағанда ханымдар!

Мына заман — бiр қауесет, бiр аңыз.

Ханым, сiздiң сiңлiңiз-ау мына қыз.

Қап арқалап келе жатыр қайысып,

Қап iшiнде — елдiк ұят күнәмiз.

Сiңлiңiздiң бар сияқты бөпесi

Бөпесiнiң жоқ сияқты көкесi

Бөпесiне сүт беретiн мезгiлде

Жүк көтерiп келе жатқан бетi осы.

Ханым, сiздiң орыныңыз бұл емес

Айналаңыз хош иiстi гүл емес.

Көңiлiме секем алдым елдi ойлап,

Ендi көңiлiм еркiн құстай түлемес.

Секем алдым

Сейiлмедi сұр тұман

Сұр тұманнан суырылып бұлқынам.

Кiмдерге олжа

Тұтас ұлтты айыру

Уызынан, тамырынан, ғұрпынан?!

Қазағымның шаңырағында кие мол.

Қасиетiнен айырғанды сүйе ме ол?!

От Анасы, ошағыңа орал сен,

От Анасы, бесiгiңе ие бол!

Күләш Ахметова