ӘЛЕМДIК ПРОБЛЕМА – 51 МЛН. ЖҰМЫССЫЗ
ӘЛЕМДIК ПРОБЛЕМА – 51 МЛН. ЖҰМЫССЫЗ
Дағдарыстың кесiрiнен биыл жұмыссыздар саны 51 миллионға жетпек. Әлемдiк экономикаға төнген рецессия, дефолт, дефляция қаупi сiңiрi шыққан кедейлер қатарын қарайтады.
БҰҰ Халықаралық еңбек ұйымының дерегiнше, үстiмiздегi жылы дағдарыстың кесiрiнен жұмыссыз қалғандар саны 51 миллионға жетпек. 2007 жылы – 5,7%, ал 2008 6,0% болған жұмыссыздық болжам бойынша, биыл 7,1 %-ға өседi. Нәпақа табу қиынға соғатындар қатарында дамушы елдер тұр. Әлемдiк экономиканы тығырыққа тiреген рецессия ушыға берсе, 2009 жылы 30 миллион адам қызметiнен айырылады. Дүниежүзiлiк деңгейдегi iрi кәсiпорындар бiрiнен кейiн бiрi қысқартулардың белең алатынын ескертуде. Өткен аптада Philips, ING және Home Depot компаниялары қысқа мерзiм iшiнде мыңдаған жұмысшымен қоштасатынын мәлiмдесе, Caterpillar ендiгi 20 мың қызметкерiн қысқартуға жiбердi. Жалпыәлемдiк деңгейде белең алатынын ескерткен Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Хуан Сомавиа көптеген елдердiң үкiметтерi жұмыссыздықпен күрес шараларын қарастырып жатса да, қабылданып жатқан шаралардың жеткiлiксiздiгiн айтады. Жұмыссыздықтың кесiрiнен қоғамның басты тiрегi – орташа топтың әлеуметтiк ахуалы нашарлап, сiңiрi шыққан кедейлер саны арта түсетiнi айқын. ХЕҰ тәулiгiне небары 2 доллар табатындар саны 1,4 миллиард адамға көбейетiнiн ескертедi. Осы себептi, 2 сәуiр күнi Лондондағы басқосуда әлем көсемдерiнiң бас қатыратын басты мәселелерiнiң бiрi жұмыссыздықпен күрес, жаңа өндiрiс ошақтарын ашу болмақ.
Ресми деректерге сүйенсек, 2008 жылы жұмыссыздық деңгейi Солтүстiк Африкада – 10,3%, Орталық Африкада – 7,9%, Таяу Шығыста – 9,4%, посткеңестiк елдер мен Орталық Еуропада, Балқан түбегiнде – 8,8% (орташа есеппен алғанда), Латын Америкасында – 7,3%. Құрама Штаттардағы жұмыссыздық 7,6%-ға жеткен. Бұл – соңғы 34 жылда болмаған көрсеткiш. Ал аспанасты елiнде қазiргi кезде 8,3 млн. жұмыссыз бар. Пайыздық көрсеткiштермен есептесек, 4%-дың төңiрегiнде. Биыл Қытайда 6,1 млн. түлектiң жоғарғы оқу орнын бiтiретiнiн ескерсек, екi қолға бiр жұмыс таба алмай сенделгендер қатары қарая түсетiнi айқын. Ең төменгi көрсеткiш Шығыс Азияның еншiсiнде – 3,8%.
ХЕҰ берген деректерге сүйенсек, Оңтүстiк, Оңтүстiк-Шығыс, Шығыс Азия аймағында былтыр жаңа өндiрiс орындары көптеп ашылған. Сондай-ақ, ең төменгi көрсеткiш Шығыс Азияның еншiсiнде – 3,8%. Есесiне, қалталылар Орталық Африка мен Оңтүстiк-Шығыс Азия экономикасына инвестиция салуға құлшынбайды.
Кедейшiлiк пен жұмыссыздық қаупi төнген аймақтар қатарында ТМД да тұр. Әсiресе, Армения, Украина, Тәжiкстан, Қырғызстанда еңбек нарығы тым күрделi. Қазақстан мен Ресейдегi жағдай ұқсас – ресми деректерге сүйенсек, жұмыссыздық 1-2 пайыз. Тағы бiр жайт, еңбек нарығындағы ахуалдың күрт шиеленiскенiне қарамастан, жұмыс тауып берушi агенттiктер жұмыс тауып берушiлердi барынша көптеп жинауға құлшынуда. Бұл БҰҰ ХЕҰ-ның халықаралық заңнамалық құжаттарына қайшы келедi. Қазақстанға келсек, былтыр Алматыда 10 агенттiк тiркелсе, бүгiнде олардың саны 25-ке жеткен көрiнедi.
Бүгiнде қазақ билiгi Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан сияқты көршiлес елдерден ағылған мигранттарды қадағалауға да көңiл бөлмек. Жуырда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев биыл iшкi нарықты қорғау мақсатында еңбек мигранттарына бөлiнетiн квотаның 2 есеге дейiн азайтылатынын, 4-категория бойынша шетелдiк жұмыс күшiн тартуға мораторий енгiзу туралы мәселенiң талқыға салынатынын мәлiмдедi. Көктем мен күзге салым құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласына жақын шет елдерден арзан жұмыс күшiнiң көптеп тартылатыны белгiлi. ТМД елдерi арасында экономикалық, әлеуметтiк және саяси ахуалы тұрақты Қазақстанға нәпақа табу мақсатында келетiндер көп. Мысалы, бiр ғана Алматының өзiнде қазiр 40 мыңнан астам жатжұрттық жан бағып жүр. Олардың 13 мыңы – алыс шет елдерден, қалған 27 мыңы – ТМД елдерiнiң азаматтары. Тәжiкстан, Қырғызстан секiлдi елдердiң азаматтарына 3 ай ресми тiркеусiз жүру құқығы берiлген. Сейсенбiдегi үкiметтiк отырыста Алматы қаласының әкiмi А.Есiмов Үкiмет басшысынан 3 ай мерзiмдi қысқартуды сұрады. ҚР Iшкi iстер министрi Б.Мұхамеджанов жергiлiктi атқарушы органдармен бiрлесе отырып, мигранттарға қойылатын талаптарға қатысты Үкiметке ұсыныс жасайтындықтарын мәлiмдедi. Министрдiң алаңдайтын жөнi бар, себебi, ресми тiркеусiз жүргендердiң еркiнсiп кететiнi соншалық, көп жағдайда опындыратын жайттарға әкеп соғады. Мысалы, құқық қорғау органдарынң деректерiне сүйенсек, елiмiзде орын алатын бопсалау, адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайтын көрiнедi. Кәрiм Мәсiмов егер мәселе бұдан ары ушыға беретiн болса, Астана мен Алматы қалаларында ресми теркелудi мiндеттеу мен шетелдiктердiң санын шектеудi енгiзу қажеттiгiн айтты. Өкiнiшке қарай, жемқорлық дендеген қазақ қоғамында еңбек мигранттарының санын шектеу де ақша табудың тиiмдi көзiне айналмасына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Әйтпесе, республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде Қазақстан шекарасын заңсыз аттағандар толық жүр. Халықаралық деңгейде iздеу салынған небiр қаскөй қылмыскерлер де Қазақ жерiнен табылуда. Демек, арзан жұмыс күшiн шектеу мен заңсыз мигранттарды ауыздықтау мәселесi де билiктiң “әдеттегi” “әдемi” сөздерiнiң бiрi болуы бек мүмкiн. Қазақстандағы жұмыссыздықпен күрестiң негiзгi жолдарының бiрi – жастарды әскерге шақыру. 20 қаңтар күнi Кәрiм Мәсiмов қорғаныс, төтенше жағдайлар және iшкi iстер министрлiктерiне арнайы нұсқау берiп, қарулы және жартылай қарулы әскери бөлiмшелердегi сарбаздар санын көбейту жолдарын қарастыруды тапсырды. Арнайы жоспар құрылғаннан кейiн ҚР Қауiпсiздiк Кеңесiне, сосын Президенттiң назарына ұсынылмақ. Бүгiнгi таңда 70 000 -ға жуық әскерилердiң 65 пайызын арнайы келiсiмшарт арқылы әскерге шақырылғандар мен кәсiби шеберлiгi жоғары сарбаздар құрайды. Осының нәтижесiнде, жыл сайын әскерге шақырылатындардың саны 14 мыңға дейiн азайтылған. Алайда, Үкiметтiң бұл бастамасына қарсы уәж айтқан саясаттанушы Досым Сәтпаев әскерлердi келiсiмшартпен шақыру қазақстандық қарулы күштердiң сапасына керi әсер ететiнiн көлденең тартады: “Қазiр Үкiмет әскерге жұмыссыз жүрген жастарды толассыз тоғытуды көздеп отыр. Бұл армияның әскери қабiлетiне зиян. Тактикалық тұрғыдан алғанда, мүмкiн бұл дұрыс та шығар. Бiрақ стратегиялық тұрғыдан қарастырсақ, бұл – асығыс шешiм”.
ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк 2009 жылдың қаңтарында жұмыссыздық деңгейi 6,9 пайызға (баға), ал тiркелген жұмыссыздар саны 0,7 пайызға жеткенiн мәлiмдедi. Бейресми деректердiң әлдеқайда жоғары екенi белгiлi. Оның үстiне, күн сайын жұмыстан қысқарғандар, мәжбүрлi түрде ақысыз демалысқа жiберiлгендер, жалақыны айлап алмағандар саны өсiп келе жатқаны тағы бар.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ