Жаңалықтар

“ОСКАР” ЖӘНЕ БОЛЛИВУД

ашық дереккөзі

“ОСКАР” ЖӘНЕ БОЛЛИВУД

23-ақпанда Лос-Анджелесте атақты “Оскар” сыйлығының жеңiмпаздары анықталды. 81-шi рет ұсынылып отырған американдық киноакадемияның сыйлығын салтанатты ұсыну рәсiмi жұртшылықты таңқалдырды.

Бұл жылы Индияның “Миллионер из трущеб” атты фильмi бiрден сегiз “Оскардың” иегерi атанды. Бұл фильм Индияның Мумбай қаласынан шыққан кедей жiгiттiң өмiрiн баяндайды. Кiшкентайынан бiрге өскен махаббатын iздеп жүрген жас жiгiт аяқасты “Миллионер кiмге бұйырады?” телебағдарламасының жеңiмпазы атанады. Ең таңданарлығы, жас жiгiттiң миллионер атану үшiн емес, сүйiктiсiнiң осы бағдарламаны сүйсiне көретiнiн ескерiп, сұлу қызға бағдарлама арқылы бiр рет көрiнудi мақсат тұтуы. Әрине, фильм барлық Болливуд фильмдерi сияқты кiршiксiз махаббатты баяндайды. Алайда фильмнiң өзiндiк ерекшелiктерi де жетерлiк. Ең алдымен, фильмде Мумбай қаласының тұрғындарының өмiрi, ата-анасынан ерте айырылып, тағдыр тауқыметiн көрген ағалы-iнiлi екi жiгiт пен жас қыздың өз өмiрi үшiн күресi көрсетiледi. Тағы бiр ерекшелiгi, фильмнiң режиссерi Индия азаматы емес, британдық режиссер Дэнни Бойла. Голливудтың атақты режиссерiнiң үндi халқының өмiрiн баяндайтын бiр фильмдi түсiру — арманы болған екен. Сонымен “Миллионер из трущеб” “Ең үздiк фильм” номинациясында, “Ең үздiк режиссер”, “Ең үздiк бейiмделген сценарий”, “Ең үздiк операторлық жұмыс”, “Ең үздiк оригиналды музыка”, “Ең үздiк оригиналды ән”, “Дыбыстың ең үздiк жазылуы” секiлдi номинацияларда үздiк атанып, “Оскарға” ие болды. Өз кезегiнде, Индияның президентi, премьер-министрi, және сыртқы iстер министрi фильмдi шығарушы топ пен фильм әнiн жазған композиторлар мен ақындарға өз алғысын бiлдiрдi.

Сонымен қатар, тағы бiр индиялық өнiм “Оскарға” iлiктi. Байқаудың “Ең үздiк документалды фильм” номинациясында Индияның Уттар-Прадеш штатынан шыққан туа бiттi “қоян ерiн” ауруына шалдыққан Пинки Сонкар атты қызға Варанса қаласының дәрiгерлерi жасаған тегiн операция жайында баяндалатын “Пинкидiң күлкiсi” фильмi жеңiмпаз атанды. Фильм қатардағы Индия тұрғындарын ғана емес, америкалық киноакадемияны да таңдандырса керек.

Сондай-ақ, биылғы “Оскарға” ресейлiк бiрқатар режиссерлер қатысқан болатын. Ресейлiк режиссер Тимур Бекмамбетовтың “Аса қауiптiсi” “Дыбыстың ең үздiк монтажы” және “Дыбыстың ең үздiк жазылуы” номинациясының жеңiмпазы атанды. Ал голливудтық атақты жұп Брэд Пит пен Анжелина Джоули “Оскардан” құр алақан қайтты. Есесiне, испандық актриса Пенелопа Крус “Ең үздiк екiншi пландағы актриса” номинациясында үздiк атанып, Испаниядан шыққан тұңғыш “Оскар” иегерi атанды.

Болливуд пен Голливуд осындай жетiстiктерге қол жеткiзiп жатыр. Ал Қазақвуд әлемдi қашан таңқалдырар екен.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ