“ШӘМШI”, №2
“ШӘМШI”, №2
“Шәмшi” ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық журналының екiншi нөмiрi жарыққа шықты. Әдеттегiдей басылымда “қазақ вальсiнiң королi” жөнiнде мәлiметi мол, оқырман қызыға оқитын мақалалар берiлiптi.
Мәселен, С. Айбергенованың “Аманат” айдарымен берiлген “Шәмшiнiң пианиносы” атты мақаласы мен “Көз көрген” айдарымен жарияланған Т. Тұйғынбековтың естелiгiнен оқырмандар композитордың шығармашылық қыры мен адами болмыс-бiтiмiн жете тани түседi.
Журналист Қ. Сiмәдiлдiң мақаласы ҚР Мәдениет және ақпарат министрi М. Құл-Мұхаммед мырзаның Алматыға сапарын, өнер ордаларында болған өзгерiстердi жан-жақты ашып көрсетсе, Г. Омарованың “Дағдарыстан соң әлем басқаша дамиды” атты сараптамасы оқырманын енжар қалдырмайтыны сөзсiз.
Ал, Т. Тәшеновтың “Патриоттық “ескi” әндер…” атты оңды ұсынысы көпшiлiкке ой тастайды. Сонымен бiрге Қ. Бiләлдiң әңгiмелерi мен Н. Асқаровтың өлеңдерiн де осы нөмiрден оқи аласыздар.
Тарихшы-ғалым М. Оразбайдың “Тағы да Сiргелi Қарабатыр жөнiнде” деген зерттеуi тарих тұңғиығынан сыр шертсе, Г. Сұлтанбаеваның “Санау тарихының сан сыры” атты мақаласы ғылымға негiзделген.
Алматы қаласы, Әуезов ауданының әкiмi Ә. Несiпбаевпен болған әңгiме әдеттегiдей әкiмшiлiк жұмысының маңайында емес, бүгiнгi қоғам, тiл тағдыры, зиялылық төңiрегiнде өрбiгендiктен де қызықты оқылады.
Сондай-ақ, “Қазақпарат” корпорациясының президентi Қ. Ботпаймен жүргiзiлген сұхбат пен Ғ. Сүлейменнiң елiмiзде тұңғыш рет өтiп отырған кәсiпқой бокс туралы “Қазақтар кәсiпқой бокста бет қаратпады” деген мақаласымен таныса аласыздар.